«Абылай туралы жыр» және Жауғаш батыр

«Абылай туралы жыр» және Жауғаш батыр

«Абылай туралы жыр» және Жауғаш батыр
ашық дереккөзі
1445
Ай, Жауғашым, Жауғашым, Оң қолымда лашын құс, Сол қолымда Жауғашым. Іздесем де табылмас, Жауғашжан, сендей құбаша ұл! Абылай хан Бір өкініштісі, «Осы жыр қазіргі қазақ жа­зуында тұңғыш рет 1993 жылы жария­ланды, 1995 жылы екінші рет жарыққа шық­ты. Бұл екі басылым Әлкей Марғұлан жа­риялаған араб жазуымен берілген нұс­қа­дан аударылып, салыстырылды, бірнеше қа­те түзетілді» дегенмен, 2010 жылы шыққан «Ба­балар сөзі» сериясының 57-томындағы нұс­қада да қателіктер жеткілікті. Бірақ Мәс­кеуде сақтаулы түпнұсқаның көшірмесінің қол­да болмауы мәтін бойынша кесіп сөй­леу­ге мүмкіндік бермей отыр. Сонымен, жыр не туралы? Жыр – қа­зақ-қырғыз қатынастарының бір ке­зеңі – 1765-1774 жылдардағы жағдайы, атап айтқанда, Абылай ханның қырғызға қар­сы 1770 жылғы жорығы жөнінде сыр шер­теді. Жырда баяндалатын оқиға қазіргі Жам­был облысының Тараз қаласының сол­түс­тігі, Меркі, Шу аудандары мен қырғыз елі­нің Қарабалта, Соқылық аудандарының жерінде болған. Жырдағы басты персонаждарға жеке тоқ­талайықшы: Мен бір жырды жырлайын, Жырласам нені жырлайын? Ертеде өткен Абылай, Ханымды жырлайын!.. Жырдағы басты кейіпкер Абылай хан (1711–23.5.1781) — қазақтың ұлы ханы. Абылай ел тұтастығы үшін аянбай кү­рес жүргізіп, сыртқы жауларға қарсы та­бан­ды түрде тойтарыс беріп отырған. Абылай хан – қырғызға қарсы 1765, 1770, 1774, 1779 жылдары жеңімпаз жойқын жо­рық­тар жасаған қолбасшы. Бүкіл өмір жо­лын ат үстінде жорықтарда өткізген. Жырдағы Жалаңаш қажы – Жалаңаяқ Әздер әулие – Абылай ханның сері­г­і, оның өмір бойы сыйынып өткен қол­дау­шы пірі. Абылай шешуші сәттерде әу­лие­нің батасына, қолдауына сүйенген. Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың «Айтыс» деген поэ­ма­сында «Батыр мен хан қауіпті дұшпан­да­рын, «Жалаңаш баба» бата берсе жеңген», – деген жолдар осы пір туралы. Балта Керей Тұрсынбай, Бәсентиін Бар­лыбай батырлар аталады. Жырда ше­шуші сәтте Тұрсынбай батыр ханды ша­буыл­ға шығуға үндейді: Шабындының ішінде, Қос айдарлы ұл кетті, Қос тұлымды қыз кетті. Кел шабалық, – дейді хан... Садыр – саяқ руының басшысы. Қазақ ханы Абылайға қарсыласуды ұйым­дастырушылардың бiрi. Абылай ханның қо­лынан Садыр баласымен қоса қаза табады. Есен­құл – сарыбағыш руының басшысы, саяқ Садыр қазақтың қолынан қаза тапқан соң солтүстік қырғыздың ең беделді ел бас­қару­шысы болған. Әтеке-Жырық – қырғыз ба­тыры, сарыбағыш руынан. Абылай хан әс­керін тар шатқалда ор қазып, ордан соң ірі қара малды байлап, өздері мінген аттарын қалқан етіп, мылтықпен қарсы алады. Хан сарбаздары ағаш кесіп, соны қалқан етіп шабуыл­ға