875
Әке шаңырағының шырақшысы
Әке шаңырағының шырақшысы
Адамзаттың ақылман кемеңгерінің осы нақыл сөзі «толық адамның», шынайы азаматтықтың өлшемі екеніне барша жұрт келісетіні сөзсіз. Бұл сөз текті әулеттің тұяғы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановқа қатысты десек, қателеспейміз. Шын мәнінде Асқар Құдайбергенұлы өз ісінің маманы, парасатты ғалым бола білді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отандық тіл білімінің жаңа инновациялық салалары қалыптасып, заманауи қажеттіліктерді өтеуге қызмет ете бастады. Осындай көп тармақты салалардың бірі – қолданбалы лингвистика. Аталмыш саланың жаңа арнада дамып, ғылыми негіздерін қалыптастыруда, практикалық тұрғыда зерделеуде Асқар ағаның орны ерекше деп білемін. Қазақ статистикалық лингвистикасы, қазақ мәтінінің квантитативті құрылымы, мәтін мазмұнын формалдау, қазақ тілінің «Тіл – қазына» атты компьютерлік қорын жасау мен қазақ тілінің Ұлттық мәтіндер корпусын құру тәрізді тағы басқа мәселелерді өмірінің соңына дейін зерделеп, шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды.
Асқар ағамен алғашқы рет таныстығымыз «Жұбанов тағылымы» дәстүрлі халықаралық ғылыми конференция кезінде болды. Бұрын ұстазым әрі ғылыми жетекшім Есет ағай арқылы Асқар аға туралы білуші едім. Бұл сапарда ағамыздың отбасымен таныстым. Ақтөбеге арнайы ғылыми форумға келген ғалымдарды күтіп алып, Жұбановтардың туған жеріне апаратынбыз. Асқар ағамыз ата-баба қорымында зиярат жасағаннан кейін Қуан атамыздың құдығынан су ішіп, Алатауға үлкен күш-қуат алып қайтатын тәрізді болатын. Тамырында тектілік тасып тұрған тұлпардың өзі де, жалы да, тіпті өзінен қалған тұяғы да текті болары сөзсіз. Тіл білімінің тұңғыш профессоры, кезінде білімнің биігіне шығып, солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болған Құдайберген Жұбановтың тұяғы Асқар Жұбанов атамыздың асыл жолын арқалап, білім шоғырын болашаққа мұра қалдырды. Әке шаңырағының шырақшысы ретінде армандағы асыл әкесінің есімін ұлықтау шараларын ұйымдастырып, академиялық жинағын шығарды. «Ер есімі – ел есінде» демекші, қазақ жадында «Жұбановтар әулеті» деген атпен сақталған саңлақтардың есімі қазір өз биігін тауып, күн сайын бедерленіп келеді. Әдетте ата жолымен жүрсін деген ниетте сәби атын әкенің өзі қойса, Асқар Құдайбергенұлы өз әкесі мен өз есімінің қойылуы жайында былай деп еске алушы еді: «Мен 1937 жылдың 13 қарашасында туылсам, әкемізді 19 қарашада «халық жауы» деген жалған айыппен ұстап әкетті. Әкем мені тек перзентханадан алып келіп қана үлгерген екен. Керек десеңіз, әкем менің атымның Асқар екенін де біле алмай кетіпті». Расында, Құдайберген Жұбанов өмір есігін жаңа ашқан жас сәбиінің дидарын ғана көріп, есімімен шақыра алмай кеткен. Ал Асқар Жұбановтың есімінің қойылуының өзіндік бір тарихы бар. Ол жайында тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты (1965), КСРО және ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Асқар Жұбановтың апасы Мүслима Жұбанова өткен шақтың сағынышты сәттерін ой елегінен өткізе отырып, былайша еске алады: «Ағасы бардың жағасы бар» деп халқымыз тегін айтпаған. Асқар алты баланың ең кішісі болғандықтан, алдындағы апа-ағалары шама-шарқына қарай әкесінің жоғын сездірмеуге тырысты. Атын да өзіміз қойдық. Сол кезде Ақырап екеуміз А.Пушкиннің «Руслан и Людмила» деген поэмасын оқып жүргенбіз. Ақырап сол поэманың кейіпкерлері Руслан мен Ратмир деген аттың бірін қойғысы келді. Мен қарсы болдым. Маған бұл аттың екеуі де қазақ баласына жараспайтындай көрінді. Ақыры ойланып: «Ендеше Еуропаша Оскар деп қойсақ қайтеді?» – деді. Осы кезге дейін үндемей отырған Есет: «Оскарың қазақша Асқар болып кетеді ғой», – деп пікір айтты. Менің құлағыма жағып кетті, жүгіріп мамама бардым: «Мама, Асқар деген сөздің мағынасы қандай?» – дедім. Мамам: «Асқар деп тауды айтады. «Биік» деген сөз ғой», –деді. «Олай болса. Біздің кішкентай ініміз қол жетпес биік болсын» деп атын Асқар қойдық. Міне, енді кезінде апа-ағалары есім іздеп отырған кішкентай Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов, шынымен де қол жетпес асқарға айналып, ғылым көгінде әлемдік деңгейге шыққан ел есіндегі ер, Жұбановтар әулетінің абыз ақсақалы атанған болатын.
«Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан тағдырдың тепкісін көрген кенже бала Асқар өзінің екі аға, үш апасы, «халық жауының әйелі» атанған анасымен бірге Қазақстанның бір қиырынан екінші шетіне қоныс аударып, көшіп жүруге мәжбүр болды. Атажұрт – Ақтөбе өңірі, Алматы, солтүстіктегі Петропавл, қайтадан Алматы деп, қашан ардақты әке есімі «ақталғанша» бір жерде тұрақтатпады. Алдымен Құдекеңнің – Құдайберген Жұбановтың әкелік мейірімі мен тәрбиесін, Ахаңның – академик Ахмет Жұбановтың қамқорлығы мен көмегін, жақсылығын көріп өскен, қала берді, қанға біткен қайсарлықтың арқасында әкеден шиеттей жетім қалған алты сары уыз балапанның жерде қалғаны жоқ: отыз жылдай Алматыдағы сурет училищесіне басшылық еткен Ақырап, профессор Есет, «Әліппенің» авторы, ұстаз Мүслима, экономист Қызғалдақ, Қырмызылар есімі еліміздің тарихымен бірге өрлеп жатыр. Солардың бірі – бүгінде әке ісін жалғастырып, қазақ тілі білімінің тың саласының түренін тартып, тізгінін ұстаған профессор Асқар Жұбанов», – дейді тектілердің тегін зерттеуші, академик Рабиға Сыздық. «Сол кездері әкемнің туған інісі, белгілі композитор Ахмет Жұбанов жеңгесін де (анам – Раушан Оспанқызы) ағасының тағдыры күтіп тұрғанын сезіп, анамды алты баласымен (үлкені қызы 12 жаста, маған – 4 ай) Ақтөбе облысы Жұрын ауданындағы әкемнің туған ауылы – Жаңатұрмыс колхозына көшіп кетуіне кеңес береді. Анам көнеді. Содан кейін Ахаң өзімнен үлкен апа-ағаларымды ауылдан Алматыға біртіндеп шақырып алып, орта мектептерін бітіртеді. Ең соңында біз, яғни анам, Қырмызы (менен екі жас үлкен) және мен Ахмет ағамызбен келісілген уақыттан бұрынырақ Алматыға қайтып оралдық (1949 ж.). Сол жылы мен №18 қазақ орта мектеп-интернатының 4-сыныбына оқуға түстім», – дейді. Асқар Жұбанов өзінің білім алу жолындағы ең алғашқы табалдырығына тоқтала отырып. Сондай-ақ ол берген білім алаңына келу жолының тарихынан да ұзақ сыр шертеді: «Мен Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін 1960 жылы үздік бітірдім. Мамандығым – физика-математика пәндерінің мұғалімі. Сол жылдан бастап, аталған институттың жолдамасымен Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтының Жоғары математика кафедрасында мұғалім-ассистент болып қызмет істедім. Осы институтта 7 жылдай жоғары математика пәнінен дәріс оқыдым. Сол кездерде Ғылым академиясының Тіл білімі институтында қызмет істейтін Есет Жұбанов деген ағам Мәскеу, Ленинградтан келген белгілі ғалымдардың тіл білімінің жаңа саласы – математикалық лингвистикадан оқыған дәрістеріне қатысуымды сұрады. Міне, сол дәрістерді тыңдағаннан кейін, математик мамандардың да тіл саласын зерттеуі аса қажет екені туралы жақсы түсінген болатынмын. Осы саланың белгілі қазақ ғалымы Қалдыбай Бектаев, институт директоры академик Ісмет Кеңесбаев, Бүкілодақтық «Тіл статистикасы» тобының ғылыми басшысы Р. Пиотровский, тілші-ғалым ағайым Есет Жұбанов менің осы жаңа саланы таңдап, аспирантураға түскенімді жөн көріп, кеңес берген еді. Сөйтіп, жоғары оқу орнындағы мұғалімдігімді қойып, математикалық тіл білімі деген жаңа мамандық бойынша аспирантураға түстім. Белоруссия астанасы Минск қаласындағы Лингвистикалық университетте үш жыл іссапарда болып, осы саланың белгілі ғалымдарынан дәріс алдым.
