Егемен елдің басты құндылығы

Егемен елдің басты құндылығы

Егемен елдің басты құндылығы
ашық дереккөзі
1428
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қа­был­дады. Бұл заң тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мем­лекеттілігіміздің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Сол кезеңдегі саяси-құқықтық жағдайда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­ти­ту­циялық заң «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі тура­лы» декларацияда белгіленген әлемдік аренадағы тәуел­сіз мемлекет ретіндегі егемендігіміздің негіздерін бе­кітті және нығайтты. Бұл заңның маңызы – ол КСРО құрамындағы Қазақ КСР-нің емес, жаңадан құрылған еге­мен мемлекет – Қазақстан Рес­пуб­­­­ликасының тәуелсіздігін жария­лайды. Еліміз тәуелсіздігінің дек­ла­ра­цияда тіркелген негізінің бірі – осы саяси-құқықтық актінің 14-тар­ма­ғындағы ережелер, оған сәйкес елі­мізге халықаралық қатынас­тар­дың дербес субъектісі ретінде әрекет ету, сыртқы саясатты өз мүддесі үшін айқындау, дипломатиялық жә­не консулдық өкілдіктермен алмасу, ха­лықаралық ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ мен оның мамандан­ды­рыл­ған мекемелері қызметіне қа­тысу құқығы берілді. Бұдан басқа, дек­ларацияның осы тармағында рес­публиканың еріктілік пен теңдік қағидатын сақтай отырып, шет мем­лекеттермен өзара тиімді шарттар негізінде экономикалық және сауда байланыстарын құратыны, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешетіні бекітілді. Декларацияның осы ереже­лері «Мемлекеттік тәуелсіз­дік туралы» конституциялық заңда нақ­тыланғанын есте ұстаған жөн. Мә­селен, осы заңның 2-бабында Қа­зақстан Республикасы барлық мем­­лекетпен өзара қарым-қаты­нас­тарын халықаралық құқық қағи­дат­тарына негіздейтіні жазылған, ал 5-бапта Қазақстан Республикасының қолданыстағы шекаралардағы аума­ғы тұтас, бөлінбейтін және қол сұ­ғу­ға болмайтыны көрсетілген. Бұл бап­тардың маңыздылығы қазір біз­дің халқымыз бен еліміз ішкі жә­не сыртқы сын-қатерлер мен тәуе­кел­дерге тап болған кезде де өзек­тілігін жоғалтпайды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев­тың баста­масымен әді­летті қоғам мен Жаңа Қазақстан­ның құрылуына бағыт ала отырып, көпұлтты еліміз­дің әрбір азаматы тәуелсіздігімізді ба­ғалап, қорғап қа­на қоймай, «Тәуел­сіздік» сөзінің ма­ғынасын же­те түсінуі және білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында: «Егемен­ді­гіміздің мәңгілік үштағаны – Ал­тай­дан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ана­ның ақ сүтімен бойымызға дары­ған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүрін­дір­мей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп жазды. Сондықтан тәуелсіздік саяси дербестік және мемлекеттің ха­лықаралық қатынастарда және сыртқы экономикалық қызметте дербес субъект ретінде әрекет ету мүм­кіндігі деп қарастырылуы қажет. Қазақстан Республикасының ха­лықаралық құқық субъектісі, дип­ломатиялық және консулдық өкіл­дік­термен алмасатынын, халық­ара­лық ұйымдарға, ұжымдық қауіп­сіз­дік жүйелеріне кіре алатынын және олардың қызметіне қатыса алаты­нын «Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның 13-бабы рас­тайды, ал 14-бап Қазақстан Рес­пуб­ликасының сыртқы экономи­ка­лық қызмет мәселелерін дербес ше­шетінін айқындайды. «Мемлекеттік тәуелсіздік тура­лы» заңның аталған баптары­ның мән, маңызын мен 2010-2016 жыл­дар аралығында Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Түркия Республикасын­дағы Төтенше және Өкілетті елшісі бо­лып қызмет атқарғанда толық се­зіндім. Шынында, ел мүддесін қор­ғау үшін шетелде қызмет еткенде, көз алдыңда сенің тікелей қаты­суың­­мен Қазақстанның беделі биік­тегенде, еліңе деген құрмет артқан сайын тәуелсіздіктің шынайы мәнін жете түсініп, сезінесің. Дәл осы сәтте өз еліңіз бен халқыңыз үшін мақта­ныш сезіміне бөленесіз. Әділін айтуға тиіспіз, Қазақ­стан­ның халықаралық аре­на­дағы беделі ел Президенті Қ.Тоқаев­тың Қазақстан Республи­ка­сының Конституциясы аясында айқында­ған көреген сыртқы саясатының нә­тижесінде ғана емес, оның дип­ло­матиялық жұмыс бойынша, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысының орын­басары қызметіндегі мол тәжірибесі және кәсіби дипломат ретіндегі жеке қасиеттері: көптілдігі, тілтабысқыш­тығы, басқа елдердің басшыларымен диалог құра білуі, төзімділігі арқа­сын­да өсіп, күшейіп келеді. Мәселен, Президент Қ.Тоқаев: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ма­­қаласында: «Біз дағдарыстан шы­ғудың жолы жоқ сияқты көрінген қиын кезеңді бастан өткердік, бірақ біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрдық» деп атап өтті. Бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясында 2019-2021 жылдар аралығында жұмыс істей оты­рып, мен 1991 жылғы 16 жел­тоқ­санда қабылданған «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» конституциялық заң­­ның маңыздылығы мен өзек­ті­лігін түйсініп, түсінуге мүмкіндік алдым. Мысалы, осы заңның 6-ба­бын­да былай деп айтылады: «Қа­зақ­стан Республикасының азаматтары, тарихи тағдырларының ортақтығы­мен қазақ ұлтымен біріккен барлық ұлттар Қазақстанда егемендіктің бірегей иегері және мемлекеттік биліктің қайнар көзі Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, өз билігін ті­келей де, өзі сайлайтын мемле­кет­тік органдар арқылы да Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде жүзеге асы­ра­ды. Республика азаматтары ұлтына, ді­ніне, қоғамдық бірлестіктерге қа­тыс­тылығына, шығу тегіне, әлеу­мет­тік және мүліктік жағдайына, кәсі­бі­не, тұрғылықты жеріне қарамастан тең құқықтар мен міндеттерге ие». Осы қағидалардың барлығы кейіннен Қазақстанның Не­гізгі Заңы – Конституциямен бекі­ті­ліп орнықты. Қазақстан халқы Ассам­блеясының негізгі міндеттері ұл­таралық және конфессияаралық ке­лісім, қоғамдағы тұрақтылық бо­лып табылатынын ескере отырып, мем­лекеттік тәуелсіздік туралы заң­ның жоғарыда аталған ережелері ҚР Конституциясымен және басқа да заңдармен қатар маңызды мәнге ие. Сондықтан «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» мақала­сында Қа­зақстан Республикасының Пре­зи­денті Қ.Тоқаев былай дейді: «Қа­зақ­стан оңтүстік, шығыс немесе сол­түс­тік болып бөлінбейді. Бұл геог­ра­фия­лық бағытты білдіретін ау­дан­дардың шартты атаулары ғана». Біз­дің егемендігіміз бен тәуелсіз­дігімізді қорғауға қатысты, мен бұған дейін БАҚ-та көтерген және бү­гінде азамат және филолог ғалым ре­­тінде тағы да назар аударғым ке­ле­­тін тағы бір мәселе – мемлекеттік тіл­ді қорғау, одан әрі дамыту және нығайту мәселесі. «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» мақаласында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев тіл мәселесіне сіл­теме жасай отырып былай дейді: «Елі­міздің басты рәміздерінің бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің мем­ле­кеттік мәртебеге ие болуы біз­дің Конституциямызда 90-жылдары нақты жазылған. Біз оның дамуына барлық жағдай жасадық. Осы ке­зең­де мектептер мен басқа да оқу орын­дары­ның, қазақ тілінде оқытатын балабақша саны артты». Осы тұрғыдан алғанда, өзінің Сайлауалды тұғырнама­сын­да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тағы да тіл мәселесіне тоқталып: «Біз мем­­­­лекеттік тілдің одан әрі дамуы мен іс жүзінде қолданылуын қада­ға­лайтын боламыз. Біз тілге байла­ныс­­ты кемсітушіліктің кез келген тү­рі­не үзілді-кесілді қарсылық та­ны­тамыз». Бұған дейін Қазақстан Прези­ден­ті 2019 жылғы 2 қыр­күйек­тегі Қазақстан халқына Жол­дауын­да этносаралық келісім мен ді­наралық өзара түсіністікті ны­ғай­тудағы қазақ халқының мемлекет құру­шы ұлт ретіндегі рөлін ескеру қажеттігін атап өткім келеді. Тіл мәселесіне қатысты, менің ойымша, бұл ережені бола­шақ­та дамыта отырып Конститу­ция­да бекітуге болады. Негізгі Заң­ның 7-бабының 1-тармағы: «Мем­ле­кет құрушы ұлттың тілі ретінде» де­ген сөздермен толықтырылып, оның келесі тармағына мынандай жол­дар қосылса, құба-құп болады: «Қа­зақстан Республикасында мем­лекет құрушы ұлттың тілі ретінде қазақ тілі – мемлекеттік тіл». Айта кету керек, бұл ұсыныс жаңа­лық емес, өйткені ол көпұлтты жә­не көптілді Ресейдің Конс­ти­ту­ция­сында 2020 жылғы конститу­ция­лық реформамен бекітілген. Бұл то­лықтыру біздің елдегі орыс тілі не­месе басқа да тілдердің рөлін тө­мен­детпейді, тек тұтастай алғанда мем­лекеттік егемендікті және Қа­зақстанның тәуелсіздігін нығайтуға ықпалын тигізбек. Қорытындылай келе, Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғыр­на­масында айтқан сөздерін келтіргім келеді: «Әділ Қазақстанның басты құндылықтары – оның тәуелсіздігі, аумақ­тық тұтастығы, біртұтастығы, бірлігі, патриотизмі, еңбекқорлығы, отбасылық құндылықтары, тарихы, халықтық дәстүрлері. Осы құнды­лық­тарды нығайта отырып, біз өз елі­мізді ішкі және сыртқы сын-қа­терлерден қорғаймыз және азамат­тарымыздың болашағы жарқын болуына ықпал етеміз».

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректоры

Серіктес жаңалықтары