2214
Нұрқанат ЖАҚЫПБАЕВ: Өнер дегеніміз – жоқтан бар жасау
Нұрқанат ЖАҚЫПБАЕВ: Өнер дегеніміз – жоқтан бар жасау
Бүгінде театр және кино жұлдыздарына айналған әртістердің көпшілігінен «Біз Жақыпбаевтың шекпенінен шыққанбыз» дегенді жиі естиміз. Өнер әлемінде өзіндік ерекшелігімен көрермендерін тапқан «Жастар» театрының жас өнерпаздарын өрге сүйреген режиссердің атқарған еңбегі расымен орасан. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» демекші, Нұрқанат ағаның тәрбиесін көрген жас өрендердің оны аузынан тастамай, үнемі айтып жүруі сіңірген еңбегінің өлшемі деп бағалауға болады. Жуырда 75 жылдығын атап өткен режиссерге хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Нұрқанат аға, «Жастар» театрының алғашқы сегіз жыл бойы ғимараты болмаған кезде жетекшілігіңіздегі әртістерге «Көресіңдер, театрымыздың өз ғимараты болады. Әрқайсыңның өз үйлерің, жеке көліктерің болады. Қойылымдарымызға көрермен билет таппай қайтатын кезге жетеміз» дегеніңізді олар сұхбаттарында үнемі айтып жүреді. Ел болып енді ғана еңсемізді тіктеп келе жатқан сондай қиын кезеңде бүгінде шындыққа айналып отырған «ертегіге» өзіңіз қалай сендіңіз? Сол кезде сізді көзсіз тәуекелге итермелеген қандай күш болды?
– Өнер, ол – қиялдан туатын нәрсе. Сурет өнері, композиторлық өнер, театр және кино өнері сияқты кез келген өнер түрі қиялдан туады. Яғни, өнер дегеніміз – жоқтан бар жасау деген сөз. Ал ондай шынайы өнерді жасау үшін адамға армандай білу, өз қиялдарына бағына білу және сол қиялдарын талдай білу керек. Бастапқыда ойлаған арман-қиялың қандай мағынада болатынын білмейсің. Содан кейін әртүрлі ізденіске түсесің, ізденістің нәтижесінде формалар табасың. Ол кезеңде бірін-бірі қайталаған театрлардың бағытынан әдейі қашу деген ой менде болған жоқ. Бірақ басқаларына ұқсамайтын ерекше формадағы, әлемдік деңгейдегі театрлардың қатарында тұратын қазақ театрын жасауға болатынына сендім. Сол сенімнің «осы ойыңа жетуің керек» деген іштегі дауысы мені алға итермеледі. «Арманыңды сатпа» деген ұстанымым бар. Арман-қиялға сенудің нәтижесінде бүгінгі күнге жеттік деуге болады.
– Қазіргі күні «Жастар» театрының, онда тәрбиелеген шәкірттеріңіздің жетістіктеріне қарап отырып, сөзсіз мықты тәлімгер екеніңізге куә болып жүрміз. Сіздегі шәкірт жүрегіне жол табудың формуласы қандай?
– Оқыған нәрсеңді оқыған қалпында, білген нәрсеңді өзің білген қалпында айтып отырсаң, ондай қайталауларды тыңдаудан алдыңа келіп отырған кез келген шәкірт жалығады. Мен шәкірттеріме ақыл айтпаймын. Себебі біреудің ақылы біреуге пайдалы бола бермейді. Оның орнына оларды жұмыспен шектеп тастасаң, оларға ақыл сонда кіреді. Шәкірттерді жұмыспен, еңбекпен қызықтыра білу керек. Қызығушылықты тудыра алмасаң, ештеңе де шығара алмайсың. Ол да өз бетінше қиялдана білуі керек. Кейде оларға айтып отырғаның «ертегі» сияқты көрінуі мүмкін. Себебі ол жаңа ғана мектепті бітіріп келді, айтарлықтай еш тәжірибесі жоқ. Алдыңа келіп отырған студенттің сөзіне, ісіне, біліміне, қиялына мән бересің. Кез келген жас актер немесе өнерпаз маман болып шыға келмейді. Солардың ішінен қиялын асқақтата білетіндерін таңдап аласың. Сол таңдаған шәкіртіңді қиялға баулисың. Содан кейін ол сенің көмекшіңе айналады. Бірте-бірте қиялы сенікінен де асқақ болып шығып, оның қиялына өзің ілесе бастайсың. Өнер қиялдан туатын нәрсе болғандықтан, өнерде «мына нәрсе осындай болуы керек» деген заңдылық жоқ. Өнерге келгеннен кейін бәрінің алды бола білуің керек. Алды бола білмесең, ешкім сенің өнеріңе қызықпайды ғой. Ол үшін тынымсыз еңбектенуің керек. Кез келген жетістікке, кез келген қалауыңа еңбек қана жеткізеді. «Еңбек бәрін жеңбек» деген мақалдың шындығын шәкірттердің алдына әкеліп, дәлелдеп көрсетесің.
– Көбісі өнер жолына «танымал тұлғаға айналып, атақты жұлдыз болсам» деген арманмен келеді. Өнерге деген адалдыққа, өнердегі тазалыққа үйрететін ұстаз ретінде сондай арманмен келетін шәкіртке ең бірінші қандай кеңес айтасыз? Қандай талап қоясыз?
