8535
Қоян жылы қандай жыл?
Қоян жылы қандай жыл?
Шығыс жылнамасына сәйкес, биылғы жылдың иесі – қоян. Қоян жылына қатысты халық арасында әртүрлі сенім бар. Олардың бірінде қоян жылы жайлы, жақсы жыл болады делінсе, енді бірінде қиындығы мол, ауыр жыл болады деген болжам айтылады. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болатынын ескеру керек, әйтсе де, қоян жылы қандай жыл деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Қоян – жыл санаудағы төртінші жыл. Шығыс жылнамасына қатысты деректерге сүйенсек, қоян жылының өзі ақ қоян, ор қоян, қара қоян, көк қоян, көкше қоян, сары қоян, қызылкөз қоян, қоңыр қоян, сұр қоян, сұрша қоян, бурыл қоян, бөрте қоян болып 12-ге бөлінеді екен. Келетін қоян жылының нақты қандай қоян жылы екенін жылнамашылар алдын ала болжап бiлiп отырған.
Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, 2023 жыл көк немесе қара су қояны жылы екен. Жалпы, қара қоян өте сирек кездеседi, жүнi көкшiл қара болып келедi. Қара қоян жылы жақындағанда өзен бойы, сулы жерлерде қара қоян көбейiп, ал тауда, керісінше қоян азаяды екен. Сонымен қатар қысы қарсыз, қара суықты болып, тұмау көбiрек болады екен. Жазда малдың сүті азаяды, қара түстi малдың етiнiң дәрiлiк қуаты күшейедi деген де пайымдар бар.
Қара қоян жылы туған ер баланың мiнезi қатты, қыз бала берекелi, пейiлi кең келедi екен.
Жалпы, қоян жылының барлығына ортақ сипаты – малға жайлы, адамға жайсыздау болады деген де сенім кездеседі. Дегенмен жұт көп болатын жыл деген де нанымдар бар.
Қоян жылы тарихта қандай елеулі оқиғалар болған?
Қазақ тарихындағы нәубеттің бірі 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» осы қоян жылына тура келеді. Ал 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атаған. Одан кейінгі қоян жылдарында да жұт қайталанып отырған екен. Мәселен, 1879 жылы Оралда – 80 пайыз, Ырғыз бен Торғайда – 59 пайыз, Сырдарияда 56 пайыз мал қырылған «үлкен қоян жұты» болған, 1891 жылғы жұт «кіші қоян жұты» аталса, 1915 жыл «тақыр қоян жұты» болған. 1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр өткен. 1903 жылы Патша өкіметі Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүргізеді. 1915 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылы болған. Соғыс зардабы қазақ ауылдарына көп ауыртпалық әкелген, салықтың көлемі 15 есеге дейін өскен. Тіпті, арнайы «соғыс салығы» да енгізілген. 1927 жылы күштеп ұжымдастыру, аштық болған, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз ашықтың алғышарттарын жасады. 1939 жылы аштықтан кейінгі алғашқы санақ өтті. Осы санақтың нәтижесінде Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызы болды. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 пайызы болған. 1951 жылы 18 қазанда Семей полигонында уран бомбасы сынақтан өткізілді. Ал 1963 жылдан бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады. 1987 жылы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айыру, ал Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 2011 жылы да қоян жылы болған еді. Бұл жылы Маңғыстауда Жаңаөзен оқиғасы, Ақтөбе, Атырау, Таразда, Алматы облысында лаңкестік оқиғалар болып, Оралда үш ауылды су басты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы пайдалануға берілді. Астана қаласы ТМД және ЕурАзЭҚ елдерiнiң «Үздiк қаласы» атанды. Сонымен қатар осы жыл Астананың «түркi әлемiнiң мәдени астанасы» атанған жылы болып тарихқа ендi.Сонымен қатар елімізде қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстан осы жылы Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етті.Қоян жылы туған танымал тұлғалар
Қазақ тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан қоян жылында (1711 жылы) дүниеге келген. Ол дәл қоян жылында (1771 жылы) Қазақ хандығының ханы болып сайланды. Сонымен қатар қоян жылы туғандардың қатарында Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Ақан сері, Ықылас Дүкенұлы, саяси қайраткер Мұхаметжан Тынышпайұлы, Ілияс Есенберлин, Асқар Тоқпанов, Ермұхан Бекмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшенов, Амангелді Айталы, Жақып Омаров, Әбіш Кекілбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Тұрсын Жұртбай, Әлібек Дінішев, Асқар Алтай, Бауыржан Жақып, Дәулет Тұрлыханов, Ермек Аманшаев, Айгүл Мүкей және тағы басқалар бар. Құралай БАҚЫТҚЫЗЫ, нумеролог:Білімге жол ашатын жыл
– 2023 жылы біршама өзгеріс болады. Өткен 2022 жылы өрт көп болды және тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі өсті. Ал 2023-те бұл жағымсыз құбылыстар басылады деп ойлаймын. Дегенмен авиация саласындағы төтенше жағдайлардан сақтану керек. Күзде және жазда жер сілкінісі болуы мүмкін. Экономикаға келер болсақ, жалпы тұрғын үй және азық-түлік бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін. Үкіметтің тарапынан халыққа тиімді бағдарламалар ұсынылуы да ықтимал. Полиция, яғни ішкі істер, логистика саласында қызмет ететін адамдарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Одан бөлек, қоғамда үлкен қоғамдық психологиялық өзгеріс болуы мүмкін. Себебі көптеген қиыншылық адамдарды уайымға салындырғанымен, үлкен прогреске жетелеуі мүмкін. Коронавирус, одан кейінгі мына қымбатшылық барлығы халыққа жеңіл тиіп жатқан жоқ. Қазір жүріп жатқан вирустардың өзі психологиясына қатты әсер беріп жатыр. Қорқыныш, үрей, уайым көп. Сондықтан 2023 жылға беретін негізгі кеңесім – үнемі позитивте жүру керек, адам өз көңілін өзі көтере білуі керек. Өйткені көңіл күй энергияға тікелей әсер етеді. Спортпен шұғылдану керек, көп жаяу жүру керек. Қозғалыс энергия береді. Әсіресе, бір орында отырып жұмыс істейтін адамдар стреске төзімсіз, энергиясы аз келеді. 2023 су стихиясымен кірді. Жылдың саны – 7. Санды сөйлетер болсақ, хаостың өзі прогреске әкеледі. Жылдың жартысы тұрақсыз болады, дегенмен қалған айларда жағдай жақсарады. Ақпан айы ауырлау өтеді, сын айы, бірақ әділетті ай. Сәуір елімізде саясатта жаңалықтар, заңнамада түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін. Үкіметте жаңару болып, көп жауапкершілік артылуы ықтимал. Ал маусым қазақстандықтар үшін жаңа бастама, жаңа қадам болмақ. Шілдеде көп өзгеріс болады, ол өзгерістер бізде де, өзге елдерде де байқалады. Тосынсыйлар, прогресс айы болады. Қазан-қараша наразылық көбейетін ай. Жолдар салынуы, ЛРТ аяқталуы мүмкін. Тасымалдау жағы жақсарады. Инновация, жасанды интеллект дамиды. Той көп болады. Ғалымдар мен ойшылдар өздерін көрсетеді. Жалпы 2023, 23 саны білімге жол ашады. Көпшілік өзін табады. Біліктілік артатын жыл. Яғни, тұрақсыздықтың бәрі уақытша. Көшіп-қону көп болады, адамдардың көбі баспаналы болады деп ойлаймын.