1579
Дидағаңның күнделігі
Дидағаңның күнделігі
Күнделік те айна секілді. Оған жалған айта алмайсың. Сол сәттегі көңілкүйің дәл сол қалпында ақ параққа құйылады. Сондықтан да болса керек, дүниеден озған қаламгердің күнделігін оқыған оқырманның кейде әрі-сәрі күйге түсетіні бар.
Белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлы күнделік жүргізіпті. Ұлы Дәулет Әшімхан оны кітап қып шығармақ ниетте екен. Біз Дәулеттің рұқсатымен бір тарауын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
2 желтоқсан (дүйсенбі), 1991 жылы
«Заман – Қазақстан» газетіне орналастым. Бүгін бірінші рет жұмысыма бардым. Әзірге «Араның» редакциясында, 12-қабатта. Редакторы – Қалтай Мұқамеджанов, орынбасары – Әбілмәжін Жұмабаев, жауапты хатшысы – Әбіраш Жәмішев. Мені бөлім редакторы етіп алды. Айлығы – мың сом. Әлеуметтік мәселелер жағына мен иелік ететін секілдімін.
«Қазақ әдебиетінен» әзірге шыққам жоқ. Айлық демалысымды 25 қарашадан алғанмын. Енді осы айдың аяғына дейін олардың есебінде болатын шығармын.
Сонымен «Қазақ әдебиетіне» 1980 жылы 9 июльде келіп, 1991 жылдың 25 қарашасына дейін қызмет істедім. Үлкен бір кезең. Өмірімнің тұтастай бір бөлігі. Алғаш келгенімде Сайын Мұратбеков редактор еді, кейін Шерхан, Төленді ауыстырып, Оралханның тұсында қош айтыстым. Солардың арасында тек Шерханмен ғана 9 жылдан астам қызметтес болыппын.
Кеше Нұрсұлтанды Президенттікке сайладық. 98,76 процент дауыс алыпты.
6 қаңтар (дүйсенбі), 1992 жылы
Бүгіннен бастап еркін, бақылаусыз бағаға көштік. Бір бөлке нанның құны – 7 сомға жуық. Осы еркін саудаға көшеміз дегенде: «барлық заттың бағасы 2-3 есе ғана өседі» деп еді, қазір енді 8-9 есеге жетіп қалды. Әңгіме барлық жерде қымбатшылық жөнінде.
Редакцияға әлі баспана ала алмай отырмыз. «Араның» есігінде жүрген жай...
Түсте Әбілді көрдім. (Алтай өлкесінен келген).
Ілеге көшіп келіпті. «УАЗИК мініп келдім, 93-ке «Волгаға» облигация алғам» дейді. Қол өнер жағынан шағын кәсіпорын ашпақшы екен. Сырмақ, алаша, түскиіз тоқып-сырып дегендей.
«Времядан» естідік: Гамсахурдия қашып кетіпті. Беталысы Иран секілді.
13 қаңтар (дүйсенбі), 1992 жылы
Жеке бөлмеміз жоқ. Екі Әбекеңнің (Жұмабаев, Жәмішев) есігін кезек-кезек «күзетіп» жүреміз. Мен көбінде Әбілмәжін – Әбекеңмен әңгімелесіп отырамын. Бүгін Сәбең – Сәбит Мұқанов туралы біраз сыр ақтарды... Сөз Сәбетқазы жөнінде басталған. Мен ол туралы айта келіп, бір кезде сол Сәбетқазы Мәскеуде оқып жүргенде Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов, т.б. біраз жастың «Жас тұлпар» деген ұйым құрғанын айттым. Бұл «тарихтың» сыңы Сәбеңе ауысып кетті.
