651
Шынайылық пен көркемдіктің шебері еді
Шынайылық пен көркемдіктің шебері еді
Осыдан екі жарым жыл бұрын маусым айының соңғы күндерінің бірінде қалта телефоным шырылдап қоя бергенде дисплейден «Қажығали аға» деген жазуды оқып, әрі қуандым, әрі қысылдым. Өйткені коронавирус үдеп тұрған қиын ахуалда үлкен кісіге өзім хабарласып, хал сұрауым керек еді... Асыға-үсіге амандасып, «ұялған тек тұрмас» дегендей, хабарсыз қалғанымды жуып-шайып, кешірім сұрап жатырмын. «Е, менікі әншейін хал білу ғана. Жағдай дұрыс па, тым-тырыс кеттіңдер ғой тіпті?» деп бастап, үй ішінің есендігін сөз етіп, не жазып жатқанымызды сұрасып, амандық тілесіп қоштасып едік. Интернетке бірнеше күн кірмей кетіп, дүйсенбі кештетіп Facebook-ті ашып қалғанымда, алдымнан ағаның қайтыс болғаны туралы хабар шыға келді де, есеңгіреп қалдым...
«Подросток»
Сол күні кешке Төлен Әбдік ағаға қоңырау шалып, көңіл айттым.
– Екеуіміз бала кезден бірге өскендей дос едік. Себебі бірінші курстан бастап жұбымыз жазылмай бірге жүрдік, сырлас болдық. Әдебиетке де қатар келдік. Пікірлес едік. Біздің үйдегі жеңгең оны үнемі «Подросток» деп күлетін. Баладай жаны таза адам еді ғой. Қайтейін, қиналдым... Жағдай қиын боп тұр ғой қазір. Сақтанып жүріңдер, аман болыңдар! – деді Төкең.
Содан бірер жыл бұрын Facebook-те жазушы, күй зерттеушісі марқұм Таласбек Әсемқұловтың туған күніне орай «Екі рет көрген түс» деп басымнан өткен жайттарды қосып, шағын естелік жаздым. Оны «Қазақ әдебиетіндегі» достарым алып, газетке басып жіберіпті. Бір күні Қажыағам хабарласып:
– Әй, сен мынадай әсерлі оқиғаны, қызық дүниені неге жай ғана естелік қып жаза саласың? – деп ұрыссын. – Мынау бір әңгімеге едәуір ілік болатын керемет деталь ғой! Жазушы қаламымен соғатын үйдің әр кірпіші, блогы – осындай детальдар емес пе?! Соны қалай болса солай жұмсауға бола ма екен? Сақтап қой, бір керегіңе жарайды әлі. Бұдан былай ондай детальдарға жауапсыз қарама! Ұқыпты бол! – деп еді...
Өзінен кейінгілерге тілеулес, ақылшы аға еді...
Мен жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармаларымен алғаш кітапқа енді қызыға ден қойған бала күнімде – сонау 80-жылдары танысқан едім. Қоңырқай мұқабалы «Тоғай сыбдыры» атты кітаптағы әңгімелердің көңіліме жағып, кеудемдегі арман-қиялды түрткілеп, әбден әсерлендіргені сонша, кейін тағы бірнеше рет қайталап оқып, көкірегіме тоқи түскенмін. Ондағы әр оқиға, әр ой, әр кейіпкер санама сіңіп, жадымда жатталып қалды. Сондықтан ба екен, әкем жаздырып алатын қалың басылымның ішінен «Жаңа фильм» журналын парақтағанда оның соңғы жағындағы «Бас редактор – Қажығали Мұханбетқалиұлы» деген есім мен үшін етене таныс, ерекше жақын болып тұратын. Қазір ойлап отырсам, осының бәрі жазушы шығармаларындағы оқырман жүрегін баурап алар шынайылық пен көркемдіктің құдіреті екен.
Шағын жанрдың
шабандозы
Сондықтан да жұртшылық Қажығали ағаның Сырым батыр көтерілісінің ғана емес, орыстың қазақ жерін отарлауының тарихи мәні мен сипатын ашып көрсеткен «Тар кезең» романын көбірек сөз еткенімен, менің жаныма ол кісінің әңгімелері мейлінше жақынырақ. Әңгімелерінен не артық, не кем деталь таппайсыз, «сөз қорым мол» деп реті келсін-келмесін қыздырмалатып, қызыл тілді безеу де жоқ, қай тұста көркем шығарма, ой немесе сөйлем нені керексініп тұр, соны ғана беріп, бәрін орын-орнымен, мөлшермен ғана қолданады. «Әңгіме қалай жазылуы керек?» деген сабақ өткізілсе, соның көрнекі құралы, мінсіз үлгісі болардай. «Не қажет, тек соны ғана айту, артық ештеңе айтпау – әне, нағыз шешендік дегеніміз сол!» деген Франсуа Ларошфуконың өсиетін бұлжытпай ұстанған қаламдасы секілді...
