Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазақстан өзінің жақсы атын қайтарып ала алды

Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазақстан өзінің жақсы атын қайтарып ала алды

Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазақстан өзінің жақсы атын  қайтарып ала алды
ашық дереккөзі
2937
«Ata topraklarimizda…» Күні кеше, 13 қазанда Астанаға келген са­па­рында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердо­ған өзінің Instagram парақшасында тап осы­лай жазды. «Ата мекенімізде бас қосып жа­тырмыз» деп, түбі бір түркінің тұтастығын жал­­пақ жаһанға жария етті. Иә, Тұран төрін­дегі Қазақ елі бүкіл түркі әлемі үшін қадірлі ме­кен. Түркістан облысының құрылуы, оның ор­талығы көне Түркістан шаһарының ай­на­ласы екі-үш жылдың ішінде тыңнан түлеуі, таяу­­да ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасиетті қаланың жаңа мәртебесін қалыптастыру туралы қабылдаған шешімі бұл тақырыпқа зиялы қауымның қызығушы­лы­ғын да арттыра түсті. Мәжіліс депутаты, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абд­рахмановтың белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбайға «Түркістан» арнасы үшін берген, 12 қазанда эфирге шыққан сұхбаты­ның жазбасын «Түркістан» газеті оқырман­да­ры­ның назарына ұсынуды жөн көріп отыр­мыз. – Құрметті Сауытбек Абдрахманұлы, «Түр­кістан» телеарнасының арнайы бағдарламасын өзіңізден бастамақпыз. Жақында Мемлекет басшысы Түр­кі­стан об­лысына барып қайтты. Түр­кіс­тан­ның қазақ мем­лекеттілігіндегі орны ту­ралы арнайы айт­ты. Бұл киелі шаһарды ру­хани және тарихи елордамыз ретінде тануымыз керек деген ойын ортаға сал­ды. Сіздің пікіріңізше, рухани елордаға ай­налу үшін Түркістан қаласының ал­ды­на қандай міндеттер, мақсаттар қойылуы ке­рек деп ойлайсыз? – Әңгімені сәл әріден бастау, Түркі­стан­ның затынан бұрын атын айту қажет сияқ­ты. Мағжанның мынадай өлең жол­дары бар: Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? Ортақ түркі атын иеленген ел-жұрттар өз алдына бөлшектеніп, тілдері дара­ла­нып, жан-жаққа тараған кезде, бір ағайын­дар сонау Кіші Азияға өтіп кетіп жатқан за­ман­дарда қара шаңырақ бізде қалды. Түр­кі­стан деген қара шаңырақ. Сол ұғымның өзі, осы қара шаңыраққа қазақтар ие болып қал­­ғанының өзі бізге үлкен тарихи жауап­кер­шілік жүктейді. Осы тұрғыдан қарағанда біз­­дің қара шаңыраққа ие болуымыз және да­нышпан бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің сүйе­гі осы жерде жатуы, сол қасиетті мекенде анан­дай зәулім кесене тұрғызылуы және, абы­рой бергенде, тіпті арғы отаршылдық заманды бы­лай қойғанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзін­де жер-судың, қалалардың аттарын өзгер­туге әбден бойы үйреніп алған большевиктер­дің, коммунистердің өзі тап осы Түркістан деген атқа тиіспегені немесе тиісе алмағаны, бәл­кім, киесінен