– Сәбең абыройсыздау қартайды, – деді Әбекең. – Алпысыншы жылдардың басында мен ЦК-да қызмет істеп жүрдім. Сол кезде Сәбең бізге жиі келуші еді. Бірде сондай бір сәтінде менің бөлмемде отырып: «Анау «Жас тұлпардың» жайын естіген шығарсың. Сол желіккендердің ішінде Мұхтардың Мұрат деген баласы да бар көрінеді. Олардың қазіргі ісі – баяғы жиырмасыншы жылдардағы Мұхтардың ұлтшылдығынан аумайды» деді... Кейін, ұмытпасам Әбекеңнің (Тәтібаевтың – Д.Ә.) өз аузынан естідім. Сәбең сол Әбекеңнің үйінде қонақта отырғанда Ғабитпен қатты байланысып қалыпты. Рас болса, Ғабит қолындағы рюмкасын Сәбеңе атып ұрса керек... Сонда Ғабең: «Сен айтысып-тартыссаң мына менімен тартыс, менімен күрес. Ал анау Мұхтардан қалған жас балада шаруаң болмасын» дегенді айтыпты... Неге екенін кім білсін, Сәбең әйтеуір алпысыншы жылдары өте бір қазымыр, кінәмшіл, күдікшіл болып жүрді... –(Осы тұста әңгімемізді кіші Әбекең – (Жәмішев) бөліп жіберді бөлмеге келіп қап).
Байқаймын, Әбілмәжін аға былай өте ақылды, биязы, жұмсақ мінезді адам секілді. Әр сөзін баптап сөйлейді. Екеуміздің ой-пікіріміз көбінде бір жерден шығады. Қалай десем де осы кісінің түріне қарап жылынғандайсың.
15-16-17-18 қаңтар, 1992 жылы
«Заман–Қазақстанның» бірінші нөмірін шығардық. Бұл өзі бір тарихи сәттердің бірі ғой деп, кезекшілікке өзім сұранып барғанмын. 15-і күні таңертеңгі 9-дан түнгі 9-ға дейін баспаханада болдым. Жанымда: Көлбай, Әбіраш Жәмішев, Ақан, Ізімгүл, Ардақ, Алтынай болды. Кештетіп Қалекеңнің өзі келген. Мен ол кісіге: «Бізге сеніңіз, қайта беріңіз» деп қоя бергенмін. Ертеңінде кешке дейін жүріп, газетке қол қоя алмадым. Түсте үйге келгенім сол, Әбекең звондайды: «Осы кешегі беттерден түрік әліппесі (алфавит кестесі) қалай түсіп қалып жүр?!» – дейді. Түк түсінсем бұйырмасын. Артынша трубканы Қалекең алды: «Жағдай қалай?» – дейді. «Жақсы. Түстен кейін қол қоямын» деймін мен. Ал Қалекең: «Мен оған қол қоймаймын. Не істесеңдер өздерің біліңдер. Газетте тек түрік алфавиті болсын!» – дейді. «Жақсы. Қазір барып, макетті көріп, ақылдасайық», – дедім мен.
Іс мәнісі былай екен. Көлбай макет жүргізіп жүріп, екінші беттегі Әбіштің мақаласы көп қысқаратын болған соң алфавит кестесін өзі алып тастапты бізге айтпай... Қысқасы, үлкен айқай-шумен ақыры алфавитті қайта екінші бетке салдық қой.
17-сі күні таңертең ғана екі бояулы газетіміз қолға тиді. Төрт бояулы мың данасына 18 қаңтар күні түнгі сағат 3-те қол қойдым.
6 наурыз (жұма), 1992 жылы
Газетіміздің презентациясы болды. «Достық» үйінде М.Жолдасбеков, Қ. Сұлтанов, Ш.Шаяхметов, т.б. ығайлар мен сығайлар жиналған... Бұның өзі түптеп келгенде Түркиядан «Заман–Қазақстан» редакторы Ильхан Ишбләннің келуімен орайласқан еді.
Соңынан үлкен банкет болды. Дастарханда құс етінен басқасының бәрі бар: коньяк, арақ, шампан дейсің бе, қара уылдырық, бекіре еті, неше түрлі сусын дейсің бе... Іштік... Жедік. Соңынан бір сөмке арақты толтырып алып, редакцияға барып, қыздарды мерекесімен құттықтадық. Сөйледік... қыздық... қызара бөртіп үйге қайттық.
10 көкек (жұма), 1992 жылы
Дәулетті поликлиникаға апардым тексеруге. Оның беломыртқасы туғаннан аздап қисық қой. Дәрігерлік пунктте ол есепте тұрады былтырдан бері... Толықтау келген, орта жастағы орыс әйелі Дәулеттің арқасын әрі қарап, бері қарап: «Алып бара жатқан дәнеңе жоқ. Емдік (сауықтыру) гимнастикамен айналыссын» деп, 4-этажға жіберді.
