Тіл саясаты

Тіл саясаты

Тіл саясаты
ашық дереккөзі
1832
Тіл саясаты – тілдің құрылымына, қызметіне және қол­да­нылу аясына әсер ететін саясат механизмі. Ғылыми термин ретінде өткен ғасырда қолданысқа енгенімен, бағзы за­маннан бастап адамдардың қарым-қатынасы мен ойлауы үшін қолданатын маңызды құрал тілмен (жазумен) қатар өмір сүріп келеді. Саясаттың құралы әрі объектісі ретінде әзірленеді, тү­сіндіріледі, қолданылады және жүзеге асырылады. «Этнография және тіл саясаты» еңбегінің авторы Т.Маккарти айтқандай, «Тіл саясаты – күрделі әлеуметтік-мәдени процесс». Саясаттағы лауазымды тұлға, тіл жана­шыры, сала көш­бас­шылары және қоғам белсенділері саясатты әзірлейді; Сая­сатты әзірлеушілер мен қолдануға жауап­тылар (мұ­ға­лімдер, жұмыс берушілер және бі­лім беру менеджерлері) саясатты түсін­діреді; мұғалім (оқытушы) мен оқушы (білім алу­шы), жұмыс берушілер мен қызметкерлер, ата-аналар мен балалар саясатты қолданады; мұғалім (оқытушы), оқушы (білім алушы) және қоғам мүшесі саясатты жүзеге асырады. Әрине, бұл саясаттың көздеген түпкі мақсаты бірізді деп айта алмаймыз, әр­түрлі. Мемлекеттегі титулды ұлт тілі мен эт­ностық топтардың тілдері арасындағы қа­рым-қатынасты отандық ғалым Е.Тоғ­жанов вестерндік тіл саясаты, истерндік тіл сая­саты және демократиялық тіл саясаты де­ген бағыттарға бөліп, өзіндік ерекше­лік­терін айқындаса, батыстық белгілі линг­вис­тер Х.Клосс бен Т.Уайли ілгерілетуші тіл сая­саты, орынды тіл саясаты, толерантты тіл сая­саты, шектеулі тіл саясаты, нөлдік тіл сая­саты және репрессиялық тіл саясаты деп ж­і­ліктей түседі. Вестерндік тіл саясаты еуропалық тіл­дердің қолданылу аясын кеңейтуге бағ­дарланады. Ата Түрік тұсындағы Түр­кия­ның әліпбиін латындандырып, сөздік құра­мын араб пен парсы сөздерінен тазартуы осы бағытта жүзеге асқан. Истерндік тіл саясаты теократиялық елдерде айқын байқалады. Мысалы, Иран немесе Ауғанстанда араб тілі мен жазуы киелі болып саналады, батыс өрке­ние­тінің жетістіктері қабылданбайды, ха­лық­аралық сөздер мен терминдерді араб және парсы баламаларымен ауыстырады. Демократиялық тіл саясаты тіл мәр­те­бесіне қарамай, барлық тілдердің құқығын қорғайды. Зерттеушілер пікірінше, де­мократиялық, зайырлы, құқықтық мем­ле­кет ретінде орнықтырған қазіргі қазақ­стан­дық тіл саясаты осы бағытта тұжырымдалады. Ілгерілетуші тіл саясаты – мемлекет, үкі­мет этностық топтар тілдерінің қол­­­­данылуын қолдау үшін ресурстар бөледі: 1) этностық топ тілдерін ресурс ретінде қарас­тырып, дамыту, қолдау және жандан­дыру шараларын жүргізеді. Қазақстан Рес­публикасында Тілдерді дамыту мен қол­дану­дың 2011-2020 және 2020-2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасының не­гізгі міндеттерінің бірі – этностық топ­тардың тілдерін дамыту; 2) тілдің құқықтық мәртебесі арқылы эт­нос­тық топ тілдерін дамытады, сақтайды жә­не жандандырады. «Тiл туралы» заңның 23-бабына сәйкес «Қазақстан Республи­ка­сын­да мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiл­дер мемлекеттiң қорғауында болады. Мем­лекеттiк органдар бұл тiлдердiң қол­да­нылуы мен дамуына қажеттi жағдай жа­сай­ды». Орынды тіл саясаты – ілгерілетуші тіл саясатының әлсіз нұсқасы. Заңдар этностық топтардың тілдерін қолдану аясын кеңейту үшін емес, көбінесе қысқамерзімді өмір сүру үшін қабылданады. Этностық топ тіл­дері проблема ретінде қарастырылып, түп­кі мақсаты титулды ұлт тілін меңгеру жә­не қолдануды, яғни өтпелі қостілді білім беру­ді жүзеге асыруды көздейді. Тарих­на­малық зерттеулерге назар салсаңыз, ХХ ға­сырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан-дағы кеңестік тіл саясаты осылай жүзеге асқан-ды. Толерантты тіл саясаты – мемлекеттің этностық топтың тілдік өміріне бей-жай қарауымен ерекшеленеді. Толерантты тіл саясаты жеке тілдік мектептер сияқты ме­кемелерді кедергісіз дамытуға мүмкіндік бере­ді. Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы да, нормативті-құқықтық акті­ле­рі де, Тілдерді дамыту мен қолданудың мем­­­­­лекеттік бағдарламасы да толерантты ұста­нымда. Қазір мектепке дейінгі бі­лім қа­зақ, орыс, өзбек, ұйғыр және ағыл­шын тіл­дерін­де жүргізілсе, бастауыш, негізгі ор­та, жал­пы орта білім беру қазақ, орыс, өз­бек, ұй­ғыр, тәжік тілдерінде беріледі. Шектеулі тіл саясаты – заңнама не­гі­зінде этностық топ тілдерін қол­дануға тыйым салады немесе шектейді. Эт­нос­тық топ тілдері проблема ретінде қарас­ты­рылып, қолданыс аясы шектеледі немесе жойылады. Титулды ұлт тілінің үстемдігі ор­найды. Кеңес үкіметі құрылған кезде этни­калық топтардың көпшілігі қолданатын 193 тіл болса, 1937 жылға қарай 90-ға дейін қыс­­­қарған, 1988 жылы тек 39 оқыту тілі қал­ды. Осы уақыт аралығында қаншама тіл әлеу­меттік өмірден біртіндеп жоғалып кет­ті?! Нөлдік тіл саясатының ерекшелігі эт­ностық топ тілдерін айқын мойын­да­­майды. Нөлдік тіл саясаты лингвистикалық әр­түрлілікке әсер етіп, этностық топ тіл­дері­нің мектептер мен қоғамдағы рөлін көр­сете­ді. Құқықтық тұрғыдан саясаттағы нөл­дік ақиқаттағы шектеуші тіл саясаты болуы мүм­кін, оның мақсаты – этностық топ тіл­дері­нің қолданылуын шектеу. Нөлдік тіл сая­саты этностық топ тілдерін қол­дану­шы­лардың ешбір қосымша көмексіз ти­тулды ұлт­тың тілдік ортасына енуіне әке­леді. Репрессиялық тіл саясаты – этностық топ тілдерін жою бойынша белсенді әре­кеттер жасаумен ерекшеленеді. 1930 жыл­дардың екінші жартысынан бастап Ста­лин санаулы баласы бар орыс ауылда орыс мектебін салды, қара домалағы көп қазақ ауыл­дарындағы қазақ мектептерін жапты. Сонымен қатар қазақ тілі идеологиялық шабуылдың өзегіне айналып, қазақ зиялы қауы­мы екінші қуғын-сүргінге ұшырауына се­беп болды. Олай болса, жоғарыда аталған ба­ғыттардан тіл саясаты тілді тұншықтыра да алатынын, еркін дамуына жағдай жасай да алатынын түсіндік. Енді аз-кем жүзеге асу түр­леріне тоқталайық. Тіл саясаты жүзеге асу механизміне қарай «жоғарыдан төменге» немесе «тө­меннен жоғарыға» жүзеге асырылады. Қа­лыпты ұғымда тіл саясатын билік ұсы­на­ды, бұны ғылымда «жоғарыдан төменге» ба­ғытталған тіл саясаты деп атайды. Яғни, бел­гілі бір басқару құрылымы, мемлекеттік би­лік органдары немесе жеке тұлғалар ұсы­натын макро тіл саясаты. Қазақ тілінің жазу тарихындағы латын (1928 ж.) және кирилл (1940 ж.) графикасына негізделген әліпби реформасы – осының бір дәлелі. Ал қауымдастықтар жасайтын және олар­ға әсер ететін микро немесе қарапайым тіл саясатын «төменнен жоғарыға» бағыт­тал­ған тіл саясаты деп атайды. Ұлт тари­хы­нан үзінді келтірейік, тұңғыш баспасөз құра­лымыз – «Түркістан уәлаяті» газетінде (1870-1882 жж.) қазақ тілін таза сақтау туралы алғашқы мақалалар жарияланса, «Дала уәлаяті» газетінде (1888-1902 жж.) қа­зақ тілінің сол кезеңдегі ахуалы мен бола­ша­ғы, қазақ жазуын жетілдіру жолдары сияқ­ты мәселелер көтерілген. Мәселенің маңы­зын түсінген ұлт зиялылары тілдің құры­лымдық жетілуіне, қызметтік дамуына және қолданыс аясының кеңеюіне мақсатты әре­кет етті. Бір ғана мысал, дәуір куәгері Абай­дың Мағауияға жазған хаты (1896 ж.) мен Мүрсейіт (1905, 1907, 1910 жж.) көшір­ген қолжазбаларын тілдік тенденциялар тұр­ғысынан зерттесеңіз, жәдид жазуынан жаңа әліпбиге эволюция ұмтылысын бай­қайсыз. Ал осы процесті жетілдірген Ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуының қа­зақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын тү­зеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби жа­сады әрі құзырлы орынның ешбір қаулы-қа­рарынсыз халықтық қолданысқа енгізді. Демек, «жоғарыдан төменге» немесе «төменнен жоғарыға» терминдері – тіл саясатын кім құрастырып, кім түсіндіріп, кім жүзеге асырып жатқанына байланысты са­лыстырмалы ұғымдар. Басқаша айтқанда, тіл саясаты жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да болуы мүмкін: ол бір уақытта жо­ғарыдан төмен «жасырын» және төмен-нен жоғарыға «ашық» жүзеге асуы да ық­ти­мал. «Жасырын» мен «ашық» термині тіл сая­са­тын жүзеге асыру құралы мен мақсатына қа­тысты айтылады. Белгілі АҚШ ғалымы Д.Джон­сон «жасырынды» макродеңгейде әдейі жасырған (алдамшы/көзбояушы) тіл сая­саты немесе микродеңгейде әдейі жа­сырған (диверсиялық) тіл саясаты» десе, «ашық­ты» тіл саясатының мәтіні жазбаша не­месе ауызша түрде көпшілік алдында көр­сетіледі» деп түсіндіреді. Ғалым Е.Тоғжанов тіл саясаты заң­дар­мен, кесімдермен, мемлекеттік бағ­дар­ламалармен бекіп, көрінеу жүргізілуі де, ресми заңнамасыз немесе ресми заңнамаға мән бермей көмескі жүргізілуі де мүмкін еке­нін айтады. Көрінеу тіл саясаты туралы мы­салдар көп, ал көмескі тіл саясаты қата­ры­на АҚШ-тағы ағылшын тілі, КСРО-дағы орыс тіліне қатысты саясатты жат­қызуға бо­лады. АҚШ-та ағылшын тілін ресми тілі деп жариялаған заңнамалық құжат жоқ, бірақ халықтық белгіленбеген ресми тіл. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қа­былданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады. Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды. Пенсильвания университетінің про­фессоры Г. Шиффман «көрінеу» мен «көмескінің» айырмашылығы «ашық» пен «жасырынның» айырмашылығымен бірдей, бел­гілі бір тілдің ресми және бейресми қол­да­нылуын сипаттау», – дейді. Мысалы, мем­ле­кеттік тіл – қазақ тілі, бірақ ресми жина­лыс­тардың көп бөлігі бейресми тілде өтеді. Тель-Авив университетінің профессор Э.Шаухами «жасырын» терминін сахна ар­тын­­дағы, әсіресе (саясаткерлер) белгілі бір ниет­пен әдейі жасырын түрде жүзеге асыра­тын тіл саясатын сипаттау үшін қолданады. Ал Г. Шиффман мұндай сипатты «жасырын» тіл саясаты туралы анықтамасында қос­тай­ды және жасырын тіл саясаты да дивер­сия­лық болуы мүмкін екенін де атап көрсетеді. Мы­­са­лы, белгілі бір топ немесе құрылымда ашық тіл саясатына жасырын белсенді түрде қар­сы тұрады. Осылайша, жасырын тіл сая­саты жоғарыдан төменге немесе төменнен жо­ғарыға бағытталған саяси процесс немесе ұйымдастырушылық іс-әрекет болуы мүмкін. Бірақ ештеңеге қарамастан, «көрінеу» мен «кө­мескі» дихотомиясын «ашық» пен «жа­сы­рын» дихотомиясынан ажырату пайдалы сияқ­ты. Бұл саясаттың мақсатын ерекшелік ре­тінде пайдалану керектігін айтады, яғни «жа­сырын» түсінігі саяси мақсатын әдейі жасыру коннотациясына ие. Демек, жасырын тіл саясаты дегеніміз: 1) саясаткерлердің мақсаты әдейі жа­сырылған немесе бүркемеленген тіл сая­саты; 2) диверсиялық жоспарлар немесе дивер­сия әрекеттері салдарынан көпшілікке жария етілмейтін тіл саясаты. Тілдік құқық пен тілдік тәжірибеде «заң­ды тіл саясаты» деп ресми түрде жаз­баша түрде жазылған тіл саясатын атай­ды. Ал «нақты тіл саясаты» – мүлдем жоқ не­месе заңға қайшы жасалған жергілікті сая­сат, заңда белгіленген саясатқа сәйкес кел­мейтін жергілікті тілдік тәжірибе. Нақты тіл­дік әрекет нақты тіл саясатының барын (немесе жоғын) білдіреді. Тіл саясатын­дағы тәжірибеге келетін болсақ, Марокконың ресми тілдері араб және бербер тілдері бо­лып табылады. Бірақ әдеттегі тілдік тә­жіри­беде (тілдік білім беруді қоса алғанда) көп­теген марокколық француз тілін қол­данады. «Заңды» ұғымы «ашық» және «кө­рінеу» ұғымдарымен салыстыруға бола­ды, яғни үшеуі де саясаттың «ресми» сипатын көр­сетеді. Алайда тиісінше «нақты» ұғымы «жа­сырын» немесе «көмескі» ұғымдарымен бір­дей мағынаға ие болмауы мүмкін. «Нақты» ұғы­мының тіпті дәстүрлі мағынада да «сая­сат­қа» қатысы екіталай, заңды саясат қалай көр­сетілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде не бо­лып жатқанын білдіреді. Бірақ бұл жұп тер­миндер іс жүзіндегі тіл саясатының рес­ми, заңды түрде көрсетілген тіл саясатынан өзгеше екенін көрсетеді. Мысалы, тіпті ресми түрде біртілді мектептер мен сыныптарда мұ­ға­лімдер сыныптағы оқушыларға арнал­ған көптілді ресурстарды пайдалана алады. Бұл жағдайда, «нақты тіл саясаты» мұғалім тұжырымдаған сыныптың тіл саясатына да, сыныпта жүргізілетін тілдік тәжірибеге де қатысты. Екі ұғым бір-бірімен тығыз байла­нысты болғанымен, әлі де айтарлықтай айыр­машылықтар бар. Осы тұрғыдан ал­ғанда, «нақты» термині жергілікті аймақта тұ­жырымдалған құқықтық ережелерден өзгеше тіл саясатын немесе ол нақты жер­гілікті тіл саясатына сәйкес келетін, бірақ заңды саясаттың ресми мәтінінде көрсе­тілмеген тілдік тәжірибені білдіреді.
P.S.
«Түркістан уәлаяті» газетінде жарияланған қазақ тілі туралы алғашқы мақаладан бастап, TÚRKISTAN халықаралық газетіндегі осы мақалаға дейін бір жарым ғасыр өтті. Осындай уақыт аралығында француздық тәржірибе француз тілі Еуропадағы дипломатиялық тілге айналды, британиялық тәржірибе ағылшын тілі халықаралық тілге айналды, т.с.с. айта беруге болады. Ал бізде ше?.. 1938 жылдың 5 сәуірдегі Қазақ КСР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысында: «Біріншіден, көпұлтты Отанымыз – КСРО-да, орыс тілін білу шаруашылық және мәдени жағынан өсіп-өркендеуге мүмкіндік әперетін, КСРО халықтарының өзара байланыс және қарым-қатынасының күшті құралы. Екіншіден, орыс тілін білу ұлттық кадрлардың ғылым мен техника саласын түсініп, одан әрі жетілуіне жағдай жасайды. Үшіншіден, орыс тілін білу қазақ еңбекшілерінің жұмысшы-шаруа, қызыл әскер мен әскери-теңіз флоты қатарында әскери борышын жақсы атқаруына қажетті мүмкіндік жасайды», – деп орыс тілін қазақ мектептерінде міндетті пән ретінде оқыту қажеттілігін негіздеді. Ал қазір қазақ тілін басқа ұлттан талап ету үшін осындай сұраныстық негіздеме айта аламыз ба? Не істемек керек? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, әуелі тіл стратегиясын айқындау керек. Тілдік стратегия – ғылымда қалыптасқан ұғым. Ол ғылымы дамыған батыс және шығыс елдерінде ғылыми-зерттеу институт ретінде жеке құрылып, жыл сайын Ұлттық баяндама жарық көреді. Екінші, тілдік жоспарлауды жетілдіре түсу керек. Тілді мәртебе тұрғысынан, корпустық игеруді және таратуды жоспарлауда мемлекеттік деңгейден тыс өңірлік, аудандық, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдіру қажет. Үшінші, тілдік қауіпсіздікті қолға алу керек. 11 қыркүйек оқиғасынан соң АҚШ тілдік қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің бір факторы ретінде дамытса, Қытай экономикалық қауіпсіздіктің алғышарты ретінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында «Бір белдеу, бір жол» тіл саясатын жүзеге асырып жатыр. Елдің даму бағытына сай тілдік қауіпсіздікті біз де ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде жүзеге асырғанымыз абзал. Әйтпегенде, «Масаншы оқиғасы», Ұйғыр ауданындағы жағдай тағы қайталана берері хақ.

Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім университетінің ректор кеңесшісі

Серіктес жаңалықтары