879
Өзгеріске толы жыл
Өзгеріске толы жыл
Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Қаңтар оқиғасынан басталған бұл жылдың қиындығы мен сынағы қатар жүрді.
Не десек те, 2022 жыл ел тарихында қалатын естен кетпес тарихи жыл болды. Газетіміздің жылжабар санында жылдың басты оқиғаларын түгендеп, шолу жасауды жөн көрдік.
Қаңтар қасіреті
Жылыстап бара жатқан жылдың жақсылығын жоққа шығарғанымыз емес, десек те былтырғы қуаңшылықтың, қымбатшылық қыспағынан шыққан халық үшін бұл жыл жеңіл өтті деуге де келмейді. Елдің қабырғасын қайыстырған Қаңтар оқиғасы ел тарихына ең ауыр, қасіретті оқиға болып жазылды. Қаншама азаматтың өмірі қиылды, қаншама адам денсаулығынан айырылды, жақындарын жоғалтқандардың қайғысы еліміз үшін ауыр сынақ болды.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Халық өзгеріс
күтіп отыр
– Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан жұрты үшін, қазақ қоғамы үшін өте бір тағдырлы, тағдыршешті жыл болды. Жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде елдігімізге сын болған қиын-қыстау кезеңді бастан өткіздік. Бұл біздің қоғам үшін де, жұрт үшін де, ел үшін де, бізге қарап отырған әлем үшін де елдігімізді сынға салған оқиға болды. Көш-керуеніміздің бағытын түзеп әкеткен оқиғаның осылай болғаны, әрине, өкінішті. Президент сайлауын өткіздік, халық бірлігін көрсетті, тірлігін көрсетті. Енді қазір халық үмітін үкілеп отыр. Талай елдер осындай жағдайда құрдымға кетіп қалған кездер болған. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында үлкен-үлкен істерді, демократиялық құндылықтарды қолға алатын уақыт келді. Халық қазір өзгеріс күтіп отыр. Жалпы, қоғамда, экономикада, әлеуметтік салада, руханиятта, мәдениетте, барлық салада үлкен-үлкен өзгеріс керек. Өткен жыл қатты ойландырып кеткен жыл болды. Санасы бар адамды ойландырған, түрлі ойға бастаған жыл болды. Адам баласы ұрпағының амандығын тілейді, ұрпағыма болса дейді. Кез келген ұлт болсын, ұлыс болсын жер бетіндегі санасы, есі түзу адамның жалғыз ғана арманы бар: «бейбітшілік болсын, балаларым баянды бақытқа жетсе екен» деген. Біз, қазақ халқы да сол қатардамыз. Мәдениет саласында да, әдебиет саласында да бізде сәл ілгерілеулер бар. Түрлі қолдаулар бар. Кешегі күні шығармашылық адамдарына «Айбоз», «Ұмай» сыйлығы, «Амаnат» партиясының сыйлықтары – біздің қоғамымыздың, санамыздың, салтымыздың өзгеруіне аз да болса ықпал етсе екен деген ізгі ойдан туған дүниелер. Сондықтан ауызды қу шөппен сүртуге болмайды, бізде қай салада болмасын біраз жетістік бар деп пайымдаймын. Жақсылық мол болсын, баянды бақыт болсын, еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Жастарымыз ақыл-ойдың аламанында үлкен бір жетістікке жететіндей, еліміздің керуен көшін бастайтындай саналы азаматтар болып өссін деген тілек айтқым келеді.Саяси трансформацияға ұмтылыс Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде жаппай ауыс-түйіс басталды, талай басшы орнынан алынды, кейбірі қайта тағайындалды. Үлкен саяси реформа басталатыны айтылды. Істі болғандар, күдікке ілінгендерді де көрдік. Олигархтардың заңсыз иемденген байлығын түгендеп, қайтаруға әрекет жасайтынымызды мәлімдедік. «Жаңа Қазақстан» деген жаңа ұғым пайда болды. Оны ескі әдетімізше, сәл әсірелеп те жібердік. Одан соң «Әділетті Қазақстан» құруға бет алғанымыз айтыла бастады. Халық үміт пен күдіктің арасында қалды. Өзгерістерді заң жүзінде шегендеу үшін жалпыхалықтық референдум өткіздік. Сөйтіп, Ата Заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертетін болдық. Осының барлығы Президент сайлауына ұласты. Не десек те, жалпы бұл жыл саяси оқиғаға толы болды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жылды қорытындылап, осы оқиғалардың барлығы үлкен өзгерістерге әкелетінін айтады. Еділ ЖАҢБЫРШИН, Мәжіліс депутаты: Бір жыл ішіндегі саяси трансформациялар үлкен өзгерістерге бастайды
