Жеңілдетілген бағдарламалар ахуалды ауырлатып отыр

Жеңілдетілген бағдарламалар ахуалды ауырлатып отыр

Жеңілдетілген бағдарламалар ахуалды ауырлатып отыр
ашық дереккөзі
483
25 қарашадағы Сенат отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «7-20-25» бағдарламасын жалғастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Жоспарланған несие лимиті таусылуға таяған ипотекалық бағдарламаның жалғасуы мүмкін екені бұған дейін бірнеше рет айтылған еді. Ведомствоның ресми ақпаратына сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бағдарлама жалғасын табатыны белгілі болған, дегенмен ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тетігі қолдау таппай отыр. Сонымен, бағдарламаны жал­ғастырудың маңызы қандай? Жал­пы, осы уақытқа дейін қандай тиім­ділігі мен кем тұстары болды? Тұрғын үй нарығындағы ах­уал­­­ға жеңілдігі бар бағдарла­ма­лар қа­лай ықпал етеді? Қолдау бар, қаржы тапшы «7-20-25» бағдарламасы Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы ше­шімі бойынша жұмысын бас­та­ған болатын. Бағдарлама «Әр от­ба­сы үшін баспана сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» алғашқы бас­тамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде әзірленген бо­латын. Операторы – «Қазақ­стан­ның тұрақтылық қоры» ак­цио­нер­лік қоғамы. Бағдарламаның негізгі тиімділігі ре­тінде пайыздық мөлшерлеме­сі­нің төмендігі айтылады. Екінші ар­тық­шылығы – алғашқы төлем мөлшері тұр­ғын үй құнының 20 пайызына тең бел­гіленеді. Ал қарызды жабу мерзімі – 25 жылға дейін. Тұрғын үй рәсім­деу­ші­ден қызмет көрсетілгені үшін ешқан­дай комиссия талап етілмейді. Сондай-ақ кепіл мен қарыз алушының өмірін сақ­тандыру міндетті емес, сақтандыру қа­жет болса, барлық шығынды несие бер­ген банк көтереді. Осы жеңіл­детіл­ген талаптың барлығы халықтың бас­па­налы болуына жәрдемдеседі деген се­нім болды. 2021 жылы бастапқы және қайта­ла­ма нарықтарда жылжымайтын мүлік са­тып ала алатын «Баспана хит» бағ­дар­ламасы сәтті аяқталды. Сол кезде 7-20-25-тің лимиті де таусылуға жақын еке­ні туралы айтыла бастаған еді. Әу бас­та бағдарлама аясында 1 триллион теңгеге несие беру жоспарланды. Қазір ақ­шалай лимиттің 811 миллиард тең­ге­ден астамы игерілген. 1 желтоқса­н­дағы мәлімет бойынша, барлығы 61,3 мың адам баспаналы болған. Ипотекаға белсенді сұранысты ескере отырып, Ұлттық банк ипо­тека 2022 жылдың аяғына дейін ха­лыққа толықтай беріліп үлгереді де­ген болжам айтқан болатын. Сонымен қа­тар бағдарламаны қайта жалғастыру жос­парда бар екені айтылды. Алға­шын­да 7-20-25-ке балама бағдарлама ой­лас­тырылып жатқаны хабарланған бо­латын, кейіннен Президент тап­сыр­ма­сынан соң бағдарламаның жалғаса­ты­ны туралы айтыла бастады. Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Пре­зидент сайлауалды тұғырнаманы іс­ке асыру аясында 7-20-25 бағдар­ла­масын 2029 жылға дейін жалғастыруды тапсырған. Ізінше Ұлттық банк Үкіметпен жә­­не басқа да мүдделі мемлекет­тік органдармен бірлесіп, Мемлекет бас­шысының тапсырмасын орындау мақ­сатында жекелеген, соның ішінде қаржыландыру мәселесімен бай­ла­нысты параметрлерді нақтылап жат­қа­нын хабарлады. Ал 25 қарашадағы Сенат отыры­сын­да Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев ипотекалық несиенің пайыз­дық мөлшерлемесін субсидиялау те­тігі қолдау таппай отырғанын айтты. – Субсидиялау қарастырылған. Екін­ші деңгейлі банктен ипотека алған жағдайда жылдық мөлшерлеменің 7 пайызын мемлекет өтейді деп бол­жан­ған болатын. Біз банктерді тарту, ипо­теканың тартымдылығын арттыру үшін осындай тетік қарастырдық. Бірақ қа­зір қаражаттың шектеулі болуына бай­ланысты бұл өтінім Қаржы ми­нистр­лігінен қолдау таппай отыр. Яғ­ни, бұл механизмді қаржыландыру ке­лесі жылы қарастырылмаған. Егер қара­жат табылса, бұл бағдарлама жал­ға­сын табады, – деді ол. Сонымен қатар ресми өкіл бұл мәселе Ұлттық банктің қарауында екенін де нақтылап өтті. Мемлекеттің «мойнындағы» нарық Әуелде айтқандай, бағдарлама­ның пайыздық мөлшерлемесі – 7 пайыз. Бұл нарықтағыдан төмен көр­сеткіш. Ал қалған пайызын мем­ле­кет өтейді. Жалпы, қазір жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың саны біршама. Осылайша, ипотекалық несие на­рығы мемлекеттің қаржылан­дыруы­на толық тәуелді болып отыр. Мәселен, биыл берілетін қарыздардың 90 пайы­зы мемлекеттік бағдарламаларға тие­сі­лі екен, салыстырмалы түрде айта ке­тейік, 2016 жылы бұл көрсеткіш 62 пайыз болған. Сонда ипотека нары­ғы­ның 90 пайызы мемлекетке тәуелді де­ген қорытынды шығаруға болады. Ұлттық банктің биылғы қазан­да­ғы мәліметіне сүйенсек, екін­ші деңгейлі банктерге ипотекалық не­сие және олардың сыйақы мөл­шер­ле­мелеріне мемлекеттен 214 миллиард­тан астам қаражат бөлінген. Қазақстан қаржыгерлерінің қауым­дастығы 7-20-25 бағдарламасы жабы­лар болса, салынып жатқан тұрғын үй­ге төлем қабілеті де, сәйкесінше сұ­ра­­ныс та төмендейді және нарық құл­ды­райды деп мәлімдеген еді. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жыл­­ғы 1 сәуірде БЖЗҚ-дан жи­нақ­тарды алу үшін жеткіліктілік шегі кө­терілгеннен кейін ай сайынғы жа­са­латын үй сатып мәмілелері саны екі есе­ге төмендеген болатын. Яғни, бағ­дар­лама тоқтайтын болса, нарықтағы бағаға халықтың төлем қабілеті сәйкес келмегендіктен, сұраныс азаяды. Ипотекалық несиелеудің көп бө­лігі мемлекеттің мойнында бол­­ғандықтан, Үкімет тұрғын үй қа­рыз­дарын беруге және салымдар бойын­ша сыйлықақыларды төлеуге көп қаражат жұмсайды. Мәселен, келесі жылы Отбасы банкіне салымдар бойынша сый­лықақыларға жұмсалатын шы­ғын­дар көлемі 100 млрд теңгеден асуы мүм­кін деген болжам бар. Тұрғын үй қа­рыздарын беру үшін келесі жылға бюд­жеттен 20 млрд теңге бөлу көздел­ген. Ал үйдің бағасы мемлекет ақша­сы­ның негізінде күн сайын аспандап барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда (2021 жылдың қа­занынан 2022 жылдың қазанына дейін) қайталама нарықтағы пәтер­лер­дің бағасы 27,1 пайызға, жаңа тұрғын үй бағасы 16,6 пайызға қымбаттады. Бұл құрылыс компанияларының одан әрі қарқынды