Қаңтар оқиғасына – 1 жыл
Қаңтар оқиғасына – 1 жыл
Қаһарлы күндер
Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзенде жүздеген адам сұйылтылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсылық білдіріп наразылыққа шыққан еді. Кейін наразылық Маңғыстау облысының өзге өңірлерінде де жалғасты, ауыл-аймақ тұрғындары да жергілікті әкімдік маңына, алаңдарға жиналды. Халықтың талабы – газ бағасын 50 теңгеге түсіру болды. Келесі күні наразылар саны үш мыңнан асты. Одан бөлек, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астанада халық Жаңаөзендегі наразылықты қолдап жинала бастады. 4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразылыққа қолдауға қосылған аймақ саны артты. Полиция алаңдарды қоршап, бақылауды күшейтті. Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге түсірілді, дегенмен халықтың наразылығы саяси сипат ала бастады. Қымбатшылық пен әлеуметтік проблемалар алға шықты. Осы күні Алматының «Алатау» театры маңына жұрт жинала бастады. Атырау, Жаңаөзен және басқа қалаларда да наразылар тараған жоқ. Ал 5 қаңтарға қараған түні Алматыда жағдай ушықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарға қараған түні Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады. 5 қаңтар таңертең Үкімет отставкаға кетті. Осы күні Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігі ғимаратына басып кіріп, өртеді. Прокуратура ғимараты да бүлінді. Ақтөбеде де жұрт әкімдікке басып кірмек болды. Бүкіл елде төтенше жағдай жарияланды. Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдірді. Алматыда сауда орындарын, банктерді тонау басталды, қалада атыс дауыстары естілді. Азаттықтың дереккөздері Алматы көшесінде мәйіттер жатқанын айтты. Талдықорғанда әлдекімдер әкімдікті өртеді. Қызылордада, Шымкентте де адам шығыны бары белгілі болды. Президент шұғыл мәлімдеме жасап, елден кетпейтінін мәлімдеді, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алатынын жариялады. Содан соң ҰҚШҰ ұйымынан әскери көмек сұралды. Елде толығымен интернет өшірілді. 8 қаңтарда ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен тергеу изоляторына қамалды. Осы күні Жаңаөзен және Ақтау қаласында наразылар тарай бастады. Ал 9 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі 5 969 адам ұсталғанын хабарлады. Оның ішінде 133 адам «аса ауыр қылмыс жасады» деген күдікпен изоляторға қамалғаны, 516 адам әкімшілік қамауға алынғаны айтылды. 11 қаңтар күні Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып бекітілді. Президент Үкіметтің жаңа құрамын жариялады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры құрылатыны мәлім болды. Келесі күні Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, жиында Алматы «террористерден толық тазартылғаны» айтылды. Президент 13 қаңтарда елден ҰҚШҰ әскері шығарыла бастайтынын да мәлімдеді. 13 қаңтардан бастап БҚО, СҚО және Павлодар облысында төтенше жағдай алынды. 15 қаңтар күні Бас прокуратура қаңтардағы оқиғадан кемінде 225 адам қаза болғанын, 4 578 адам зардап шеккенін хабарлады. Арасында бейбіт тұрғындар да бар. Жараланғандар арасында 3 393 полицей мен әскер бар. Күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапқан. Дегенмен Қаңтар оқиғасына қатысты істер әлі тергеліп жатыр, оқиғаға әлі саяси баға берілген жоқ. Халықтың көкейінде де сұрақ көп. Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокурорға сауал жолдаған болатын. Кеше Мәжілісте жауаптылар бірқатар сұраққа жауап берді.
Ұйымдастырушылар төңкеріс жасауға бір жыл дайындалған
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын. 5 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының Қаңтар оқиғасына қатысты сауалына Бас прокурор Берік Асылов жауап берді. Жиын бір минут үнсіздіктен басталды. – Осыдан тура бір жыл бұрын «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жазықсыз жандар нақақтан қаза болды. Бүгінгі жалпы отырысымызды қаңтар құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан бастауды ұсынамын, – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов. – Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды. Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз. Олардың ішінде қызмет мүддесінде опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап жатырмыз, – деді Берік Асылов. Бас прокурор оқиға кезінде қаза тапқандардың санын растады. Ведомство мәліметіне сәйкес, Қаңтар оқиғасы кезінде еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болған. – Жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аудару керек. Мысалы, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында 238 азамат қаза тапты, олардың 41-і бұрын сотталған. Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, 67 азаматтың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын, 142 адам терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғанын, 4 адам басқа құқықбұзушылықтар барысында қаза тапқанын анықтады, – деді ол. Сонымен қатар Бас прокурор қаңтарда мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырған қылмыскерлердің бір жыл бойы дайындалғанын айтты. Оның сөзінше, төңкерісті ұйымдастырушылар арасында қылмыстық топ мүшелері, ДВК жақтаушылары, діни экстремистер бар. – Мемлекеттік төңкеріске қатысты сұрақтар күрделі әрі оңай емес. Мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды, мұны тергеу кезінде әбден зерделедік. Қазір барлығын тексеріп, қарастырып жатырмыз. Төңкеріске бір жыл бұрын дайындалып, барлығын алдын ала жоспарлаған. Ішінде қылмыстық топ мүшелері, діни экстремистер, бұрын сотталғандар, ДВК жақтаушылары бар, – деді Берік Асылов.ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен
Сонымен қатар Бас прокурор Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өз міндетін атқармағанын айтты. – Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен, – деді Б.Асылов. Тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамның ғимараттан кетуге дайындалу керектігі жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтан нұсқау келіп түскен. – Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен. Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданбаған, – деді Бас прокурор. Cонымен қатар ол Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болғанын айтты. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз. Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтаған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданыпты. Қазір сот талқылауы болып жатыр. Бас прокурор олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін сот анықтайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Бас прокурор «Дикий Арман» аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің ҰҚҚ бұйрығы бойынша әрекет еткенін мәлімдеді, одан бөлек әскери сотта Қорғаныс экс-министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жалғасып жатыр. Тергеуге сәйкес, ол төтенше жағдай кезеңінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Мәжілісте айтылған мәліметке сүйенсек, бұрынғы Қорғаныс министрі елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған. Сондай-ақ ол сот Мұрат Бектановтың іс-әрекеттеріне түпкілікті баға беретінін және оның жазасын анықтайтынын атап өтті.«Мәсімов ісі аса құпия түрде тергеліп жатыр»
Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ісі туралы да айтты. – Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін, – деді Берік Асылов. Бас прокурордың айтуынша, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді. – Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталуда. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ, – деп түйіндеді Берік Асылов.20 мың террорист, басы кесілген адам туралы не айтылды?
Бас прокурор Қаңтар оқиғасына 20 мың террорист қатысқаны, полиция қызметкерлерінің басы кесілгені туралы ақпаратқа қатысты да түсініктеме берді. – Түрлі ақпарат түсіп жатты. Соның ішінде бұлар да бар. Сол кезде қылмыскерлердің әрекетінен шынымен де солай көрінді. Түрлі ақпарат болды. Соның ішінде азаматтардан да шетел қылмыскерлері туралы, оның ішінде шет тілінде – қырғыз, өзбек, әртүрлі тілде сөйлейтіні жөнінде де ақпарат болды. Содан қоғамға шынымен де шабуыл жасаушылардың барлығы лаңкестер сияқты көрінді. Мен сізге айтайын, террористік акт жасаған адамдардың барлығы террорист болып саналады. Оған сақал қойып, автоматпен жүгіру шарт емес. Тіпті, тергеу жүргізіп жатқанда көптеген құқық қорғау органдары да менен «Бұл лаңкестер қайда?» деп сұрады. Қоғамда да осындай сұрақ пайда болды. Бірден айта кетейін, лаңкестер өздерін террорист деп ресми түрде жариялаған жоқ. Олардың қиратып-өртенгенін, әкімдікті алғанын – барлық әрекетін террористік акт деп есептейміз және террорист деп санаймыз, – деді ол. Берік Асыловтың сөзінше, сол күні түрлі ақпарат тараған және жауаптылар кейіннен оларды тексеруден өткізіп, рас-өтірігін анықтаған. – Қаңтар оқиғасы басталғанда әртүрлі ақпарат, ішінде жалған хабарлар да болды. Барлығы қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні басталды. Елестетіп көріңізші, бір уақытта 8 қалаға шабуыл жасалды, көптеген нысан, әкімдік өртенді. Түрлі ақпарат көздерінен түрлі хабарлама, дезинформация болды. Сондықтан бас кесу туралы ақпаратты тексердік және бұл хабар расталмады, – деді Берік Асылов.Азаптағандарға жаза бар
Қаңтарда адамдарды азаптаған қызметкерлер туралы да қоғамда сұрақ көп. Бас прокурор олардың шеніне қарамастан тиісті жазасын алатынын мәлімдеді. – Өкінішке қарай, хаос кезінде күштік органдардың бірқатар қызметкері ұсталғандарға қатыгездік танытты. Бұл жағдайды еш нәрсемен ақтауға болмайды. Президент тапсырғандай, азаптау қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан тиісті жазасын алады, – деді ол. Берік Асыловтың айтуынша, азаптаулар туралы шағымдар бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалды. – Олардың басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қарауында болды. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істер сотқа жолданды. Сондай-ақ Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторында және Бостандық ауданының полиция бөлімінде 3 адамды азаптау фактісі бойынша істер де сотқа жолданды, – деді Бас прокурор. Оның айтуынша, азаптау салдарынан Талдықорғанда Мұқашевтың, Алматыда Өтепбаевтың, Семейде Жотабаевтың қайтыс болу фактілері бойынша тергеу аяқталды. Материалдар бойынша таныстыру жүргеннен кейін, құжат сотқа жолданған. Жиында бұдан бөлек тағы да бірқатар сұраққа жауап берілді. Сонымен қатар Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі Мәжілісте арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеге былтыр қаңтарда Полиция департаменттерінен, қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қару мен оқ-дәрі және басқа да заттар қойылыпты. Бұл қару-жарақтың барлығы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардан тәркіленген екен.
Абзал ҚҰСПАН, заңгер:Бір жыл бойы «Қасіретті қаңтар» оқиғасын зерттеумен айналысып жүрміз
– Әу баста стихиялы түрде басталған митингтің арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Халық Маңғыстау облысындағы жаңаөзендіктерді қолдаймыз деп шықты. Бірақ ұйымдастырушылар осыдан кейін іске кірісті. Айталық, 3 қаңтарда Маңғыстау өңірінде митингілер басталған болса, сол кезде ұйымдастырушылар дайындық сатысына көшті. Кейін 4 қаңтарда әр өңірде халық жаппай митингке шығып жатты. Мысалға, Оралда таңертеңгі сағат 10-нан кейін «Дина» сауда орталығы алдынан басталды. Басқа өңірлерде түстен кейін басталып жатқанда, ұйымдастырушылар митингке қатысушылар арасына кіріп үлгерді. Тексеру барысында барлық жердегі «қолтаңбаның» бірдей екенін байқадық. Барлық орында айтылатын ұран да – біреу, жергілікті әкімдікті, одан кейін жергілікті ішкі істер департаментін басып алу. Оралда да «Әкімдікті басып алайық» деген 30-40 шақты адамның ұйымы болды. Онда қатысушылар саны бес мыңға жетті, бірақ біз ондай арандатуға жол берген жоқпыз. Басқа өңірлерде де осындай жағдай болды. Алматы мен Оралдың арақашықтығы 3 000 шақырым болса, осы аралықтағы барлық өңірде ұйымдастырушылар бір сценариймен жұмыс істеді. Бұл жерде алдын ала ұйымдастырды деген қате түсінік тумауы керек, жалпы алдын ала дайындық болған, икс (Х) сағаты туған сәтте іске кірісетін дайындықтан өткен топтар болған. Қазақстанда жаппай митингтерге шыққан кезде ұйымдастырушыларды жедел іске қосқан деп есептеймін. Бір жыл бойы осы мәселемен айналысқан адам ретінде бұл пікірім беки түсті. Бір жыл бойы біз сияқты басқа мәселелерді ысырып қойып, отбасы, бала-шағасын көрместен «Қасіретті қаңтар» оқиғасын зерттеумен айналысып жүрген бірде-бір қоғамдық ұйымды білмейді екенмін. Сондықтан бұл ойға қатты ұйыдым. Қаңтар оқиғасы бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны 5 300-ден асады. Соның 1 600-ден астамы анықталды – азаматтар қамауға алынып, тергеу жүргізілді. Рақымшылық 1,5 мыңнан астам адамға қолданылуға тиіс. Бірақ олардың бәріне амнистия қолданылды дегенді білдірмейді. Негізі, менің есебім бойынша амнистия қолданылып, нақты бостандыққа шыққан адамдар саны жүзге жетпейді. Өйткені енді ғана заң қолданыла бастады. Тергеу бітпей жатыр. «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы ретінде біз бұл заңға алғашқылардың бірі болып бастама көтерген болатынбыз. Барлық жұмыс тобында болдық. Сол кезде мына амнистия қолданылған адамдар бұрын қай жерде жұмыс істеді, сол жерге қайтадан жұмысқа орналасу керек, әлеуметтік жағынан да қорғалуы керек деп атап өткен едік. Сол себепті де әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғалуы керек және әлеуметтік мәселелермен жергілікті атқарушы орган айналысуы керек деген тікелей норма енгіздік. Нақты бір мысал келтірейін. Бізге жақында Алматы облысындағы бір мектепте мұғалім болып істеген азамат хабарласты. Ол Қаңтар оқиғасына дейін денешынықтыру пәнінен сабақ берген, кейіннен қамауға алынған. Тергеу жүргізіліп, оны жұмыстан шығарып тастаған. Қайтадан барса, жұмысқа алмай жатыр екен. Әзірге біз осы заңның талаптарын түсіндіріп, аудандық білім бөлімінің басшысына бұл азаматты қайтадан жұмысқа алу туралы хат жаздық. «Аманат» комиссиясының атынан жазып отырмыз ғой. Егер қанағаттандырылмайтын болса, онда әрі қарай сотқа беріп, алдыртатын боламыз. Өйткені заңға осы норманың енгізілуіне тікелей атсалысқанбыз. Қорыта айтқанда, Қаңтар оқиғасының мән-жайы әлі де бұлыңғыр. Барлығы айқын, анық болатын күнді тағы да уақыт еншісіне қалдырамыз. Не десек те, бұл оқиға елдігіміз сынға түскен, қоғамдағы түйткілдер мен мәселелерге баса назар аударуымыз керек екенін танытқан дабыл белгісі болды.