Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталды

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталды

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталды
ашық дереккөзі
1152
Ақтөбе облысында «Ауыл ама­наты» пи­лот­тық жобасы бас­талды. Ауыл тұрғын­дары­ның та­бысын көтеруге ба­ғыт­талған аталған жоба елі­міз бойынша алғаш рет Жамбыл об­лысында сы­нақ­тан өткен болатын. Ен­ді республикада екінші бо­лып бұл жоба Ақтө­бе өңірінде жүзеге асырыл­мақ... Ауыл тұрғындарына мүмкіндік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл­дық жерлерді дамыту жөніндегі тап­сырмасына орай бүгінге дейін рес­публика деңгейінде «Ауыл – ел бе­сігі» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобаға еліміздегі даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалып алынды. Нә­­­тижесінде, бұл елді мекендер газ­бен, ауызсумен, жолмен, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандармен қам­тылды. Ал пилоттық жоба ре­тін­­де жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы ауыл­дарда кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шылығы салаларын дамытуға ба­ғытталып отыр. Бұған дейін Жам­был облысында сәтті іске асырылған жо­ба қараша айынан бастап Ақтөбе об­лысында басталды. Ақтөбе облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы басшысының орын­басары Айбат Ербазиевтің ай­туынша, бұл жобаға облыстағы 12 ауданның 24 ауылдық округі, 61 ел­ді мекені қатысады. Аталған елді ме­кендерде бүгінде 42 463 адам тұра­ды. – «Ауыл аманаты» жобасының өңі­рімізде басталғанын өткен ап­тада облыс әкімі Ералы Тоғжанов рес­ми түрде мәлімдеді. Біз жоба бас­талмай тұрып, оған қатысатын бар­лық аудандардағы ауылдық ок­руг­тер мен елді мекендерге скри­нинг­тік талдау жүргіздік. Нәти­же­сін­де, инфрақұрылымы дамыған, ло­гистикалық мүмкіндігі бар, ша­ғын бизнес ашуға, мал және құс, өсім­дік шаруашылықтарын дамы­ту­ға және үй іргесіндегі жерді тиімді пай­далануға болатын ауылдарды ірік­тедік. Осылайша, облыс бойын­ша жобаға қатысатын жалпы саны 61 елді мекен анықталды. Оларда тұ­ратын 42 мыңнан астам тұрғын­ның әлеуметтік жағдайын сарала­сақ, оның 25 608-і, яғни 60,3 пайызы жұ­мысқа жарамды болса, 2,9-ы (747 адам) – жұмыссыз, ал 5 089 тұрғын (11,9%) – өзін-өзі жұмыспен қам­ту­шы­лар. Сондай-ақ зейнеткерлер са­ны 3 995 (9,4%) болса, атаулы әлеу­­­меттік көмек алатын отбасы са­ны – 151, оларда жалпы саны 885 (2%) адам тұрады, – дейді Айбат Ер­ба­зиев. «Ауыл аманаты» жобасы ая­сын­да облыс ауылдарында алдағы уа­қыт­та мал, құс және өсімдік шаруа­шы­лығын дамыту, кооперативтерді жаб­дықтау, ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу, шағын және ор­та бизнес ашу бойынша 2 772 жо­ба жүзеге асырылады. Бұған рес­публикалық бюджет есебінен 3 мил­лиард теңгеден астам қаржы бө­лініп отыр. Ал келер жылы қара­жат көлемі бұдан да артпақ. Атап айт­сақ, құс шаруашылығын дамы­ту­ға 661,2 млн теңгеге 2 182 жоба (қаз, үйрек, тауық және бөдене өсіру­ге), өсімдік шаруашылығын да­мытуға 714,1 млн теңгеге 342 жо­ба (картоп, сәбіз, пияз, қияр, қы­за­нақ, құлпынай және т.