қорыққаны біздің бір үлкен ол­жамыз. Тәуелсіздік жылдарында бұл қала ерек­ше мәнге ие болды. Түркістанның 1500 жыл­дық тойы тойланды. Бұл орайда Тұңғыш Пре­зиденттің осы облысты құру идеясын кө­те­ріп, жүзеге асырған еңбегі де тарихи әді­лет­тілік үшін аталуы керек деп ойлаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл қаланың орны ерекше. Өйткені 2019 жылы көктемде бүкілхалықтық ман­дат­ты алып, Президент болып сайланғаннан кейін­гі бірінші барған қаласы – Түркістан. Сол қа­сиетті мекенде ақсақалдардың батасын ал­ған соң Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі үл­кен, кемел істеріне кіріскен еді. Биыл да кезектен тыс Президент сай­лауы­ның алдында Жарлыққа қол қоя са­лысымен алдымен барған қаласы Түркістан бол­ды. Оның да терең мағынасы бар. Сол жер­де үлкен-үлкен әңгімелерді қозғады. «Екі дү­ние­нің есігі, ер түріктің бесігі» деген сөзді тағы да санамызда жаңғыртып өтті. Өткен жылы ға­на қаланың түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алғанын айтты, одан кейін айтқан ең үлкен тезисі, мәнді месседжі – Түркістанды біз рухани және тарихи елордамыз етуіміз ке­рек дегені. Бұл, әрине, Түркістан қаласының ал­дынан жаңа да жарқын жол ашатын үлкен тұ­жырымдама. Осы жөнінде Үкіметке арнайы тап­сырма берді. Енді алдағы кезде біз өзіміздің ру­хани жаңғыруымызды осы қаламен, осы қасиетті атқа ие шаһармен байланыстырғымыз ке­леді. Оның сыртында, Түркістан қаласының өзінің келешегіне байланысты үлкен-үл­кен цифрлар айтылды. Мысалы, қалаға тар­тылған инвестицияның 8 есеге асқаны, өнім көлемінің бір жарым есеге асқаны, ша­ғын қалада қазірдің өзінде 77 мың адамға көп­қабатты тұрғын үй салынғаны аталды. Әри­не, бұл өте үлкен жұмыс атқарылғанын көр­сетеді. Бұл жерде де облыстың бұрынғы бас­шысы Өмірзақ Шөкеевтің өзіндік қол­таң­басы қалды деп айтуымыз керек. Қазір облыс тіз­гінін қолына алып отырған, Шымкенттей мил­лиондық мегаполисті басқарған үлкен тә­жірибесі бар, дипломатия мектебінен өткен тә­жірибесі бар, бизнестің қыр-сырын мең­герген өмір өткелдері бар азамат – Дархан Са­тыбалды бауырымыз да осы жақсы істерді же­місті, жарасымды жалғастырады деп ой­лай­мын. Өткен жолы мені арнайы шақырып, об­лыс­тың құрметті азаматы атағын тапсырған кез­де айтқан ойлары да, қозғаған әңгімесі де көңі­лімнен шықты. – Түркістан аймағы – тарихта да, қа­зір­гі өмірде де еліміздің болашағына, ке­­­лешегіне, бүгініне еңбек сіңіріп жат­қан қайраткерлердің көп шыққан то­пы­ра­ғы. Мемлекет басшысының қаланы ру­хани елорда болуға тиіс деуінің үлкен сыры бар, әрине. Мұнда жаңа өзіңіз ай­тып отырған үлкен тарихи құндылықпен қатар, бүгінгі ұрпаққа, бүгін сол жерде тір­шілік етіп жатқан азаматтарымызға ар­тылар жауапкершілік те аз емес. Президент Түркістан төрінде ең­бек­ке қа­тысты да жақсы ойлар айт­ты. Осы тұр­­ғыдан өзіңіздің