Сайрамда 1 мың отбасы көгілдір отынға қол жеткізді

Сайрамда 1 мың отбасы көгілдір отынға қол жеткізді

Сайрамда 1 мың отбасы көгілдір отынға қол жеткізді
ашық дереккөзі
188

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекеніне табиғи газ жетті. Қарабұлақтағы 7438 абоненттің, яғни 43 мыңнан астам тұрғынның табиғи газға қосылуы үшін техникалық шарттар жасалып, құжаттары рәсімделуде. Бүгінде нақты 1 мыңға жуық отбасы көгілдір отынға қол жеткізіп отыр.

Көшеішілік газ құбырын жүргізу құрылысының аяқталу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Асқар Мәукенов, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген аймақ басшысы, бұл жетістіктің егеменді еліміздің әрбір жылы қалыптасу, толысу, өсіп-өркендеу жылдарында мүмкін болып отырғанын айтты.

«Егемендігіміздің ширек ғасырында ел игілігі үшін көптеген істер атқарылды. Алақандай ауылдарда заман талабына сай мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер салынды. Қаншама шақырымдарды құрайтын ішкі жолдар жөнделді. Өңіріміздің көптеген елді мекендері таза сумен қамтылып, тұрғындар табиғи газға қол жеткізуде. Соның бір айғағы – бүгін өздеріңізбен бірге 43 мыңнан астам адамды табиғи газбен қамтитын көшеішілік газ құбырын салтанатты түрде іске қосып отырмыз»,-деді әкім.

Аталған елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2013 жылы  басталған болатын. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, осы мерзім ішінде 315,5 шақырым газ құбырлары жүргізіліп, 3719 ШГТП (шкафтық газ тарату пункті) орнатылды. Елді мекенді табиғи отынға қосу жұмыстарына облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Жалпы, Сайрам ауданында 42 елді мекен болса, ондағы жергілікті халықтың саны 203 мыңнан астам адамды құрайды. Бүгін ел игілігіне беріліп отырған Қарабұлақ ауылын қоса есептегенде, аудандағы көгілдір отынға қол жеткізген елді мекендер саны 19-ға (мұнда 158 688 адам өмір сүреді) жетіп, табиғи газбен қамтылу деңгейі 78 пайызға жетіп отыр.  

            Алдағы уақытта құрылысы аяқталған «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральдік газ құбырына  №20 «Жаңақоғам» АГТС арқылы Сайрам ауданындағы қалған 23 елді мекен қосылып, жоспар бойынша 2020 жылға дейін толық табиғи газбен қамтамасыз ету көзделуде. 

Серіктес жаңалықтары