230
Экс-министр Қуандық Бишімбаев қамауда жатыр
Экс-министр Қуандық Бишімбаев қамауда жатыр
Экс-министр Қуандық Бишімбаев қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдеріне сілтеме жасап.
"12 қаңтарда Астананың №2 Алматы аудандық соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын шығарды", - деп хабарлады Ұлттық бюродағылар. Соталды тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдері ҚР Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. "Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.
8 айға жуық министр болған Бишімбаев Астана қалалық ІІД-нің уақытша тергеу ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқып келген 36 жастағы Бишімбаевтың ұсталғаны жайлы хабар қоғамда қызу талқыланып жатыр.