Аспирантурада оқып жүріп, М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы тілдік бірліктердің статистикасын және олардың ықтималдықтар теориясының қандай заңдылықтарына бағынатынын зерттеп, 1971 жылы «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистика-лингвистикалық зерттеу» атты кандидаттық диссертацияны үздік қорғап шықтым. Сол кездегі Қазақ ҒА-ның Тіл білімі институтының директоры Ісмет Кеңесбаевтың қолдауымен институтта қазақ тілі бойынша статистикалық зерттеулерді ЭЕМ көмегімен жүргізетін шағын құрамдағы ғылыми топқа алғашында
Қ. Бектаев, сосын мен өзім ғылыми жетекшілік еттім. Нәтижесінде, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында сол кезде «Қолданбалы тіл білімі» (қазір «Компьютерлік лингвистика») деп аталатын бөлім ашылып, ғылыми зерттеулердің сапасы айтарлықтай арта түсті. Осылайша, мен өзімді, әкем – қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың тіл біліміндегі ғылыми жолын жалғастырып келемін деген ойдамын.
Кандидаттық диссертацияма ғылыми жетекшілік еткен ұстазым физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Қалдыбай Бектаев болды. Қазақстанда математикалық лингвистика саласының дамуына және менің қол жеткізген ғылыми жетістіктеріме ғалым Қ.Бектаевтың сіңірген еңбегі аса зор деуге болады.
2001 жылы «Қазақ мәтінінің мазмұнын формалдаудың негізгі принциптері» деген тақырыпта докторлық диссертацияны үздік қорғап шықтым. Ғылыми кеңесшім Минск қаласындағы Лингвистикалық университеттің профессоры, математикалық лингвистика саласының белгілі ғалымы – Александр Зубов болды.
Қорыта айтқанда, қазақ тілін жаңа бағыттардың әдіс-тәсілдерімен зерттеу, негізінен екі кезеңнен тұрады деуге болады, оның алғашқысы «Қазақ тілінің статистикасы» бағытына байланысты болса, ал екіншісі «Қазақ тілінің лексикография саласын автоматтандыру» мәселесіне тікелей қатысы бар. Бірінші кезеңде қазақ тілінің әртүрлі мәтіні (стильдері) бойынша компьютер көмегімен түзілген жиілік сөздіктер негізінде әртүрлі статистикалық мәлімет алынды, нәтижесінде бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 1971 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында (менің тікелей ғылыми жетекшілігіммен және қатысуыммен) «Қазақ тілінің статистикасы», «Компьютерлік лингвистика», «Қазақ тілі деректерінің компьютерлік базасын құрастыру» және «Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру» мәселелеріне қатысты ғылыми ізденістер жүргізілуде.
Асқар Жұбановтың ғылымдағы жолы туралы Мүслима Құдайбергенқызының айтқан сөзі бар: «Дегенмен ойламаған жерден Асқарды әке жолы өзіне тартты. Олай деп отырғаным, Алматы Ғылым академиясының Тіл білімі институты дәуір талабына сай, қолданбалы тіл ғылымына байланысты аспирантура курсын ашты».
«Әрине, математик Асқардың тілшілік (математикалық-тілшілік, болмаса тілшілік-математикалық) жолды таңдауы оңай болмады. Алдымен әке жолын қуып туабітті тілші һәм әдебиетші бола білген, сөзі ұзын, қаламы жүйрік Есеттей ағасының үгіт-насихаты бір себепші болса, екіншіден, көзі көрмесе де құлағы қанық ғалым әкесін арбаған тіл ғылымының тұңғиығына өзі де ең болмағанда бір рет сүңгіп шығуға аңсары ауғаны кәдік. Сөйтіп, 1967-1970 жылдары қазақ тілін кешенді зерттейтін жалғыз қара шаңырақ – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты болады және осы үш жылын одақтық деңгейдегі математикалық лингвистиканың үлкен орталығы – Минск қаласындағы Шет тілдер институтында өткізді. Осы жерде өзі секілді аспирант, бірақ кейін ғылым жолында ұстазындай бола білген А.Зубовпен табысып, күні бүгінге дейін араласты, ақылдасып тұрады. Ол жылдары статолингвистердің негізгі құралы – ЭЕМ (электронды есептеуіш машина), оның өзі қазақша «сөйлеп» көрген емес. Оған арнайы бағдарлама түзіп, түрлі сөз табына жататын сөздерді, сөз қолданыстарды машина көмегімен анықтап, неше түрлі жиілік, кері алфавиттік сөздіктер түзу сияқты тың істердің басында тұрған, тура мағынасындағы «пионер» ғалым Асқар Жұбанов болатын. Осылай тыңға түрен сала жүріп ол 1973 жылы кандидаттық жұмысын табысты қорғады және осы жолдағы ұзақ жылғы ізденістерін «Квантативная структура казахского текста» деген атпен («Ғылым», 1987) жарыққа шығарды. Осылайша, қазақ ғалымы қазақ тілі мәтіндерін ЭЕМ-нің жасанды миында «қайнатып» алып, алғаш рет ана тіліміздегі тілдік бірліктердің (сөзформа, негіз сөз, әріп, әріп тіркесі т.