378
БЖЗҚ-дан алған 5 миллиард теңгені жеке пайдасына жұмсаған
БЖЗҚ-дан алған 5 миллиард теңгені жеке пайдасына жұмсаған
"Бузгул Аурум" ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев құнды қағаздарды орналастырудан түскен және компанияның депозит есепшотында жатқан бес миллиард теңге сомасындағы қаражатты өз мақсатына жаратқан. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында ҰҚК өкілдері айтып отыр.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының БЖЗҚ мен "Бузгул Аурум" ЖШС-ның арасындағы келісімді тергеп жатқаны белгілі. Оның аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алтын қазу компаниясынан жылдық мөлшері 19 пайыз болатын құнды қағаздарды өз есебінен сатып алған. Бұл келісімге Ұлттық банк басшылығы күдікпен қараған, нәтижесінде қаржы реттеушісінің өкілдері құқық қорғау органдарына арыз түсірген. БЖЗҚ өкілдері болса бірінші кезекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінде "Бузгул Аурум" ЖШС-ның құнды қағаздары жоқ екенін айтып, түсіндірді.
"Қолда бар мәлімет бойынша, бұл келісім "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевтың ықпалымен жасалғанға ұқсайды, ол "БЖЗҚ" АҚ инвестициялық комитетінің жетекшісі бола отырып, қордың "Бузгул Аурум" ЖШС құнды қағаздарын сатып алуы үшін осы мәселені жылдамдатып шешу мақсатында қоластындағыларға ықпал еткен. Ал қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахтов осы келісім бойынша қайталама қорытынды толтырып, онда "Бузгул Аурум" ЖШС құнды қағаздарын сатып алуда қатер жоқ деп көрсеткен. Өз кезегінде "Бузгул Аурум" ЖШС директоры Азат Найзағарин осы ЖШС-дан қор биржасына және "БЖЗҚ" АҚ-ға құнды қағаздарды орналастыру процесінде бірқатар жалған құжаттарға қол қойып өткізген", - деп пікір білдірді ҰҚК өкілдері.
Ведомстводағылардың айтуынша, "БЖЗҚ" АҚ мен "Бузгул Аурум" ЖШС арасындағы осындай келісім жасау арқылы 100 пайызға мемлекеттік мекеме болып саналатын қордан 5 миллиард теңге сомасында қаражат жымқырылған.
Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Сол кезде тексерістің БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылған еді. "БЖЗҚ" АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады екен. "БЖЗҚ" АҚ меншікті активтерді дербес басқарады", - деген еді банктегілер.
Ал 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылығы қамауға алынғаны есте. "Олар Жаңа жылдың алдында қамауға алынған. Аты-жөндерін білмеймін, біз оларды атамадық. Жетекші мен орынбасарларының бірі қамауға алынған", - деген еді ҚР Ұлттық банкінің қаржы қызметтері тұтынушыларының құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.