жерлес­теріңіз­ге, түркіс­тан­дық­тарға қандай бір нақ­ты қадамдар жасау ке­рек деп ойлай­сыз? Санадағы сілкініс тұрғы­сында не істеуге болады? – Біз қазіргі таңда алдымен Оңтүстіктегі халықтың бүкіл Қазақстанға еңбекқорлықтың эталоны, үлгісі ретіндегі жақсы атын қалпына кел­тіруіміз керек. Осыған күш салсақ, Түр­кіс­тан­ның тер сіңген, жер емген жұрты осындай дә­режеге жетіп отыр, осының барлығы ең­бек­тің арқасы деп өзге өңірлерге үлгі ете алсақ, ір шаруа тындырған болар едік. – Жалпы, Түркістан ежелден Жібек жо­­­лының нағыз ортасында тұрды. Ба­тыс­тан да, Шығыстан да ағылатын нағыз сау­даның, мәдениеттің ордасы болып кел­ді. Дәл сол тұрғыдан қарағанда ту­ризм­мен, сауда-саттықпен айналысу ар­қылы да Түркістанның жаңаша бір тү­леуі­не, жаңғыруына қандай мүмкіндіктер қарастырылуы керек деп санайсыз? – Бұл жағынан біздің жанымызда жақсы үлгі тұр. Мысалы, Өзбекстандағы туризмнің жағ­­дайын алайық. Ташкент, Самарқанд, Бұ­қара, Хиуа, Үргеніш сияқты көне қалалардың ту­ристік әлеуеті өте жоғары. Ендігі бір қолға ала­тын шаруа – сол белдеуге Түркістанды қо­су. Егер шетелдік туристер жаңағы қала­лар­ды аралап келіп, Түркістанды да қамти кететін мар­шрутқа қолымыз жетсе, бұл елдегі ту­ризм­нің бір тың серпіні болатындығы сөзсіз. Бұл үшін біз тиісті инфрақұрылым жасауымыз ке­рек, сервисті жақсартуымыз керек. Туризмнің тағы бір үлкен резерві және тіпті басты резерві – ішкі туризм. Өкі­нішке қарай, жаз шықса Антальяға ағылатын, бар тапқан-таянғанын Кемерге, басқаға қал­ды­рып кететін біздің ағайынның туған жерді та­нып-білуге ықылас танытпайтыны қын­жыл­тады. Дәл осы жерде тұрып, таяу тұстағы Бая­науылға бармаған қазақ көп. Дәл осы жер­де тұрып, Қарқаралыны көрмеген қазақ көп. Тіпті, Астанада тұрып, Бурабайға бір бар­ма­ған адамдар табылады. Бұл қалай? Жағдайы бола тұрып, Қатонқарағайға баруға қызық­пай­тын адамдар табылады. Жағдайы жоқ адам­дарға әңгіме жоқ. Демек, біз өзіміздің елі­міздегі табиғаттың сұлулығын, тарихтың те­реңдігін танытатын хабарларды, жарнама­ны әлі де көбейтуіміз керек. Мысалы, әр қазақ азаматы Түркістанды көруді өзінің бір парызы деп санаса, соның өзінен-ақ ішкі туризм үлкен сер­пін алып кетер еді. Түркістан мен Ыстанбұл арасында әуе жо­лы жаңаша жанданатын болса, қа­зіргі визасыз қарым-қатынас жағдайында өз басым бірнеше жылдан кейін Түркістанды көре­міз деген түрік азаматтары ұшақтарға та­ла­са-тармаса мінетін кез де келеді деп ой­лай­­мын. Соған да біз дайын тұруымыз керек. – Жалпы, Түркістанның дамуына әсер бере­­тіндей еңбек адамдарының, қызмет көр­­сетушілердің білім деңгейін көтеру ба­­ғытында арнайы бір бағдарламалар ке­­рек пе әлде арнайы оқу орындары ашы­лу керек пе? Жұмыссыздық бар дей­міз, жұмыс істейтін адам жоқ дейміз. Сол тұр­ғыдан да ойыңызбен бөлісе кетсеңіз. – Туризм университеті қолға алынып жа­тыр ғой. Оның ішінде сол салада істейтін, ту­ризмге қатысы болатын адамдардың ке­мін­де үш тілді білуі деген талап сақталса, қала аза­маттарының ішкі мәдениеті арта түссе, ол да инфрақұрылымға, тартымдылыққа, сөз жоқ, әсер ететін болады. – Біз Түркістан киелі жер, руханият­тың орталығы деп сөйлегенімізбен, көп кем­шін тұстар, адамдардың бойындағы қо­ғамға жат нәрселер оңтүстік өңірден көп шығатыны өкінішті. Бұл жерде адам­ның санасындағы бір кемшін тұстарға бай­ланысты не жетіспейді? Бұқаралық ақ­парат құралдарының олқылығы ма, әл­де тәрбиенің әлсіздігі ме, әлде отба­сы­лық олқы тұстар бар ма? Неліктен біздің киелі өңірдің өзінен келеңсіз дүниелерді көп еститін болдық деп ойлайсыз? – Бұл жердегі мәселе халықтың санында. Мы­салы, Оңтүстікте 3 миллионнан астам ха­лық тұрады. Адам саны 300 мыңға жетпейтін об­лыстар да бар. Сондай облыстарда келеңсіз жағ­дай көрінген кезде ол онша көзге түспейді. Ал 3 миллион халқы бар өңірден (Шымкентті қос­қанда ғой) келеңсіз жағдайлар көрінген кез­де «Ой, сол жақтан неше түрлі нәрсе көп шы­ғады» дейді. Көп шығуы табиғи нәрсе, өйт­кені адамдар 10 есе көп. Сонда қарапайым ло­гика бойынша келеңсіз жағдайлар да он есе көп болуға тиісті. Бірақ, оның есесіне жақсы жағ­­дайлар да он есе көп болуға тиісті... Өз ба­­сым оңтүстік өңірде, Түркістан жағында ке­леңсіз жағдайлар өзге өңірлерге қарағанда көп деп санамаймын. Ол халықтың санына бай­ланысты екенін жаңа айттым. Әрине, бұ­дан онда кемшіліктер аз деген ұғым тумайды, мен тек салыстырмалы түрде қарау керектігін ескер­тіп отырмын. Ол жердегі біраз мәселелер бә­секенің күштілігіне байланысты. Талас-тар­тыс та содан ширығып тұрады. – Дегенмен, оңтүстік өңірдің мента­ли­тетіне қатысты халықтың арасында әр­түрлі әңгіме көп. Түркістан атын алып өз­гергеннен кейін жылдар бойы қалып­тас­қан менталитет, оңтүстіктік, шым­кент­тік менталитет дегеннің басқаша тү­леуі үшін, яғни рухани тұрғыдан басқа өңірлерге үлгі болатындай деңгейге кө­терілу үшін не істеуге болады? – Мәселенің тамырын дәл ұстап тұрсыз. Дәл қазір, жаңа Қазақстан құру жағдайында, жаңа облыс құрылып жатқан кезде біз белгілі бір дәрежеде ребрендинг жасауға тиіспіз. Мы­са­лы, шымкенттіктер сондай, шымкенттіктер мұн­дай деген әртүрлі жағымсыз, негізінен әді­летсіз пікірлер қалыптасып кеткен, енді қа­зір «шымкенттіктер» деген атауға байла­ныс­ты кейбір жағымсыз жағдайлар көңілге ұна­май­тын болса, енді ондағылар «түркістан­дық­тар» деп аталады. Енді ондағы адамдар түр­кістан­дық болуға, сол атқа лайық болуға ұмты­ламыз, сол өңірдің азаматтары ретінде біз бұрынғыдай емеспіз, қазір елдің рухани астанасын облыс орталығы етіп отырған адам­дармыз деп жаңаша ойлап, жаңа жауап­кершілік таныта бастаса, ол да жаңа имиджге әсер етуі әбден мүмкін. – Руханият деген кітапсыз, оқусыз бол­масы анық. Жасыратыны жоқ, тек Түр­кістан өңірі емес, жалпы елімізде, ен­ді бұл тек қана Қазақстанға, қазаққа ға­на тән мәселе емес, бүкіл әлемде де сол тен­денция байқалып жатыр ғой, оқуға, кі­тапқа қызығушылықтың төмендеуі бай­қалады. Жаңа технологияларға, әлеу­меттік желілерге әуес болып кеткендік бар. Қалай біз жастарды, жасөспірімдерді кітапқа баулимыз? Кітап деген адамға ой­лануға мүмкіндік беретін дүние ғой. Мы­салы, мен өзім биыл Түркістанда бол­дым. Әдемі кітапхана, жақсы техно­ло­гиялармен жабдықталған, бірақ оқыр­ман­дары аз. Бес-алты адам ғана жүр. Тек Түркістанда ғана емес, жалпы кітапха­на­ларда адам санының аздығына, қызы­ғу­шы­лықтың азайып бара жатқанына алаң­даймыз. – Кітапханадағы адамдардың азаюы осы Астанаға да тән, Алматыға да тән, барлық кі­тап­ханаларда жағдай сондай. Мен өзім кітап­қа құмар адам ретінде барған жерде кітап­ха­на­ларға кіріп, кітапты қолыма алған соң бір­ден формулярға қараймын. Қай кітапты аш­саң да формулярлары аппақ. Ешкім алып оқы­маған. Белгілі дәрежеде сөреге қойылған қа­зына болып шығады. Солардың тікелей ай­налымға түсуі, оқылуы нөлге жақын. – Халықаралық мәселелерді де қозғай кет­сек деймін. Бұл бағытта қандай істер­ді, қандай қадамдарды алдымен айта ала­мыз? Президенттің сыртқы саясаттағы қыз­метіне тоқталсаңыз. – Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік дең­гей­дегі дара дипломат екендігінің нақты бір бел­гісі – Си Цзиньпиннің Астанаға сапары. Мұ­ны арнайы айтып отырғанымның мәні мы­нада – егер мәселе тек екі ел басшысының сөй­лесуінде ғана болса, сол күннің ертеңінде-ақ Самарқандта жолықты ғой, сол жерде де сөй­лесе алатын еді ғой. Бірақ Қытай басшысы пан­­­­демиядан кейінгі бірінші сыртқа шыққан елі Қазақстан екендігін арнайы қадап тұрып, ба­дырайтып көрсетті және Қытай елі Қаза­қ­стан­ның аумақтық тұтастығына кепілдік бере­ді, оның ішкі істеріне араластырмайды де­ген үлкен мәлімдеме жасады. Бұл – біздің ди­п­ломатиямыздың үлкен табысы. Өйткені біз аю мен айдаһардың арасында арпалысып жан бағуымыз керек. Басқа жолымыз жоқ. Сон­дықтан қазіргі жағдайда бұл мәселені Тоқаев­тың толымды табысы деуге болады. – Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлем­дік мінберлерден айтып жатқан әң­гімесі бүкіл дүниенің тек біздің Мемлекет бас­шысына ғана емес, бүкіл елімізге, қа­зақ ұлтына деген назарын аударып отыр. Оған қоса, бір жағынан Димаштың феноменіне, бір жағынан Иманбектің фе­номеніне қызығушылар көбейе түсу­де. Осылайша, қазақ топырағына, қазақ елі­не, қазақ жеріне деген бүкіл әлемнің қы­зығушылығы жыл өткен сайын кө­бейіп келе жатқан сияқты. Сол тұрғыдан біз­дің халқымызға осындай қызығу­шы­лық туғызып отырған жақсы мүмкіндікті жақ­сы жағынан пайдаланып қалу, ішкі сана­дағы серпіліс керек сияқты. – Бұл мәселе кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін ерекше маңызды. Әділін айтсақ, қаң­тар­дан кейін небәрі 7-8 ай өткен кезде біз жақсы аты­мызды қалпына келтіріп үлгергеніміз фе­­­номен құбылыс деуге болады. Осы аз уа­қыт­тың ішінде Қазақстан өзінің жақсы атын қай­­тарып ала алды және жаңа биікке шығып, бү­кіл әлемге ірі сөздер айта алды. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлының Санкт-Петер­бург­тегі экономикалық форумда айтқан әңгі­ме­сі бүкіл Біріккен Ұлттар Ұйымының қыз­ме­тіне қатысты мәселе. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Жарғысындағы аса маңызды қа­ғи­­дат – мемлекеттердің аумақтық тұтас­ты­ғы. Пре­зидентіміз ұлттардың өзін-өзі билеу құқы ау­мақтық тұтастықпен қиғаш келмеу керек­ті­гін айтты. Өйткені ұлттардың өзін-өзі билеу құқын алға тартатын болсақ, Қасым-Жомарт Ке­мелұлы айтқандай, әлемде кемінде 400 мем­лекет құрылар еді. Ол нағыз хаос болар еді, бейберекеттікке, берекесіздікке бастар еді. Біз сон­дықтан Тайваньды да, Косовоны да, Оң­түстік Абхазияны да, Солтүстік Кипр Түрік Рес­­публикасын да қолдамаймыз. Өйткені біз­дің нық сеніміз бойынша әр ұлтта бір ғана мемлекет болуы керек. Неге, мысалы, бірнеше ондаған миллиондық күрдтердің мемлекеті бол­майды, неге аз ғана албандардың екі мем­лекеті болады? Албания мен Косово. Сер­бия­дан бөлініп шықты. Ешқандай халықта екі мем­лекет болмауы керек. Ондайларды Тоқаев ква­зимемлекеттік құрылымдар деп атап отыр. Біз басымызға бұйырған бақтың баға­сын білуге тиіспіз. Әлемдегі 193 елдің бірі ретінде өзіміздің көк туымызды өзіміздің жеріміздің төріне қадау уақыты бұйырғанына тәубе деуіміз керек. Бізден ештеңесі кем түспейтін, бізді саны жағынан бірнеше есе орап кететін халықтардың талайы бір жа­пы­рақ туын қадайтын алақандай төбе таба алмай жүр. Мысалы, татарлардың бізден несі кем? Белгілі бір дәрежеде кезінде дінімізді сақтап қалу­ға септескен, молдалары сауатымызды ашу­ға көмектескен, әу баста кітаптарымызды ба­сып берген дегендей. Олар енді бұндай күнді армандай да алмайды үлкен елдің ішіндегі анк­лав болғандықтан. – Түркістанды айтқан кезде дінге қа­тыс­ты әңгіме қозғамай кету мүмкін емес. Біздің халқымыздың, өсіп келе жатқан жас­тардың, жасөспірімдердің арасын­дағы діни сауаттылығымыз қаншалықты дұрыс жүріп жатыр? Ғасырлар бойы біздің қазақтың жүріп өткен діни жолы, қа­зіргі насихат, қазіргі әртүрлі қозға­лыс­тар­дың пайда болуы тұрғысынан қара­ған­да бізде осы бағытта мемлекеттік идео­логиялық нақты қадамдар жасалуы ке­рек пе деп ойлаймын. – Бұл бір қиын мәселе. Біз өзіміздің конс­ти­туциялық сипатымыздан біршама алшақтап барамыз. Мұны ашық айту керек. Біз зайырлы мем­лекетпіз. Конституциялық осы қағидат, өкі­нішке қарай, тиісінше сақталмай отыр. Мы­салы, зайырлы қоғамда, зайырлы мем­ле­кетте дінді арнаулы телеарналар арқылы на­си­хаттаудың жайын қатты ойлану керек. Бас­қа да мәселелер бар. Ататүрік «Дін табал­ды­рық­тан әрі шықпауы керек» деген. Дін жүрек­те