б.) автоматтанған жиілік сөздіктерін құрастырудың алгоритмі мен бағдарламасын жасап шығып, оны іске қосты. Сонымен бірге қазақ мәтініне сүйене отырып жалпы түркі тілдері мәтіндерінің ықтималдық-статистикалық моделін жасап шығудың алғашқы нәтижелеріне қол жеткізілді. Математикалық статистика мамандары ғана түсіне алатын Нормаль, Пуассон, Шарлье үлестірілімдік заңдарына сүйене отырып, қазақ мәтініндегі зат есім мен етістіктердің алғашқы заңға бағынатынын, көпшілік жағдайда үстеу сөздердің Пуассон заңы мен Шарлье заңының В түріне байлаулы екеніне алғаш рет көз жеткізілді. Осылайша, қазақ мәтініндегі мыңдаған сөзқолданыстардың кездейсоқ бас қосып, қайнаған материалдар емес, сөз таптарына ажыратылу, үлес салмағы тұрғысынан белгілі бір ықтималдық-статистикалық заңдылыққа бағынатыны дәлелденді», – дейді Рабиға Сыздықова. Бір-бірін тілге тиек ете отырып сөйлейтін саңлақтардың айтқан әр сөзі біз үшін тарих, әрине. Мысалы, Асқар Жұбанов өзінің ҚазССР ҒА-ның Тіл білімі институтында аяқастынан басталған әке жолы – тіл білімі саласындағы алғашқы қадамдарының куәсі болған тұлғалар жайында былай дейді: «Тіл білімі институтында әкемнің шәкірттері Мәулен Балақаевтың, Ғайнетдин Мұсабаевтың және әкемнің ғылыми шығармашылығымен тығыз айналысып жүрген Рәбиға Сыздықова апамыздың қызмет ететіні, айта берсек, бұл институтта тіпті менің әкемді білмейтін жан жоқ екені менің төбемді көкке жеткізді, тұла бойымды сөзбен жеткізе алмайтындай, бір түсініксіз сезім, қуаныш билеп кетті. Өз шешіміме өзім риза болғандай болып, қазақтың «әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деген мақалы есіме түсті. Іштей, өзім шешім шығардым – әкемді тірідей көрмесем де, көргендердің, әкем жайлы сөз ететін ғалымдардың арасында жүргенім дұрыс. Қазіргі уақытқа дейін осы шешіміме ризамын» деп түйіндейді автор өзінің тіл білімі жолына ауысқанына қуанатынын айта отырып. «Теңізді тамшысынан тануға болады» демекші, тектінің тұяғы туралы да айтар сөздің тамшысын айтып үлгерсек те біз үшін қуаныш болмақ. Өйткені Асқар Құдайбергенұлы туралы түгел сөздің толқынын айтып тауысу мүмкін емес. Оның өмір жолы мен ғылым жолындағы басып өткен іздері, саналы ғұмырындағы меңгерілген ілім мен білімнің биіктігі ғылымдағы ешбір ғылымға бергісіз дүние, ал асқар тұлғаның адамилық алдындағы ар-ожданы бір төбе. Белгілі журналист Дана Нұржігіт «Дара жол» бағдарламасын Асқар ағаның 80 жылдық мерейтойына бағыштап ұйымдастырған болатын. Сол арнайы хабарға жұбановтанушы ғалым ретінде, Жұбановтар елінен қатысып, ғылым әлеміндегі Жұбановтар әулетінің орны туралы өз пікірімді білдірдім.
Тарлан тағдыр иесі Асқар аға: «Өмірдің жақсы да, жаман да жақтарын басымнан кешірдім, бірақ оның қиын тұстарының бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» аталуымен салыстырғанда түк те емес сияқты» деп толғанған болатын. «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы», өзі де сом асыл-мықты ғалым, айтулы азамат, үлгілі ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановтың есімі өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақталары даусыз. Бүгінде айтулы ғалымның 85 жылдығына байланысты бар саналы ғұмырын зерттеу жұмысына арнап еңбек еткен ғылым ордасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Асқар Жұбанов оқулары тұрақты ғылыми тілтанымдық алаң аясында «Қазақ тілінің ақпараттық кеңістігі және Ұлттық корпустар құрастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырып, ғалым атындағы шығармашылық зертхананы ашып отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде халықаралық симпозиум жоспарланып, арнайы кабинет ашылайын деп жатыр. Ғалым аруағына деген құрмет осылай жалғасын табады.
Мұхтар МИРОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті