Бір суреттің сыры

Бір суреттің сыры

Бір суреттің сыры
ашық дереккөзі
620

Ұлағатты ұстаз Кәкен Қамзиннің ұмытылмас үлгісі

Жыл сайын Желтоқсан  көтерілісі қарсаңында түрлі газеттерде  жиі жарияланып келе  жатқан  бұл суретте алаңдағы бейбіт шеру біршама дәлірек  бейнеленген. Жұрт назары – алдыда, дәлірек айтсақ, Үкімет үйі жақта.  Әзірге тыныш, бәрі орнында тұр. Зерделей қараған жанға жастардың ара-арасынан өтіп бара жатқан  формалы  тәртіп  сақшыларының  сұлбалары байқалады. Бірақ қатарлары шашыраңқы.  Неге?... Бұл сұраққа жауапты  сәл кейінірек берейік. 1986 жылғы желтоқсан айының 17-нші жұлдызы.  Бақытжан Тобаяқов,  Ермек Аманшаев сынды  бір топ  журналист-баспагерлер бір айлық  мамандығын жетілдіру курсында оқып жүргенбіз. Дәл сол күні жігіттердің бірі  студент жастардың алаңға жиналып, КПСС Орталық Комитетінің шешіміне наразылық шеруіне шығуға жиналып жатқаны жайлы хабар жетті. Курстың  кезекті сабағы жайына қалып, жастарға қосылуды  жөн деп тапқан жастар бір-бірлеп жолға түсе бастаған. Өз басым жұмысқа орналасқаныма бір-ақ жыл болған. Коммунистігім тағы бар. Бірден нартәуекел деу­ге дәтім бармай, ойлана келе әліптің артын бағып, әріптестерімнің көзқарастарын байқап  көрейін деген оймен өзімнің тұрақты қызмет орным – «Жазушы» баспасындағы «Қазақ  прозасы редакциясына» келейін. Бәрі орнында, бірақ олардың да әңгімесі – осы тақырыпта, барлығы дүрлігіп отыр екен. Олар деп отырғаным: үлкеніміз Рафаэль Ниязбеков, Захардин  Қыстаубаев, Кәкен Қамзин. Редакцияға біреуді қалдырып, әне-міне шыққалы тұрғанымызда бөлімге машбюро меңгерушісі Бәтижамал апайымыз кіре қалып: –  Сендер мұнда неғып үрпиісіп тұр­сыңдар? Жастардың арасына барып, қорған болмайсыңдар ма? – дегені әлі күнге дейін жадымда. – Міне.  Өзіміз де шыққалы тұрмыз! – дегенді айтып, алаңға тарттық. Жолай бізге марқұм Оңалбек Кенжебеков қосылды. Алаң үсті иін тіресе  лықсыған халық. Көбі өрімдей жастар. Қыз-жігіттері аралас. Үкімет үйі жақта екі қатар болып сап түзген қалың әскер. Қолдарында темір қалқан. Әрі қарай  жан адамды жібермеуге бекінген түрлері. Әр жерден  қолдарына мегафон ұстап, үндеу тастаған шешендер шыға бастады. Бәрінің айтары: «Біздің республиканы басқаратын бір қазақтың, тіпті тым болмаса, бір қазақстандықтың табылмағаны ма? Неге жергілікті халықпен санаспайды?!.» Демін ішіне тарта түнерген аспан да үлкен дауылдың соғарын сезіп, «қалай болар екен» деп  тына қалғандай. Сұп-сұр, сұп-суық. Қай мезгіл болғаны да  белгісіз. Мынау әлем, мына қоғам – бәрі-бәрі бір-ақ күнде мүлдем өгей, мүлдем жат болып шыға келгендей ет-жүрегіңді езе түседі. Қолдан келер қайран жоқ. Сөзіңді тыңдап, «иә, сөйте қояйық» дейтін бір жан жоқ. Керісінше, мінберге шыққандары: «Тараңдар!Кетіңдер!  Қазір қырыласыңдар!» –  деп, зәреиманыңды  ұшырады. Өңіміз түгілі, түсімізге кіріп көрмеген осындай көрініске тап болып, аузымыз ашыла аң-таң болып тұрған бізге  Кәкен Қамзин ағамыз көмекке келді. – Жігіттер! Бір-бірімізден көз жазып қалмайық. Шетке шықпай, көбіне осы орта тұста болайық. Көрдіңдер ме? – деп иегімен қос қапталдағы биік үйлердің жоғарғы балкон­дарына құзғынға  ұқсап «қонақтап» алған формалы фотосуретшілерді нұсқады. – Ертең мұның арты тіміскілердің індетуіне ұласады. Сақ болайық! Кәкең осыны айтып, ортаға қарай ойыса бергенімізде алдыңғы жақтағы иін тірескен қалың топ екіге жарылып, қатарлары ыдырай бастады да, қарсы алдымыздан қол ұстасқан милиционерлер шебі шыға келді. Шеп алдындағы генерал өктем үнмен бұйыра әмір беріп, жолындағыларды кейінге қарай жапырып келеді. – Олай емес, былай! – деп, лезде бізге шынтақ айқастыра қолтықтаса қоюды көрсеткен  өз «генералымыз» орындарымыздан міз бақпай сіресіп тұра беруді  үйретті. Расында, әлгіндегідей емес, бізге келгенде аналардың екпіні басылып, қол ұстаса құрған шептері тозығы жете ыдыраған бөздей әр-әр жерден үзіліп, бірді-екілі қызметкерлері тұмсығы тасқа соғылған шортандай теріс айналып, бірінің тымақтары ұшып түсіп, бірінің портупейі үзіліп, әр жерде есеңгіреп, состиып тұрып қалып жатты. Олардың  жерге түскен тымақтарын аспанға атып, кейбіреуін бөкселете тебе бастаған жастарды Рафхаң мен Зәкең бастаған үлкендер тәртіпке шақырып, студенттердің қызбалықтарын тез сөндірді. Қол ұстаса сап құрып, топты ыдыратпақ болған сақшылардың бұл әрекеттерінен ештеңе шыға қоймады. (Себебі Кәкен ағамыз үйреткен  қолтықтаса шеп құру тәсілін бізден көрген  жастардың бәрі лезде осы тасқамал қорғаныс әдісіне көшіп ала қойса керек). Соны өздері де сезді ме, жоқ шаршады ма, кім білсін, олар енді бір шетке шығып, артқы борттары ашық тұрған мәшинелерінің жанында тек  сырттан бақылаушы рөліне көшті. Бір кезде әлдекім әдейі қосты ма, әлде кездейсоқтық па, бағана басына ілінген радиорепродуктордан рухты «Менің Қазақстаным» әні шырқалып кетіп, бүткіл алаңды дүр сілкіндірсін деңіз. Бүткіл жер үсті, күллі аспан асты қосылып, «Менің Қазақстанымдап» тұрғандай болып, алаң тербеліп сала берді. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. Әлдеқандай бір белсенді жұлқынып жүріп, репродуктордың сымын жұлып түсірді. Өз көзімізбен көрген көрініс осы. Күн кешкіріп, айнала күңгірт тартып, түнерген аспан одан сайын түксие бастаған шақта дәл сол жылы алты жастан мектепке баруды бастаған ұлымды алуға №12 мектепке қарай құстай ұшуыма тура келген. Ол кезгі тәртіп бойынша бірінші сынып оқушылары балабақшадағыдай  күні бойы мектепте болатын. Түсте сол жерде ұйықтатып, түстен кейін сабағын жаттатып, ұстаздар балаларымызды кешкі бес-алтыларда бір-ақ қолымызға беретін-ді. Бүгінгі белгілі ақын-жазушы, журналистер: Сауытбек Әбдірахманов, Қуандық Түменбаев, Алпысбай Шымырбаев сынды т.б. азаматтар бар,  барлығымыздың  ұл-қыздарымыз 1 «Ә» сыныбында бірге оқитын. Сөйтсек, нағыз сойқан біз кеткен соң басталыпты. Қараңғының түсуін күтіп тұрған «шаш ал десе, бас алғыш» әзірейілдер иттерін айтақтап, су шашып, оған болмағаннан кейін аруларымызды неміс овчаркаларына талатып, ұлдарымызды таяққа жығуды, шетке шыққандарын мәшинелерге тоғытып, айдалаға апарып тастау әрекеттерін бастап кеткен екен. Бұдан әрісі өздеріңізге жақсы мәлім. Оны қайталай баяндап неғылайын. Айтпағым: бізді анау-мынау  бәле-жаладан құтқарған Кәкен Қамзин ағамыздың жоғарыда тілімізге тиек еткен «тасқамал»  қорғаныс тәсілі мен ақыл-кеңесі еді. Сонда отыз жеті-ақ  жастағы Кәкен ағамыз мұның бәрін қайдан біледі дейміз ғой. Сөйтсек, «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей, Кәкеңнің  көпті көрген азамат екенін қайдан білейік. Жаныңда жүрген адамның кім екендігі  міне, осындай қиын-қыстау кезеңде ашылады екен. Байыптап, барлап, суыртпақтап сыр тартып байқасақ,  бұл ағамыздың бірінші көрген құқайы емес көрінеді. Сонау 1976 жылы Целиноград қаласында өткен студент-жастар шеруі жайлы ұзынқұлақтан еміс-еміс қана еститін едік. Бірақ ол еш жерде жарияланбайтын, ашық мінбелерден айтылмайтын. Зерделей зерттеп білгеніміз: Кәкен Қамзин ағамыз бұл өмірлік іс-тәжірибені сол студенттер шеруінен жинақтапты. Суретке бет-жүзін көрсетпей теріс қарап түсе қалуы да сол тәжірибеліліктің нысаны-ау, сірә. Мен болсам, камераға тура қарап түсіп   қалыппын. Тәуба! Дәл сол тұста бұл сурет тіміскілердің бірінің қолына тие қалса,  күйіміз қалай болар еді?.. Иә, ағайын, суреттен мені танып, хабарласып, жөн-жосық сұрасып жатқан баршаңызға айтарым – бұл суреттің сыры міне, осындай. Содан бері зуылдап отыз жыл өте шығыпты. Кәкен Қамзин ағамыз бүгінде әл Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің  профессоры, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы. Рафаэль ағамыз –Алматыда, Захардин – Шымкентте. Құдайға шүкір, қорқыныш пен үрейдің бұлты сейілген ендігі жерде әрбір суретке тіл бітіруге  міндеттіміз. Сурет – тарих, сурет – шежіре. Демек, шежіре-тарихымызды сөйлету, тарату  – парыз. Суреттегі әрбір азамат кім? Оның кейінгі тағдыры не болды? Өмірде бар ма, жоқ па? Бар болса, қайда жүр?   Бұл сауалдардың бірде-бірі жауапсыз қалмауы тиіс. Сонда ғана Желтоқсан көтерілісінің шынайы, толыққанды панорамасы жасалып, құпиялы беймәлім тұстары ашыла түспек.

                                                             Арасанбай ЕСТЕНОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

 

Серіктес жаңалықтары