Әдебиет әлеміне алғаш 60-жылдардың аяғына таман нық қадам басқан таланттар шоғырының белді өкілі саналатын оның қалам қуаты осы шағын жанрларда айқын аңғарылды. Жазушының тіпті де қиыннан қиыстырып әуре болмастан өмірдің өзінен сол ап-анық күйі алына салған айшықты туындылары құдды құйылып түскен ыстық қорғасын секілді. Мезетте құйылып түскен қорғасын сол пошым, сол пішінінде лезде қатады, оны сосын өз қалауыңызша қайта өзгертуге тырысып, қанша қиқаласаңыз да ештеңе өнбейді – бекерге бүлдіріп аласыз. Қажығали ақсақалдың әңгімелерінің де маған сол ыстық буы бұрқырап сорғалай құйылған қалпы, шынайы бітімі ұнайды.
Мәселен, кешкі серуенге шыққан екі ақсақалдың әріден тартқан әсерлі естеліктері арқылы-ақ тіршіліктің мәні туралы ойлантатын «Өмір» әңгімесі, қысқаметражды көркем фильм сияқты бәрі де көз алдыңнан таспадай өріліп өте шығатын, жас келіншектің сезім сырын шертетін «Қарымта», кейпкерлерімен бірге сізді де тоғай аралатып, балыққа ертіп әкететін мейлінше шынайы «Берекесіз тоғайы», балаға да, ересек оқырманға да айтары мол «Атымтай» мен «Муратик»... Айта берсем, көп. Ер-азамат қай кезде жылайды? Әділетсіздікке төзбей қарсы шыққанында маңдайы тасқа соғылып, қиянат көріп, ыза қысқан кезде... десек, «Жігіттің көз жасы» әңгімесінде адам жанындағы осы бір сезім толқуы керемет бейнеленеді.
Ал «Қысқы түн» әңгімесінде ел ортасынан жырақ кетіп, оңаша қой бағып отырған шал мен кемпір өмірінің бір-ақ сәтіне куә боласыз. Сол бір сәт, бір кеш, бір түннің өзі оқырманға көп жайттан хабар береді. Ымырт үйіріле бастаған шақтағы шағын қарбаластан олардың қолдарында жас келіні бар екенін, ұлдың әскерге кеткенін, кемпір-шалдың сол баладан хат күтіп зарығып отырғанын ұғасыз. Аяз күшейіп тұрған апақ-сапақта бума-бума боп жиналып қалған газет-журналды жеткізіп бермек боп екі жас жігіт келе қалады. Әншейінде іздесең таптырмайтын балалардың бұл жүрісін қарт бірден жақтырмайды. «Елдің ортасында отырудың орнына қартайғанда қой бағам деп қиғылық салған, тым болмаса өздеріндей жас көмекші де алмаған алжыған қақпастың» тірлігіне наразы кемпірдің қонақтарға шаққан мұңы шал ашуын үдете түседі. «Жер түбіне кетсең де іздеп тауып алып отырған жоқ па мыналар? Елдің ортасында отырсаң қайдан тыныштық берер. Жас болған соң бұлардың отырмақ-сотырмағы, кинә-синәсі болмай тұра ма? Жас бала... бірдемеге ұрынып қалып жүрсе... Құдая, сақтай гөр!» дейді өз ойынан өзі шошып. Сөйтеді де, «кемпір, тездетіп сорпаңды әкел, балалар асығып отырған шығар» дейді. Бірақ «балалар» асықпайды, «қап, мотордың суын ағызып қойып едім» дейді бірі жорта сан соққан болып. Ақыры бұлардың осында қонатынын білген қария құдайы қонақты үйден қуып жібере алмай, амал жоқ, түнгі күзетке шығады. Қой күзетіп отырса да, ақсақалдың ойы түзде емес, үйде болады. «Кемпір келінді өз жанына алып жатты ма екен-ай» деп уайымдайды. Түнімен елегізіп, ауық-ауық мылтық атып, иттерін айтақтап, өз-өзінен үйді айналып, айғайлап шығады. Оның малын ит-құстан ғана емес, беймезгіл қонақтардан жас келінін де күзетіп шыққанын сезінесіз. Сезініп қана қоймайсыз, өзіңіз де мазасызданып, қалай «күзетіскеніңізді» білмей қаласыз...
Ол сынның да
майталманы еді
Қажығали ақсақал қазақ интеллигенциясының қасіреті туралы үш хикаят жазды. Біріншісі – өз отбасын тастап, орыстан, татардан әйел алып, халқынан, ауылынан, ағайынынан алыстап кеткен алдыңғы буынның аянышты тағдыры («Ақырғы күн»). Екіншісі – репрессияға ұшырап, айдалып кеткен, заманның бар азабын тартып, қоғамға қайта оралған, бірақ ешкім қайтып қабыл алмаған зиялының бастан кешкендері («Бұралаң жол»). Үшіншісі – кеңес дәуірінің бергі кезеңіндегі білімді, оқыған азаматтардың арасындағы көзқарас қайшылықтары жайында («Ескі достар»).
Өкініштісі, жазушының осы хикаяттары туралы әлі күнге ауыз толтырып айтарлықтай толымды сын жазылған жоқ. Бұл туындыларын ғана емес, жалпы шығармашылығын біздің әдеби сын жақсылап талдап-таразылады дей алмаймыз. Әр жерде бір атүсті атап өтіліп, жайдақ мақталып, жанама түрде сөз етілгені болмаса, кәсіби тұрғыда лайықты бағасы беріле қоймағаны анық.
– Рас, сол күйі ешкім ештеңе деген жоқ. Қазір жұрт бір-бірін оқымайды да ғой. Оның үстіне, мен «Тар кезең» романымен архивке көміліп, көп отырдым да, 20 жыл бойы басқа ештеңе жазбай, оқырмандардың тұтас бір буынының жадынан шығып кеттім. Басқа шығармаларым жөнінде ара-тұра жазылды, бірақ әлгі үш хикаят жөнінде тырс еткен үн болған жоқ. Кімге барып арыз айтасың? Әдебиетте не бар екеніңді, не жоқ екеніңді сезіндірмеген күйі діңкеңді құртып, сағыңды сындырып, тым-тырыс үнсіз қалу – талант өлтірудің ең арсыз әдісі ғой. Тым болмаса, аямай сынаса – мен де тірі жанмын, өзімді ақтап, қорғап шығар едім ғой. Өйтіп, өздері ұятқа қалғысы келмеді. Мақтауға – қимады, ар жағындағы қызғанышы жібермеді. Сөйтіп, «Оқығам жоқ» деп көз жұмып отыра берді, – деп қынжылып еді бірде ағамыз.
Ал Қажыағаңның өзі сын жазуға да майталман еді. Бір сұхбатында Тұрдыбек Алшынбаев, Тобық Жармағамбетов, Жақсылық Түменбаев секілді аса көп айтыла бермейтін жазушылар туралы сөз қозғады. Таланты басқа атақты жазушылардан кем емес осындай қаламгерлердің сонда да ескерусіз қала беретініне қынжылатынын білдірді. Ақыры ешкім үндемей қойған соң бірде әбден ыза боп, «Әлдеқашан айтылатын сөз еді...» деген тақырыппен Молдахмет Қаназ шығармашылығы туралы мақала жазғанын айтты.
– Мен бір жетіскеннен, сыншылығым ұстағаннан жазған жоқпын. Жігіттерге обал да! Ешкім жұмған аузын ашпайды. Пысықтығы жоқ, бірақ жақсы, талантты жазушылар осылай елеусіз қалып жатыр. Молдахмет Қаназ – өте құрметтейтін жазушым. Ширақ, шымыр шығармалары бар. «Қияндағы күн нұры» деген хикаяты – классикалық туынды! Кезінде грузиндер аттай қалап, өз тілдеріне аударған. Бірақ ол туралы да айтылмайды, жазылмайды, – деп өкініш білдірген болатын.
Қажыағаң – қашанда өз ойын ашық айтатын, мақаласында, сұхбатында атын атап тұрып сынаудан тартынбайтын әділ адам еді. «Бізде полемика мәдениеті дамымаған ғой, сыналған адам да, былайғы жұрт та бұған әдебиеттің ісі деп емес, жеке бастың мәселесі деп қарайды, дұрыс түсінбейді, мұның сізге не керегі бар?» деп сұрағанымда: «Маған түкке де керегі жоқ, тек «жұрттың құлағы үйрене берсінші, жастар өз ойын ашық айтудан қорықпауға болатынын түсінсінші» деп пікірлерімді жасырмай айтып жүремін», – деген еді.