– 2022 жылда елімізде бірнеше маңызды саяси оқиғалар болды. Ең бірінші қаңтардың басындағы оқиғаны айтар едім. Өйткені осы оқиғадан кейін мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер басталды. Үкімет ауысты, Президент жаңа саяси реформаларды қолға алды. Маусым айында бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Конституциямыздың үштен бірі өзгертілді. Суперпрезиденттік басқару институтынан «Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» институтын қалыптастыруға бет алдық. Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар пропорционалдық және мажоритарлық жүйемен, ал қалалар мен аудандардың мәслихаттары тек бір мандаттық сайлау өткізу арқылы құрамдалатын болды. Бұл өз кезегінде саяси аренада қоғам белсенділерінің арасында бәсекелестікті арттырып және халықтың мемлекет ісіне тығыз араласуына мүмкіндік береді. Тағы бір мән беретін өзгеріс – ол облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жаңа форматта тағайындау. Бұл да демократиялық үрдістердің көрінісі деп айтуға болады. Жылдың екінші жартысында маңызды екі саяси оқиға болды. Тағы да Ата Заңымызға өзгеріс еніп, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауы қайтарылды және Қазақстан Республикасының Президенті «Бір Президент – бір мерзім» принципімен жеті жылға бір рет сайланды. Бір жыл ішінде өткен саяси трансформациялар мемлекетіміздің басқару институттарында, әлеуметтік-экономикалық бағыттарында үлкен өзгерістерге әкеліп, Әділетті Қазақстан құруға ықпал ететіні даусыз.Ентіккен экономика Биыл халық қымбатшылықтың қысымын қатты сезінді. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап тұрудың өзі мұңға айналды. Үкіметтің бағаны реттеу саясаты сынға ілікті, азық-түлік бағасы халық үшін басты мәселе болды. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бар десек, соның ішінде пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы қатты қымбаттаған. Инфляция деңгейі шарықтап кетті. Бұл жыл коронадағдарыстан шатқаяқтаған ел экономикасына үлкен соққы болды. Әлемдегі геосаяси ахуалдың біз үшін ұтымды тұстары да болды, салқыны да тиді. Биылғы экономикалық ахуалдың қорытындысын сарапшы маман пікірімен өрбітсек. Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист: Саяси өзгерістер экономикалық өзгерістерге әкеле қойған жоқ
– 2022 жыл өте күрделі жыл болды. Себебі 2020-2021 жылдары пандемия дағдарысы болды. 2020 жылы ЖІӨ өндіру 3,6 пайызға жеткен еді, 2021 жылы біз сол көрсеткішті қайтадан қалпына келтіреміз деген едік, дегенмен, тек 1,6 пайызға көтере алдық. Сөйтіп, біз 2019 жылғы дәрежеге 2022 жылы жетеміз деп, 4 пайыздық өсімді жоспарлаған едік. Дегенмен, өкініштісі, қасіретті Қаңтар оқиғасы біздің экономикамызға теріс әсер етіп, биыл өсіміміз бар болғаны 2 пайыз болайын деп тұр. Сонда біз 2019 жылғы дәрежемізге енді ғана жетейін деп тұрмыз. Бұл пандемиядан кейінгі жағдайда экономиканың өспегенін білдіреді. Сонымен қатар соңғы 3 жылда біздің халқымыздың саны 3-4 пайызға көбейді. Құдай қаласа, келесі жылдың соңында 20 миллионға жетейін деп тұрмыз. Сондықтан біздің халқымыздың саны өсті, бірақ өнім өндіру көрсеткіші өскен жоқ. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – осындай дағдарыс кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын реттейміз деп бюджеттен қаржыландырылатындардың еңбекақысын өсірдік. 42 500 теңгеден тараттық, оқытушылардың, кітапханашы, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейттік. Инфляция деңгейінде 5-7 пайызға дейін биліктегілердің де айлықтары көтеріліп тұрды. Сөйтіп, бізде ақша массасы көбейді, ақша массасы көбейгеннен кейін сұраныс көбейеді, ал өнім өспегеннен кейін, әлбетте баға өседі. Біздегі биылғы ең үлкен экономикалық теріс нәтиже осы болды – баға соңғы 10-15 жылда болмаған дәрежеде өсті. Президент те айтып жатыр, халықтың өзі де көріп, басынан өткеріп отыр: инфляция 19 пайыз, ал азық-түлік бағасы 25 пайызға дейін өсіп кетті. Ал кейбір түрлері 40-50 пайызға дейін өскенін байқадық. Бағаның өсуіне тағы бір әсер еткен нәрсе – 2021 жылдың басында биліктің шешімімен зейнетақы қорынан 3,5 триллион теңге ақшаны тұрғын үй алуға рұқсат берілді. Экономистердің барлығы бұған қарсы болған еді. Кейін билік өзінің мүддесі үшін олигархтардың, бай-манаптардың, бастықтардың, яғни көп жалақы алатындардың мүддесін көздеді. Олардың үлесі шамамен 3 пайыз екен. Өздеріне алып, пәтерлерін көбейтіп алды. Міне, біздің билік байлардың мүддесі үшін осындай шешім шығарды. Бірақ осының кесірінен баға өскендіктен, қалған 97 пайыз қарапайым халық тағы да пәтерсіз қалып, ақшасын одан әрі тірнектеп жинауға мәжбүр болды. Бағаның шарықтауы, пәтер құнының аспандап кетуі осы мәселе халықтың ең үлкен проблемасына айналды. Өткен 2022 жылы осы мәселелерді жөнге саламыз дедік, «Жаңа Қазақстан» дедік, алдыңғы билікке өкпемізді айтып, көп үміт арттық. Соны заңды түрде негіздеу үшін конституцияға өзгеріс енгіздік. Сайлау өткіздік, ол да экономикаға айтарлықтай әсер етті. Дегенмен аталған саяси өзгерістер экономикалық өзгерістерге әкелге қойған жоқ, анау айтқандай нәтиже болған жоқ. Дегенмен алдағы 7 жылда нәтиже берер деген үміт мол. Үшінші – олигархтардың заңсыз (заңсыз еместігі сот шешімі бойынша анықталатын болады) шетке шығарған ақшалары, жекешелендіріп алған кәсіпорындары. Олардың мұртын әлі балта шапқан жоқ. Екібастұздағы халықтың жылусыз қалғаны, Риддердегі оқиғалар – осының салдары. Мұны тез арада реттемесек, әрі қарай ушыға береді. Одан бөлек, шетелдегі геосаяси жағдай өте күрделене түсті. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біздің экономикамызға бір жағынан теріс, бір жағынан оң әсер етті. Себебі Ресейдің экономикасы бұрынғыдай емес, соғыс жағдайына қарай өзгерді. Ақпараттық технология өсті, сауда өсті, мамандар келе бастады. Олардың бізге келгені халықты қобалжытты, дегенмен одан бізге зиян жоқ, керісінше олар ақша әкелді, экономикамызға аз да болса үлес қосып, басқа елдерге кетті. Ауыл шаруашылығы саласында биыл былтырғыға қарағанда жақсы нәтижелер байқалды. Астықты көбірек өндірдік, баға шарықтады, бірақ дамыды. Фармацевтикада да ілгерілеу бар. Дегенмен машина жасау, металлургия салаларындағы көрсеткіштің төмендеуі алдыңғылардың салмағын басып кетіп жатты. Алдағы жылда пандемияға дейінгі көрсеткішке жетеміз деп отырмыз. Тағы бір қосатын нәрсе, біздегі қымбатшылықтың себептері – ақша массасының күрт өсуі, Ұлттық банкіміздің олигархтың мүддесі үшін қызмет етуі. Осы орайда Ұлттық банкке біздің, экономистердің өкпесі қара қазандай. Монетарлық саясатта халық үшін әрекет емес, байлар үшін жұмыс істейтіні көрініп қалды.Сыртқы саясаттағы қадамдар 24 ақпанда Ресей Украинаға әскерін кіргізді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арнайы операция деп атағанымен, жағдай мүлде шиеленісіп кетті. Содан кейін әлемде ешкім болжап-білмеген түрлі оқиға, түрлі өзгеріс болды, жағдай әлі шиеленісіп тұр. Ресей әлемнен оқшауланып қалды. Ресейге санкция салу мәселесі Ресей президенті Владимир Путин ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындағаннан кейін айтыла бастады (22 ақпан, 2022). Ал ең негізгі себеп – Ресей Қарулы күштерінің Украина аумағына басып кіруі (2022 жылғы 24 