Мемлекет басшысының үндеуі БҰҰ-ның ресми құжаты деп танылды
Мемлекет басшысының үндеуі БҰҰ-ның ресми құжаты деп танылды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси үндеуі әлемдік ұйымның ресми құжаты мәртебесін алды. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығы ресми құжатқа S-2017-19 нөмірін беріп, халықаралық бірлестікке мүше барлық елге және ұйымның ресми электронды құжаттар жүйесін бақылаушы ұйымдарға таратты.
Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдар кезеңінде тұрақты емес мүшесі ретінде сайланған Қазақстан «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарға қатысады. Осы пікірталас аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуін таныстырды.
Аталмыш жиынға жаһандық ұйымның жаңадан сайланған Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты. Елбасының үндеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы мен Қауіпсіздік кеңесіне мүше өзге елдер тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе, Қазақстан Президентінің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті бекемдеуде әріптестікті дамытып, жұдырықтай жұмылуға үндеуі ұйымда талқыланған тақырыппен үндестік тапқан. Ұйым мүшелері Қазақстан Президентінің адам өмірі мен ар-ұжданын қорғау жолындағы ашықтығы мен ерекшелігін атап өтті.