1424
Жері байдың елі неге бай емес?
Жері байдың елі неге бай емес?
Пайдалы қазба дегенде ел байлығы, халық игілігі деген бейнелі тіркестер қоса айтылады. Жеріміздегі кен қорының молдығы бұлжымас мақтаныш аргументіне айналған, оған негіз де жоқ емес, әрине. Әйтсе де, құқықтық жағынан да, моральдық тұрғыдан да өзіне тиесілі байлықтың игілігін халық қаншалықты көре алып отыр? Көре алып отыр ма?
Жер қойнауындағы байлық қалай игеріліп жатыр, кім игеріп жатыр? Халыққа тиісті үлес қаншалықты әділ үлестіріледі? Заңда не айтылған?
Экология министрлігінің 2021 жылғы ақпаратында пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында 8 мыңнан астам кен орны тіркелгені айтылады. Оның 910-ы – қатты пайдалы қазбалар, 3 мыңнан астамы – кең таралған пайдалы қазбалар деген мәлімет бар. Дәл осы жылы министрлік геологиялық барлау аясында 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылғанын, еліміздің пайдалы қазбалар қоры кеңейгенін мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн тонна темір кені және 31,7 млн тонна мұнай.
– Жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Соның ішінде қатты пайдалы қазбалар – 9, көмірсутек шикізаты – 6, жерасты сулары – 5, – деп айтылған ресми мәлімдемеде.
Ал 2022 жылғы ресми ақпаратта еліміздегі кен орындарының жалпы саны 8 711 екені нақтыланған.
Жалпы пайдалы қазбалар қорларының ішінде экономикалық маңыздылығы бойынша ең үлкен салмаққа мұнай, көмір, мыс, темір, қорғасын, мырыш, хромиттер, алтын, марганец ие деп саналады.
Сонымен қатар табиғи байлық арқылы ел экономикасына тартылған инвестициялардың саны былтыр рекордтық деңгейге жеткен.
– Соңғы 25 жылда Қазақстанға тартылған 73 трлн теңгенің 70 пайыздан астамы – мұнай-газ секторына, 27 пайызы тау-кен металлургия кешеніне тиесілі, – деп Экология министрлігі мәлімдеген болатын.
Ал биылғы Президенттің Жолдауында ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек екеніне баса мән берілді. Одан бөлек, геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет екені айтылды. Яғни, бұған дейін бізде мұндай база болмаған. Сонымен қатар Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру туралы тапсырма берілді. Демек, жер байлығын игеру, тау-кен өндірісі инвесторлар үшін тартымды сектор болып қала бермек.
Дүниежүзілік банк рейтингіне көз жүгіртсек, еліміз табиғи ресурстардан түсетін табыс бойынша (ЖІӨ пайызымен) 17-орында тұр. Ресурста 1990-2020 жылдар аралығындағы деректер ұсынылған. Осы кезең ішінде еліміздің орташа көрсеткіші – 17,63 пайыз. Ең төменгі көрсеткіш – 2,95 пайыз 1998 жылы, ең жоғары 32,12 пайыз 2008 жылы тіркелген екен.
Жалпы экономика тұрақты болса, халық, бизнес, мемлекет барлығы бірдей пайда көреді. Дегенмен бұл заңдылықтың орындалмағанын дәлелді алға тартпай-ақ сенімді түрде айтуға болады.
Әйтсе де, еліміздегі кен өндірушілерден мемлекетке түскен табысты есептеп көрейік. Жалпы, пайдалы қазба өндірушілер қандай төлемдер төлеуге міндеттелген? Ол міндеттер орындалып отыр ма?
«Өзімдікі дей алмай...»
Жер қойнауын игеруге қатысты ашық мәліметтер базасы – ЕГСУ порталындағы Мұнай-газ және тау-кен секторларындағы пайдаланушылардың салықтық және салықтық емес төлемдері бойынша қорытынды есеп мәліметтері бар.
Мұндай төлемдерге салық түсімдері, табиғи және басқа ресурстарды пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер, бюджетке түсетін басқа да салық емес төлемдер, кеден төлемдері кіреді.
2021 жылғы қорытынды есепті бірінші рет қарағанда, былтыр барлығы 11,5 трлн 482 млрд теңгедей қаражат түскені көрсетілген. Оның ішінде Ұлттық қор – 2 трлн 972 млрд теңгеге, республикалық бюджет – 6 миллиард 709 миллион теңгеге, ал жергілікті бюджет 1 трлн 800 млрд теңгеге толыққаны жазылған еді. Дегенмен, бір қызығы – порталға кіріп, қорытынды ақпаратқа сұрау салған сайын салық түсімдері бойынша көрсеткіштер, яғни төлемдердің сомасы өзгеріп отырады. Бұл бұрмалау ма, әлде техникалық қателік пе, бұл жағы беймәлім.
Одан бөлек, порталдағы меншіктегі мемлекеттік үлестер бойынша қорытынды есепте мемлекеттің үлесі бар 10 төлеушінің ғана мемлекетке төлеген дивиденттері туралы ақпарат бар. Кей ірі кәсіпорындардың, мәселен «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қазхром», «Жәйрем» тау-кен байыту зауыты, «Қазақстан электролиз зауыты», «Шұбаркөл Көмір», «ТрансКом», «Қашар Руда» т.б орындардың, басшылығының 5 жылдан бергі мемлекетке төлеген ақшасы туралы мәлімет жоқ екені бұған дейін де біраз айтылған болатын. Дегенмен кен байлықтары тоқтаусыз игеріліп, шетелге сатылып жатыр.
Биылғы қазанда сенатор Дәурен Әділбеков жер қойнауын пайдалануға арналған салық ставкаларын арттыру есебінен бюджетті толықтыруды ұсыныпты. Ол қазір сектордағы салық жүктемесі 8-9 пайыздан аспайтынын, бұл – шикізаттық емес секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жүктемесімен бірдей деуге болатынын алға тартыпты. Депутаттың айтуынша, басқа елдерде өтелмейтін табиғи қорлар үшін жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу 25 пайыз деңгейінде. Сонымен қатар ол Лондон түсті металдар биржасының деректерін келтіріп, онда өткен жылы алтын бағасы 40,6 пайызға, күміс бағасы 71 пайызға, темір рудасы 110 пайызға өскенін айтады. Бұл біздің компаниялардың табыс деңгейіне әсер ете қоймаған.
– Тау-кен секторының жер қойнауын пайдаланушыларына салық жүктемесін ұлғайту биржалық қатты пайдалы қазбаларға, негізгі экспорттық позицияларға мөлшерлемені шамамен 1,5-2 есе арттыру жолымен жүзеге асырылуға тиіс деп санаймыз. Бұл шара ХДПИ бойынша қосымша түсімдерді 200 млрд теңгеден асыра ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тау-кен металлургия кешені жоғары маржа екенін ескеру қажет, – депті сенатор.
Депутаттың дерегіне сүйенсек, тек 2017-2018 жылдары жарияланған қаржылық есептілікке сәйкес, аталған сектор шетелге жалпы сомасы 3 трлн теңгеге дивиденд төлеген.
Сенатор шетелдіктерге төленетін дивидендтерге салық салу жүйесін де сынап, жеңілдіктерді алып тастау мәселесін көтеріпті. Қазір Қазақстан резиденттерді біздің елімізде пайдалы қазбаларды өндіру есебінен алған дивидендтер бөлігінен салық төлеуге міндеттемейді. Дамушы елдердің басым көпшілігінде мұндай жеңілдік қарастырылмайтынын айта кету керек.
Сондай-ақ Дәурен Әділбеков Қазақстанның тауар биржаларында жасалған мәмілелерге салықтық жеңілдіктерді алып тастауды ұсынды. Иә, сонымен қатар жер қойнауын игерушілерге мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік, қолдау да қарастырылған.
Яғни, пайдалы қазбалардың негізгі иесі халық болса да, одан түсетін пайданы халық көріп жатыр деп айтуға келмейді. Тіпті, бұл туралы ақпараттың өзі толық емес немесе күмәнді.
Заң не дейді?
1991 жылы тәуелсіздігіміз жарияланған сәттен бастап жер қойнауын пайдалану үшін жеткілікті ауқымды заңнамалық база құрылды. Тау-кен саласындағы қатынастар, кез келген басқа нарықтық қатынастар сияқты, азаматтық, экологиялық, корпоративтік, валюталық, жер және басқа да салалық заңнамалардың ережелерімен реттеледі.
1996 жылғы «Жер қойнауы туралы» заң мен 1995 жылғы «Мұнай туралы» заңды барлық пайдалы қазбаларға қатысты жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттейтін базалық заң – 2010 жылы қабылданған «Жер қойнауы туралы» заң алмастырған еді. Одан бөлек, заңнаманың маңызды бөлігін көптеген заңға тәуелді акті, аталған заңды дамытуға қабылданған Үкімет қаулылары құрады.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы қалыптастыру процесі осы уақытқа дейін жаңа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы да, ескілерін өзгерту арқылы да белсенді түрде жалғасын тауып отыр. Осы тұста 1999 жылы басталған Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланудың құқықтық режимін қатаңдату үрдісін, заңнамалық базаны экологияландыруды және қазақстандық өндірушілерді қолдау саясатын атап өтуге болады.
Одан бөлек, 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс айналымға енгізілді. Нақтырақ айтқанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнама нормаларын жүйелендіруді көздейтін, сонымен қатар инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қабылданды.
Кодекстегі негізгі жаңалықтар қатарында «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланудың аустралиялық моделін енгізу, пайдалы қазбалардың қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшу, геологиялық ақпараттардың қолжетімділігімен қамтамасыз ету айтылды.
Одан бөлек, жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін 2019 жылдан бастап коммерциялық табу бонусын алып тастау туралы бастама көтерілді. Теңіздегі және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған неғұрлым қарапайым балама салық ұсынылды. Жер қойнауын пайдалануға арналған балама салықты енгізу кезінде салық төлеушіге жер қойнауын пайдаланушының арнайы салықтарын төлеудің жалпыға бірдей белгіленген тәртібінде қалу құқығы берілетін болды. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалға алу төлемдерінің тетігі енгізілді.