б.), коопе­ра­тивтерді жабдықтау бойынша 529,4 млн теңгеге 24 жоба және ет өңдеу, сүт өңдеу, жылыжай ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің басқа да бағыттары бойынша елді мекендерде шағын бизнес ашуға 1 114,2 млн теңгеге 224 жобаны жү­зе­ге асыру көзделіп отыр. – Сондай-ақ аталған жобаның екін­ші кезеңінде қаржылай не­сие­ден бөлек, мал шаруашылығын әрі қа­рай дамыту үшін ірі шаруалар есе­бінен 1 300-ге жуық жобаға 4 мың бас ірі қара, 215 бас жылқы жә­не 1 750 бас ұсақ мал тауарлы не­сие ар­­қылы беру жоспарлануда. Қар­жы­лай есептегенде, бұл жо­ба­лар­дың жалпы құны – 1 миллиард 700 мил­лион теңге, – дейді Айбат Ербазиев. Жобаға жауапты маман­дар­дың алдын ала болжамын­ша, «Ауыл аманаты» жобасы іске асы­рылған соң елді мекендерде әлеу­­­меттік-экономикалық көр­сет­кіш­тер едәуір өседі. Мәселен, ауыл­дарда жұмыссыздық деңгейі тө­мен­дейді, осылайша жұмыссыздар саны 747 адамнан 438-ге, яғни, 41,4 пайыз­ға азаяды. Атаулы әлеуметтік кө­мек алатындар саны 885-тен 449-ға (49,3%-ға) кемиді. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 738 тұрғынның отбасындағы ор­та­ша табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге (192%) дейін көтеріледі. Аудандарда халықты құс етімен қам­тамасыз ету 20,6 пайыздан 51,2 пайыз­ға, көкөніспен қамту көр­сет­кіші 17,4 пайыздан 29,9 пайызға, ал кар­топпен қамтамасыз ету көр­сеткі­ші 38,8 пайыздан 63,5 пайызға дейін жетеді. 24 млн теңгеге дейін несие беріледі «Ауыл аманаты» жобасы алғаш рет жүзеге асырылған Жамбыл об­лы­сы бүгінде осы бағдарламаның же­місін көріп отыр. Олай дейтініміз, бас­пасөз беттерінде жарияланған ресми мәліметтерге сүйенсек, пи­лоттық жоба аясында Жамбыл об­лысында жұмыссыздар саны 36 пайыз­ға азайып, ауыл тұрғын­дары­ның орташа айлық еңбекақысы 1,7 есе­ге артқан. Сондай-ақ өңір тұр­ғын­­дарының арасында атаулы әлеу­­меттік көмек алатындардың са­ны 3 есеге қысқарған. Енді осын­дай оң нәтижеге ақтөбеліктер де қол жеткізсе, онда облыстағы елді ме­кендер едәуір қарыштап дамиды. Айбат Ербазиевтің айтуынша, бұл бағдарламаның басты мақса- ты – ауыл тұрғындарының табысы мен әл-ауқатын арттыру, оларға қо­лайлы жағдай жасау. – Соңғы жылдары ауылдарда мал санын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жоба, міне, осы мақсатты көздейді. Жобаның ең басты ерекшелігі, оған тек қо­лын­да қаражаты бар кәсіпкерлер мен шаруалар ғана қатыспайды, өз-өзін жұмыспен қамтуға немесе же­ке кәсіп ашуға ынтасы бар тұр­ғындар да атсалыса алады. Биыл бұл бағдарлама аясында ақтөбеліктерге қаражат беру тетігі барынша жеңіл­детіліп отыр. Тұрғындар үшін бұл жобаның ең ұтымды тұсы – олар тұрып жатқан үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — бұрын-соң­ды болмаған үлкен жеңілдік. Мә­се­лен, бұрын шаруалар несие алу үшін үйін кепілдікке қоя алмай қина­ла­тын. Енді осы жоба аясында ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан осын­дай қамқорлық көрсетіліп отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары. Сонымен, нақтырақ айтсақ, «Ауыл аманаты» жобасы ая­сында ауыл тұрғындарының мал, құс, өсімдік шаруашылығын дамы­туы­на, кооперативтерді жабдық­тауына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуіне, сондай-ақ шағын кәсіп ашуына берілетін не­сиенің шекті көлемі – 7 млн 657 мың теңге, яғни 2500 айлық есептік көр­сеткіш. Ал елді мекендерде кооперацияларды дамытуға 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін (24 504 000 теңге) несие рәсімделеді. Бұл жобаларға несие бес жылға дейін, ал мал шаруашылығын да­мы­туға жеті жылға дейін беріледі. Не­сие алу үшін кез келген тұрғын ке­піл қоюға және жеке кәсіпкер ре­тінде тіркелуге тиіс. Жұмыссыздар азаяды, табыс көлемі артады Бүгінде Ақтөбе облысында ау­дандар жобаны жүзеге асыру ба­ғы­тында жұмыс істеп жа­тыр. Мысалы, алдағы уақытта бағ­дар­лама аясында Алға ауданында – 254, Әйтеке би ау­данында – 192, Бай­ғанин ау­да­нын­да – 295, Қарғалы ау­данында – 261, Қобда ауданында – 213, Мәр­төк ауданында – 247, Мұ­­­ғалжар ау­­­данында – 324, Темір ау­данында – 248, Ойыл ауданында – 204, Хром­тау ауданында – 205, Шал­қар ауда­нын­да – 135, Ырғыз ау­данында 194 жо­ба жүзеге асыры­лады. Осы аудандардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасына Байғанин ауданының тұрғындары ерек­ше қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Байғанин ауданы­ның Көлтабан ауылдық округінде осы жоба аясында жалпы құны 643 миллион теңге болатын 220 бизнес-идея іске асырылады. Биыл осы округтің тұрақты жұ­мысы жоқ 235 тұрғыны же­­ке қосалқы шаруашылықпен ай­на­лысу үшін 2,5 пайызбен несие алу­­ды жоспарлап отыр. Осылайша, олар ауылда мал санын көбейтуге, бау-бақша өсіруге, не жаңа кәсіп аш­уға мүмкіндік алады. Отыз жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысатын Қа­рауыл­келді елді мекенінің тұр­ғы­ны Құтым Қасенов мұндай баста­ма­лар­дың ауылдағы шаруаларға зор мүм­кіндік екенін айтады. 80 жастағы тұрғын ауылда 2020 жы­лы жалпы ауданы 400 шаршы метр болатын жылыжай салған. Қа­зір ол жыл соңына дейін мол өнім алу үшін еңбектеніп жүр. Құтым Қасеновтің айрықша ең­­бекқорлығы мен отбасылық биз­нес­ті дамытудағы тәжірибесін көр­ген ауыл азаматтары қазір одан үлгі алуда. Құтым Қасеновтің айтуынша, бұл шаруашылықпен о баста оның әке­сі айналысқан. Еңбекқор, шаруа адам баласын да жастайынан осы кә­сіпке үйреткен. – Әкем екеуміз сонау 1957 жыл­дан бастап ауылда бау-бақша егуді қол­ға алдық. Әлі есімде, 1955-56 жыл­дары әкем Ақтөбеден қыза­нақ­тың тұқымын әкеліп, егіп, алғаш өнім алғанда, ауыл тұрғындары: «Мы­нау қандай жұп-жұмсақ алма?» деп таңғалғаны бар. Жалпы, біздің өңір­ге қияр, қызанақ сол жылдары әке­лінді. Содан бері отбасымызбен бү­гінге дейін осы көкөніс түрлерін өсі­ріп келеміз. Ал жылыжай ашу ісін соңғы жылдары бастадық. Қазір мұн­да қияр, салат жапырағы, аскөк, ақ­желкен өсіп тұр. Барлығы табиғи таза өнім. Бұларды бүгінде ауылдағы дүкенде сатып жатырмыз, – дейді Құтым Қасенов. Биыл бағбан өз жылыжайына жүзім ағаштарын да егіпті. Ол Ре­сей­ден жүзімнің жеті түрлі сор­тын са­тып алған. Оның айтуын­ша, бір мез­гілде жүзім ағаштарынан 100 ке­ліге дейін өнім алуға болады. Алдағы уақытта бағбан ауылда жү­зім өсіре­тін жылыжай салуды ар­ман­дайды. – Қазіргі біздің жылыжайымызда жа­лбыз да өседі. Байғанин ауданын­да бұрын-соңды жалбыз өсіп көр­ме­ген. Бұл тәжірибені биыл қолға ал­дық. Жалпы, өзім осында өсіп тұр­ған әрбір өсімдіктің жапырағына қа­рап, оларға не керектігін, не жет­пей тұрғанын зерттеп білетін. Со­дан соң жұмысшыларға қандай кү­тім жасау керектігін айтамын, – дей­ді ол. Қазір күз айы болса да, бағбан­ның жылыжайында қияр самсап өсіп тұр. Ол бұл қиярдың тұқымын Тә­­­­жікстаннан әкелгенін айтады. Мұн­дай қиярдың түрі Ақтөбеде са­тыл­майды. Осыған дейін ол жы­лы­на 9 тоннаға дейін өнім жинапты. Ал­дағы уақытта бағбан бұдан да мол өнім алуды мақсат етеді. Ал облыста жүзеге асырылатын жо­балар саны жағынан екінші орын­да тұрған Қарғалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдіргендер саны жетерлік. Биыл бұл жобаға ауданнан үш елді ме­кеннен тұратын Қосестек және Кем­пірсай ауылдық округтері таң­дап алынған. – Бұл екі округте 2398 тұрғын тұра­ды. Олардың ішінде жұмысқа жа­рамдыларының саны – 1705 адам. Биыл пилоттық жобаға қа­ты­суға 253 адам ниет білдірді. Оның ішін­де өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ғандар, тұрақты жұмысы жоқ және атаулы әлеуметтік көмек ала­тындар бар. Біз осы жобаға ең бірін­ші ауылдардағы жұмыссыз аза­мат­тарды тартуға, сол арқылы ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуды көз­деп отырмыз, – дейді Қарғалы ау­дандық кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейлов. Оның айтуынша, «Ауыл ама­на­ты» жобасы шеңберінде Қарғалы ауданда жалпы құны 291,1 млн теңгеге 218 жобаны іске асыру жос­парланып отыр. Жоба нәти­же­сін­де атаулы көмек алатын бес от­ба­­сының және тұрақты жұмысы жоқ 41 адамның табысы екі есеге дейін артады. – Ауылдық округтерді алып қа­ра­сақ, ондағы жұмысқа жарамды ауыл тұрғындарының 12,8 пайызы осы жобаға қатысуға бел байлап отыр. Олар үйлерінің іргесіндегі қо­сымша жерді игеріп, бау-бақша егіп, сондай-ақ қаз, үйрек, тауық са­тып алып, құс шаруашылығын да­­­мытпақ. Осының нәтижесінде ке­лер жылдары аудан өзін 100 пайыз­ға құс етімен қамтуға мүмкін­дік алады. Сонымен қатар ауданда «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы тауарлы несиеге бар­лығы 200 бас ірі қара, 200 бас қой және 100 тонна кебек сатып алу­ға меморандум жасалды. Бұдан бөлек, кооперативтерді жабдықтау бойынша шаруа қожалықтары атал­ған округтерге 70,0 миллион теңгеге екі трактор, екі «ГАЗель» жүк көлігін са­тып алуды көздеп отыр. Ал «Ак­теп» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі мен «Арман» шаруа қожа­лы­ғы өсімдік шаруашылығымен ай­на­лысушы жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарға картоп тұқымын беруге ме­морандумға қол қойды, – дейді бөлім басшысы. «Ауыл аманаты» жобасына қа­ты­суға Әйтеке би ауданынан Арал­то­ғай және Құмқұдық ауылдық округ­тері анықталған. Бұл округ­терден жобаға 532 үй немесе жалпы саны 2 741 тұрғын қатыспақ. – Алдағы уақытта ауданда жоба сәт­ті жүзеге асырылса, ауданда жұ­мыс­сыздар саны азайып, атаулы кө­мек алатын отбасылардың та­бы­сы көбейеді. Мәселен, бүгінде бұл округтердегі жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайыз болса, жобадан кейін бұл көр­сеткіш 100 пайызға дейін тө­мен­дейді деп жоспарлануда. Ал екі округке қарасты елді мекендерде 126 тұрғын атаулы көмек алса, бағ­дарламаға қатысқан соң олардың 96-сы, яғни 76,2 пайызының әлеу­мет­тік жағдайы артады. Нәтиже­сін­де, аудан бойынша жобаға қатысқан аза­маттардың табысы екі жарым есе­ге дейін көбейеді. Мал, құс, өсім­дік шаруашылығында едәуір өсім бо­лады, – дейді Әйтеке би ауданы әкі­мінің орынбасары Арман Алда­бер­генов.
P.S. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын, өңірлерде кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен бір триллион теңге қаражат бөлінетіндігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай, елімізде алдағы үш жыл ішінде ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ералы Тоғжанов бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған кезде аталған пилоттық жоба Жамбыл облысында өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтқан еді. Енді ол «Ауыл аманатын» Ақтөбе облысында сәтті жүзеге асырмақ...
Данагүл БАЙМҰҚАШ, Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары