440
Қырғызстанның ЕАЭО елдеріне сүт экспорты үш есеге өскен
Қырғызстанның ЕАЭО елдеріне сүт экспорты үш есеге өскен
Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге сүт өнімдері экспорты 2016 жылы 22 мың тоннаны құраған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда үш есеге (5,9 тонна) өскен. Бұл жөнінде елдің Ветеринарлы және фитосанитарлы қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекция директоры Калысбек Жұмақанов үкімет отырысында мәлімдеген.
Оның сөздерінше, отандық сүт өнімдерін шығаратын 19 кәсіпорынды ЕАЭО-ның біріңғай реестріне енгізгеннен кейін нәтиже берген.
Ол сонымен бірге шеттен келетін сүт өнімдерінің азайғаны байқалады дейді.
Үкімет басшысы Сооронбай Жээнбеков мұны Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіргенінің оң нәтижесі деп атап өтіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барынша жағдай жасап, экспортты арттыруды тапсырды.
Қырғызстан 2015 жылдың 12 тамызында Еуразиялық экономикалық одаққа толық мүше болды. Оның артынша шекарада санитарлы, фитосанитарлы және ветеринарлы бақылау алынып тастау керек болған. Алайда Қазақстан бұл мәселені кейінге қалдырған. Қырғыз үкіметінің хабарлауынша, Қазақстаннан басқа ЕАЭО-ға мүше елдердің барлығы ветеринарлы бақылауды алып тастауға келісім берген.