Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 5 жылдық жоспарын жүзеге асыру талқыланды
Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 5 жылдық жоспарын жүзеге асыру талқыланды
Кездесуде Асқар Наметов ҚР Үкіметімен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асу жайын әңгімеледі.
Аталған бағдарламаның мақсаты – ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру және сол арқылы ел экономикасын тұрақты дамыту мен бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету.
Бағдарламаны жүзеге асыруда бірқатар міндеттер қойылған. Атап айтқанда 500 мыңнан астам жеке қосалқы және ұсақ фермер шаруашылығы үшін ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, мал шаруашылығы тиімділігін 40%-ға, өсімдік шаруашылығы тиімділігін 30%-ға арттыру, қайта өңдеу үлесін және кәсіпорындар жүктемесін 1,3 есеге ұлғайту алдағы 5 жылдың жоспарлы межесіне кіріп отыр.
Сонымен қатар, Басқарма төрағасы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жасалған бағдарламаның Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асуын аграрлы ғылым саласымен бірлесе отырып іске асыруды ұсынды.
Өз кезегінде, аймақ басшысы аграрлы аймақ үшін бұл бағдарламаның өте маңызды екенін айтып, айтылған ұсынысты құптады.
Сондай-ақ, әкім Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ғалымдарын мал шаруашылығын дамыту және мақта өнімділігін арттыру мен су мәселесін шешу бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.