түрде жұмыс істеуіне үл­кен мотивация болып отыр. AERC қолданбалы экономикалық зерт­теу орталығы 7-20-25 ипотекалық кре­диттеу бағдарламасы ұзартылған жағ­дайда еліміздегі жылжымайтын мүлік бағасы одан сайын қымбат­тай­тынын ескерткен болатын. Құрылыс қарқыны қатты Не десек те, елімізде тұрғын үй­лер қарқынды түрде салынып жа­тыр. Ұлттық статистика бюросының мә­ліметіне сүйенсек, биылғы қаңтар-қа­рашада тұрғын үй ғимараттардың жал­пы алаңы 7 086,6 мың шаршы метр 1 099 көппәтерлі тұрғын үй пай­да­лану­ға берілгені айтылады. Жалпы, биыл республика бойынша 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Сонымен, үй алуға халықтың төлем қабілеті жетпейді, тіпті ипо­­­тека рәсімдеуге жағдайы келмейді. Бұл жерде көмекке келетін жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламалары. Нақ­тырақ айтқанда, мемлекеттің қара­жаты. Сол қаражат құрылыс компа­ния­ларының бағаны аспандатуына желеу болып тұр. Яғни, осы арқылы нарықта сұраныс қалыптасып отыр. Ал бағаның өсуіне олар құрылыс материалдарының қым­баттығын, отандық өнімнің тап­­шы­лығын себеп ретінде алға тартады. Осы­ның бәрі қордаланып келіп елдегі ипотекалық несие мөлшерінің өсуіне негіз болып отыр. Қарыздың көбі – ипотека Қазір несие нарығының негізгі драйвері ипотека не­сиелері болып отыр. Яғни, халық ипо­те­каға бас­пананы бұрынғыдан жиі ала бас­та­ған. Жыл басынан бері 131,2 мың қа­зақ­стандық тұрғын үйді несиеге са­тып алған. Ұлттық банктің 2022 жылғы 1 қара­шадағы мәліметінше, ел аза­маттары тұрғын үйге 4,44 трлн тең­ге қарызға алған, жыл басынан бергі өсім 34,5 пайыз болған. Егер қарыздар қандай валютада берілгені туралы деректерді қарас­тыратын болсақ, онда қаңтармен са­лыстырғанда теңгемен кредиттеу 34,3 пайызға, ал шетел валютасында 37,8 пайызға төмендеген. Тұрғын үй сатып алуға Астанада – 1,29 трлн теңге, Алматыда – 1,02 трлн теңге, Қарағанды облысында жә­не Ұлытауда 284 млрд теңге игеріл-ген. Сонымен, биылғы қыркүйектегі Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, бір жыл ішінде ипотекалық қарыздар кө­лемі бірден 46 пайызға өскен, ал сек­тордағы кешіктіріп төлеу үлесі 1 пайыз­дан да аз көрсеткіш көрсеткен. Тамыз айына қарай еліміздегі кредиттер көлемі 20,36 трлн тең­геге жеткен, бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 27,1 пайызға артық. Со­ның ішінде азаматтардың тұрғын үй салу­ға және сатып алуға алған қарыз­дарының көлемі бір жылда 4,16 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – нарықтағы барлық несие портфелінің 20,4 пайызы. Мерзімі өткен қарыздардың кө­лемі 36 млрд теңге, бұл – өт­кен жылмен салыстырғанда 26,4 пайыз­­ға аз. Ал несие нарығының екін­ші тез дамып келе жатқан сегменті – тұ­тынушы несиелерінде ахуал басқаша. Мұнда қарыздар портфелі бір жылда 32,5 пайызға, ал кешіктіру 20,9 пайызға өскен. Бұл ретте Отбасы банк портфелі­нің сапасы бүкіл банк секторы бойын­­ша ең үздік болып отыр. Мәсе­лен, 1 тамызда банк портфеліндегі тө­лем­­дер­дің мерзімі 90 күннен асатын қа­рыз­­дардың салмағы небәрі 0,07% бол­­ған. Жалпы сектор бойынша кешік­тіру бұдан 55 есе көп. Бүгінде ипотеканың орташа со­масы – 15,5 миллион теңге. Та­ғы бір қызық ақпарат: елімізде ипо­те­каны әйелдер жиі ресімдейді екен. Олардың үлесіне берілген қарыз – жал­пы ипотека қарызының 54,4 пайызы. Жа­сына келетін болсақ, қарыз алушы­лардың 50 пайыздан астамы 30-дан 44 жасқа дейін және 30 пайызға жуығы 45-тен 62 жасқа дейін екен. Сонымен қатар баспана алу үшін несие рәсім­дегендердің 62 пайызы екінші деңгейлі банкке жүгінген. Бастапқыда жеңілдетілген ипо­те­калық бағдарламалар мен От­ба­сы банкі сияқты жеке ипотекалық мем­­лекеттік банк нарықтық ипоте­ка­лық бағдарламаларға сұраныстың тө­мендігі және халық үшін шаршы метр­дің кең қолжетімсіздігі салдарынан құ­рылған еді. Соған қарамастан баға да, халықтың баспанамен қамтылуы да әлі жүйеленген жоқ. Егер бұл бағдарламалар халық­тың әлеуметтік осал топтары үшін ғана жұмыс істесе және жекелеген «кә­сіпкерлер» тұрғын үй империяларын құрып, 40-50 пәтерге иелік етіп, пайда табуды азайтса, баға да реттелуі мүмкін. Мұны сарапшы мамандар да растайды. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Жеңілдетілген бағдарламалар нарықтағы жүйені бұзады
– Жалпы, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға деген көзқарасым оң деп айта алмаймын. Оның үстіне, 7-20-25-ті тағы да 2029 жылға дейін ұзарту туралы бол­жам­дар айтылып жатыр. Бұл неге жақсы емес екенін ай­тайын. Қазір нарықта пайыздық мөлшерлемелер өте жоғары. Ал жеңілдетілген несие төмен пайызбен беріледі. Бұл – қаржы нарығының заңдылықтарын толығымен бұ­зады. Нәтижесінде, банктер арасында бәсекелестік болмайды. Сондықтан бұлай болмауы керек. Нарықтағы базалық пайыз инфляцияны тежеп, түсуі керек. Содан кейін банктер онсыз да төмен пайызбен несие беретін болады. Сол қаржылық жүйені құруға ақша-несие саясаты бойынша әрекет жасау керек. Енді бұл жерде жеңілдетілген ипотекалық несиелер бұл менің түсінігімде әлеуметтік осал топтарға ғана арналуы керек. Ал қалған халыққа ереже бірдей болғаны жөн. Сонда ғана нарық дұрыс, қаржылық жүйе де жемісті жұмыс істейтін болады. Ха­лық үшін де тиімді болады. Ал жеңілдетілген бағдарламалар нарықтағы жүйені бұза­ды. Бұл – бір. Ипотекалық несиенің көп берілуінен тұрғын үй бағасын өсіреді. Сондықтан да, белгілі бір дәрежеде пайда әкеледі деген оймен қабылданса да, бұл шаралардың керісінше зияны тиіп жатыр. Нәтижесінде, арнайы бағ­дарлама шеңберінде мыңдаған адам ғана баспаналы болады, көбінің қолы жете бер­мейді. Тұрғын үй нарығында түрлі схеманың, сыбайлас жемқорлықтың көп болуы, көлеңкелі бизнестің «дәурені жүріп» тұрғаны да осыдан болып отыр.
Осылайша, тұрғын үй нарығындағы аспандаған бағалар ха­лық­тың жартысынан көбіне қолжетімді емес деген қорытындыға келуге болады. Ипотекаға қол жеткізе алмай жүргендердің өзі қаншама? Осы орайда нарықты «қолдан реттейтін», жеңілдігі бар бағдар­ла­ма­ларды жалғастырудың шапағаты құрылыс компанияларына кө­бірек тимек.

Серіктес жаңалықтары