Педофильдермен күресті күшейту керек
Педофильдермен күресті күшейту керек
Бала – біздің болашағымыз. Бірақ соңғы уақытта үміт артар бүлдіршіндеріміздің құқығын қорғауда қалыс қалып отырмыз. Балалардың құқығын қорғауға қанша тырыссақ та, балдырғандардың болашағына балта шабудан қорықпайтын қатыгез жандардың тиісті жазасын беру қиындық тудырып отыр. Осы орайда, еліміздің Бас прокуратурасы педофильдермен бірігіп күресу туралы бастама көтергені белгілі.
Соңғы уақытта елімізде бүлдіршін қыздарды зорлау фактілері жиі тіркелуде. Бас прокуратура өкілдері ұсынған деректерге сүйенсек, 2016 жылдың өзінде 183 бала зорлық құрбаны болған. Ал елімізде 2011 жылы мұндай 148 оқиға тіркелсе, 2012 жылы 232 оқиға орын алған. 2013 жылы да бүлдіршіндерге жасалған зорлық әрекеттің 184-і тіркеліпті. Демек, уақыт өткен сайын азғындық әрекетке баратындардың қатары көбейіп отыр деген сөз. Көпшілік педофильдерді ауру адам деп бағалайды. Көбінесе жүйке ауруына шалдыққандар осындай қылмысқа барады. Олар ауру жан ретінде арнайы комиссиялық сараптаудан өтіп, бірден қоғамнан оқшауланады. Қалай десек те, азғындыққа баратын нәпсіқұмарлар үшін мұндай жазаның жеңіл екені айтпаса да түсінікті. Баланың болашағына балта шапқан азғындардың заң бойынша жазалануы міндетті.
Осы мәселені ескерген еліміздің Бас прокуратурасы педофильдерді жазалау мәселесін қолға алуға ниетті екендіктерін аңғартты. Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, балаларға зорлық көрсеткен педофильдердің көпшілігі жазадан құтылып кетіп жатады. Өйткені азғындардың көбі зорланған ұл-қыздың әкесі, ағасы немесе жақын туысы болып шығады екен. «Кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз. Ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз», – деген болатын ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов.
Сондай-ақ, прокуратура өкілдері педофильдердің енді өз әдістері бойынша қолға түсірілуі мүмкін екендігін атап өтті. Яғни, балалардың атынан жалған әлеуметтік желі парағын ашып, сол арқылы арам ниеттілерді анықтау туралы бастама көтерілді. Ал Бас прокурор Жақып Асанов балаларды зорлауға қатысты қылмыстық істерді ер адамдар емес, әйел прокурорлардың жүргізуі қажеттігін айтты.
Қазіргі уақытта 1 229 бала зорлаушы темір тордың арғы жағында отыр. Бірақ олардың әйтеуір бір уақытта бостандыққа шығары ақиқат. Ал олардың кезекті рет азғындық әрекетке бармасына кім кепіл?! Сол себепті мұндай жағдайдың алдын алуды ойлау қажет тәрізді. Бұл туралы арнайы жиын барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко сөз қылды. Оның айтуынша, жазасын өтеп түрмеден шыққандарға жиі барып, бақылау жүргізіп отыру қажет. «Қажет болса қосымша шектеулер мен тыйымдар белгіленсін. Осылайша, полицейлердің назарынан тыс қалған қылмыскердің қолынан Алматыдағы 6 жасар қыздың зорлықпен өлтірілгені сияқты жағдайлардың қайталануына жол бермейтін кепілдік болуы тиіс», – дейді Андрей Кравченко.
Бұған дейін Бас прокуратура Ақтауда зорлық әрекеттің құрбаны болған 6 жасар қыздың жағдайына алаңдаған Ақтау қаласының тұрғындарының үндеуіне жауап берген болатын. Сонда Бас прокуратура мынадай деректерді ұсынған еді. «2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кәмелетке толмағандарды зорлағандарға (14-тен 18 жасқа дейін) 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын. Егер жәбірленуші ретінде жас балалар болса (14 жасқа дейін), жаза мерзімі 15-тен 20 жылға дейін. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекс зорлаушыларға қатысты жауапкершілікті күшейтті. Енді кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін жаза 10-нан 15 жылға дейін, ал жас балаларға қатысты – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмірлік бас бостандығынан айыру».
Сонымен қатар, жас балаларға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша шартты түрде соттау, рақымшылық, мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны жұмсарту шараларын қолдануға тыйым салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2016 жылдың 9 сәуірінде осындай қылмыстық әрекеттер үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды. Енді жоғарыда аталған барлық шектеулер кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық әрекеттерін жасағандарға да қатысты қолданылады. Яғни, жас балаларға да, кәмелетке толмағандарға да осы сипаттағы қылмыстық әрекеттер жасағандарға ешбір жағдайда да шартты мерзімдер, рақымшылық, жазаны жұмсарту, мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды және олармен ешқандай процестік келісімдер жасалмайды.
Ал шет ел азаматтары үшін Қазақстан аумағында кез келген қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін елден шығару енгізілді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық жолмен піштіру қолданылады, яғни, сот шешімі бойынша қылмыскерді жыныстық құмарлықты төмендететін дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейтін болады екен.
Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың көктемінде ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті 2018 жылы Қазақстандағы педофильдерді химиялық кастрациямен жазалау әдісі жүзеге асырылатындығын хабарлаған болатын. Одан кейін қазақстандық Үкіметтік емес ұйым өкілдері екі жақтың татуласуына байланысты адам зорлауға қатысты қылмыстық істердің қысқартыруын доғаруды және педофильдер мен адам зорлағандарды өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрағаны белгілі. Бүгінгі күні ата-аналар да, балалар да үреймен өмір сүретін болды. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы бүлдіршіндерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттердің орын алғандығы туралы ақпараттар жиі жарияланып жүр. Мұны естіген кез келген ата-ана баласының болашағы үшін алаңдайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, қазір көпшілік жұрт педофильдерге ауыр жаза қолдану әрекетін қолдайды. Тіпті, педофильдерге қатысты жазаны қатаңдату туралы Сенат депутаты Дариға Назарбаева да өз пікірін білдірген. «Азғындарды өмір бойы бас бостандығынан айыру не оларды еріксіз емдеу қажет. Әрине, ана ретінде мен өлім жазасын қолдаймын. Бірақ біз өз еркімізбен шешім қабылдай алмаймыз. Халықаралық міндеттемелер бар. Сол үшін біз бұндай заңды қабылдай алмауымыз әбден мүмкін», – деді Дариға Назарбаева. Оның айтуынша, қазір мұндай жазаны заңға қайта енгізудің мүмкіндігі өте төмен. Себебі Қазақстанның халықаралық міндеттемелері өлім жазасына енгізілген мораторийді алып тастауға кедергі болады. Сондай-ақ, сенатор педофилдерді мектеп ауласында және жасөспірімдер жүретін жерлерге заңмен жолатпау керектігін атап өтті. «Біз бәріміз анамыз. Балалардың зорланып жатқанын естіп, бәріміз де уайымға берілеміз. Олардың туған-туыстарының да қандай күйде болатынын жақсы түсінеміз. Педофилдердің санасы сау емес. Оны медицина дәлелдеген. Түрмеден шыққан соң олар мемлекеттің қаржысынан емделеді», – дейді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Ал мұндай ауыр қылмыс түрі осыдан бір жыл бұрын Ұлыбританияда педофильдердің жазасы лаңкестердің жазасымен теңестірілген болатын. Педофилдердің таныстары арқылы жәбірленуші тараптың кешірімін алуына жол бермеу керек. Интернет арқылы жарылғыш заттар жасайтын лаңкестерге қандай жаза қолданылса, педофилдерьді де дәл солай жазалау қажет деп шешкен Ұлыбритания билігі. Мемлекет басындағылардың мұндай қадамға баруына елде педофильдік оқиғалардың жиілеуі әсер еткен. Ал Францияда құрықталған педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ұлыбритания мен Польшада да осындай. АҚШ-та 25 жылдан жоғары тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылады екен. Ал Ресейде педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру және химиялық жолмен мәжбүрлі түрде еркектік мүшесінен айыру туралы заң жобасы мақұлданды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, педофилдердің 94 пайызын еркектер құрайды, ал құрбандықтарының 70-75 пайызы кәмелеттік жасқа толмаған қыздар болса, 15-30 пайызы ер балалардан тұрады екен. Сарапшылардың айтуынша, балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы қайта зорлық жасайды екен.
Медициналық түсінікке салып қарайтын болсақ, педофилия – айықпас дерт. Ал моральдық тұрғыдан келгенде азғындық. Оны ауру деп мүсіркеуге де жатпайтын секілді. Соттап, мың жерден тәрбиелегенмен – мұндай жандардың түзелуі екіталай. Сондықтан, балалардың мұндай азғындыққа ұрынбауы үшін алдын алу шараларын жүргізу аса маңызды.