Экономист қымбатшылықты тоқтатудың үш әдісін ұсынды

Экономист қымбатшылықты тоқтатудың үш әдісін ұсынды

Экономист қымбатшылықты тоқтатудың үш әдісін ұсынды
ашық дереккөзі
550

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, биыл қарашада тұтыну бағасының индексі өткен аймен салыстырғанда 101,4% болды. Азық-түлік тауарлары бір ай ішінде 1,8% қымбаттады, азық-түлік емес тауарлары бағасы 1,6% өсті, ақылы көрсетілетін қызметтер 0,8% қымбаттады. Ал жыл басынан бергі кезеңде азық-түлік 23,4 пайыз қымбаттаған. Кей тауарлардың бағасы екі есе өскен. Осылайша, қымбатшылық қазіргі кездегі ең өткір мәселе болып отыр.

АӨК салалары бойынша экономист сарапшы Арман Байғанов еліміздегі азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін бірқатар нақты шараларды атқарған жөн деп есептейді. Экономист маман алдымен фермерлердің негізгі мәселелерінің біріне тоқталып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне өз ұсынысын айтты.

– Біріншіден, қазір мемлекеттік қаржы органдарынан жеңілдікпен қаражат алуға жүгінген фермерлердің негізгі проблемасы кепілмен қамтамасыз ету бойынша туындап отыр, себебіауылдарды қамтамасыз етудің тиімділігі аз саналады және төмен бағаланады. Осыған байланысты, агроөнеркәсіптік кешен салаларын қаржыландыруға жеңілдікпен  бөлінетін қаражат ұлғайған жағдайда да бюджет қаражатының толық игерілмей қалуы мүмкін. Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржы компанияларымен бірлесіп ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия қаражатын қосымша кепілді қамтамасыз ету ретінде пайдалану мүмкіндігін әзірлеуді ұсынамын. Мысалы, мал шаруашылығында мемлекеттік субсидия мөлшері сатып алынатын мал құнының 50%-на дейін, ауыл шаруашылығы техникасына бөлінетін субсидия оның баланстық құнының 30%-на дейін жетеді. Демек, егер субсидияның түсімдері бастапқы жарна ретінде немесе қамтамасыз ету ретінде ескерілер болса, онда фермерлерді қаржыландыру мөлшері айтарлықтай өседі (шамамен 20-50%). Мұның бәрі бізге фермерлердің қаржыландыруын арттыруға, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және сәйкесінше оның құнын төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.

Одан бөлек экономист жеміс-жидек бағасын реттеуге қатысты да өз ұсынысын алға тартты.

Екіншіден, елімізде «интенсивті алма бақтары» атты қаржыландыру бойынша өте табысты мамандандырылған бағдарлама бар, соның арқасында соңғы жылдары алма бағасы аса қымбаттамады деуге болады, ал қалған ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша бағаның айтарлықтай өскені байқалады. Алма шаруашылығы саласын қаржыландырудың табысты тәжірибесінің негізінде ауыл шаруашылығы министрлігіне жүзім, таңқурай және басқа да жеміс-жидек өсіруді қаржыландырудың ұқсас өнімін әзірлеуді ұсынамын, бұл елдің барлық табиғи-климаттық ерекшеліктерін тиімді пайдалануға ықпал ететін болады, – дейді Арман Байғанов.

Келесі, үшінші мәселе ретінде жылыжайда өсетін өнімдердің бағасын төмендету туралы айтты.

Үшіншіден,  жыл сайын, әсіресе қыста, жылыжай өнімдерінің (қияр, қызанақ және т.б.) бағасының бірнеше есе қымбаттайды. Бағаның өсуі нақты мына факторларға байланысты:

а) шетелде құрастырылған, өндірілген өнеркәсіптік жылыжайлардың бағасы қымбат;

б) энергия тасымалдау бағаcының тұрақты түрде қымбаттауы, ал бұл жылыжай өнімі құнының негізгі үлесін құрайды.

в) Өнім өндіру елдің оңтүстігінде қарқынды жүреді, сәйкесінше айтарлықтай логистикалық шығын шығады, оған қоса өнімді жеткізу уақыты кешеуілдейді, бұл өнімнің сапасына теріс әсер етеді.

Бағаны төмендету үшін траншеялық (жерасты) типтегі жылыжайлардың жаңа түрлерін (елдің солтүстігінде) қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын. Жылыжайдың бұл түрінің артықшылығы – энергия бойынша аса тиімді: жердегі стандартты жылыжайларға қарағанда энергия шығындары бес есе төмен болады. Сонымен қатар, бұл жылыжайларды ұзағырақ пайдалануға болады, ал құрылымның негізгі бөлігін өз күшімізбен құрастыра аламыз (импортты алмастыру), бұл жобаның өзіндік құнын және сәйкесінше өсірілген жылыжай өнімдерінің құнын төмендетеді, – дейді экономист.

Серіктес жаңалықтары