640
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі ел болуға үндеп келеді
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі ел болуға үндеп келеді
Жамбыл облыстық Aq jol газетінің жарық көре бастағанына биыл мамыр айында 100 жыл толды. Әулиеата өңірі баспасөзінің қара шаңырағы осы уақыт аралығында аймақтың шежіресін түзіп, оқырманның ақылшы досы әрі рухани серігі болып келеді. Газет 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық, қалалық партия комитетінің, Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде дүниеге келді. Тұңғыш редакторы – Анна Владимировна Алматинская.
Aq jol газетінің ардагері, белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз биыл басылымның жүз жылдық шежіресін жасап шықты. Оны газетте шетінен жариялап жатырмыз. Шежіреде мынандай мәліметтер келтірілген: журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғаны туралы да біраз деректер бар. Үзінді келтірелік:
«...Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын.
Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келеді. 1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады.
Анна Владимировна қазақ тілін білмейтіндігін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады...».
Міне, бұл 1922 жылдың 1 мамыры еді. Сонымен газеттің алғашқы атауы – «Кедей еркі». О баста осы басылымның тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1-мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, Aq jol газеті содан бері бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Өз тарихында газеттің атауы тоғыз рет өзгеріпті. Бір өкініштісі, газеттің 1922-1939 жылдар аралығындағы тігінділері облыстық мұрағатта жоқ болып шықты. Шамасы, Ташкентте сақтаулы болса керек. Жүз жылға жуық тарихында бұл басылымға талай редакторлар басшылық жасады. 1922 жылғы «Кедей еркі» аталған кезінен бері газетті Анна Алматинская (1922-1924), Сыдық Абланов (1924-1936), Ғабды Аманғалиев (1936-1938), Жайық Бектұров (1939-1942), Ғайса Сармұрзин (1943-1959), Төленді Оңғарбаев (1959-1961), Беген Байсақалов (1963-1964), Баттал Жаңабаев (1965-1985), Арғынбай Бекбосын (1985-1995), Әлдихан Қалдыбаев (1995-2004), Мақұлбек Рысдәулет (2004-2010), Ғалым Қасабай (2010-2013), Қуаныш Иембердиев (2013-2014), Көсемәлі Сәттібайұлы (2014-2017, 2018-2020), Қуат Әуесбай (2017-2018) сынды азаматтар басқарды. 2020-2022 жылдар аралығында осы басылымға өзімнің де басшылық жасағанымды зор мақтаныш тұтамын.
Бұл бас редакторлардың қолтаңбасы газеттің сарғайған тігінділерінде жатқаны анық. Осы жылдар ішінде газеттің мазмұны жаңарып, сапасы артты. Талай таланттардың тұсауын кесті. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев та 1948 жылы осы газетте журналист болып еңбек еткен.
Aq jol-ды басқарған редакторлар батылдығымен ерекшеленді. Шынында басылымның батылдыққа толы жолы жылдар бойы жалғасып келеді. Коммунистік режімнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы Aq jol болатын. Бұл туралы Арғынбай Бекбосын өзінің «Тағдыр етсе Алла...» атты кітабында жан-жақты жазып кеткен. «Өзімнің педучилищеде дәріс алған ұстазым, парасат-ұстамы аса тағылымды Әкім Садықбеков ағамыздың «Қонаевтың кінәсі не?» деген мақаласын жариялап жібердік. Ел дүр ете түсіп, хат дегеніңіз борап кетті. Жариялаудан жазбадық. Редакция қызметкері Қыстаубай Байтуов Димекеңе екі рет барып, ол кісімен сұхбат жүргізді. Жалпы, осы бір азаматтық абыройлы іске Қыстаубай үлкен үлес қосты. Кейінірек мен де Димаш ағаға сәлем беріп, «Адам – Алатау» атты көлемді сұхбат-очерк жаздым. Ол брошюра түрінде жүз мың дана боп басылып, қалың жұртқа таралды» деп жазады Арғынбай ағамыз.
Сол жылдары белгілі журналист Жақсылық Сәтібековті Бішкекке Асанбай Асқаровтың сотына аттандырған ғой. Көп кешікпей газетте оның «Асқаровтың соты» атты очеркі жарияланған. «Еңбек туынан» соң оны Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басқан. «Күллі Қазақстан көтеріліп кеткендей болды! Үнсіздіктің іргесі бұзылды. Асқаровты қорғау жөнінде қоғамдық комитеттер құрылды» деп еске алады сол күндерді Арекең.
Шынында ерлік қой. Жалпы, редактор қандай болса газет сондай боп шығады дейді ғой. Рас сөз. Басшы бүгежектей берсе, тілші де кең көсіле алмайды. Бас редактор батыл, тәуекелшіл болуы керек. Оқырманның, жұрттың не қалайтынын сезуі тиіс. Сондықтан бәрі бас редакторға байланысты.
Aq jol газетінің 100 жылдық мерекесіне орай биыл көптеген іс-шаралар жоспарланған. Алды ақпан айынан басталып кетті. Жыл сайын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күнінде ұйымдастырылатын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы биыл Aq jol газетінің 100 жылдығына да арналды. Редакция өз жүлделерін тікті. Сәуір айының басында «Жүз жылдыққа – жүз терек» акциясы бойынша «Жеңіс» саябағына ағаш отырғыздық. Және белгілі марафоншы Жақсылық Мамырбекұлы Aq jol газетінің 100 жылдығына арнап 100 шақырым жүгіріп, Талас пен Тараздың арасын жалғады. Яғни, Талас ауданының Тамды ауылынан Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне дейін жүгіріп келді. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында Aq jol және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстел өткізіп, іс-шараға қазақ баспасөзінің мықтыларының барлығы дерлік қатысты. Енді меретой өтетін күні «Ғасыр шежіресі» кітабы мен фотокөрменің тұсаукесер рәсімі өтеді. Одан бөлек тарихи орындарға экспедиция жасау және Тараз қаласынан Aq jol газетінің атына берілген көшенің тұсаукесерін өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған. Қараша айында оқырмандармен кездесу өткізіп, Aq jol газетінің 100 жылдығын аудандарда жалғастырсақ деген де жоспарымыз бар.
2020 жылы Жамбыл облысының ақпарат айдынында «Aulieata-media» ЖШС құрылып, Aq jol, «Знамя труда» және «Арай» газеттерінің басын қосты. Қазір үш облыстық газеттің ұжымы бір ғимаратта отыр. Қызметкерлер бір бірімен араласып, ұжымның әр қуанышын бірге бөлісіп, бір отбасының баласындай тату тәтті еңбек етуде.
Aq jol газеті 2020 жылы баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұл әрине, ынтымағы жарасқан еңбекқор әрі берекелі ұжымның әділетті жеңісі еді.
Мерейтой құтты болсын! Баршаңызға Aq jol газетінің жасын берсін, құрметті оқырман!
Жамбыл облысы