Бір үзім нанның қадірін біліп өскен Германиядағы қазақ

Бір үзім нанның қадірін біліп өскен Германиядағы қазақ

Бір үзім нанның қадірін біліп өскен Германиядағы қазақ
ашық дереккөзі
50373
ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихы туралы әңгіме бола қалса, «жер бетіне тарыдай шашылған қазақ» деген тіркес айтылатыны бар. Сол тарихты жасаушылардың көбінің ұрпағы қазір алты құрлықтың әр қиырын мекен етіп жатыр. Атамекенінен, қазақи ортадан ажырағандарына ғасырға жуық уақыт болса да, ересектері тілі мен дінін сақтап, ұрпақ бойына ұлттық болмысты дарытудан жаңылмай келеді. Jibek joly телеарнасының «Қияндағы қандастар» атты жобасы шет жұртта қалған, тағдыры талайлы қандастарымыздың бүгінгі тұрмысы мен қазіргі жағдайы, кешегі қиындықтарын арқау етеді. Соның бірі – Уатқан Доғұдұрақ ақсақал тағдыр тауқыметін көп көрді. Алағай да бұлағай заманның бәрін бастан кешірді. Алтайдан ауған елдің алғашқы легімен көшке ілескен кезде ол небәрі екі жаста болатын. Бала болып ойнағаны есінде жоқ. Көзін ашқалы көргені тек көш болатын.
«Жүре-жүре бәрін көрдік қой. Ана жерге, мына жерге қонасың. Далада қонамыз. Шатыр, уық бар. Сол уықпен үй тігіп аламыз. Ат бар», – дейді ол.
Ол кездері елден үдере көшкен қазақтың көбі Қытайға қоныстанды. Туып-өскен жерін тастап, босқан жұрт бас сауғалап Қытайдан Пәкістанға, Түркияға табан тірейді. Әке-шеше бауырларынан ерте айырылған Уатхан ақсақал сан рет сыналса да, сынбады. Сүрінсе де, құламады. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмаған ет жақындарының сүйегі де жат жерде жатыр. Ол да жанын жегідей жейді. Өзегін өкініш өртейді. Айтуынша, әке-шешесі мен ағасы Пәкістанда көз жұмған.
«Жер асып, Пәкістанға барған. Ол кезде ағылшындардан тәуелсіздік алып, Азамат соғысы болып, Кабулда біреуді біреу білмейтін  анархия заманы болды. Тура сол кезде бұлар Кабулға барған. Ол жерде қайыршының күнін көрді», – дейді тарихшы, ғалым Әлімғазы Дәулетхан.
«Кім көмектеседі? Өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Ауыр, қиын. Жетім өстім», – дейді Уатхан ақсақал. Жетімдіктің азабын тартқан ол барынша өмір сүруге ұмтылды. Жаны ашитын жан болмаған соң, бауырына басатын ел болмаған соң бәрінің бекер екенін жан-тәнімен ұғынды. Көшпен көрген қайғы-қасіреті ауыр еді. Ол бір үзім нанның қадірін бала күннен біліп өсті. Уат Доғұдұрық Германияға 1965 жылы тұрақтайды. Мюнхен қаласында тұрады. Осы жерде өсіп-өнді. Жан жары Мағауия екеуі бес баланы жеткізді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Енді қара шаңырақта қалатын кенже баласының тілеуін тілеп отыр. Адам қалай дегенде де туған жерін, елін аңсайды. Төрт құбылаң түгел болса да, кіндік қаның тамған жерге тартып тұрады. Есте қалар естелік болмаса да, әке-шешесінің ізі қалған сол мекенге деген сағынышы бір басылған емес. Мағауия апаның да көрмегені жоқ. Ол да көшпен бірге ілесіп Түркияны панағалан қазақтың бірі. Мұндағы қазақтардың бастапқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасындағы қабылданған еңбек миграциясы туралы келісімшарттың нәтижесінде 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. https://www.youtube.com/watch?v=nZP4JYjuH7U  

Серіктес жаңалықтары