Тіл табиғатын таныту ма, әлде...

Тіл табиғатын таныту ма, әлде...

Тіл табиғатын  таныту ма, әлде...
ашық дереккөзі
1244

Білімнің жолы бұралаң. Мәдениетті түрде өрбитін пікірталас қана білім көкжиегін кеңейтіп, шындықтың шырайын келтіреді, ажарын аша түседі. Бұл – жалпыға белгілі жағдай, адамзат мойындаған ақиқат. 2016 жылдың ақпан айында «Түркістан» газетінің №7-10 сандарында белгілі ғалым, руникалық жазба дәстүрімізді жаңғыртуға тер төгіп жүрген Аманқос Мектеп-тегінің «Таңбамен кестеленген құпия ілім» атты танымдық әрі тың ізденістерге толы мақаласы жарық көрген болатын. Ғалымның деректер мен ғылыми дәйектерге негізделген мақаласы ойлы оқырмандарымызды бейжай қалдырған жоқ. Осы мақалаға қатысты ой-пікірін қызылордалық ғалым Шанжархан Бекмағамбетов те жолдаған еді. Қорқыт Ата университетінде жемісті еңбек етіп жүрген тіл білімі зерттеушісінің мақаласын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Адамзат тілінің жаратылыстық-болмыстық табиғатын тереңдей түсіну, тілдегі ең ілкі сөз жасалуының заңдылықтарын саралай тану бағытындағы ізденістерде бүгінгі ғылымда әр алуан сипаттағы талпыныстар бой көрсетіп келеді. Бұл, әрине, заңды да, өйткені ғылыми ойдың еркіндігі жағдайында алуан түрлі идеялардың ашық айтылуына мүмкіндіктер туып отыр. Дегенмен, осы әр алуан көзқарастарды сарапқа сала қарау, яғни айтылған пікір-көзқарастарға өзге ғалымдар тарапынан сын пікірлер айтылуы да аса қажеттілік. Осы тұрғыдан келгенде, көне түркі жазуы турасында бірқатар ізденістер жасап жүрген А.Мектептегінің 2016 жылы «Түркістан» газетінің бірнеше санында жарияланған «Таңбамен кестеленген құпия ілім» атты мақаласы назар аударды. Автор суретші-дизайнер, рунатану мәселесімен де айналысқан зерттеуші Тайжан Досановтың «Пішін» таблицасы деп аталатын схемасының рунатану саласындағы ерекше жаңалық екендігін дәріптей отырып, өз ойларын қазірде Елбасы көтеріп отырған «Мәңгілік Ел» идеясымен байланыстырады. Автор пікірінше, қазақ жазуын, қазақтың рухани әлемін дамудың дұрыс жолына қою үшін көне түркілік руна жазуына қайта оралу қажет екен. Біз бұл істің қаншалықты мүмкін екендігі мен оның қаншалықты жемісті бола қоятыны туралы мәселеге соқпай, автордың тіл мен жазу табиғаты, сөз пайда болуы мәселесіне қатысты осы мақалада келтірген бірқатар ойларына орай өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Ең әуелі, мақаладағы көзге ұрып тұратын пікір – руна жазуының төрік (ШБ: авт. қолданысы) жұртына Тәңірінің құдыретімен көктен түскендігі туралы ойы: «Руна жазуы – көктен түскен қазақтың төлтума алфавиті. Руникалық графика төрүктектілерді жер бетін мекендеген ұлыттар (автордың өз қолданысы – ШБ) мен ұлыстардан рухани ерекшелеп тұрады...». «Ежелгі руна жазуымыздың ғажаптығы генетикалық кодымызды оятатын құдыретінде...». Бұл пікірлерге қарап, төрүк жұртына Тәңірінің оң қабағы бұйырғаны үшін қаншама қуанғың келсе де, ұлық Тәңірінің төрүктерді өзге этностардан осынша ерекшелеп бөліп алуының ақылға сыйымсыздығы тағы да атойлап ойыңда ойран салып тұрады. Сонда өзге ұлттар мен ұлыстарға Тәңірі-Құдай қырын қарағаны ма? – деген секемшіл сезім де қылаң береді. Оның бергі жағында, жазу өнерінің қалай, қай кезде пайда болғандығы туралы пікірлер ғылымда әлі де болса толық айқындалмағанымен, адамзат ойлауы мен тілі және жазуы «төрүктік» бөліністен әлдеқайда әріде пайда болғанын да зерделеп аңғару қиын болмаса керек. Кейбір ғылыми әдебиеттерде жазудың пайда болуын қоғамдық өмір дамуының қажеттіліктерімен, әсіресе «...