Ондағы инструктор әйел түстен кейін 4-тен бастап жұмыс істейді екен. Үйге қайттық.
Түстіктен соң Дәулет екеуміз дачаға «емкость» заказ беруге бір жақа бардық. 2,5 т. «емкость» 3 мың сомға шығып кетіпті. Былтыр осы уақытта 350 сом, күзде – 500, жаңа жылдан кейін 1300 сом болатын. Ал не дейсіз!
Сағат 3:15-те редакцияға келсек, Қажығали, Нұрғожа, Жұмагүл бәрі: «Ойбай, Дидахмет, дереу Жоғарғы Советке жүгір, 3 жарымда сонда бір жиналыс болады екен. Қалағаң: (Қалтай) «Дидахметті жылдам тауып, сонда жіберіңдер деген», – дейді. Сөз арасында Шәкизаданың аты аталып кеткен. Соған телефон шалдым. «Назарбаевпен пресс-конференция болады. Мұндай жағдай үнемі туа бермейді ғой», – дейді.
Дәулетті 6-шы автобусқа салып жібердім де, өзім Ақ ордаға тарттым. 428-бөлмедегі Шәхизадаға бардым. «Кеше ішіп қойып едім» деп, шаршаңқырап, түтігіңкіреп отыр екен.
Пресс-конференция сағат 5:40-та таман басталды. «Халық кеңесінен» – Жүнісбеков, «Жас алаштан» бір жас жігіт, Оралхан «Қазақ әдебиетінен» сұрақтар берді. Жүнісбеков «Единствоға» ауыздық, тыйым бола ма, бәрін бүлдіріп бітті. Ұлт араздығын қоздырып жүр» дегенді айтып еді, Н.Назарбаев: «Сен айтқан екенсің анау «Алашты» неге айтпайсың! «Желтоқсан» мен «Азаттың» қимылын неге жасырып қаласың!»... деп оны біраз жерге апарып тастады.
Оралхан жекешелендіру кезінде совхоз малын жеке адамдарға үлестіріп беріп, кейін олар оны баға алмай, өлтіріп, аштан қырып алмай ма?» дегендей сұрақ қойды.
Кешкі сағат 7-ге жақындап қалғанда, Назарбаев: «Осымен бітеміз бе?» дегенде, мен орнымнан жайлап тұрдым да: өзімді таныстырып болғаннан соң: «Баспасөздің үлкен міндеттерінің бірі – халыққа, ұрпаққа адамгершілік тәрбие беру, жұртты имандылыққа шақыру ғой. Бірақ осы отырған журналистердің осы салада бір ай атқарған жұмысын коммерциялық канал (КТК) бір-ақ күн өшіріп, сызып тастап отырғызғандай. Біз КТК-ның алдында дәрменсізбіз. КТК әр отбасының ортасына от тастап отыр. Ата-ана баласымен бірге отырудан қалды. Баяғыда, 60-жылдардың басында «Тарзан», «Фантомас» деген кинолар шыққанда, бала-шағаны аздырады деп, оларды экраннан жылдам алып тастап еді, ал қазір КТК-дағы киноларды көргенде, баяғы сол «Тарзан», «Фантомастармен» жылап көрісетін болдық» дедім. Сосын: «Сізге айтайын дегенім: Жұрттың көбі осы каналға қатты наразы. Соны сізге жеткізейін деп едім», – дедім.
Назарбаев: «Шалахметов жолдас, бұған не дейсіз? Позор! Жуықта бір ауылда болғаным да әлдебір қарт адам: Бала-шағаның алдында ұялып біттік» деді. Бұл қалай сонда, телевизия мемлекеттікі ме, әлде қайдағы біреулердің меншігі ме?» – деді. Қуаныш Сұлтановқа да қатты айтты. Ең соңында: «Мен оны мүлде жауып тастаңдар! демеймін, бірақ түнгі сағат 12-ден кейін көрсетсін КТК-ны. Соны бүгіннен бастап істеңдер», – деді.
Президенттің мықтылығын осы сөзінен кейін көрерміз!
4 маусым (бейсенбі), 1992 жылы
Қазақстан Республикасының елтаңбасы (гербі), әнұраны (гимні) және жалауы қабылданды. Мен сессияны өз көзіммен көріп отырдым, парламент тілшісі ретінде. Әнұранның әуеніне баяғы ескі нұсқасын (Мұқан Төлебаевтың) қайта алды. Оған 100% дауыс берді. Сөзін әзірге қараған жоқ. Қ. Мұхаметхановтың қайта жазған сөзін оқыдым. Көңіліме аса қонған жоқ. Ұйқастары бос, ырғағы кедірлеу. Қысқасы, көркемдігі мазмұнынан төмендеу.
Елтаңбаға біраз дау болды. «Мүйізді ат, сегіз бұрышты жұлдыз» төңірегінде. Мүйізді ат солай кетті, ал сегіз бұрышты жұлдыздың орнына бұрыңғы бес бұрышты жұлдыз қабылданды.
Туды таңдарда кейбір мүйізі қарағайдай, ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын Азамат деген ағаларымыздың өзі сүрініп-ақ кетті. Соның бірі – Шерхан. Қараңыз: олар таңдаған тудың суреті мынау:
Осы тудан Қазақстанды елестете аласыз ба? Қандай ұлттық нышаны бар? Бұл сөзді Камал Смаилов т.б. біраз адам айтты. Шерхан қалайша мына туды ұнатып отыр деп қайран қалып отырсам, осы тудың суреті өз газетінде басылған екен. Демек, оның осы туды қорғауы – өз газетін қорғауы болса керек. Серік Әбдірахманов та өстіп шатасты.
Кешкісін ақыры Назарбаевтың тізеге салуының арқасында ту қабылданды.
Әрине, тура осындай болмағанмен осы негізде.
...Кешеден бері шұқыланып отырып, Лизаның ескі етігінің қонышынан шағын қол сөм-
ке (визитка) жасап алдым. Өте әдемі шықты.
Ертең (5) Лизаның туған күні. Әне, кухняда бауырсақ пісіріп жатыр.
25 маусым (бейсенбі), 1992 жылы
Жәнібекті соңғы сапарға шығарып салдық. Ол 22-і күні Қапшағайдың жолында өз машинасымен кетіп бара жатқанда апатқа ұшыраған екен. Нақтысын білмеймін. Машинасы аударылса керек.
Мәйітін Жастар театрынан шығарды. Табытты сыртқа шығарып келе жатқанда Сауытбекті көріп қалдым. Көзі қып-қызыл екен. Көп жылағанға ұқсайды. Оның Жәнібекпен аса жақын қатынаста болғанына көзім жетпейді. Тірліктегі екеуінің жолы да, мінезі де, өрісі де екі басқа еді. Бірақ осы қазаға Сәкеңнің қабырғасы қайысқаны анық. Неге? Өйткені Сауытбек Жәнібекті әйтеуір бір қазақтың баласы ғой деп, жас кетті ғой деп, бауыры езілмегеніне, Жәнібекпен бірге халықтың қайталанбас өнері кетіп бара жатқанына, қазақтың сүйексіз тілі, татаусыз әдебиеті кетіп бара жатқанына шын шерменді болғанына мен сенемін. Есіне кешегі өткен Асқар, одан бұрынғы Сағат, Кеңшілік, Жұматай да түскен болар.
Ел үшін еңіреу деген осындай болсын. Сауытбекке деген құрметім бұдан кейін тіпті арта түскендей. Қазақта осындай ақылды, әр нәрсені халықтық, елдік, ұлттық тұрғыдан ойлайтын азаматтар неге аз екен? (Мүмкін көп шығар. Нағыз азаматтар өздерінің азаматтығын айқайлап жұртқа жаймайды ғой).
Бейіт басынан кейін «Жұлдыз» ресторанында еске алу дастарханы жайылды.
26 маусым (жұма), 1992 жылы
Кеше түнгі сағат 3-ке дейін отырып, «Голощекинге» ескерткіш керек пе?» деген мақала жазып бітіргем. Таңертең бірден Мирагүлге барып, оны машинкаға бастырып алдым... Екі Әбекең оқып, қатты риза болды. Енді Қалекеңнің өзі оқуға алды.
Кешкісін «Жастар» ресторанына тойға бардық. Лиза екеуіміз. Алтыбайдың Қанаты үйленген. Әлібек тамада болды. Бірінші сөзді Бошайға берді. 10 минуттан астам сөйледі. Бос сөз! Баяғы сарын! Баяғы кеуде. Әр сәрсені пайдаланып өзін көрсетіп қалу. (Шежіре кітап жазып жатқанын, т.б. қыстырып жіберудің әйтпесе не қажеті бар!)
Мәлікті (Тоқашты) ертіп үйге кеш қайттық.
23 ақпан (сейсенбі), 1993 жылы
Мен үшін ерекше күн. Газет («Заман–Қазақстан») редакторының орынбасары болып тағайындалдым. Әбекең – Әбілмәжін Жұмабаевтың орнына. Ол кісі менің орныма бөлімге барды.
Уақыт, жағдай реті осыған тірегендей. Қалағаңа (Қалтайға) жерлестеріңді жиып алдың, бәрі кәрі-құртаң деген сөздер көп айтылса керек. Оны маған Қалағаңның өзі де сездірген. Мен Әбекеңнен қатты қысылып жүрдім осы әңгіменің шеті шыққаннан бері. Құдды ақсақалдың орнын тартып алатындай болып. Соны бүгін жұрт көзінше айттым да. Жүзім жарық болғаны жөн ғой. Обалы нешік, коллектив те, Әбекең де мені түсінгендей болды, басу айтты. Жиналыстан соң Әбекең маған өзі келіп, еш ренішінің жоқ екенін, жағдайдың осылай болғаны дұрыс екендігін тағы айтты. Бейбіт туралы, оның сырт жерлерде не деп жүргенін естігені туралы тілге тиек ете келіп, «жап-жас жігіттен мұндай іс күтпегенін» білдірді.
Мен қызметімнің өскенінен гөрі жігіттердің, жалпы коллективтің өзіме деген жылы ниет, ілтипатын естігеніме қуандым. Былтыр «Қазақ Әдебиетінен» қатты ренжіп кетіп едім, орта көңілімді Құдайдың өзі толтырғандай.
Түстен кейін Қалағаң қайта шақырып алып, «Рафик» машинасын сен мін деді. Бухгалтер екеумізге сонымен бір көлік тиіп қалды.
...Лиза 4-5 күннен бері қатты ауырып жатыр. Тұмау. Түні бойы ыңқылдап шығады, ұйықтамайды. Қызметімнің өскеніне байқұс қатты қуанды. Дәулет пен Зүлфия да.
Күн керемет суық. Ауа сызды.
24 ақпан (сейсенбі), 1993 жылы
Қалағаң (Қалтай) маған қызметке мінуге жеке көлік берді. «Рафик» шоферы – Сәрсөк (Сәрсен).
Бухгалтер Рысжан екеуіміз кезек пайдаланамыз. Бала-шағамның алдында бұл да – абырой болды.
Айтпақшы, айлығым – 30 мың.
6 наурыз (сенбі), 1993 жылы
Кеше сағат 11-де летучка өткіздік. Жұмагүл кезекші болған. Баяндама жасады. Газетке өте жоғары баға берді. Жаңа бір леп сезіледі дегендей болды. Бұнысы – Дидахмет газетті қолға алды дегені еді.
Расында, осы нөмірде бірінші рет түрік тілін үйрету сабағын бастадық. (өткен сенбі, жексенбі күндері оны үйде отырып өзім жасап шыққанмын). Бірінші рет саяси хабарлар жинақталып, қысқаша ғана алғашқы беттің басына берілді. Менің түртпектеуіммен тағы да бірінші рет түрік тілшілері газетке қатысып, елшіліктегі дін өкілінен хабар жариялады. Жұмагүл «Наурызды қалай өткіземіз» деген материалына орай үш-төрт пікір ұйымдастырды. Қысқасы, алғашқы қадам тәп-тәуір. Бұны Қалағаңның өзі жеке атап өтті. Бұл да мен үшін абырой!
Лиза жұмыстан көңілді келді. Екі айлық ақшасын алыпты.
Бүгін Рамазан туралы материалымды бітірдім. Дәулет екеуіміз түстен кейін Көктөбені шыр айналып қайттық.
1 көкек (жұма), 1994 жыл
Түске дейін жаңбар жауды. Кешке қарай кесек-кесек қарға айналды.
Көңіл күйім жақсы. Редакциядағы жұмыстарым жақсы жүріп жатыр. Түркиядан келген екі қазаққа арендаға бір бөлмені бердім. Айына 100 доллар. Бухгалтерияға өткізіп тұрады. Подвалдағы қойма үшін және төлеуге тиіс... «Огутай» спонсор ретінде төлейді... Жапонияға жолым түспей қалды. Кешігіп қалыппыз тізімге іліктіруге. Делегация 4-де жүрмек.
«Заман – Қазақстанға» құрылтайшы болудан Қалдарбектер бас тартыпты.
11 ақпан (сейсенбі), 1997 жыл
21 жыл газетте істей жүріп, 30 жыл бұрын алғашқы мақалам жарық көре отырып, Журналистер одағының мүшелік билетін бүгін алдым. (№2486).
Одақтың жауапты хатшысы Рахым Сатаев билетті жазып беріп отырып, шимен тісін шұқыдыма-ау, қисынын иіп келтіріп Одақтың төрағасы Камал Смановты жамандадыма-ау, билетке мөр баса алмай қиналдыма-ау, езіп қайдағы-жайдағыны айттыма-ау... Не приятно!
«Естіртуді» Бану машинкаға бастырып жатыр. 12 бетін бітті.
Күн жылы. Таңертең -8-10 болып еді, күндіз +4+5-ке жетті.
Кеше Азамат ауылдан келіпті. Кешке Зәуреш, Жансая үшеуі біздің үйде болды.
13 ақпан (бейсенбі), 1997 жыл
Әмірханның «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Ұлттығымыздың кепілі неде?» деген мақаласына орай «Ұлттығымыздың кепілі тек дінде болмаса керек» деген материал жазып «Қазақ әдебиетінің» өзіне тапсырдым.
20 ақпан (бейсенбі), 1997 жыл
18-і күні Серік Ақылбековтен кітабымның қолжазбасын алып қайттым. Майдың басына дейін толықтыруым керек. Сонда таза әдеби, қап-қалың кітап болмақ... «Жер аңсағанды» бастап едім, «Менің әжем» қалып кетті. Оның бір бетін жазған соң «Тонды» бастадым. Кеше қаламым жақсы жүріп еді, бүгін тағы тосылып қалдым. 3 сағат отырып, жарты-ақ бет жаздым.
Күндіз «Алма-арасанда» жатқан Еркінге бардым.
Шаршадым, ұйықтаймын. Ертең қалалық әкімшілікке пресс-конференцияға баруым керек.
26 ақпан (сәрсенбі),
1997 жылы
«Тонды» жазып жатырмын. Машинкамен он беттей болып қалды. Қаламым жақсы жүргендей. Жазғаным және ұнап жатыр. Енді таза үш күн отырсам, 15-16 беттік жә деген дүние бола қалар.
Талаптан ұлды болды. 3 күн бұрын. Ризаның көрген түсіне орай атын Мағжан қоймақшы.
Ертең Сапармұрат Түркіменбасшы Алматыға келмек. Салтанатына, баспасөз конференциясына мен қатысамын.
Күн жылы. 3-4 градус жылы.
12 наурыз (сәрсенбі),
1997 жыл
«Қазақ әдебиетінің» кешегі санында «Естірту» жарық көрді. Сол қалпында. Еш жері қысқармаған. Қалекең – Қалтай аға бүгін таңертең: «Құтты болсын! Жақсы әңгіме екен», – деді. Сосын несімен жақсы екенін айтып берді. Батық звондады. Қатты ұнағанын айтты. Ал өзім үшін ортаңқол дүние. «Сары самауырға» жетпейді. Оған жетпесе де жедеқабыл болатын дүние – «Тон» шығар. Бітуіне 2-3-ақ бет қалды. Әдемі өріліп келеді. Күн сайын соның жұмысымен отырмын. Қазіргі жазғаным – машинкамен 20 беттей.
16 наурыз (жексенбі),
1997 жыл
«Тонды» осы қазір бітірдім (22:00). 25 беттей боп қалар. Тәуір дүние болғандай. Үстінен енді бір редакциялап шықсам, тіпті қатып кетуі мүмкін. Шенеуніктердің ішек-қарнын ақтарған секілдімін.