шығады. Қырғыз оғын дарытпай орға жетіп, қолдарындағы ағаш қалқандарды орға тастап өтіп, қалың малдың жібін қиып, қыр­ғызға қарай айдайды. Қырғыз өздеріне ық­қан малды қайтара алмай қалады. Мал соңынан жеткен қазақ сарбаздары қылыш пен пышақпен қоянқолтық ұрыс салып жеңіп шығады. Әтеке Жырық осы шайқаста қа­за табады да, басшыларының көз жұмға­нын көрген қырғыз жасағы шепті тастап қашады. Жырда тағы бір персонаж бар, ол – он бес жасар жас бала Жауғаш, бір­ақ ол туралы 1984 жылы Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағы да, «Бабалар сөзі» сериясының 57-томында ешқандай мә­лімет бермейді. ...Он бес жасар жас бала, Жауғаш сонда бір жылайды: Сен Садырға қылмасам, Көтіңнен сүргі салмасам. Арқадағы Абылай ханыма бармасам, Сөйтіп бір кегім алмасам!.. Жауғаш Қырбасұлы (1733-1782) — Ұлы жүздің Үйсін Дулаттың Бот­пай тайпасының құрамына кіретін Қоралас руынан шыққан Абылай ханның әлпештеген батырларының бірі. Жоғарыда айтылған Абылай ханның пірі Жалаңаш баба төңірегіндегі аңыз-әңгімелерде кездесетін Қоралас ұлы Ер Жауғаш – Қырбасұлы Ер Жауғаш екенін, оның Қоралас руынан шыққанын профессор Темірбек Қожакеев кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде (17.04.1992) жазғанына назар аударамыз. Жауғаштың әкесі Қырбас Аңырақай шайқасында ботпай қолын бас­қар­ған Сәмен батырдың әскерінде мыңбасы бол­ған. Сәмен батыр Абылай ханның ақыл­гөйі Бұқар жыраудың төмендегі жыр жол­дарын­дағы батыр: Сәменім, ерім, ботпайым, Екі көзі оттайым, Тілі өткір тесіп өтер оқтайым. Ботбайдың қолы тұрғанда, Көп қалмақтан қорықпаймын... Ботпай, Шымыр, Сиқым, Жаныс – Дулаттың төрт тайпа елі. Дулат – Ұлы жүз­дегі ең ірі тайпа. Ботпай құрамындағы рулар­дың ішінде Қоралас руы туралы мағлұ­маттар XIII ғасырда, яғни 700 жылдан астам уақыт бұрын қағаз бетіне түскен. Әңгіме Рашид-ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» (Жылнамалар жинағы) туралы болып отыр. Ра­шид-ад-Дин (1247–1318) – құрамына Әзер­байжан, Ирак, Грузия, Армения, Парсы, Кіші Азия және басқа көптеген жер кірген елхан империясының билеушілері Хулагу хан әулетінің сеніміне кірген мемлекеттік қайраткер, парсы, түркі және араб тілдерін жетік білген тарихшы. «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің авторы. «Жамиғ ат-тауарих» шығармасында қоңы­рат тайпасы туралы айтқанда Шыңғыс хан заманынан он шақты ата, сол кезден шама­мен 300 жыл, бұрын бір текті адамнан алтын­дай үш ұл туады дейді. Үлкенінен қоңы­рат тарайды. Екінші ұлынан инкирас руы, ал үшінші ұлы қоралас руының негізін қа­лайды. Шыңғыс ханның немересі Хулагу хан 1258 жылы Бағдат шаһарын ал­ғанда хан әскерінің құрамында найман, жа­лайыр, қоңыраттармен қатар қоралас жаса­ғы да болды. Қораластан шыққан Ека Есұр деген түменбасы Шыңғыс ханның за­ман­дасы, Елхан мемлекетін құруға қатысып, кейін түменбасылықты ұлы Хауаджа ноянға тапсырған. Мұсылман халифатының аума­ғын­да Елхан мемлекеті нығайғанда қоралас­тар арасынан атақты әскербасылар, хан маңын­дағы ықпалды ерлер шығады. Елхан­дар тұсында қораластың саны ұлғайып, оның өкілдері жоғары мансаптарды иеленді. Тағы бір мезгіл болғанда, Жауғаш бір атқа мінген күн, Беліне садақ салған күн... Сонымен, Жауғаш 15 жасында атқа қо­нып, қасындағы сенімді серіктері­мен ел еркіндігі жолында Арқаға барып, Абылай ханның сарбаздарының қатарына қосыл­ған. Жауғаш Абылай ханның бірнеше тап­сырмасын табысты орындап, оның се­нім­ді нөкерлерінің біріне айналды. 1756 жы­­лы қытайлармен болған шайқаста жара­ланған Абылай ханды ұрыс алаңынан алып шығады. Жауғаш сенімді серіктерімен хан жа­сағына қосылғанымен, оның ойы «Ақтабан шұбырынды» апатынан кейін қазақ қалмақты қуып шыққан соң Шу, Талас өзендерінің бойында қалыптасқан жаңа жағ­дай мен қауіп-қатерге лайықты жауап беру еді. Себебі: қазақ қалмақпен жағаласып жатқанда, сенімсіз көршінің етектен жармасқан әрекеттері шектен асқан еді. Оны біз жырдағы келесі шумақтан көреміз: Анау бір Садыр аттанды, Аттанды да баптанды. Қазақ бір ойға түскенде Тыныш ұйықтап жатпады... «Төрт кісіні басшы алып, бес кісіні қос­шы алып» Арқадағы хан ордасына келген Жау­ғаш батырға Абылай хан қырғыз хаба­рын тыңдап болып, былай деп жауап береді: Ай, Жауғашым, Жауғашым, Сен бара тұр, бара тұр! Сүмбүле тусын жылтиып, Ат семірсін құнтиып. Мен Садырға қылайын, Баяғыдай болайын. Пана бергей құдайым... Хан айтқан кезінде Алатаудың бөк­тері­не әскерімен келіп, екі бағытта ша­буыл жасауға дайындалады. Бұл оқиға қа­зақ деректері бойынша 1770 жылы болған. Меркідегі Қарақыстаққа, Шоңтоғанға туын ті­гіп, шайқас алдында хан: «Асылы, түсініп мә­мілеге келген, келіскен жақсы», – деп Қора­лас Жауғаш батырды қырғыздарға елші етіп тағы жібереді. Садыр алдына келген елшіге: «Жауғаш, сен ертең шаңтүсте үстіңдегі ақ сауыт­ты қан қылмай шешерсің», – дейді. Оған қазақ батыры төмендегі жолдарды ай­тып қайтып кетеді: Қырғыздың ханы Садырсың, Сәті келсе аларсың. Егер сәті келмесе, Ертең дәл шаңтүсте «Абылайлаған» ақ найза Астында қан боп қаларсың!.. Абылай хан келесі күні өткен шайқас соңын­да қолға түскен Садырды дарға асып, жан сауға сұрап араша түскендерге қара­мас­тан оның баласы Досқұлыны бауыздап қоса өлтіртеді. Абылай ханның екінші қосыны Меркінің ба­тысындағы Қорағаты өзенінің Түйіскен деген жерінде қырғыздың солто руының жа­са­ғын талқандайды. Қырғыз жағы үлкен қыр­ғынға ұшырап, қашқан жауды Абылай хан­ның қолы Сарыбелге дейін қуып, қырып са­лады. Қалған қырғыз Түйеасу арқылы Тұныққа дейін қашады. Сарықамыс пен Тұнық арасындағы Сыйқымбай сазында соғыс қайта жалғасады. «Алдалай» Абылай шанышқан күн, «Қоқилап» қырғыз қашқан күн. Қазақты дәулет басқан күн, Қырғыздан аруақ қашқан күн. Арғымағын оздырды, Баяу жатқан қырғызды, Сарыбелде тоздырды. Шаптыдағы қайтты Абылай... Қырғыздар шежірені санжыра дейді. Осы санжыра бойынша, Абылай хан Жайыл­ды жекпе-жекке шығып өлтіреді деп көр­се­теді. Бірақ хан манаппен жекпе-жекке шық­пас деп ойлаймын. Жайыл – қазақ-қырғыз ша­быстарына (1764–1780 жылдар) белсенді қатысқан әккі жауынгер. Осы шайқаста Абы­лай хан қолға түскен Жайылды Үсен, Те­ке деген екі баласымен қоса өлтіреді. Жайылдың күйеубаласы Әтеке-Жырық шайқаста қаза та­бады. Қоралас Жауғаш батыр өлімге кесіл­ген Жайыл манаптың Момоқон деген інісін кепілге, ал 13 жастағы Итеке деген баласын ара­ша түсіп, «жан сауға» деп аман алып қа­ла­ды. Қазақ ханы қырғыздан салығын, «ақ үйлі» аманат және 1000 түтін қыр­ғыз­ды алып, Арқаға қайтқан. Оның үстіне, жо­рыққа қатысқан әр батыр әр қос басына бір үйлі қырғыз алған. Абылай хан жалпы алғанда қырғызға қар­сы 1765, 1770, 1774 және 1779 жылдары жеңім­паз жойқын жорықтар жасаған (қыр­ғыз ақпарат көздері 1765, 1769, 1773, 1779 жылдары төрт жорық болған дейді). Абылай хан­ның соңғы жорығында, қырғыз сан­жыра­сы бойынша, оның 8 мың жарақты әс­кері және әр жерден жиылған екі мың ала­маны болған. Қазақ-қырғыз соғыстары туралы Шоқан Уә­лиханов өз еңбегінде: «Қырғыздар Абы­лай­дан талай жеңіліске ұшыраған, бірақ Абы­лайдың 1770 жылғы шабуылы Алатау қыр­ғыздарының, әсіресе ұмытылмастай боп есін­де қалған. Қырғыздар осы кезге дейін жырлайды және «Жайыл қырғыны» деп ата­лып кеткен бұл соғысты халық әлі де ұмыт­қан жоқ», – деп жазды. Жыр Жайылдың қызы Бикемжанның шайқаста қаза болған күйеуі Әтеке Жырық­ты жоқтауымен аяқталады. Енді осы заманға оралсақ, Жамбыл об­­­­лысының тау баурайында орналас­қан Меркіде Қоралас Жауғаш батырдың ұр­па­ғы сол заманнан жеткен керемет жә­ді­гер­лерді сақтап отыр. 2022 жылғы 3 қыркүйек күні Меркіде Заут­бек Сансызбайұлының шаңырағында бо­лып, батыр ұрпағының ыстық ықыласына бө­лендік, жауапкершілігі үлкен сый-құрмет көр­дік. Абылай хан батырға тапсырған бай­рақ­тың лаухасы (айшығы, ұшы), сауытының бөлшектері мен батыр талай жауды шан­шы­ған сүңгісінің жебесін қолға алып тебірендік. Үй иесі Заутбекұлы Тоқтар көпшілікке сирек ашылатын, батыр мұрасы сақталған сан­дық­ты ашу құрметіне байланысты 150 адам қа­тысқан ас берді. Жиынды осы әулеттің үл­кені Өсімжан Омаров жүргізді. Құран оқы­лып, батыр мұрасының шырақшысы, осы үй­дің үлкені Советкүл апа батыр қаруы орал­ған шүберектен тәбәрік деп қиып берді. Батыр ұрпағының үлкендері - Үмітхан Құнанбаев, Аман Құрманәлиев, Өсер Құр­манәлиевпен танысып, Жауғаш батыр бабамыз туралы байсалды әңгімені бастап қайттым. Жалпы алғанда, біздің заманымызға жеткен батыр мұрасы ауыз толты­рып айтарлықтай екен. Осы орайда Меркі ауда­нының Қазақстан елді мекенінің тұрғы­ны Еренбай Рысбайұлы 1993 жылы Жауғаш батырдың қалмақ әйелінің отауының босаға мен маңдайшасын Әзірет Сұлтан мемлекет­тік тарихи-мәдени музей қорығына сыйға тарт­қанын айта кетуіміз керек. Маңдай­ша­ның өрнектері өзгеше, зерттеуді талап ететін дүние. Сонымен қатар Жауғаш батырдың қыр­ғыз жеріндегі ұрпағы батырдың ер-тұрманы мен бір кітапты сақтап отыр. Батыр ұрпағының қара қазандай өкпесі де бар екен. Жауғаш батыр Түр­­­кі­станда Әзірет Сұлтан кесенесінде жер­ленгені белгілі. Кезінде кесененің іргетасын кү­шейтуге байланысты ішіндегі адам сүйек­тері қазылып алынып, сыртына қойылып, қор­шалған екен. 2010 жылы сол қоршау алы­нып тасталып, соңғы белгісі жойылған. Ке­сене басшылығы батыр ұрпағының сұрауы­на, бұрынғы жауаптыларға сілтеме жа­сап, мардымды жауап бере алмаған. Абылай ханның Жауғаш батырға тап­сырған байрағы, жалпы мұрасы 1916 жылғы Мер­кі-Шу көтерілісі, кәмпеске, ұжымдастыру, репрессия кезіндегі қауіп-қатерге қарамастан ба­тырдың ұрпағының жанкештілігінің арқа­сында осы күнге жетуі ата аманатына деген асқан құрметтің белгісі. Батыр қырғыз санжырасында (шежіре­сін­де) Королош Жоогач баатыр деп ата­лады. Жауғаш батыр өлімге кесілген Жайыл манаптың 13 жастағы Итеке деген ба­ласын араша түсіп, «жан сауға» деп аман алып қалады. Қырғыз деректері бойынша сол Итекенің ұрпағы қазір үш ауыл елдің не­гізін құрап отыр. Сол ұрпақтың өкілдері екі ел арасындағы достық пен ынты­мақ­тас­тықты сақтағаны үшін Қарабалта көше­лері­нің бірін «Қазақ халқының батыры Жауғаш батыр атындағы көше» деп атағанын айта кетуіміз керек. «Абылай туралы жыр» Абылай ханның елі­нің оңтүстік іргесін қымтап ұстау үшін жүр­гізген саясатын және сол саясаттың жал­ғасы қарулы күштерді қолдануын көркем тіл­мен баяндайды. Жырда Абылай ханның сенімді серігі Жауғаш батырдың елі үшін тәуе­келге тола өмірінің бір қыры, оның қа­зақ-қырғыз қатынастарын реттеудегі орны мен әрекетттері поэтикалық түрде сөз бол­ған. Жыр тарихи оқиғаға негізделіп жа­зыл­ған және фактілер арқылы қақтығыстың бас­талуы, шиеленісуі, шегіне жетуі, қатысу­шылардың психологиялық портреттерін көз ал­дымызға айқын әкеледі. Жырдағы он бес жасар жас баланың бейнесі бедерленіп, көз ал­дымызда қазақтың даңқты батыры Қо­ралас Жауғаш батырға айналады. Жауғаш ба­тыр – ру намысын жыртудан бастап, қыс­қа ғұмырында (49 жыл) ұлттық мүдделерді қорғаушы дәрежесіне көтерілген біртуар тұлға, жүрек жұтқан батыр, шебер қолбасшы, мәмілегер дипломат.

Қайрат СӘКИ

Серіктес жаңалықтары