1126
Баян АХАТАЙ: Ауызбірлік – аман болудың бірден-бір амалы
Баян АХАТАЙ: Ауызбірлік – аман болудың бірден-бір амалы
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асырудың маңыздылығы туралы үнемі айтып жүр. Бұл – бүгінгі қоғамның талапты сұранысы. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде мемлекетіміздің іргесін бекітуде және ішкі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайларды түзеуде атқарылған іс жеткілікті, дегенмен қателіктер де жоқ емес. Кешегі қанды Қаңтар оқиғасы осындай қайшылықтардың берер заңды нәтижесі. Тарихтан сабақ алып, кеткен қателіктерден тиісті қорытынды шығарып отыру ертеңгі күннің бағытын түзеу үшін өте қажет. Бүгінде саяси жаңғырусыз еліміздің қай саласы да дамымайтыны анық. Халық жалған есеп, орындалмайтын уәде, бос сөз дегеннен шаршап, сеніміне селкеу түскен қиын тұста жаңашылдықтардың нақты іске бағыттала жасалуы көңілге дем береді. Қоғамның пікіріне құлақ аса жасалып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыруда әр азаматтың саяси сауаттылығы мен белсенділігі маңызды дер едім. Негізгі саяси оң өзгерістердің бірі – бейбіт жиналыстар туралы демократиялық заңның күшіне енуі. Заңның іс жүзіндегі жүзеге асу көрінісі ретінде үстіміздегі жылы елордамызда өткен «Торғай облысы ашылсын» бейбіт жиналысын атап өтуге болады. Бұл жаңашылдық елімізде саяси мәдениеттің қалыптасуы мен өзара сенімді арттыруға, жауапкершілікті сезінуге игі әсер етері сөзсіз. Бүгінгі жасалып жатқан саяси реформалар қоғамда айтылып жүрген әртүрлі пікірлердің қорытынды жиынтығы іспетті. Саяси жаңғырудан басталып, экономикалық өзгерістерге жалғасқан реформалардың мақсатқа сай жүзеге асуы бір президентке ғана байланысты емес, атқарушылардың асқан жауапкершілігіне байланған бақ не сор. Саяси жүйенің қалтқысыз қызмет атқарып кетуі үшін әлі де болса кадрлық жетіспеушілік, қоғамдық сана, бар салаға дендеп кірген сыбайлас жемқорлық сынды кері тартатын факторлар бар және бұлардан арылу бір күндік арпалысумен бітпейтіні анық. Дегенмен халық сезімтал, оң бетбұрысты бірден біледі. Бүгінгі ашықтықты дұрыс пайдаланып, арандатуға бой алдырмай, кешегі Жолдауда анықталған мақсатты бағыттарды бағындыруда күш біріктірсе алмайтын асу жоқ. Жолдаудың жолдарынан әр азамат өзін тапса, қайсібір әлеуметтік топ болмасын мүшелеріне тең мүмкіндіктер қаралған дер едім. Әр азамат өзінің, отбасының әл-ауқатын көтеру үшін қызмет қыла отырып, мемлекеттің ахуалын көтеруге болатын жоспарлы шаралар легі бар. Саяси жаңару биліктің өзінен бастау алғаны құптарлық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен басталған мемлекеттік билік құрылымын өзгерту үрдісі толығып, жетіліп отыруы заңдылық. 2024 жылға белгіленген кезекті Президент сайлауының үстіміздегі жылдың қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына ауысқаны басталған саяси жаңғыру процессін сапалы жүзеге асыру мақсатындағы қажеттіліктен туған шешім деп ойлаймын және құптаймын. Бұрынғы жаңарулардан өзгеше жаңарудың негізін қалаушысы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының қайта сайлауға түскенін қалаймын және қолдаймын. Себебі басталған оң өзгерістер межелі мақсатына жетуі тиіс. Халыққа жолдаған жақсы жоспарларының жүйелі әрі сапалы жүзеге асырылуының басында идея авторының өзі болғаны дұрыс деп санаймын. Президент өкілеттілігінің жеті жылдық мерзімге бірреттік болып өзгеруі президент болып сайланған кез келген азамат бұл мүмкіндіктің уақытша берілген, қайтып айналып келмейтін үлкен істер кезеңі екенін сезініп, бар потенциалын мейлінше тиімді жұмсауына мұрындық болады деп білемін. «Қиын кездер мықтыларды жасайды» деген бар. Қайсыбір қиындықтың ақыры қайырлы. Бастысы – бірлік. Біріге тірлік етсек, берекелі қоғам құрудың ауылы алыс емес. Бейбітшілік пен ынтымаққа ешнәрсе жетпейді, бүгінгі әлемнен тыныштық кеткен алмағайып заманда бізді тек ауызбірлік қана аман алып қалады. Алда болатын кезектен тыс Президент сайлауына азаматтарды белсенділік таныта қатысуға шақырар едім. Тек дауыс беру белсенділігі ғана емес, бәсекеге қабілетті үміткерлердің де көбірек болуын қалар едім. Бұл – азаматтарымызды тани түсуге мүмкіндік қана емес, сонымен қатар сынға түсе шыңдалу үшін лайықтыларға жақсы алаң. Қазақ – қашанда ел тізгінін ұстайтын ерлер туып отырған киелі халық. Бақ пен бап шабысының өлшемі беймәлім – сайлаудың нәтижесі азаматтардың белсенділігіне тікелей байланған. Мұны еліміздің әр азаматы дұрыс ұғып, өзінің саяси құқығын мейлінше пайдаланғаны абзал.