Ел қорғаған ер еді...

Ел қорғаған ер еді...

Ел қорғаған ер еді...
ашық дереккөзі
1697
Қай заманда болмасын қазақ қоғамындағы қол бастаушы батырлардың атқаратын орны ерекше болды. Кеңес заманында хан, би, батыр, ахун, ишан, әулие-әмбе, батырларымызды ұмыттыруға бағытталған саясат жүргізілді. Сол халық жадынан ұмытылуға жақын қалған батырлардың бірі ел басына күн туғанда елін, жерін қорғаған Кіші жүз ұлысының Жетіру тайпалық бірлестігінің Табын руынан шыққан — Алдасайұлы Бармақ батыр. Биыл тірі кезінде аңыздарға арқау, ха­нына тірек, халқына қорған бо­ла білген даңқты Бармақ батыр баба­мыз­дың туғанына 260 жыл толды. Табын Бар­мақ батыр қандай істерімен ерек­ше­лен­ді, қандай еңбегі бар? Ол қалай батыр атан­ды? Біз енді осы сұрақтарға жауап бе­ріп көрелік. Ел аузынан жинақталған шежіреге сәйк­ес біз әңгіме қылғалы отырған Бармақ батыр Алдасайұлы бабамыз Та­бын­ның шөмішті Бозым (Бегім) бөлігінен та­райды. Бармақ батыр бабамыздың дү­ниеге келген жері Ақтөбе облысының қа­­­зіргі Байғанин, бұрынғы Табын ауда­ны­ның Қарауылкелді елді мекені деп ай­тылады. Ескі көз қариялар Бармақ баба­мыз­ды үлкен бұлты бар адам екен дей­ді екен. Шөміштінің тағы бір әкелі-ба­­лалы батырлары Барақ пен Асау Бар­мақ келмей жауға аттанбайды екен, жау­ға аттанарда Бармақ келгенше күтеді екен. Қарақойлы төрт Асан, Дуа тиген ері бар. Сол заманда табынның, Асып туған бағы бар. Алдасайдың баласы Бармақ батыр тағы бар. (Батырлар жыры). Бармақ батыр ата-бабаларынан бы­­­­лайша тарқатылады: Бозым-Асан-Күскілтай-Қожасейіт-Төлей-Бөлек. Асан бабамыздың үшінші әйелінен Нүр­ке, Төлей тарайды. Төлей бабамыз жау­гер­шілік заманда жас кезінде қаза болып, жүк­ті әйелі торсықтай ұл туып, атын Бө­лек қойған екен. Заманына адамы сай де­ген, Бөлек те батыр болған екен. Сон­дық­тан халқы оны Ер Бөлек атаған. Бөлектен – Жаңқара, Өтемерген, Ер­­назар, Ерназардан – Мырзатай, Тәу­бет, Алдасай тарайды. Осы Алдасай ба­­­­бамыздан Бармақ дүниеге келген. Бармақ бабамыздың батырлықтан бас­қа көріпкелдігі, әулиелігі, адам ем­дейтін қасиеті бар болған екен. Алдағы жо­рық, шайқас туралы болжап біліп, қа­лай, қай кезде шығу керек екенін Асау, Ба­раққа хабарлап отырған. Жорық ке­зін­де бабамыздың ғажайып көріпкелдік қа­сиеттерінің серіктестеріне, қару­лас­та­ры­на көп көмегі болған. Ол жаудың қай уа­қытта, қанша, қай жақтан келетінін бол­жап білетін қасиеттеріне байланысты сар­баздарын қалай қарсы қоюды, бөлуді, қан­дай әдістер, тәсілдер қолдану туралы дұрыс, дәл шешім қабылдайтын болған. Сондықтан да үнемі жау санының ба­сым болғанына қарамастан жеңіс­терге жетіп отырған. Егерде алдын ала жорықтың нәтижесіз, сәтсіз қайғылы болып аяқталатынын болжап білсе, бұл тура­лы Барақ батырға хабарлап, оны райы­нан қайтарады екен. Халық аузында «Бар­мақ келмей, бақ қонбайды», «Бар­мақ­сыз сарбаздар жауға шықпайды» деген сөз сақталған. Бармақ та баба, әке, ағалары сияқты ба­тыр болып, қан майданда шың­дал­ды. Оның атын естіген жұрт бұл қай Бар­мақ батыр деп сұрауы мүмкін. Шын­ды­­ғында, халық аузында Бармақ аттас аты шыққан жеті әулие, батыр, би болған. Олардың ішінде Адай, Кете, Уақ, Шекті ру­ларынан шыққан батырлар мен Шу өңі­рінен