Сонымен, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы 2010 жылғы 24 маусымдағы заңның 11-бабында жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екені айтылған. Қазақстан халқының атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Яғни, жер байлығынан халыққа тиесілі үлесті ұқсатуға мемлекет, Үкімет тікелей жауапты. «Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекеттік меншік режимі арқылы іске асырылатыны» да көрсетілген. Ал 8-бапта жер қойнауын пайдаланудың ақылы екені айтылған.
Заң бойынша, жер қойнауын пайдалану ақылы (өтеулі). Жер қойнауын пайдалану үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу арқылы жүзеге асырылады. Оны біз талдап өттік.
Салық пен салықтық емес бұл төлемдерден бөлек, пайдалы қазбаларды игерушілердің халық алдында басқа да бірқатар міндеттемесі бар. 36-баптың 10-тармағы арқылы жер қойнауын пайдаланушылар өздері кен өндіріп отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға атсалысуға, яғни осы мақсатта қаражат бөлуге міндеттеледі.
Өңірлердің дамуына қаншалықты
үлес қосылып отыр?
Сонымен, «Жер қойнауы туралы» заң және басқа да нормативтік-құқықтық актілерде жер қойнауын пайдаланушылардың халық алдындағы міндеттері бекітілген. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың негізгі міндеттері келісімшартқа және заңнамаға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде адамның өмірі, денсаулығы және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келісімшарттық аумақты келісімшартта көзделген мақсаттарда ғана пайдалану, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары мен технологиялық схемалардың ережелерін сақтау. Одан бөлек, жұмыспен қамту кезінде жергілікті халыққа басымдық беру де айтылған. Сонымен қатар кен өндірген кезде жұмыспен қамтылған мамандарды оқытуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысу мәселелері қарастырылған. Яғни, жер қойнауындағы байлықтан түскен ақшаның бір бөлігі сол өңірдегі тұрғындардың өмірін жақсартуға жұмсалуға тиіс.
Жоғарыда тоқталып өткен ЕГСУ порталында өңірдің дамуына бөлінген қаражат және оның қандай мақсатта, неге берілгеніне қатысты ақпарат бар. Былтырғы тізімге көз жүгіртсек, тек 16 кен игерушінің ғана осы мақсатта қаражат бөлгені көрсетілген.
Одан бөлек, бұл міндеттеме, атында тұрғандай өңірдің әлеуметтік жадайын, инфрақұрылымын дамытуға ғана жұмсалуға тиіс. Яғни, бастама кен сарқылғанда, оның игілігі әлі біразға дейін халыққа қызмет етсін деген ниетте енгізілген тетік. Дегенмен жаңағы 16 жер қойнауын пайдаланушының біразы инфрақұрылымға, тіпті қатысы жоқ қайырымдылық немесе басқа да мақсатта ақша бөлгенін байқауға болады. Мәселен, жаңажылдық сыйлықтарға, науқас адамның еміне, қарттар үйіне іс-шара өткізуге немесе тағы да басқа. Бұл бір жағынан қайырымдылық, дегенмен бұл міндеттеме мектеп, аурухана құрылысы, тұрғын үймен қамту сияқты ауқымы мен бюджеті әлдеқайда кең бастамаларды қаржыландыруға тиіс екенін естен шығармаған жөн.
Одан бөлек, жер қойнауын заңсыз, өз бетінше пайдаланатындармен күреске де ерекше мән беріліп отыр. Дегенмен заңды түрде пайдаланып отырғандардың өзінде кем-кетік көп.
Мәселен, биылғы 10 қарашада Президент Бас прокурор Берік Асыловты қабылдаған еді. Сол кезде ол жер қойнауын пайдаланушылардың бюджетке 96 миллиард теңге міндетті төлемді төлемегенін айтқан болатын. Берік Асыловтың айтуынша, осы жер қойнауын пайдалану мен автомобиль жолдары салаларында аса күрделі заң бұзу фактілері анықталған.
Индустрия министрлігі кен өндіруге дайын тұрған 144 кен орнын барлауға келісімшарт берген. Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының аясында прокурорлардың актілеріне сәйкес, құны 43 миллиард теңгені құрайтын заңсыз берілген және мақсатына пайдаланылмаған 7,3 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған. Соның ішінде олигополия меншігіндегі 140 мың гектар жер болғаны анықталыпты. Осындай енді 160 мың гектар жер қайтарылады деп жоспарланған екен.
Қорыта айтқанда, жер қойнауы 30 жылдан бері игеріліп келсе де, әлі күнге дейін жүйеленбей отыр. Ең басты мәселе – жер байлығының игілігін халық көріп отырған жоқ. Шикізатты экспортқа жібереміз, ол дайын өнім болып өзімізге қайтып келеді. Ал сол екі аралықтағы түсетін пайда қайда кетеді деген сұрақ өз-өзіне жауап беріп тұрғандай. Жалпы, жердің байлығы халық үшін абстрактілі ұғымға айналған: бар деп мақтанамыз, қанша екені, қайда екені беймәлім...