501
Мыңжылдықтың құрдасы
Мыңжылдықтың құрдасы
Ұлт үшін туған бір кісі жүз кісінің жұмысын істейді. Сол табан ет пен маңдай тер ұлт тарихын мыңжылдықтардың қойнауына бастайды. Қазақ тарихы – жоқтан бар болып, бардан кемелденіп өз ақиқатын іздеп келе жатқан жас тарих. Осы жолға қаншама өткенін іздеген оқымыстылар саналы ғұмырын арнады. Елдің алдына шығып аузында жүрмесе де, туған халқы үшін адал еңбек етіп жүрген ғалымдар да аз емес. Соның бірі де бірегейі тарихшы, жазушы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы.
Қазақ тарихын тірілту жолында академик Бейсенбай Кенжебаевтың алар орны ерекше. Қылышы қылпылдаған тоталитарлық жүйенің құрсауында отырып көл-көсір дүние қалдырды. Шәкірттерін ел баспайтын соныға салып, тереңге қарай індете зерттеуге талпындырды. Ары кетсе бір-екі ғасырды ғана қамтитын қазақ тарихын сонау Күлтегін заманына апарып тіреді. Осы жолда Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубаева секілді Бейсекеңнің талантты шәкірттері қазақ үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Біз көп өгейлік көрген, қағажуға ұшыраған елміз. Шын тарихымыз бүркемеленіп, қолдан жасалған жүйенің құрбаны болдық. Кім екенімізді, қандай Ұлы халық, Мәңгілік ел екенімізді енді-енді ұғынып келеміз. Десе де, тарихымыз толық көркем шығармаға, кинофильмге, сахналық қойылымға айналған жоқ. Алтын Орда заманынан үзік-үзік, хандық дәуірден қадау-қадау ғана романдарды айтпағанда бұл жағында әлі де олқылық көп-ақ! Бұл жиі айтылып та, жазылып та жүрген мәселе. Жыл сайын шығып жатқан тарихи фильмдер көңіл қуантады. Бірте-бірте осы ақтаңдақтың орнын толтырамыз деп сенемін. Осы тұрғыдан алып қарағанда Тұрсынхан Зәкенұлы кемімізді толықтырып, кетігімізді бүтіндеп жүрген бірегей тұлға.
Мәңгі тастарға маңдайын тіреп ойланып, таңдайынан аталы сөз төгілген жазушының қаламы қаншама жауһарды тудырды. Көзін жұмса, Күлтегін заманын, қазақтың еркін дәуірін көретін, бабалар рухымен үнсіз тілдесетін Тұрсынхан Зәкенұлы тыңға түрен салды. Қара Ертістің бойында туып, ерке Есілдің жағасында толысып, кемеліне келген бүгінгі 60 жас мерейтойына дейін қазағы үшін жан аямай қызмет етті. Ұлы қағандарымыздың сөзімен айтқанда күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ақ қағазына қара сиясын төгіп, қара терін ағызып еңбектенді.
Тұрсынхан Зәкенұлының қаламынан туған шығармалар шор-шор алтынға пара-пар. «Балқантауға барғандар», «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас» романдары – осы сөзіміздің дәлелі. Қолына алғаш қалам ұстаған өндір кезінен бастап қазақ тарихының иіріміне терең бойлайды. Шаң басқан архивтерді ақтарып, қаншама қала мен даланы аралап баба тарихын іздеді. Тырнақалды туындысы «Балқантауға барғандар» – бірден ел аузына ілігіп, жақсы бағасын алғаны осы ізденістің жемісі. Ғұн көсемі Атилланың бейнесін ашып көрсеткен бұл роман қазақ руханияты үшін баға жетпес байлық. «Аспан қамшысы» атанған даңқты Еділ патшаның ерлік жолын, күрескер рухын қазақ даласына қайта жеткізді.
«Көк бөрілердің көз жасы» романы – Тұрсынхан Зәкенұлы шығармашылының шыңы. Жазушының өзіндік қолтаңбасын, дара болмысын паш ететін туынды. 2001 жылғы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған жабық әдеби конкурстың бас жүлдесін жеңіп алуы осының айғағы. Романның өн бойы толған аталы сөз, кесек образ, кемел байлам, соны жаңалыққа толы. Тұрсынхан Зәкенұлы – қазақ әдебиетіне алғаш Шыңғыс хан образын әкелуші. Шыңғыс заманынан бұрынғы найман, керей, меркіт хандықтарының тыныс-тіршілігін суреттейтін аталмыш роман көкжиегімізді кеңейте түсті. Ала өгіздей мөңіреп ұшқан өткір жебелер бұғауда жатқан тарихи санамызды жарып өтті. Тарихи деректермен жұмыс істейтін шынның жүзінде, ақиқаттың ақ жолында ғана жүретін қаламгер ұйқыға кеткен қарт тарихты оятты.
«Мәңгітас» романы – қазақ тарихының түп-қайнары жайлы жазылған тұңғыш шығарма. Көне Түркі қағанатының көркем де жанды тарихы. Тоныкөк абыздың ғұмырнамалық шежіресі. Он үш жасында табығаш жұрт Чаң-ан қаласына аттанған бала Тоныкөктен тоқсандағы дана Тоныкөкке дейінгі арда жолын суреттейді. Қапаған, Білге қаған, Күлтегіннің өмір жолын баяндайды. Міне, бұл біздің тарихымыздың көркем шығармаға айналуы. Енді осы шығарма желісімен фильм түсіріп, Ұлы бабаларымызға еңселі ескерткіш орната алсақ, тарихымыздың бір пұшпағының бүтінделгені деп білемін.
Орда тіккен белінде күнге мұжылған қой тастар ғана қалған тарихты аршып алу қиынның қиыны. Бұл жұмыс мұрағаттың шаңын ғана жұтқызбайды, қиянаттың уын да қоса ішкізеді. Ол қиянатты кім не себепті жасағанын біз анық білеміз. Өткенге терең үңілер күн туғанда шын еңбекқор адам ғана сол жолдағы мақсатына жетуді мұрат тұтады. Мен Тұрсынхан Зәкенұлын қазақ тарихын қайта жазушылардың бірі деп танимын. Бөгенайы бөлек романдарынан өзге ғылыми мақалалары, монографиялары бір төбе. Олардың бәрі қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Мысалы, Қытай тарихшысы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» және төрт томдық «Қазақтың жалпы тарихы» атты зерттеу еңбектерін ана тіліне тәржімалады. Бұл қазақ халқы үшін өте құнды, жауһарлы дүние болып саналмақ.
Қазақ тарихы – парағы сарғайған, жыртылған, көп жері жұлынып жоғалған ескі кітап сынды. Осы кітаптың әр бетін әр тарихшы толықтыруға, кемелдендіруге хақысы бар. Ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының осы миханатты жолдағы ақ адал еңбегін біз әрқашан жоғары бағалаймыз. Мыңжылдық тас ескерткіштерге тіл бітіріп, көркем шежіреге айналдыра алған жазушының кесек те кемел романдарын біз қашан да жата-жастана оқимыз. Қазақ халқы тегіне үңіліп, өткеніне бойлаған сайын Тұрсынхан Зәкенұлы шығармаларына айналып келіп ат басын тірейді. Көк Түріктің өр рухымен тілдесіп, алапасы артады. Елдіктің жолында еңсесін тік ұстай алады. Мәңгілік ел болмақтың мұраты да осы. Тұрсынхан Зәкенұлы мәңгітастардың маңдайындағы жазуды тірілту арқылы қазақтың Мәңгілік ел болу жолына алтын көпір салып отыр. Өткен мен бүгінді жалғаған, рухты оятып, ділімізді тірілткен жазушыға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз!
Берік УӘЛИ