шыққан ақын Бармақ атты кі­сілер өмірден өткен. «Алдасайұлы Бармақ 95 жасында со­ғыссыз бейбіт күнде өз ажалынан қаза бол­ған» дейді халық. Тағы бір деректерде Ойыл бойын мекендеген Кете руының Бар­мақ батыры болуы мүмкін деген де­рек бар. дерек көздері оны Орал өңірін жай­лаған Байбақтының батыры Дәу­қара­мен барымта кезінде жекпе-жекте бірін-бірі мерт қылып, халық Жарлы өзе­нінің бойына жерлеген екен дейді. Екеуінің жатқан бейітінің бір-бірінен қашықтығы 10 шақырымды құрайды екен. «Елдің басын батыр қосар» дейді дана халық. Міне, ғұмырын ел тәуелсіздігі мен ұлт бостандығы жолындағы күрескерлік жо­лына арнаған әкелі-балалы Асау, Ба­рақ, Тіленшімен қатар Бармақ сынды ба­­тыр да Сырым Датұлының Ұлт-азаттық кө­терілісіне басынан аяғына дейін қа­тыс­қан қазақтың қол бастап қан майдан­ға шыққан батырлары. Біздегі деректерге сәйкес, Сырым ба­тыр көтерілісі кезінде белсенді­лік көрсеткен Барақ әскері қатарында Бар­мақ батыр да өз сарбаздарымен көзге түсе білді. Халық аузындағы әңгімелерге қара­ғанда Бармақ – Барақ батырдың бас ба­тыры болып есептеліп, үлкен шайқас­тар­да сарбаздарымен оның әскер құра­мы­на кіргенмен, көбінесе ол өз сарбаз­да­рын бастап дербес, бөлек ұрыс қимыл­дарына, шайқастарға қатысып отырған. Бірде Бармақтың елде жоқ екенін пайдаланған қалмақтар оның ауы­лын шауыпты. Батырдың алыста жо­рықта екенінен хабардар олар оңай ол­жаға кезіккесін кетуге асықпай, ас ішіп жат­қанда аспанда бір шөкім қара бұлтты, бұлт астында пайда болған бір қара но­қат­ты көріп, әулие Бармақ батырдың таяп қалғанын сезіп, мал, олжасын, матап тастаған жасөспірім ұл-қызды тастап қаша жөнеліпті. Батыр бабамыз қасын­дағы серіктерімен дереу қашқан жау соңы­на түсіп, көп қалмақты қырып, бір­ша­масын қолға түсіріпті. Сонда батыр тұтқын қалмақтардың бірінен: «Басынып мен жоқта елім­ді шауып, менің әзір келмейтініме се­німді болып асықпай жатқандарыңда ме­нің сарбаздарымнан емес, қайдағы бір шө­кім бұлттан неге сонша қорқып қаш­тыңдар?» деп сұрапты. Сол кезде қолға түс­кен қалмақ батыры: арамыздағы сын­шымыз «қазақтың бес мың, он мың қолы біз­ге қауіп емес, жиырма мың қолға т­а­ти­­тын бір қолбасы қара бұлт болып кө­рі­­нер, ең қауіптісі бізге қырғидай тиіп, біз­ді жеңетін сол бұлт бейнесінде келетін ба­­тыр» деп қайта-қайта айта берген бо­ла­­тын. Бармақ батыр – заманындағы қа­зақ­тың айтулы тұлғаларының бірі. XVIII-XIX ғасырда жерін жауға бер­меген, ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшы­мен елінің тыныштығы мен тәуел­сіз­дігі үшін күрескен Табын Барақ батыр әс­керінің бас сардары болған. Ел бостан­дығы үшін Ресей империясы отаршыл­ды­ғына, Хиуа хандығымен, түркімендер, қал­мақтармен болған көптеген шайқас­тарда қол бастаған. Халық аузындағы әңгімелерге қара­ғанда бабамызда батырлық ата­ғынан басқа әулиелік, емшілік қа­сиет­тері де болған дейді. Жорыққа аттанарда, игі істер бастамастан бұрын Бармақ ба­тыр­дан бата алу үрдіске айналған екен. Бері­де ол кісінің басына барып түнеген­дер арасында айықпас дерттен сауығып кеткендер, бір тұяққа зар болғандардың бала сүйіп, перзентті болғандары да бар дейді. Бір деректерде бабамыздың он төрт жасында қазақ жасақтары құра­мын­да елін жауынан қорғап аты шық­қан­дығы айтылады. Табын бөлек жас Бармақ, Жас та болса бас бармақ, Шапса қылыш өтпеген, Болаттан берік тас бармақ, Қалың қолды бастатып, Барақ пен Сырым сыйлаған. Жерін жауға бастыртпай, Шыбын жанын қинаған, — деген жыр жолдары ел аузында қалған. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институтының ғылыми кеңесі мақ­ұлдаған тарих ғылымдарының док­торы Нұржан Жетпісбайдың «Қазақ ба­тыры Дәуіт Асауұлы» еңбегінде мынадай жол­дар бар: «...Жалпы, Сырым бастаған бұл көтеріліске Табын руы өте белсенді ара­ласқан. Атақты билер мен батырлар Тілен­ші мен Барақтан бөлек, көптеген шабуылдарды Жиеншора, Атабоз, Елек­бай, Бармақ батырлар, Досы би, Татан, Ес­те­мес, Бекшора сияқты белгілі ала­ман­дар басқарған». «Асау батыр Барақұлы» жырында Орын­­борда қамалған Жетіру ханы Ай­шуақ інісі Әділ арқылы: «мені құтқарса Ба­рақ, Бар­мақ батырлар тәуекелге барып құт­қара алады, оларға сәлем айт» деп хат жі­береді. Ханды босатуға келген Кіші жүз­дің үш аталығынан жиналған сар­баз­дар Орынбор қамалының басшысы Ақ­сақ Майырды қолға түсіріп, кейін оны қа­мауда отырған ханға айырбастау ар­қы­лы босатады. «Алып – анадан, ат – биеден туады» де­мекші, даңқты Бармақ батырдың өш­пес ерліктері, халық аузындағы деректер бұрынғыдан ауызша беріліп, мұра болып келеді. Кейінгі жылдары батырдың туған жері Байғанин ауданында бір­қа­тар іс-шаралар атқарылды. Бармақ батыр ба­бамыздың аты, жасаған ерліктері хал­қы­на толықтай болмаса да жетті. Бай­ға­нин ауданының Қарауылкелді елді меке­ні­нің орталық көшелерінің бірі 1989 жы­лы батыр атымен аталған болатын. Бері­де, 2015 жылы сол көше бойында Бар­мақ батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Еліміздің түкпір-түкпірінен, Қа­ра­қалпақстаннан келген батыр ұр­пақ­тарының, қонақтардың қатысуымен үлкен ас берілді. Басты ұйымдастырушының бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі, облыстық телеарнада ұзақ жыл­дар қызмет атқарған ақын Жақсылық Ай­жанов осы мереке алдында «Ел қор­ға­ны ер Бармақ» деген кітап жазды. Аста батырдың бесінші ұрпағы – Ұлы Отан соғысына қатысушы, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Сәрсенғали Еш­баев ағамыз бабасының ерліктері ту­ралы тебірене сөз сөйледі. Жалпы, Бар­мақ батыр бабамыз төңірегіндегі іс-шара­лар­ды қаржыландырып, ұйымдастыру­шы­лар арасында Нұржан Тәжібай, Шым­баев Болат, Рамбаев Кенжетай, Таңатов Тұрар, Сыдықов Тұржан және т.б. атауға болады. Бармақ батыр, әулие туралы елде аңыз, аңызға жақын, бірақ өмірде бол­ған әңгіме, оқиғалар көп болған. Өкі­нішке қарай, ол туралы айтатын көне көз қариялар болғанымен, кезінде еститін құ­лақ, жазып алатын адам болмауынан ба­ғалы деректер, ақпарат қазіргі ұрпаққа то­лық жетпеді. Қазір бізге аңыздай бо­лып көрінетін бабамыздың басынан өт­кен оның батырлығын, көріпкелдігін, әу­лие­лігін дәріптейтін қаншама қызықты оқи­ғалары, баба қасиеттері бізге жетпей, оны­мен бірге жер қойнауына бірге кетті. Дегенмен енді барымызды жоғал­тып алмайық. Бармақ батырдың біз­ге жеткен ерлігі елдігімізді биік ұстау­дың, намысты қолдан бермеудің айқын мы­салы.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары