Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік
ашық дереккөзі
387
Асқақ Алатау мен қарт Қаратаудың тоғысқан тұсында орналасқан Жуалы жері­нің таңғажайып табиғаты кім-кімнің де таңдайын қақтырмай қой­май­ды. Батыр Бау­кең мен Шерағаның кіндік қаны тамған қасиетті мекенде еңбек көркін қыз­дырған ерлер де аз емес. Солардың бірі – Ақтөбе ауылының тұрғыны Рысбек Есім­бековпен ойда жоқта таныстық. Қазыналы қариямен ә де­геннен әңгімеміз жарасып сала берді. Жасы 72-ге келсе де, қол қусырып қарап отыруды білмейді. Қимылы да ши­рақ. Бүгінде өз меншігіндегі жерін­де картоп өсіріп, қыруар табысқа кенеліп отыр­ған жайы бар. Сонымен қатар шағын қора жайында мал асыраумен де айна­лысады. Кейіпкеріміз Жамбыл ауданының Айша би­бі ауылында өмірге келіпті. Де­ген­мен Жуа­лы өңірінде өсіп-өнген. Кең­шар­да әр­түр­лі жұмыс істеп, су шаруа­шы­лы­ғын жетік мең­герген. – Қаршадай кезімізден қара жұмысқа бейім болдық. Әкем Мәмек кол­хоз­да еңбек етті. Анам Күлпаршын екеуі бес ұл, екі қыз­ды тәрбиелеп өсір­ген көпбалалы ана. Анам ба­ла тәрбиесімен, үй шаруасымен айна­лыс­қан. Алайда жұмыс күші жетіспеген сонау со­­ғыс жылдары трактор тізгін­деген екен, – дейді Рысбек Есімбеков. – Мен Теріс-Ащы­­бұ­лақта Күйік сегіз жылдық мектебінде оқып, әрі қарай Қайрат ауылындағы қазақ мек­­тебінде білім алдым. 1969-1971 жыл­дары Бай­калда әскери борышымды өтедім. Ар­тил­лерист болдым. Әскерден келген соң «Бур­ный» совхозының Қызыларық бө­лім­ше­­сінде жұмысшы болып еңбек жолымды бас­тадым. Әртүрлі жұмыс істедім, мал бақ­тым. 1976-1991 жылдары сушы болдым. Рысбек Есімбеков ол жылдары кең­шар­­да 1 000 гектарға дейіп картоп егі­­летінін ай­­­­та­ды. Мұндайда сушыларға ар­­тылар жауап­кер­шілік жү­гі де жеңіл емес. – Бір звенода төрт сушы жұмыс істедік. Түн­де кезекшілікке қаламыз. Суды Көксай ка­­налынан алдық. Одан бөлек, бұлақ су­лары бар, Қырғыз елінен де су келетін. Со­­ның барлығын жүйелеп, ысырапсыз су­­ғару­ға күш салатынбыз. Егер жыл жаңбырлы болса, картопты төрт рет, ал құрғақ болса бес-алты рет су­ғара­тынбыз. Суғару картоптың сор­тына да, же­ріне де байланысты. Мысалы, «Ал­­­ладин» де­ген сортын көп суғарса, шіріп кетеді. Со­ны­­мен бірге жер саз болса, аз су­ға­ра­мыз. Тас­­тақ жер болса жиірек суға­ры­лады. Картопты бір жерге жыл сайын еге беру де жақ­сы өнім бермейді. Жерді тыңай­тып отыр­ған дұрыс. Картоп егілген жерге ара­сын­да жоңышқа егіп тұрған дұ­рыс. Сонда жақ­сы өнім береді. Оның үстіне, кар­топтың да сортын ауыстырып тұру ке­рек. Неғұрлым жаңа жоғары сұрыпты тұ­қым еккен жақсы. Ескі тұқымның көз­дері көп болады да, одан мол өнім ала ал­май­мыз. Картоп егілетін жердің тереңдігі 30 сан­­тиметрден кем аударылмауы тиіс. Бір гек­тарға ірі болса, майда болса 3,5 тон­на тонна тұқым егіледі. Күзде картопты қазып аламыз. Өнім­ді жи­нап алған соң жұмыс­шы­ларға сыйақы бері­летін. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын егін егу­де агро­техникалық талаптардың сақ­талуына қат­ты мән берілетін. Қазір жер­ді тыңайт­пай­ды, агротехникалық та­лап­тарды орны­мен сақтай бермейді. Сал­дары­нан өнім де жақсы болмайды. Алқап­та­рын шөп басып кетеді. Жер де тозып кеткен. 90-жылдары колхоз-совхоздар тара­ған соң әрқайсысымыз өз жерімізді бө­ліп алып, өз бетімізше жұмыс істей бастадық. Қазір ауыл­дағы заман­да­сым Алексей Крас­нов екеу­міз бірігіп картоп егеміз. Мен үш гектар­ға, ол 10 гектарға егіп, бірі­гіп жұмыс істей­міз. Картобымызды күні кеше қазып бас­та­дық. Өнім жаман емес, ша­мамен 25 цент­нер­ден айналатын сияқ­ты, – дейді Рысбек аға. Еңбек ардагері жұбайы Гүлсара екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсір­ген. Тұрмыс­тағы қыздарынан бес жие­ні бар. Енді келін түсірсек деген ниет­те. Ертелі-кеш алқап ба­сында жүретін аза­мат үй іргесіндегі жері­не де көкөністің түр-түрін егіпті. Одан бө­лек, ауласына үл­кен үй салып жатыр екен. Әри­не, мұ­ның барлығы да тынымсыз ең­бек­тің ж­е­місі. – Екі биеміз, басқа да азын-аулақ мал бар. Жаз бойы екі биемізді саудық. Қысы-жа­зы жұмыс істейміз. Қартайдым деп қарап отыру­ға болмайды. Еңбек еткеннің арқасы деп ойлаймын, денсаулығым да тәуір, тамақ та жақсы сіңеді. Еңбек етіп, шаршап ұйық­тағанға не жетсін?! Еңбекті сүйсең, елге де сыйлы боласың. Балаларды ең бірінші өтірік айт­пау­ға, маң­дай терін төгіп еңбек етуге бау­лыдық. Ауылда жұмыс көп, бірақ ауылдың жұ­мысы ауыр ғой. Есесіне еңбегіңе қарай та­­бы­сың да жақсы. Жермен айналыссаң, бір жаз­да тапқан табысың­мен біраз қа­жет­тілі­гіңді өтейсің. Қазір жастардың көбінің ауылда тұрғысы кел­мейді. Әрине, көпке то­пы­рақ ша­шуға бол­майды. Ара-тұра ауылды, еңбекті жақсы кө­ретін жастар кез­­де­сіп жатады. Бірақ аз, – дейді Рысбек Есімбеков. Иә, адал еңбек адам баласын қа­шан­да абырой­ға кенелтеді. Осы тұс­­та ұлы Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақы­­лың екі жақ­тап» деген сөзі еріксіз ойға ора­лады. Бұл тұрғыда жетпістің жо­тасына ат шал­дырса да, жермен жұмыс істеуді жол­ға қой­ған Рысбек қария­ның тынымсыз тір­­лігі көпке үлгі екені сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары