Ұлттық тағамдарымыз Қытай нарығына шықты

Ұлттық тағамдарымыз Қытай нарығына шықты

Ұлттық тағамдарымыз Қытай нарығына шықты
ашық дереккөзі
270
«Kaznex Invest» ұлттық агенттігі ұйымдастырған «Азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін таныстыру» бойынша Қытайда өткен көрмеге павлодарлық «Сағып» шаруа қожалығы, «Ақжар-Өндіріс», «Jet Logistic» компаниясы, «Кэмми», «Крендель» және «Рубиком» фирмалары да өз өнімдерін таныстырып қайтты. Қытай күнтізбесі бойынша 15 қаңтар – 15 ақпан аралығында бір ай жаңажылдық мереке аталып өтіледі. Көрмеге барған біздің еліміздің кәсіпкерлеріне жаңажылдық мейрам кезінде Орта Азиядағы ең үлкен супермаркеттен 500 шаршы метр аумақты жалға алып, бір ай өздері шығаратын өнімдерді сату туралы ұсыныс жасалыпты. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетінің Павлодардағы тілшісі хабарлайды.  Сөйтіп, «Сағып» шаруа қожа­лығы қымызының заманауи өркениетті өндірісі өзгелердің де көзіне түсіп, сұраныс өзінен-өзі есік ашты. «Сағыптың» сары қы­мы­зына орыстар да, қытайлар да қызығуда. Төлеу апайымыз бие сауып, қымыз ашытумен 12 жыл бойы айналысып келеді. Алғашқы жылдары кәсібін 3 сауын биемен ғана бастаған шаруашылық бүгінде еліміздегі іргелі кәсіп­орын­дардың біріне айналды. Республикалық «Алтын сапа» байқауында жүлдегер атанды. Бұл күндері қожалықтың шетелдік қондырғылары тәулігіне 1 тонна қымызға дейін, ал, аптасына 5 тонна қымыз өндіруге мүмкіндік береді. Елбасы облысқа келген іссапарларының бірінде Төлеудің «Сағып» шаруа қожалығында болды. Қазір шаруашылықта 400 бие бар, олардың 180-і сауылады. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында несие алып, 2007 жылдан бастап өндірісті дамыта бастады. Мемлекеттің қолдауы – отандық тауар өндірушілерге үлкен демеу. Бұл күндері қымыз өндіру цехтарын­­да 30-ға жуық маман еңбек етуде. Үде­ме­лі индустриялық-инновация­­лық даму бағдарламасының шең­берін­де жаңа қондырғылар сатып алу үшін 52 миллион теңге бөлініпті. Шаруашылық құрылған күннен бастап-ақ, қымызды ТМД ел­дері мен Еуропаға экспорттау мақ­сатында жұмыс бастады. Кәсіп­орын тәулігіне 900 литр қымыз өндіреді. Заманауи құрылғы қымызды 0,3, 0,5 және 1 литрлік шыны құтыларға құйып шығарады, қазы-қарта, шұжық, құрт, қоспа, сүзбе, қаймақ жасалады. Өндірісте ата-бабадан мирас болған ежелгі әдіс-тәсілдер де қолданылады. Сондықтан шаруа­шылық ет пен сүт өнімдерінен жасалатын қазақ тағамдарын ұлттық бренд ретінде ТМД және Еуропа елдері нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Төлеу Құшманованың айтуынша, көрмеден көріп, дәмін алған қытайлық кәсіпкерлер қымыз бен құртты арнайы зертханалық сараптамадан өткізіп, жоғары сапалы өнім деп бағаласа керек. Енді ешбір қоспасыз, таза табиғи өнімге қызыққан қытайлық кәсіпкерлер жаңа жылдық мейрамдарына арнайы тапсырыс беруде. Ол жақтың кәсіпкерлерінің талабы бойынша қымыз 0,3, 0,5 литрлік шыны шөлмекпен, ал, құрт 150 граммдық қораптарға салынып, сатылады. – Бұған дейін Мәскеуде өт­кен «Қазақстандық тауарлар мен өнімдер» көрмесінің қорытынды­сы бойынша Ресей нарығына қы­мыз сату үшін меморандумға қол қойып, 4 тонна қымыз жібер­дік. Мәскеуде «Бауырсақ» сауда орнымыз, Астанада да дүкендеріміз бар. Енді қытайлықтарға да құрт пен қымызымыз ұнайды деген үміттеміз, – дейді «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова.

Серіктес жаңалықтары