– Иә, өнерпаз ретінде сондай арманмен келуі мүмкін. Бірақ жұмыс басталған кезінде ол осы арманын ұмытады. Тіпті, біраз уақыт өткеннен соң шәкірт ретінде сенің қолыңа келгеніне өкінеді. Бірақ кете алмайды. Өйткені менің айтқан әңгімелерімнен, жұмыс істеу тәсілдерімнен өзінің жаңағы «жұлдыз болсам» деген ойынан басқа өзіне керекті жаңа ой тауып жатады, қызығушылықтары оянады. Қызық болғанымен, қиын екенін сезініп, қашуға да тырысады. Бірақ қаша алмайды. Мен ештеңе демесем де, өздері кете алмайды. Өйткені ол жас қой. Оны елітіп алу керек. Ұрсып елітесің бе, тамақ бермей елітесің бе, ұйықтатпай елітесің бе... Әйтеуір, сол жасты еңбекке елітіп аласың.
– Таланттарды «тума талант» және «жүре қалыптасқан талант» деп бөліп жатамыз. Сіздіңше, тума таланттардың ерекшелігі неде?
– Тума талант болмайды. Өнерге деген үлкен сүйіспеншілігінен, қайсыбір өнерпазға қатты еліктеушілігінен бойына сіңген таланттың қандай да бір пайызы болуы мүмкін. Бірақ тума талант деген жоқ. Ондайға өзім сенбеймін. «Шынайы талант» жүре келе қалыптасады. Алайда мектеп кезінен бастап ерекшеленіп тұратын балалар болатыны рас. «Өнерді көрсем екен», «өнерде жүрсем екен» деп бойындағы бар махаббатын өнерге арнап, өнерден ерекше әсер алып тұратын балалар болады. Сондай балалар міндетті түрде өнер жолына келеді.
– Мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген көптеген қызметкердің «Үкімет біздің жағдайымызға немқұрайлы қарайды» деген реніштерін жиі естиміз. Біздегі басқару жүйесі расымен де «қазақтың өнерпазы өз күнін өзі көре алады» деген ұстанымды алға тартатын секілді көрінбей ме?
– Біздің театр мемлекеттің қолдауымен қызмет етіп келеді. Мемлекеттік көмек болмаса, қойылымға керекті декорацияларды, жаздыруың керек музыканы, тағы сол сияқты керектілеріңді қайдан табасың? Мемлекеттен қолдау жоқ емес, бар. Өнер саласына мемлекеттік қолдау міндетті түрде керек. Ондай қолдау болмаса, өнер бір орында тұрып қалады. Біздің театрды іздеп келетін көрермендер «өнер» деп келеді. «Рухани дағдарыста тұрғанда, «тәуекел» деп бір жаман іске барайын деп тұрған қиын кезеңімде осы театрға келіп, жаман жолдан кері қайттым» деп алғысын айтқандар көп болды. Осыдан артық қандай бақыт керек? Ол да бақытты, сен де бақыттысың. Бұл өнер «Адам» деген қалпыңды түзу ұстау үшін қажет.
– Біз де дәл сондай көрермендердің қатарында болдық. Бәріміз де бүгінгі театрға ертең адам болып қалу үшін келеміз. Сондықтан адалдығың мен тазалығыңды сақтап қалуға көмектесетін дәл осындай театр өнерінің бар болғанына, әртістердің өз сүйікті ісімен айналысып жүргеніне қуанамыз. Әйтпесе, «жалақысы аз» деп бұл өнермен қош айтысып, басқа салаға ауысып кеткендер де аз емес қой.
– Жетісіне бір рет театрға келмесең, ол театр болмаса, не боласың? Біздің өнер халыққа шынымен керек болғандықтан, осылай қызмет атқарып келе жатыр.
– «Жастар» театрының 15 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Еліміздің атынан шетелдік фестивальдарға шығып жүрген жалғыз театр деуге болады. АҚШ, Оңтүстік Корея елдерінде өткен фестивальдарда үнемі топ жарасыздар. Театрдан бұдан басқа тағы қандай үміт күтесіз? Болашағы қандай болуын армандайсыз?
– Мен, мысалы, мәңгілік емеспін. Бірақ қазіргі менің жасап жүрген істеріме еліктеп келіп жүргендері, әлі де келетіндері бар. Солардың ішінде біреуі болмаса біреуі өзінің дара жолын тауып кетсе деген ниетпен жұмыс істеп отырмын. Одан кейін елдік намыс, ұлттық намыс деген болады. Менің ұлтымның театр өнері басқа елдердің өнерінен қалып қоймаса екен деп қызмет етесің. Басқа елге барғанда бәрінің алдына шығып, бәрінен озып кетпесе де, әлемдік театр өнерінің қатарынан көрінсе екен, бізге де басқалары тамсана қараса екен деп ойлайсың. Айтып отырғаныңыз рас. Шетелдік фестивальдарда бізді жыл сайын күтеді. Бір рет барып көрсеткен өнеріміз ұнағаннан кейін олар бізді жыл сайын шақырады. Басқа елдердің театры бір күн қойылым қойса, ылғи да біздің театр апарған қойылымдарды қайталап тағы да екінші күн қоюымызды сұрайды. Демек, біздің ұлттың театр өнері шетелде де жоғары сұранысқа ие бола алатынын дәлелдей алдық деп ойлаймын.
– Біз де көрермен ретінде «Жастар» театрының тұғыры әркез биік болсын дейміз! Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Жұлдыз ҚАДІРОВА