адамдардың қашықтықта тұрып қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету» мақсатымен байланыстырады [Құралай Күдеринова. Қазақ жазуының теориялық негіздері., Алматы-2010. – 11-б.]. Мұның өзі де адамзат дамуының алғашқы кезеңдеріне меңзейтіні белгілі. Ал біздің пікірімізше, ең ілкі жазу таңбасы адамзат ойлауы мен тілі сияқты өте ежелгі дәуірде пайда болған: жазу дегеніміз – Ғалам туралы адамзат ойындағы ең ілкі логикалық таңба-бейнені («шар-қоршау» бейнесін) қол қимылдары арқылы ауада өрнектеп салу арқылы пайда болған деп түсінеміз. Яки, адамзат баласы өзінің ең ілкі жазу таңбасын қағазға не құмға емес, ауаға ежелгі қол тілі дәуірі кезеңінде-ақ қол қимылдары арқылы жазған және бұл адамзат тіліндегі ең алғашқы сөздің («Ғалам» ұғымын білдіретін УП (ОП/ОМ..) сөзінің) пайда болу негізінде тұрған тілдік таңба-бейне («шар-қоршау» бейнесі) еді. Демек жазу, яки тілдік ТАҢБА ең ілкі СӨЗ-дің пайда болу негізінде тұрды. Қалайда, Тәңірі-Йе түрік ұрпағына ерекше қарағандығы туралы пікірге іштей аса риза болып тұрғанымызбен, автордың әлгі түсінігі көңілге қона қоймайды-ақ. Тіпті, автор қолдап отырған дизайнер-ғалымның (Тайжан Досанов) пікіріне бақсақ: «Руна жазуы – Тең(е)ірінің [Тәңірінің] ғаламшарды жаратуға қолданған геометриялық сызба жобасы» – екен. Бұл енді аса әсіре пікір екеніне, біздіңше, күмән жоқ. Біздің көзқарасымызда, адамзат тілінің пайда болу негізінде жалпы адамзат баласына ортақ ғаламтанымдық ұғымдар, яки ғаламдық жаратылыс-болмыстың қандай екендігі туралы ең ежелгі тілжасам дәуірі адамдарының танымдық түсінігі тұр десек, бұл авторларда мәселе керісінше көрінеді. Әрине, мұнда біздің айтқанымыздан өзге пікір болғандықтан реніш рәуішті шетін ойымыз жоқ, бірақ Тәңірі әуелі түрік әліпбиі негізінде ғаламдық болмыстың моделін жасап алған деген ой қалайда ақылға сыйымды емес демекпіз. Осы жерде еске түседі, Ресей жерінде Ю.Драгункин сияқты кейбір ғалымдардың «бүкіл өзге тілдер орыс тілінен таралған» деген тәрізді ұшқары пікірлері айтылып, кезінде ол атақты «Известия» газетінің бетінде айдай әлемге сенсация ретінде жарияланған да болатын. Екі сөзінің бірінде «РУСЬ» ұғымын алға тартып, онысын баттыйта, бадырайта ерекшелеп, кітабының әр бетінде самсатып берген әлгі авторымыздың шовинистік бағыты да көзге ұрып тұратынын, кітапты жай парақтап көрген оқырманның өзіне де аңғару қиын болмайтын. Біз әсіре түркішілдік сезіміне беріліп, түркі жұртының тарихтағы орынын ақылға сыйымсыз дәріптесек те, мұның өзі түрік ұрпағы үшін пайдасынан гөрі зияны басым, сырт көзге күлкілі көрінетін сезімдер туғызатынын да дұрыс түсінуіміз керек. Түрік жұртының арғы ата-бабалары да жалпы ғаламдық адамзат дамуының бір бұтағы, бір саласы ретінде қатар дамып жетілгенін естен шығарудың жөні жоқ. Автор, сондай-ақ, Т.