Жиырма жылға
созылған шығарма
Осыдан бес жыл бұрын Қажығали ағамен жақсылап бір сырласқандай болып едім. Мынау бір үзік сыр сол сұхбаттан алынып отыр:
«Қазақ әдебиетінде ашық айтыла бермейтін бір мәселе бар. Бәлкім, оған әлі деңгейіміз жетпей жатыр ма, білмеймін. Кей жазушылардың әңгімелері жап-жақсы оқылады, бірақ мән беріп қарасаң – «литературщина» бар. Яғни, жазу техникасын меңгеріп алған, өте сауатты жазылған, бірақ жан жоқ. Жүрегіңді қозғамайды, лүп еткізбейді. Себебі «апырмай, әне бір тұсында күшті тауып кеткен екен-ау, мынау бір айтылмай жүрген, біз ескермеген нәрсе екен-ау» дейтіндей оқшау ой, елжіретер ештеңе жоқ. Яғни, әдебиеттің дүниесі емес, таза машықтың нәтижесі. Осындай жақсы «литературщинамен» айналысып жүргендердің өзі бізде керемет жазушы саналады. Өйткені деңгейі одан да төмен, сол «литературщинаның» өзін жетістіре алмай жүргендер жетерлік.
Сосын бізде тосын ой, жаңа сөз айтқан, басқаша жазуға, қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлгі-шеңберден шығуға ұмтылған шығармаларды лайықты бағалай білу жоқ. Әдеби сын деген жылына қанша кітап шықты, қандай шығармалар жазылды, кімнің қанша жылдық мерейтойы өтті – соны түгендеумен шектелмейді. Сын – құр сынап-мінеу де емес. Сын әдебиеттегі жақсы шығарманың, талантты шығарманың лайықты бағасын беріп, ол несімен ерекше, несімен мықты – талдап-таразылап, оның тууының әлеуметтік мәніне, жазылу себебіне үңілуі керек. Біздегі қазіргі сынның деңгейі – «мына әңгіме немесе өлең жақсы екен» дейді де қояды. Жақсы деген жай сөз. Сын шығарманың жақсы екенін айтып қоя салмай, несімен жақсы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп беруі керек...»
Қазақтың сөз өнеріне, әдебиетіне, жазушы еңбегіне жанашыр көзқарастағы, ашынған қаламгердің жан сыры секілді осы сөздер...
Ал «Тар кезең» – таза тарихи тұлға туралы роман. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс – қазақ тарихындағы үлкен оқиға. Сондықтан жазушы бұл шығармаға бұрынғысынан да мол ыждағатпен кірісті. Көз майын тауысып, талай архив ақтарды, қаншама тарихи материал қарады. Кейін өзі айтқандай, романға сол қыруар мәліметтің ширек бөлігі ғана пайдаланылыпты. Топырақ арасынан алтын іздегендей ауыр еңбек қой бұл деген! Өйткені тарихи дерек оқырманға қанша қызықты болғанымен, шығарманың әдеби тінімен қабыспаса, жымдасып кетпесе, оған зиянын тигізеді, көркемдік сипатын бұзады. Сондықтан да «Тар кезеңді» жазу барысында Қажығали Мұханбетқалиұлы автор ретінде, бір жағынан, жазушылық қиялының өзін шектеп отыруға тырысса, екінші жағынан, деректі дүниеге ұқсап кетпеуін қатты қадағалаған. Бұл – өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қос құлама жардың ортасына тартылған қылдай арқанның үстімен құламай жүріп өткендей майталман шеберлікті қажет ететін іс. Қажыағаң сол үдеден шыға білді. Кітапты жазуға 1992 жылы кірісті. Сол жылғы «Жалын» журналының 6-санында романның бірінші тарауы шықты. Тура 20 жылдан соң, 2012 жылы «Тар кезең» толық аяқталғанда, сол тарау бір сөзі өзгерместен кітапқа енді. Әдеби ортада жоғары бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
* * *
1942 жылдың 8 желтоқсанында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы биыл мерейлі 80 жасқа келер еді. Алдыңғы жылы бақи дүниеге аттанған аяулы ағаның жарқын бейнесін жадымызға тұтып, шығармашылығын насихаттап, мол мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің қолдан келер іс енді осы ғана.
Қашанда ақ сөйлейтін, әділін айтатын турашыл ақсақал, қаламын шындыққа суарған жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы тамаша шығармалары арқылы қазақ жадында өмір сүре береді.
Сәкен СЫБАНБАЙ