ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ ғалымдарымен бірлесе жұмыс істейді

ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ ғалымдарымен бірлесе жұмыс істейді

ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ ғалымдарымен бірлесе жұмыс істейді
ашық дереккөзі
354
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ-тағы Миссисипи университеті ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге кірісті. Жақында зерттеу орталығының базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚазҰУ-дің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылған болатын. Мұнда сұраныстағы өнімдердің бірі – тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы биологиялық белсенді қоспа. 2020 жылы дайындалған табиғи тұнбаның құрамына өкпені қуаттайтын, қақырық түсіретін, қанды сұйылтатын, қандағы майларды жоғалтып, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат беріп, ұйқыны реттейтін қасиеті бар өсімдіктер қосылған. Орталық директоры Жанар Жеңіс аталған қоспаның ковидке белсенділігін терең зерттеу мақсатында жуырда Миссисипи университетіне арнайы барды. Осы сапар нәтижесінде енді ҚазҰУ базасында дайындалған биологиялық өнім АҚШ университетінің заманауи зертханаларында жан-жақты сараланып, өзге сырқаттарға емдік әсері анықталатын болды. «Мақсатымыз – дайындалған қоспа құрамындағы негізгі биологиялық белсенді қосылыстарды бөліп алу, құрылымдарын жетілдіру және фармокологиялық белсенділігін зерттеу. Қазіргі таңда тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы қоспаның ковидке белсенділігін терең зерттеу жұмыстарын Миссисипи университетінің ғалымдарымен бірге шәкіртім, біздің ғылыми қызметкеріміз Жанна Ақжігітова бірлесіп атқаруда», – дейді жоба авторы, профессор Жанар Жеңіс. Орталық ғалымдары емдік өсімдіктердің қасиеттерін зерттеу жұмыстарымен 20 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын және иммунитетті көтеретін фито-шайлар өндірілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Баспасөз қызметі

Серіктес жаңалықтары