ақпан). Мәскеу Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындағаннан кейін Еуропалық одақ Ресейге қарсы шектеулер пакетін қабылдады, атап айтқанда, бірқатар тауар мен технологияны экспорттауға тыйым салуды ұсынды. Тыйым экономиканың кей салаларына, туризм, сауда және инвестицияларға қатысты болды. Мұның барлығы біздің елдің жағдайына да әсер етпей қоймады. Одан бөлек, жаһандық инфляция басталды. Жалпы, Ресей – Украина арасында шиеленіс басталып, геосаяси ахуал ушыққаннан кейін БҰҰ әлемде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Қымбатшылық әлем бойынша байқалды. Жаһандық азық-түлік дағдарысы күшейе түскені туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл басында, Ресей – Украина арақатынасы шиеленіспей тұрып-ақ мәлімдеген болатын. Азық-түлік бағасының күрт қымбаттап кеткені де сол кезден бері айтыла бастады. Коронавирус пандемиясынан кейін шатқаяқтаған әлем экономикасының ахуалы күрделене түсіп, инфляция деңгейі өсті. Одан бөлек, сыртқы саясат бойынша қандай елеулі оқиғалар болғанын сарапшы маманнан сұрап білдік. Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы, ӘЭСИ сарапшысы: Еуропалық одақпен қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталып жатыр
– Жылдың басынан бастасақ, біздің сыртқы саясаттағы ғана емес, жалпы әлем бойынша ең геосаяси оқиға ақпанда Ресейдің Украинаға соғыс ашуы болды. Шынын айту керек, бұл шиеленіс 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқанымен, мұндай шарықтау шегіне жетеді деп, яғни кең масштабтағы ашық әскери қимылдарды бастайды деп ешкім күтпеген еді. Бұл – жалпы әлемдік геосаясатқа, аймақтағы геосаяси жағдайға өте қатты әсер етті. Әрине, біз Ресейдің Украинадағы әскері операциясының салдарын тікелей болмаса да жанама түрде сезініп жатырмыз. Экономика саласында болсын, Мәскеумен арадағы диалогтың мазмұны да, меніңше Украинадағы оқиғаларды ескере отырып түзілетін болады. Бұл ішкі саясатқа да әсер етеді, себебі біраз ел азаматтарының Ресей жайлы көзқарасы негатив бағытқа өзгерді, оны да ескерген жөн. Екінші оқиғаны әлем экономикасымен байланыстырып қарастырар едім. Ол жаңа айтып өткен Ресей-Украина арасындағы шиеленіске де тікелей қатысты. Жыл бойы біз әлемдік экономикадағы болжап-білмеген түрлі оқиғалардың куәсі болдық. Ең алдымен, инфляция деңгейі өте жоғары болды. Коронавирус дағдарысынан кейін дамыған елдер өз экономикаларына өте үлкен көлемде қосымша ақша құйған болатын, бұл өз кезегінде инфляцияға әкеп соқтырды. Инфляция кейін бүкіл әлемді жайлады. Одан кейін коронавирус дағдарысы да толық аяқталды деп айтуға келмейді. Халықаралық өндіріс тізбектері әлі қалпына келген жоқ. Мәселен, Қытайдағы локдаун күні кешеге дейін жалғасты. Ол да өз кезегінде әлемдік экономиканың өз қалпына келуіне кедергі жасады. Осының бәрі инфляцияға әсер етті, Еуропа, Америкадағы 20-30 жылғы рекорд жаңарды. Елімізде де инфляцияның рекордтық деңгейі тіркелді. Бұл азаматтар үшін өте қиын кезең болып тұр. Негативпен қоса, Қазақстан экономикасы үшін жағымды жаңалық та болды. Мұнай бағасы өсті, яғни осы Ресей факторына қатысты, ОПЕК+-тің шешіміне байланысты әлемдік нарықтағы мұнай көлемі, мұнай ұсынысына шектеулер енгізілді. Сол себепті жыл бойы мұнай қымбаттады, тек соңғы бірнеше айда қайтадан төмендегенін байқадық. Дегенмен бұл оқиға Қазақстан экономикасына оң әсер етті. Үшінші оқиғаны халықаралық санкциялық текетіреспен байланыстырар едім. Ресейге қарсы көптеген санкция енгізілді. Қазір Ресей өзіне салынған санкциялар бойынша Иранды, Солтүстік Кореяны артта қалдырып, әлемде көш бастады. Қазір Ресейге салынған санкциялар саны 13 мыңнан асты. Бұл өз кезегінде Ресей экономикасындағы ауқымды рецессияға әкеліп соқтырды. Жалпы, Ресейдің экономикасы дағдарысқа еніп келе жатыр. Бұл да өз кезегінде Қазақстан экономикасына тікелей әсер ететін фактор болады. Мұны да жіті қадағалау керек. Одан бөлек, Ресей контрсанкциялар енгізді. Бұл да, меніңше, Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына кедергі келтіретін фактордың бірі. Келесі оқиға ретінде Қазақстанның Еуропамен байланыстарын күшейтуге талпынысын айтуға болады. Қазан айында, қараша айында көптеген Еуропа шенеуніктері елімізге сапар жасаған еді. Мәселен, қазанның соңына қарай Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель елімізге келген болатын. Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок, одан бөлек Жозеп Боррель де жұмыс сапарымен келді. Жалпы, байқауымызша, қазір Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталып жатыр. Бұл өте қызық, себебі Еуропа үшін Қытаймен арадағы сауда-саттық байланысы аса маңызды және ол логистикалық дәліздер арқылы жүзеге асырылады. Тек теңіз, су жолдары ғана емес, құрлық жолдары да ерекше маңызға ие. Бұған дейін Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымының біраз бөлігі Ресей территориясы арқылы жүзеге асырылатын болса, қазіргі жағдайда Еуропа мен Қытайға альтернатив маршруттар керек болып жатыр. Бұл ретте Қазақстан Еуропа үшін бірден-бір маңызды ойыншыға айналып отыр. Осы бағытта меніңше белсенді жұмыстар жоспарлануда. Каспий арқылы транзиттік дәліздерді ретке келтіріп, тауар айналымын күшейтуге күш салып жатырмыз. Өз кезегінде Еуропа жасыл экономика бойынша, жалпы экономика бойынша инвестицияларын ұсынып отыр.Халық саны және көші-қон Былтыр тамызда еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті деп сүйіншілеген болатынбыз. Соңғы үш жылда ел халқының саны 2,6 пайызға өскен. Ал пандемияға дейін көші-қон сальдосы бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткені біраз алаңдатқан еді. Ресей билігі ішінара мобилизация жариялағалы бері көрші ел азаматтарының бір бөлігі шекара асты. Көштің бір бағыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам тудырды. Келушілердің әсерінен ішкі нарықта абыр-сабыр байқалды. Дегенмен бұл уақытша құбылыс болғанын уақыт көрсетті. Шынар ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ, демограф: Келер жылы айтарлықтай демографиялық өзгерістер болады деп айту қиын
– Елімізде халық саны 2022 жылдың басынан 1 қарашаға дейінгі аралықта 19 503 159 адамнан 19 715 182 адамға өсті, яғни өсім 212 023 адам немесе 1,1 пайыз болды. Соның ішінде халықтың табиғи өсімі – осы жылғы қаңтар мен қазан аралығында 1 000 адамға, 13,5 пайызға жетті. Сыртқы көші-қон бойынша елімізде 2012 жылдан бері келушілердің санынан кетушілердің саны көбірек болып келе жатқаны белгілі. Яғни, теріс сальдо көрсетіп келді. Осы жылы тек қазан айында сыртқы көші-қонның оң айырмасы байқалды, яғни келушілердің саны кетушілердің санынан 397 адамға көбірек болды. Бұл – көрші Ресей елінен келушілер ағынымен байланысты. Ішкі көші-қондағы жағдайға тоқталсақ, әдеттегідей тек үш мегаполисте оң айырма қалыптасты, өкінішке қарай, қалған өңірлерде кетушілердің саны келушілердің санынан басымырақ. Келер жылы айтарлықтай демографиялық өзгерістер болады деп айту қиын. Егер көрші елдерде көші-қонға әсер ететіндей ешқандай төтенше саяси және басқа да жағдайлар болмаса, елімізде халық саны тек табиғи өсімнің арқасында өсетін болады.Мұңайтып та, қуантып та бара жатқан жылды осылай қорытындыладық. Үмітімізді маздатып тұрып, күдікке қамаған жыл болды. Өткенге қарайлатып, алдағымызға алаңдатып, ойландырған жыл болды. Айтылмай қалған дүниелер де қаншама? Әдепкі әдет бойынша «ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» дейміз.