жатуы керек, көңілде тұнуы керек, сана­да тұруы керек. Ол саясатқа араласпауы ке­рек. Ал бізде дін саясатқа ықпал жасай­тын­дай жағдайға жетіп қалды. – «Түркістан» телеарнасы жалпы түркі әле­міне қазақты танытудың бір жолы, жаңа бір тетігі сияқты көрінеді. Өзіңіз осы ақпарат саласын басқардыңыз, ми­нистр болдыңыз, жалпы біздің бұқа­ра­лық ақпарат құралдарына қазақты таны­ту­да, қазақты болашаққа талпындыруда не жетіспей жатыр деп ойлайсыз? – Қазақты қазақтың өзіне танытуда кем­сін­­діретін жайлардан, яғни ішкі комп­лек­стер­ден құтылдыру жағы жетіспей жатыр. Басқа­сын былай қойғанда, қазақтың басы бірік­пей­ді, алауыз деген әңгімені айтудың өзі ақылға сый­майды. Парламентте жұмыс барысында дау-талас болып тұрады, фракциялар бар, әр­түрлі адам бар. Жұмыс тобының отырысында бір белгілі азамат «трайбализм» деген сөзді қай­та-қайта қолданып жатты. Содан кейін мен мынаны айттым. Қазақстан тутси мен хуту бір-бірін қырып-жоятын Руанда емес. Қа­зақ­та жүз бен жүз тұрмақ, тайпа мен тайпа тұр­мақ, ру мен ру соғысып көрмеген, ондай нәрсе қазақтың тарихында жоқ. Тек жер дауы, же­сір дауынан шығатын барымта, сырым­талар, сойыл сілтесіп, бөрік ішінде бас жарылу деген сияқты эпизодтар ғана орын алған. Ал осындай халыққа трайбализм деген сұмдық сөзді қалай айтуға болады? Трайбализм жалпы Аф­рикадағы жабайы тайпаларда ғана көрі­не­тін нәрсе. Тек өзге өңірден екендігі үшін ға­на най­засын ала жүгіретін мешеу сананы біз ғы­лымда трайбализм дейміз. Соны алып келіп біздің санамызға тықпалау, сондай ойларды, бір заманда елді іштей іріту үшін айтақтау­шы­лар айтып кеткен, совет заманында алауыздық ояту үшін қоздырылған әңгімелерді бүгінгі күн­де бізге қатысы бар ғылыми термин сияқ­ты сөйлеу ешқандай сын көтермейді. Обалы не керек, ол азамат менің сөзімнен кейін «Жақ­сы, түсіндім, енді олай айтпаймыз, онда бас­қа сөз қолданайық» деді. Сондай нәрсе­лер­ден құтылуымыз керек. Қазақ жалқау деген әңгімені де көп айта беріп, бойымыз үйреніп, етіміз өліп бара жатыр. – Өзіміз сондай болып бара жатырмыз. – Соған бейімделіп бара жатырмыз. Қазақ әуел­ден жалқау болса, мынадай даланың қиын табиғатында номадтар бұл күнге жете алмас еді. Мал бағу, қи ою, шөп шабу, тезек теру де­ген­дердің барлығы – ауыр жұмыс. Сол ауыр жұмысқа қазақ көндіккен. Сөйтіп, көндіккенің ар­қасында қыста да киіз үйде бала туып, өсіп-өн­ген және осы күнге жеткен. Ал жаңағы біз ай­тып отырған, өзіміз қазір сөзімізді арнап отырған оңтүстік өңіріндегі еңбекқорлық тіп­ті ерекше. – Біз баланы жастайынан еңбекке тәр­­биелейтінбіз. Айналып келгенде Мем­лекет басшысының алдымен айтып жат­қаны да еңбек. Еңбекке баланы тәр­бие­леуде қазір біздің жасалмай жатқан дү­ние­­леріміз бар сияқты. Бәлкім, мектеп бағ­дарламасын қайтадан қарау керек пе? Баланы сөзбен емес, шынымен де дұрыс ең­бекпен тәрбиелесек, ертең