2740
Білім тек қана оқу емес, әрекет ету
Білім тек қана оқу емес, әрекет ету
Еліміздің білім саласында өзекті мәселе көп. Оқулыққа байланысты көпшіліктің көңілі толмайтынын барша жұрт біледі. Оқушыларға білім берудің әдістемесін әр мұғалім өз білгенімен түрлі деңгейде жүргізіп, оқыту әдісін бірізге түсіре алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Жаңартылған оқу бағдарламасы оқушылардың білім алуына оңтайлы болмай тұрғаны рас. Қазақ тілінің мектептерде мемлекеттік статусына сай емес екені де күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осылайша, тізе берсеңіз, білім саласындағы түйткілді түйіндердің тізімі кете береді...
Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов те бұл мәселелерді шешуге бар ынта-шынтасымен тер төгіп жүргенінен хабардармыз. Бас мұғалімнің: «Біз теорияға басы артық екпін түсіруден арылуға және оқушыны алған білімін практикада қолдануды үйретуге тиіспіз» деген тұжырымы мен Tims, Pisa халықаралық зерттеулері мен білікті мұғалімдердің пікіріне сүйене келе, білім саласындағы өзекті мәселелерді атап өткім келеді:
Орта мектеп бағдарламасы шектен тыс кең;
Орта мектеп бағдарламасы академиялық және теориялық сипатқа ғана ие;
Оқушылар сыни эксперимент жасай алмайды;
Оқушылар ғылыми танымын жеткізе алмайды;
Оқушылар теорияны өмірмен байланыстыруға шорқақ;
Орта мектеп бағдарламасы өмірге қажетті тәжірибемен қабыспайды;
Мектепте берілетін білім ақыл-ой дағдыларын дамытуға септеспейді;
Бұлар өте өзекті мәселелер. Мемлекетіміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағына кері әсерін тигізетін мәселелер. Әрине, ешкім ештеңе істемей жатыр деуден аулақпыз. Біртұтас болмаса да, әркім өз тарапынан талпыныс жасап-ақ жатыр. Мәселен, бар болғаны биыл үшінші жыл ғана жұмыс істеп жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепті сондай талпынысқа барып жүрген ұжымның бірі ретінде атап өтуімізге болады. Жуырда ғана осы мектепте «Шебер ұстаз жолымен» атты форум өткен болатын. Тәжірибелі ұстаздар жоғарыда аталып өткен мәселелерді шеберлік сабағында қамтуға тырысты. Бұл әрекет Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің діттеген мақсатынан туып отыр.
Білім саласы бойынша еліміз ғана емес, әлемде мәселе жетерлік. Әсіресе, оқыту әдістемесінің ескіргеніне байланысты аз айтылып жүрген жоқ. Бұл – барлығымызға ортақ мәселе. Сондықтан тұтасқан әрекет керек. Ағылшын философы, әлеуметтанушы ғалым Герберт Спенсер: «Білім тек қана оқу емес, әрекет ету» дейді. «Шебер ұстаз жолымен» форумында ағылшын ғалымының осы тұжырымы негізінде екіжақты әрекетке назар аударды деуге болады. Біріншісі – еліміздің білім саласындағы мәселені шешуге үлес қосу әрекеті, екіншісі – балалардың мектептен алған білімін өмірде қолдана алу әрекет-дағдысын қалыптастыруға байланысты әдістемені бөлісу.
Америкалық доктор Джон Хиббен: «Білім дегеніміз – өмірлік жағдаяттарға жауап бере білу қабілеті» дейді. Демек, мектеп баланың болашақ өміріне негіз қалау керек деп тұжырымдаймыз. Атақты Бернард Шоудың «Адамға бірдеңе үйретсең, ол ешқашан ұқпайды» дегені бар. Ақылманның бұл айтқанынан теорияны меңзеп тұрғанын түсінеміз. Өйткені не нәрсе болсын тәжірибе арқылы келетіні дәлелдеуді қажет етпесе керек. Герберт Спенсер, Джон Хиббен, Бернард Шоу тұжырған білім туралы анықтамаларды жинақтайтын болсақ: «Білім дегеніміз – нені не үшін жасайтыныңды анықтайтын парадигма». Қарапайым тілмен айтқанда, мұғалім мен оқушы мектеп қабырғасында не үшін жүргенін анық білуге тиіс.
Адамның мінез-құлқы, болмысы, этикасы жағынан келгенде жеке бастың этикасы және мінез-құлық этикасы деген теория бар. Жеке бастың этикасы екінші дәреже, мінез-құлық этикасы бірінші дәреже болып есептеледі. Жеке бастың этикасы белгілі бір ережеге бағынады. Мысалы, мектеп әлеуметтік жасанды жүйеге жатады. Мектептің ішкі тәртібі, оқушылардың жүріс-тұрысы, қарым-қатынасына байланысты ережелер осы жасанды әлеуметтік жүйенің қалыптастырғаны. Жасанды әлеуметтік жүйенің, яғни мектептің ережесін жақсы меңгерген оқушы жоғары бағаланады. Бірақ бұл жүйе, яғни мектеп жеке бас этикасын ғана дамытатынына аса мән беріп жүрген жоқпыз. Жеке бас этикасы оқушының мінезіне айналуға тиіс. Өйткені мінез-құлық этикасы – адамның шынайы болмыс көрсеткіші. Демек, жеке бас этикасы мінез-құлық этикасына айналмаса, оқушы шынайы өмір сынағы келген жағдайға жауап бере алмай қалуы мүмкін. Мысалы, оқушыны теориялық біліммен тест тапсыруға жаттатып, дайындарсыз. Ол тест тапсырып шығар, бірақ ол жаттағаны білім бола ма? Өмірдің сынағына төтеп бере ала ма? Туындаған мәселені шеше ала ма? Бұл тұрғыда АҚШ, Еуропа, Жапон, т.б. дамыған елдердің ғалымдары мен өзіміздің Әбу Насыр әл Фарабидан бастап, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Қошке сынды данышпан-кемеңгерлеріміз дәлелдеп тастаған.
«Кейінгі кезде мұғалім тәрбиеге араласпау керек. Ол – ата-ананың міндеті. Мектеп тек оқытуы керек» деп пікір айтып жүргендер кездеседі. Бұл пікір көпшілік арасында құптарлыққа дейін жеткен көріністер бар. Бірақ бұл пікір жаңсақ. Білім мен тәрбиені бөлу қате. Білім мен тәрбиені бөлу керек болса да қолымыздан келмейді. Екеуі тұтасқан дүние. Оқушыға дұрыс білім берсеңіз, сол дұрыс білім оқушыны тәрбиелейді. Тіл мен әдебиет соның тетігі. Тіл – ұлттың жаны дегеніміз осы. «Күштілік – өзгенің жанын емдей алу» дейді батыстық ғалымдар. Мұндағы емдеу – білім арқылы бойға сіңген тәлім-тәрбие. Сонымен қатар «Әдебиет – адам жанының айнасы» дейміз. Әдебиетті тек кітап ретінде емес, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқына байланысты талдау жасау арқылы да баланың мінез-құлық этикасын дамытуға болады.
Еділ АНЫҚБАЙ, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің оқытушысы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі