Алматыда өрт сөндірушілер 2 жасар қызды құтқарып қалды

Алматыда өрт сөндірушілер 2 жасар қызды құтқарып қалды

Алматыда өрт сөндірушілер 2 жасар қызды құтқарып қалды
ашық дереккөзі
50232
Алматыда өрт сөндірушілер 2 жасар мүгедек баланы өрттен құткарып қалды. Бұл туралы қазақстандық спортшы Ардақ Назаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, олардың жедел іс-қимылдарының арқасында екі жасар мүгедек қыз бала мен бір жанұя тұтас аман қалды.
«Спорт залға кіріп бір сағаттай жаттығып шыққанымызша қасымыздағы пәтер өртеніп, біздің өрт сөндіруші батырларымыз отты толық сөндіріп, екі жасар мүгедек баланы және бір жанұяны құтқарып қалыпты. Өрт шыққан пәтердегі азаматтар, ысқа тұншыққаннан ба, ұйықтай берген. Егер өрт сөндіруші батырларымыз келмесе, екі жанұя қайғылы жағдайға ұшырар ма еді? Екі жасар мүгедек баланы өрттен аман алып шыққан жігіт Алматы қаласы, Бостандық ауданының өрт сөндіруші маманы Әділ Еркінұлы. Бастарын бәйгеге тіккен батыр жігіттердің еңбегі бағаланса екен», - деп жазды ол.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай 24 қараша күні сағат 10:31-де Бостандық ауданы, Кекілбайұлы көшесі, 129/3 мекенжайы бойынша орналасқан үйде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жеткен. Белгілі болғандай, 3-ші қабаттағы пәтерлердің бірінің балконынан шыққан өрт бөлмеге тарап үлгерген.
«Улы қара түтін тұрғындарды эвакуациялау жолдарын бөгеп тастады. Қызыл жалын жоғарғы қабаттағы пәтерге таралу қаупін тудырды. Пәтерде кішкентай бала қалып қалғаны туралы ақпарат келіп түсті. Барлау жүргізу барысында МӨС-1 Өрт сөндіруші-құтқарушысы Әділ Дәуренқұлов қолда бар тыныс алу органдарын қорғау құралдарын пайдалана отырып, төртінші қабаттағы пәтерден екі жасар қызды шығарды. Жедел жәрдем бригадасы қарап тексергеннен кейін бүлдіршін ата-анасына аман-есен табысталды»,- деп хабарлады ведомстводан.

Серіктес жаңалықтары