Досановтың рунатану іліміндегі «Пішін» таблицасы деген схемасын да теңдессіз жүйе ретінде бірнеше рет атап көрсетеді, бірақ осы схеманың жұмыс жасау жүйесі былайғы оқырманға түсініксіз болғандықтан, ол да жұмбақ күйінде қалады. Бір мақала шеңберінде толық түсінік беру қиын болғанымен, осы «Пішін» схемасының рунатанудағы әмбебап қызметі туралы автордың айтқандары оқырманды сендіре қоймайды. Автор «Пішін» таблицасының күрмеу түйіні тек қана төрүк тілімен шешіледі» – дегенде, осы төрүк тілінің өзінің де жалпыадамзаттық ғаламтанымдық ойлау негізінде пайда болып, соның нәтижесінде жалпы адамзат тілімен байланыста, соның бір бұтағы ретінде қалыптасып дамығанын ескермей, оны бір Алланың құдыретімен жаратылып, томаға тұйық, өз бетімен қоршауда өмір сүрген тіл етіп көрсетеді. Тіл (сөз) пайда болуы жайы, оның өзіндік қым-қуыт стихиясы философия мен лингвистикада және семиотика ілімінде әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселе десек, мақала авторы мұны: «Екі аяқты пенденің сыртқы дүниені қабылдау таным-түсінігі мен тәжірибесі, оқыған-тоқығаны ой қазанында әбден қайнап, піскен соң, аузына келіп түседі» – деп мәселені оп-оңай шеше салады. Әлгі «екі аяқты пенденің» дүниені қалай, қандай формада қабылдайтыны, ол қабылданған информацияның «ой қазанында» қалайша «қайнап» қорытылатыны, қалайша «пісетіні» және ол қайтіп ауызға түсе қалатыны түсініксіз – «алма, піс, аузыма түс» дегеннің кері болып шыға келген. Шынында, бұл жайлар да оңай-оспақ емес, қазіргі әлемдік ғылымның «бас ауруына» айналып келе жатқан жайлар екені көзіқарақты оқырманға белгілі болса керек. Осыдан шығар, автордың тілдегі сөз пайда болуы туралы келтірген мысалдарының біразы оқырманды сендіре қоймайды. Автордың сөз төркінін танудағы негізгі ұстанымы сөздердің сыртқы дыбыстық ұқсастығын мифологиялық тұжырымдар негізінде жасалатын интуитивтік сипаттағы метафоралық қолданыстармен байланыстыру тәрізді. Әдетте, қалыптасқан қазақ тілінің тарихи грамматика ғылымы өзінің этимологиялық зерттеулерінде бірқатар болжамдар мен тұспалдауларға бара беретін. Мұндай жоба-жорамалдардың кейбір өрескелдігі айқын көрініп тұрса да, оларға көп мән де беріле қоймайтын. Бұл, негізінен, тарихи грамматика ғылымының құрылымдық тіл білімі ретіндегі шектеулі мүмкіндіктерінің себебі деп ұғынылатын. Кейінгі зерттеулерде сөз пайда болу табиғатын аңыздық-мифологиялық арнаға салып та қалыптай беретін бағыттар көрініп келеді. Әрине, біз бұған қарсы да емеспіз. Бір кездері осы мифологиялық бағыттың кейбір артықшылықтары туралы өзіміз де жазған болатынбыз: «Шынында да, адамзаттың алуан түрлі танымдық ұғым-түсініктерін, мейлі ол мифологиялық, фольклорлық, т.б. сипатта болса да, оның тілдік танымынан ажырата қарауға болмайды. Содан да болар, әсіресе тіл пайда болуының ең ежелгі дәуірлеріне қатысты алғанда, оның таза құрылымдық-лингвистикалық табиғатын зерттеген ғалымдардан гөрі кейбір танымдық-этнологиялық бағыттағы зерттеулерден мәселе өзегіне жақын келген тұстарды аңғаруға болады», – дей келіп, дегенмен бұл бағыттың негізгі кемшін тұстарын да айтып өткен едік: «Этнологиялық еңбектерде тілдің алғашқы базистік дүниетанымдық негіздерін біршама дұрыс аңғару байқалса да, таза тілдік деректермен жұмыс істеуде, нақты сөздердің мағыналарын түсіндіруде көбіне болжам түріндегі пікірлер ғана айтылады да, сондықтан олар лингвистикалық тұрғыдан келгенде, көбіне негізсіз болып шығады» - дегенбіз [Бекмағамбетов Ш.Тілдік таным негіздері және тілдік символдар. А., 1999. 13-б]. Мысалы, Оңтүстік Сібір халықтарының дәстүрлі дүниетанымы туралы еңбекте авторлар ғаламдық құрылымның (Космостың) және адамдардың тұрғын жайларының (ҮЙ-дің) антропоморфтық моделін салыстыра келіп және олардың дыбыстық берілуіндегі бірдейлік-ұқсастыққа қарап, тікелей алып қарастырады да, тыба тіліндегі «бас» (адамның басы – ШБ) және «қазан» (котел) ұғымдарын білдіретін екі сөзді бірдей негізді сөздер деп біледі [«Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири». – Новосибирск., 1986, с.140.]. Яки авторлар осы дыбыстық-бейнелік ұқсастықты өзінше түсіндірмек болған. Бірақ тілдік таңба-нышандық символдар табиғатын түсінбей, жалаң этно-мифологиялық тұрғыда қарастырғандықтан, мұның лингвистикалық тұрғыдан қате болып шығуы оп-оңай. Бұлайша пікір қорытулар қазақ ғалымдарында да бар. Мысалы, «Қазақ мәдениетінің космосы» [Каракузова Ж.К., Хасанов М.Ш. «Космос казахской культуры» А., 1993, с.7.] атты еңбек авторлары тіліміздегі «Қорқыт» сөзінің этимологиясын түсіндіреді. Онда аталмыш сөздегі «қор» элементі «жамандық» (зло) ұғымын, ал «құт» элементі «бақыт» ұғымын білдіреді екен де, Қорқыт сөзі осы екі түрлі ұғымды – жақсылық пен жамандық ұғымдарын біріктіріп тұрады екен. Мұның өзі, авторлардың айтуынша, адамзат санасының бұл ұғымдарды ажырата қарауға әлі де ақыл-санасының жете қоймаған кезеңінің жемісі болса керек. Сонда тіл атты құдыретті құралды жасап, қолданып отырған адамзат ұрпағы жақсы мен жаманды ажырата алмаған дегенге кім сене қояр екен. Бұл жайларды айтып отырған себебіміз осыған ұқсас жағдайлар аталмыш мақаладан да орын алып отыр. Әуелі авторлардың (Бұл жерде идея авторы Т.Досанов пен мақала авторы А.Мектептегі айтылып отыр – ШБ) сөз пайда болуы негізінде таңба тұрғандығы туралы көзқарасының, шынында да, ақиқат екендігін атап айту керек. Біз автордың «Бір ғажабы, осы йер Қазақ тіліндегі жер атауы мен ер (ШБ: – батыр) лексемасының дараланып, жаңа мағыналық дербес ұғымға айналуына ұйытқы болған» деген пікірімен мүлде келіспесек те (бұл мәселеге кейінірек келетін боламыз), автордың (А.Мектептегі) Т.Досановтың ғылыми жаңалығы деп ұсынып отырған мына пікірінің: «сөз бен (оның. ШБ) графикалық таңбасы мағыналық байланыста екендігі, яғни руникалық белгі шартты белгі емес, ұғымды (болмысты) штрихпен бейнелейтін микросуреті екені» туралы пікірі негізсіз емес дейміз. Бірақ бұл, автор айтып отырғандай, бұрын еш ғалымның назарына ілінбеген жай емес, бұл туралы біздің жоғарыда аталып өткен еңбегімізде («Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» (А., 1999) жан-жақты айтылған болатын. Авторлар пікірінше, таңба (тамга, тағма) сөзінің шығуы «таму» сөзінен екен: «Тамға – эзотерикалық ақпарат... Тамға терминінің этимологиясы там сөзінің тамшы, тамшылау мағынасымен байланысты екені күмәнсіз...» - дейді. Автор осы тұста бұл термин сөздің шығуын «аң-таң» болу ұғымымен байланыстырудың да негізсіз емес екенін айтып өтеді. Бірақ таңба (тамға), тамшы (тамшылау), аң-таң болу тәрізді семантикалық шекарасы мүлде алшақ жатқан сөздердің жасалуынан ортақ негіз іздеу, яки мұндай субьективтік сипаттағы болжамдар ғылыми ойлау үрдісінен мүлде алыс жатыр. Таңба сөзінің шығу тегін ғалымдар әр алуан болжамдап жүргені белгілі. Соның ішінде «отпен қарылып басылған бейне» деген түсінік те бар. Бірақ таңба ұғымы малға күйдіріп таңба басудан өте ерте замандарда – сонау ежелгі тіл жасам замандарында бар болғанын аңғарамыз, сондықтанда біз бұл сөздің пайда болуының өзге де нұсқаларының болуы мүмкіндігін ескереміз: біріншіден, тамға сөзі там түбірінен болуы мүмкін: та «ет/етістік» + ом «жазу, таңба, белгі». Мұндағы «жазу, таңба, белгі» ұғымы ОМ [УП] тілдік негізінің «Ғалам» ұғымынан шығатындығы туралы біздің еңбегімізде айтылған [«Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе». А., «Үш Қиян», - 2014.]; екіншіден, бұл сөздің негізі тану «білу, түсіну» + ба «жазу, таңба, белгі» түрінде де түсіндіріле алады. Сөз ішіндегі қатар тұрған «н» және «б» дыбыстарының алдыңғысы соңғы еріндік дыбыс әсерінен «м» дыбысына өзгереді және өзге де дыбыстық әсерлер арқылы: тамба / таңба / тамға түріндегі өзгерістер жасала алады. Сонда там (ет + ом «белгі») + ға (ұқ/ұғу) болады. Мұны: 1) «таңбаны ұғу, оқу» түрінде, 2) «құпия, жасырын белгіні оқу» түрінде де түсінуге болады. Тіл біліміндегі «тілдік таңба» ұғымы біздің аталған монографиямызда жан-жақты түсіндірілген. Мақала авторы ә дегеннен-ақ: «Орыс тілінің сөздік қорындағы негізгі тірек қабаты төркизмнен құралғандығы айқындалады. Мысалы, пишу, печать (баспа, мөр мағыналарындағы) сөздері қазақ тіліндегі «піш+у» [таңбаны материалға пішіп салу], «пішін» сөздерінен алынғандығын бұлтартпайтын дәлелмен бұған дейін зерттеулерімізде баян еттік» – десе де, осындағы «таңбаны материалға пішіп салу» дегені келіспейді-ақ. Біздіңше, орыстың «пишу, писать» сөздерінің түп негізінде «сөзді жазу» ұғымы тұр: ПИ/УП «жазу, таңба, әріп» + ис «1) сөз; 2) зат; 3) ой» + ат/ет - етістік. Бұл біт (біс/пис)»жазу» + ік/ұқ «оқу, ұғу» түрінде көне түркілік «бітіг» сөзінде де тұр. Автордың «ою» сөзінің астарында «ой/ақыл» ұғымы тұр, ал «құлпытас» сөзі «құлып» және «тас» сөздерінен бірігіп, осыдан келіп «құпия тас» деген ауыспалы мағына туындайды» – деген пікірлері де біздің жоғарыда айтып өткеніміздей, оның қазіргі сөздердің мағыналарынан өзінің субьективтік ойлауы арқылы әр түрлі сюжет-мәтіндерді жасап алуға бейімдігін көрсетеді деп білеміз. Ол мақаланың «Ін-йан немесе бұ дүние мен о дүние мәңгілендірген мұражай» деп қосалқы ат берген бөлігінде: «Қазақтың киіз үйі – бұ дүние, ал ежелден жеткен қорған, оба – о дүние, яки бағзы бабалардың даналық танымы бойынша, ін-й(ж)ан ілімі дегеніміз осы. Назар аударып қарасаңыз: киіз үй де, қорған, яки оба да сыртқы пішіні –графикалық жарты шеңберден (полусфера) тұрады. Екі жарты шеңберді беттестіріп, бір-біріне біріктірсек, о дүние мен бұ дүние геометриялық біртұтас шеңбер тәрізді. Шеңберіміз шаңырақпен егізделеді. Шаңырақ күнге баланады. Бұл композицияның философиялық мәні – дүние дөңгелек, дөңгеленген дүние шексіз, оның қозғаушы күші – от» – дегенді білдіреді. Осы даналық ой – кеңістік пен уақытты бағындырған адамзат тарихында конструкторлық-технологиялық жаңашылдық өзгеріске негіз болған ар(а)баның дөңгелегін тудырды», – дейді. О дүниені бейіт деп, бұ дүниені киіз үй деп алу қаншалықты ақиқатқа сай келетіні және мұның ін-й(ж)ан - ға қаншалықты қатысы бар екені әлі де ойлана түсуді қажет етеді. Автор аталмыш графикалық бейнені бірде жарты шеңбер, бірде «полусфера» деп алады, бұл екеуі бірдей нәрселер емес, бұл бізде «шар-қоршау» түрінде алынған. Дүниенің дөңгелек (домалақ, шар, элипсис тәрізді) екені туралы танымды тек түркі жұртына ғана таңып қою келіссіз. Дүниенің шар-қоршау (сфера) бейнелі екені ең ежелгі тілжасам дәуірі адамдарына, яки жалпы адамзат ұрпағына белгілі болған, ойлау мен тіл пайда болуының негізіндегі ең басты таңба болып «Ғалам» ұғымын білдіретін шар-қоршау таңбасы алынған. Арбаның дөңгелегін де автор осыдан шығарады. Біріншіден, мұнда да дөңгелекті түркілер бірінші ойлап тапқан деген өзімшіл ойдың еш қисыны жоқ. Үңіле қарасақ, дөңгелектің «конструкторлық-технологиялық» моделі адамның аяқ алысында – жүрісінде тұр: адымды бір алып басқанда, жарты шеңбер жасалса, екінші аяқты алып басқанда, толық шеңбер жасалады, демек, қозғалыс – айналым ұғымы әзелден-ақ адамзат ұрпағының ғаламтанымдық түсінігінің негізгілерінің бірі болды. Тіліміздегі арба (араба) сөзінде бұл ұғым-түсінік: ар/УР «етістік» + БА «айналу» түрінде көрініп тұр. «Тәңірі Жер мен Көкті ажыратқанда, екеуінің арасында жаратылған екі стихияның қасиеті бар кісі оғылын бағзы төріктер ИерКөк деп атады. ИерКөк төрүк тілінің заңына сәйкес еркек (ерекшелеген – біз.ШБ) сөз тұлғасына айналды...» – деген пікір де – сөздің сыртқы формасына қарап тон пішу тәсілі. Автор еркек сөзін ат әбзелі ер сөзімен байланыстырады. Ат әбзелі ер сөзінің көне түркілік нұсқасы егер сөзі екені белгілі. Мұндағы орталық «г» дыбысының элизияға ұшырауы да – тілдегі үнемдеу заңдылығының көрінісі. Біз мұны ег/уқ/һу «жоғары, үсті» +ур «салу» түрінде түсіндірдік. Мұның ЙЫ «жылқы» + ҺУ «жоғары, үсті» + ур» нұсқасы болуы да тілдік генетикалық заңдылыққа қарсы емес, бірақ қалайда, бұл сөз «жер» ұғымындағы сөзбен бір негізден шықпағаны айқын. Ал «жер» мағынасындағы «йер» сөзінің шығуының арғы негізінде тарихи «қар/кер... жер» сөзінің тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жердегі «қа»(қо) элементі «қоршау» ұғымын білдіреді, яки «шар-қоршау» түріндегі «жер» ұғымы тұр деп білеміз. Мұның «ВАР/БАР» түріндегі нұсқасы да бар екенін белгілі. Бұл туралы А.Ақышевтің пікірін келтірген болатынбыз. Ғалым өзінің Есіктен табылған алтын адам туралы жазбаларында: «Характерно, что значение имени Варуны восходит к общеиндеевропейскому корню йер «окружать», «охватывать», «огараживать», – дейді. Ал «батыр» ұғымындағы ер сөзі де әуел баста егер түрінде қолданылған деп айтуға жоғарыдағы алдыңғы мысал дәлел бола алады. Көріп отырғанымыздай, мұнда да «г» дыбысының элизиясы бар. Бірақ мұндағы ег/уқ/һу негізін біз оқ «ұрпақ» түрінде оқимыз да, тұтастай алғандағы қазіргі ер (ежелгі: егер) сөзі оқ «ұрпақ» + ур «тарату» түрінде түсіндіріліп, ұрпақ таратушы, жалғастырушы ұғымын білдірген деп түсінеміз. Ал сырттай қарағанда осы сөзбен ұқсас көрінетін еркек сөзінің табиғаты сәл өзгешелеу екені де тілдік негіздер арқылы танылады. Мұнда еркектің биологиялық – жыныстық ерекшелігіне байланысты (ұрық) ақпарат сақталған. Автордың ержүрек сөзін «жердің жүрегі» ұғымынан шығаруы да – сенімді емес, қайта ойдан шығарылған жасанды этимология екені айқын көрініп тұр. «Метафоралық қолданыстан туған сөз», - деп көрсеткенімен, мұндай жасанды түрде қиыстыру үрдісі соңғы кездерде бірқатар ғалымдардың (ғалым еместердің де) еңбектерінде жиі кездесіп жүр. Ғалым еместер туралы әңгіме жоқ, ал белгілі тіл ғалымы деп жүргендердің бұлайша тұжырым жасауы халықтық этимология деген салаға ғана қатысты болады деп білеміз, яки бұл ғылыми саралаудан мүлде алшақ жатыр. Автор: «1)йер (жер), 2) ер (ержүрек, батыр), 3) ер (аттың ері) сөздерін қатар алып: «Бұл атаулардың лексикалық тұлғасы бір болғанмен, мағыналық жағынан әр бөлек, дербес ұғымды білдіреді деген тіл білімі ғылымында түсінік қалыптасқан. Тілдік материалды зерттеу барысында әлгі омонимдік қатар түзген зат есімдердің шығу тегі бір екені анықталды...» – деп, осы пікірін өзінше дәлелдеп, түсіндірген болады. Бірақ ол дәлелдері көкейге қонымды емес, өйткені нақты тілдік заңдылықтарға сүйенген дәлелдер емес, интуитивтік ойлаудың субьективті көрінісі ғана болып қалған. Автор: «Орыс тіліндегі «конь» сөзі жылқыны күнге балаудан туған төркизм» – дегенде де, жалаң, жадағай қиялға ерген. Біздіңше, «жылқы» сөзі «желдей жүйрік жануар» дегенді білдіреді: йыл/йел «жел» +қы/һу «жануар, қозғалыс, қозғалушы». Біз ежелгі тілде «ҺУ» тілдік негізінің кеңістік – уақыт – қозғалыс ұғымдарын бейнелеген әмбебап сөз болғаны туралы өз еңбегімізде айтқан болатынбыз. Орыс тіліндегі «конь» сөзі «хун» (хундар мінген) дегеннен шықты ма, әлде «конь – ағын – желдей ағу» ұғымынан шықты ма, әлде басқа бір негізі бар ма – ол жағын тап басып айту қиын. Қалайда аталмыш үш сөздің үшеуінің (1.йер (жер), 2. ер (ержүрек, батыр), 3. ер (аттың ері) пайда болу негіздерін бір деп түсінуге негіз жоқ. Автор келтірген «тауық» сөзінің этимологиясы да қиялдан қиыстырылған. «Аңыз бойынша, Көк пен Жер бір-бірінен бөлінбей тұрған дәуірде тіршілік әлем тұтастай астаң-кестен болып, ретсіз түзіліп, сырт пішіні орасан зор (қаз) тауық жұмыртқасын еске түсіретін-ді. Одан біздің алғашқы ата-тегіміз Пан-гу дүниеге келді...» – деп, сноскада: «тауық сөзінің түп төркіні – Тау ығы ұғымынан қалыптасқан...» – дейді. Біздіңше, түйе < тепе / төбе болғаны тәрізді тауық сөзі де таза тілдік заңдылықтар бойынша жасалған сөз: та / ет(у) + қуқ, яғни тауықтың дыбыстауына қатысты алынған деген дұрыс деп білеміз. «Еуропа тілдерінен тарихи-салыстырмалы тіл біліміне сүйене отырып, атаудың сыртқы мағыналық ұқсастығына қарап, ғылыми болжам жасаушылар бар. Ақын Олжас Сүлейменов «Тюрки в доистории» деген еңбегінде руналық таңбаларды талдай отырып, ағылшын тіліндегі «earth», «terra» деген сөздердің түркі тіліндегі «йер» (жер) сөзімен туыстас екенін дәлелдеп берді /2002, 285-286/». – деп, автор жер өлшеу бірлігі VARD – «ярд» және көгеріш өсіруге арналған жер телімі – GARDEN /ga:dn – гарден сөздерін келтіреді. ...Яғни «yard» - «ерд» – англо-саксондардың тілінде (орысша «жердь», йер-д) жерді өлшеуде қолданылатын «сырғауыл», «арқан» немесе «таяқ» дегенді білдірген екен (Кеңесбаева Ү. Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік. Астана, 2010. 727-728 б.б.). – деген деректер келтіреді. Біріншіден, О.Сүлейменовтің келтірген мысалы да тек сыртқы ұқсастыққа қарап қана айтылған болжам. Бұл автор тілдер арасындағы мәдени байланыстар жемісі ретіндегі бір тілден екінші тілге сөз ауысу жайын ғана қарастырады. Ал дұрысында, мәселеге онан да терең бару керек, яки тілдегі сөздердің туыстығы мәселесін генетикалық тұрғыда ғана дұрыс түсінуге болады. Сондықтан О.Сүлейменов жоғарыда келтірілген сөздердің туыстығын толық дәлелдеп берді дегендей айқын тұжырым жасауға ерте. Әрине, бұл сөздердің мағыналық жақындығы бар екенін және дыбыстық жақтан да жақындығын танып білуге болатындығын біз де жоққа шығармаймыз, бірақ мақала авторының өзінің ұсынып отырған VARD – «ярд» (ор.: жердь) сөзінің құрамын біз: VA/БА...«айналым, яки өлшем» + AR «йер/жер» + D «ет/ету» түрінде ажыратқан жөн деп білеміз. Сонда бұл тек қана «сырық, таяқ не арқан» емес (бұл ұғымдар екінші дәрежелі, кейін пайда болған ұғымдар), «жерді өлшеу» деген ұғымды білдіретін сөз тіркесі не сөйлем екенін түсіне аламыз. Дәл осы құбылыс метр сөзінің жасалуында: ме «бе/аб - айналым» + ет +ур түрінде көрінеді. Ал GARDEN сөзінің құрамында көне түркілік гар/қар «жер» сөзі тұр ма, әлде огород (огородить) сөзіндегі тәрізді гор/қор «қоршау» ұғымы тұр ма – мұны да айқындау қажет. Қалай болғанда да, біз бұларды тілдік-лексикалық ауысулар емес, жалпы адамзатқа ортақ тілдік негіздер арқылы жасалған сөздер деп білеміз. Ал мақала авторы мұны: «Ағылшын тілдік қорын байытуға англо-сақтардың тигізген оң ықпалы» деп таниды. Біз сөз құрамындағы тілдік-генетикалық негіздердің бірлігін тану арқылы ғана сөздер туыстығын тану жөн деп білеміз. Мысалы, «кітап» сөзінің қазақ тіліне араб тілінен енгендігі қазіргі ғылымда жиі айтылып жүр, ал біз бұл сөздің көне түркіде «бітіг» түрінде бұрыннан бар екендігіне назар аударамыз. Егер белгілі бір тарихи кезеңде кітап сөзі діни және оқу-ағарту мәселелеріне байланысты тілімізге орта ғасырларда қайта келіп, қолданысқа белсенді енген болса, бұл факт осы сөздің түркі тілінде бұрыннан да бар болғандығын жоққа шығармауға тиіс. Аталмыш сөздің тілімізге қайта айналып енуін тілдік-лексикалық ауысу дегеннен гөрі енді оны сөздің тілдің лексикалық қорында қайта жаңғыруы ретінде қабылдаған жөн. Қорыта келгенде, мақала авторының ана тіліміздегі әр сөздің жаратылыстық-болмыстық табиғатын тану талабындағы игі мақсатын құптай отырып, бұл мәселеде аса сақтық керек екенін де ұмытпағанымыз жөн дегіміз келеді. Қазірде орыс және батыс тіл білімі, негізінен, тілдің қолданыстық, прагматикалық жақтарына баса көңіл бөліп, тілдің арғы негіздеріндегі жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды тексеру бағытын мүлде назардан тыс қалдырып отырғаны айқын көрінеді. Оның да әр түрлі сыры мен себептері жоқ емес. Бірақ оларда солай екен деп қарап отырмай, арғы негіздері адамзат тілінің аса терең құпияларын ашып бере алатын түркілік табиғаттағы ата тілдік негіздерді дұрыс ажыратуға еңбек етудің берері мол деп білеміз, тек бағдар-бағытымыз дұрыс болғай.  

Шанжархан Бекмағамбетов,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік

университеті,

филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары