Жедел жәрдем: жалған шақыртулар тірлікке тұсау

Жедел жәрдем: жалған шақыртулар тірлікке тұсау

Жедел жәрдем: жалған шақыртулар тірлікке тұсау
ашық дереккөзі
761

Денсаулық сақтау саласындағы негізгі көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Қоңырау шалып, көмек сұраған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті. Жедел жәрдем қызметінің жұмысы аса маңызды екендігі шындық. Десек те, елімізде жұртшылық көбіне-көп жедел жәрдем қызметіне көңілдері толмайтынын жиі айтады. Сонымен қатар, бүгінде аталмыш медициналық қызмет түріне негізсіз жүгінетіндердің қатары көбейгенін де бүгіп қалуға болмайды.

Жедел жәрдемнің міндеті қандай?

Қала тұрғындары жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінетіні белгілі. Сондықтан, жедел жәрдем қызметкерлері тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейді. Әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмай, барлық науқастарға көмек көрсету – олардың басты міндеті. Дегенмен де, жедел жәрдем қызметінің жұмысын мінсіз деп бағалайтындардан олардан кемшілік іздейтіндердің қатары басым. Әсіресе, «жедел жәрдем дер уақытында жетпейді» деп айыптайтындар көп. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

Жалпы, жедел жәрдем дәрігерлері өздерінің қызмет бабындағы шектеулі ережелерін сақтауға міндетті. Жедел жәрдем көрсететін қызмет шақырту санаттарының себебі мен шұғылдығына байланысты анықталады. Негізінен, жедел жәрдем қызметіне жарақат алғанда, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, уланып қалғанда, науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған ауыр жағдайларда, жүкті әйелдердің толғағы қысқан кезде хабарласуы қажет. Бірақ «қит» етсе жедел жәрдемге хабарласқанды құп көретіндер де табылады. Ал дәрігерлердің сөзіне сенсек, жедел жәрдем қызметін негізсіз шақыртатындар қазынаға шығын келтіреді екен. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне жүгінсек, жаңа жылдық демалыс кезінде жедел жәрдем қызметіне күніне 4,5 мың шақырту түскен. Оның 30-40 пайызы дәрігер көмегін қажет етпейтін болмашы ғана ауру түрлері болып шыққан. Нәтижесінде қазынаға шығын келген, әрі ауыр науқастарға көмек жетпей қалған фактілердің артқаны байқалды. Ең сорақысы сол,  кейде тіпті үй жануарларының ауырып қалғаны туралы хабарлап, қоңырау шалатындар да бар екен. Мұндай шақыртулар жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері үшін қалыпты құбылысқа айналған. Негізінен, ереже бойынша жеңіл сырқаты бар науқастардың күтімі жергілікті емханаларға бекітілген. Шұғыл түрде медициналық көмекті қажет ететін науқастар болса, сонымен бірге жедел жәрдем шақыруды қажет етпейтін жағдайлар да болады. Қан қысымы көтерілсе де жедел жәрдем шақырады, ондай жағдайда учаскелік дәрігерлер жұмыс істеуі керек. Белгілі бір аурумен тіркеуде тұрған науқастың дертімен учаскелік терапевт-дәрігер айналысуға тиіс. Жедел жәрдем сондай науқастарға уақыт өткізіп жатқанда, шын мәнінде өлім аузында жатқан шұғыл науқасқа үлгермей қалуы мүмкін. Сонда да жедел жәрдем мамандары әрбір  қоңырауды жауапсыз қалдырмайды және барлық шақыртуға баруға міндетті.

Айта кетейік, жедел жәрдемге қоңырау шалғандардың арасында жаңа жыл мерекесі күндері пиротехникалық бұйымдардан жапа шеккендер де бар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда Алматыда отшашулардан  жапа шеккендер саны анағұрлым аз болған. Шаһарда 54 адам жедел жәрдем шақырып, оның 7-еуі ауруханаға жатқызылды.

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы осыдан 3 жыл бұрын жедел жәрдем қызметін негізсіз шақыртатын азаматтарға шара қолдану туралы Үкіметке ұсыныс жолдаған еді. Алайда нақты шешім қабылданбапты.

Жалған шақырту – жұмысқа кедергі

Жедел жәрдем көлігі көмекке асыққанда, шақыртуға жетпек болғанда, көптеген кедергілерге тап болады екен. Соның бірі – жұртшылықтың медициналық сауаттылығы мен белсенділігінің төмендігі. Одан бөлек ақ халаттылар халықтың тым бейғамдығына шағымданады. Мысалы, тұрғындар өзі тіркелген ауданның емханасына барып тексеріліп тұруы тиіс, бала-шағасын да міндетті түрде емханаға апарып тұруы керек. Бірақ мұны тұрғындар көбінесе назарға ала бермейді. Есесіне тұрғындар жан алқымға келгенде ғана жедел жәрдем шақырады.

Ал жедел жәрдем көлігі үшін ең негізгі қиындық – көшелердегі кептеліс. Өкінішке қарай, жедел жәрдем көлігіне жол беру мәдениеті жүргізушілерде әлі де қалыптаспаған. Әрине, кейбір жүргізушілер жол бергісі келеді, алайда оған мүмкіндік жоқ, себебі көшелер тар. Онымен қоймай, тұрғын үйлердің ауласында машинасын тұраққа қоюшылар жедел жәрдемге арналған жолды жауып тастайды. Қала көшелерінің ақпаратпен қамтамасыз етілуі мен жарықтандырылуының жеткіліксіздігі жедел жәрдем жұмысының шапшаңдығына кесірін тигізеді. Мәселен, көптеген ұсақ көшелердің бойы қараңғы. Көшелердің атауы мен үйлердің нөмірі жазылмаған. Кейде көлік нақты мекенжайға барып тұрып, үйді айналып таппай кетеді. Осындай келеңсіздіктен жақын жерде тұрып-ақ кешігіп қалуы ықтимал.

Шын мәнінде, жедел жәрдем қызметінің жұмысына кедергі келтіретін негізсіз шақырушылармен күресудің жолы бар ма? Бізден өзге елдерде дәл осындай мәселе жиі кездесе ме? Кездесер болса, олар бұл мәселемен қалай күреседі? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде 20 пайыз науқас госпитальға дейінгі лайықты деңгейде көрсетілмеген медициналық көмек салдарынан қаза болады екен. Еліміздің ең үлкен қаласы – Алматының жедел жәрдем қызметіне бір жылда 700 мың шұғыл қоңырау түседі. Кейбір дереккөздеріне сенсек, бір жылда тұрғындардан түскен 30 мың қоңырау жалған болып шығады. Тіпті, бір адамның жедел жәрдемді күніне 3 рет шақыратын кезі болады екен. Ал мұндай жалған шақыртулардан бюджетке миллиондаған теңге шығын келеді. Осыны ескерсек, мұндай негізсіз әрекеті үшін адамдарды жауапкершілікке тартатын нормативтік құқықтық актілер қабылдау мәселесін қарастыру туралы ақ халаттылардың өтініш білдіруі орынды секілді.

Тіпті, адам өміріне араша түсуге барын салатын жедел жәрдем қызметіне ермек үшін қоңырау шалатындар да көбейіп келеді. Мұндай арзан әзіл қазына қаржысын желге ұшыратындығын да атап өттік. Біраз жылдар бұрын елімізде жедел жәрдемді негізсіз шақырулар үшін айыппұл төлету мәселесі көтерілген еді. Ал мұның қаншалықты орынды екендігі бізге беймәлім. Десек те, медицина қызметкерлеріне кедергі келтіретін жандарға шара қолданудың артықшылығы жоқ дейтіндер де, олардың әрекетіне көз жұма қарайтындар да бар. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін қоғам болып қарастыруға тиіспіз. Көбіне жедел жәрдемді негізсіз шақырған жағдайда белгілі бір шара қолданылмайды. Мұндай жағдайларға тек бұзақылық ретінде қарайды. Ал мұның зардабын мемлекет қазынасы мен Жедел жәрдем стансасы тартады.

Біздің елде тұрғындар үшін жедел жәрдем қызметі тегін. Ал шет мемлекеттерде жедел жәрдем қызметі ақылы. Сондықтан ол елдерде жедел жәрдемді орынсыз шақыра бермейді. Мәселен, алпауыт ел АҚШ-та жедел жәрдем қызметі тек ақылы түрде жұмыс істейді. Жедел жәрдем қызметіне бұл елде науқастың сақтандыру полисінен төленеді. Ал медицинасы мықты мемлекеттің бірі Израильде де жедел жәрдем ақылы екен. Тек лаңкестік әрекет, жол көлік апатынан зардап шеккендер үшін ғана жедел жәрдем жұмысы тегін болмақ. Шұғыл медициналық көмек тек шұғыл жағдайды көздейді. Ал біздің елде халық қолын қанатып алса да, жедел жәрдемге жүгінетіні жасырын емес. Ондайлар көп болмаса да, баршылық. Сондай-ақ, біздің елде шетелдік азаматтарға да жедел жәрдем қызметі тегін көрсетіледі, ал басқа елдерде біздің азаматтар үшін мұндай жеңілдік көзделмеген.

Ақ халатты жандар жедел қызмет ететіндіктен көмекке шақырған адамдардың қандай күйде, қандай ортада отырғанын бағамдауға мұршасы жоқ. Жедел жәрдем келуден бас тартпасын деген оймен кей жағдайда жалған уәж айтатын жандар да кездеседі. Мысалы, іші немесе басы ауырып тұрса да ойланбастан «Жүрек ауруы» немесе «Өліп барады» деп айта салады. Мұндай жағдайлар медициналық көмектің шұғыл көрсетілуіне кедергі келтіреді.

Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылдың қараша айында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа жедел және шұғыл жәрдем жүйесінің ерекшеліктерін баяндаған болатын. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында жедел және шұғыл жәрдем көрсетудің жаңа екі деңгейлі интеграцияланған қызметі енгізіледі. Олар – Республикалық санитарлық авиация орталығының базасында жедел медициналық жәрдем көрсетудің ұлттық үйлестіруші орталығы және облыстық жедел жәрдем қызметі. Сонымен қатар, облыс деңгейінде жедел жәрдем қызметі қалалық, аудандық және ауылдық қызметті бір медициналық ұйымға біріктіреді және медициналық қызмет ортақ GPS жүйесін енгізу базасында бірыңғай «Сall center» арқылы ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде келіп түскен хабарлардың жылдамдығын арттырып, пациенттерді тасымалдау бағдарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының бас мамандары жедел жәрдем қызметінің жұмысына кедергі келтіретін негізсіз шақырушылардың әрекетіне тоқтау болатын шара қолдану мәселесін де қарастырғаны жөн тәрізді. Себебі болмашы сырқаты бар жандарға уақыт өткізіп, шын мәнінде жағдайы ауыр науқастарға көмек көрсетіп үлгермей қалуы әбден ықтимал.

Серіктес жаңалықтары