еліміздің бо­лашағы дұрыс болады ма дегеніміз ғой. – Еңбекке тәрбиелеудің үлкен бір тетігі – әділеттілік орнату. Неге? Өйткені қазір жұрт жа­рытып жұмыс істемеген адамдардың дәу­лет­ті тұрып жатқанын көріп отыр. Еңбекке де­ген мотивация жоқ немесе жоққа жуық. Еш­теңе істемей-ақ басқалар жақсы өмір сүріп жа­тыр, мен неге жанымды қинаймын, ал жа­нын қинағандар күнін зорға көріп жүр деген сияқ­ты ойлайтындар көп. Сондықтан алдағы кезде Әділетті Қазақстанда әркім еңбегіне қа­рай өмір сүретін болса, әркім біліміне қарай т­а­б­ыс табатын болса, бәрі де бірте-бірте өз­гереді. Ана жолы Қарағандыда сөйлегенде ай­тып едім, үшке оқыған бала үш қабатты кот­теджде тұрып, беске оқыған бала соның үйіне қызыға қарайтындай болмауы керек деп. Әділеттілік болуы керек. Әділеттілік болу жұрт­тың бәрінің бірдей шекесі шылқи қалуы де­ген сөз емес. Бүкіл әлемде, тіпті швед со­циа­лиз­мі делінетін Швецияға барсаңыз да кедей-кеп­шік кездеседі. Бірақ соған қарап Швеция бай ел емес, мына кедейлер де жүр деп ешкім айт­пайды. Өйткені ол адамдар өзінің бір кем­шіліктеріне байланысты жұмысын өндіре ал­маған адамдар екендігін жұрттың бәрі біле­ді. Ол елдерде жақсы жұмыс істеген адам, жақ­сы білім алған адам міндетті түрде жақсы өмір сүретініне жұрт сенеді. Сол жағдай бізге де келеді. Содан кейін бірте-бірте жақсы еңбек ет­кен адамдар жақсы тұрған сайын жұмыс іс­теуге құлшыныс күшейе береді де, еңбекке құш­тарлық бірте-бірте өзі де келе бастайды. Жал­пы, Бибігүл, біз қанша жерден идеоло­гия­ны айтқанмен, адам қолына шалғы алып, ба­ла­сына шалғы беріп, алты қырдың ар жа­ғын­да­ғы сайға барып, шөп шауып, соны арбамен алып келіп, қорадағы малына қысқа шөп дайындамайынша сана өзгермейді. Нақты айт­қанда, өз күніңді өзің көруің керек. Біз әлі сол мемлекетке арқа сүйейтін, патерналистік пси­хологиядан толық арылған жоқпыз. – «Түркістан» телеарнасы өздерінің үш­­­жылдығында еліміздегі мықты тел­еар­на­лардың қатарына қосылды, өткенде жүл­де де алып жатыр. Арна журналистері бү­кіл түркі әлеміне шығатын жақсы те­леар­на боламыз деп алдарына үлкен мақ­сат қойып отыр. Осы телеарнадағы әріп­тестерімізге бір ауыз тілегіңізді айта кет­сеңіз. – Баяғыдағы «Еуропаға ашылған терезе» деген­дей, біздің түркі дүниесіне ашылатын тере­земіз осы «Түркістан» телеарнасы болса, құ­ба-құп. Осы телеарна арқылы түркі дүниесі, ағайын­дас халықтарымыз біздің жан-дүние­міз­ді жақсырақ сезінетін болса, біздің елге құр­меті күшейетін болса, біздің елді көруге деген қызығушылығы артатын болса, әрине, бұл – ғанибет шаруа. Осы ғанибет шаруаны ат­қара­тын іні-қарындастарымызға шығарма­шы­лық табыс тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын. – Уақыт тауып, жақсы ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. Ел алдында осылай абыройлы қызмет ете беруіңізге тілектеспіз.

Серіктес жаңалықтары