ТАРИХ – ТӘРБИЕ БҰЛАҒЫНЫҢ ТАПТЫРМАС КӨЗІ

ТАРИХ – ТӘРБИЕ БҰЛАҒЫНЫҢ ТАПТЫРМАС КӨЗІ

ТАРИХ – ТӘРБИЕ БҰЛАҒЫНЫҢ ТАПТЫРМАС КӨЗІ
ашық дереккөзі
239
1986 жылғы 16 желтоқсанда кеңестік биліктің ойына кіріп-шықпаған жаңа тарих бастау алды.  Бұл күні Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты бірінші хатшы лауазымынан босатып, орнына Ресей Федерациясындағы Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбинді сайлады. Осы жәйт қазақ халқының аса маңызды ұлт-азаттық көтерілісінің тұтануына себеп болды. Орталықтың басқа республикада облыстық деңгейдегі басшы болып жүрген орыс қайраткерін Қазақ Республикасын басқаруға жіберуіне байланысты,  жастар астананың басты алаңына шықты. Бірақ басшылықтың ауыстырылуы – өкімет көзіне оғаш көрінген демонстрацияға шығудың сылтауы ғана, іс жүзінде, лық толып тұрған шараны кемерінен асырған тамшы болған еді. Көтерілістің басты себебі «тәуелсіз республикалар одағы» деп аталып, «потемкиндік деревня» іспетті жасанды тәж киген «біртұтас және бөлінбейтін» советтік мемлекеттің отаршылдық және орыстандыру саясатында болатын. Ал оның тамыры әріге кетеді. Қазақ мемлекеті XV ғасырдың ортасынан өте өз этносы атымен тарих сахнасына шыққан. Белгілі бір дәуірде басқа мемлекеттер санасып тұрған, аумағы ұлғайып, беделі күшейген ел болған-тын. Бірақ жер-суына жан-жағынан көз алартқан дұшпан көбейгендіктен және ішкі алауыздықтар салдарынан әлеуеті әлсіреп бара жатқан. Сол шақта күш-қуаты арта түскен орыс империясы қазақ мемлекетін әуелі XVIII ғасырда протекторат мәртебесінде қамқорлығына алған. Содан соң қилы жымысқы әрекеттерімен ХІХ ғасырда қазақтың мемлекеттілігін жойған да, жұртын жер-суымен патшалықтың құрылымына біржолата біріктірген.  Одан, жаңа отарын өзге империялар секілді сауда айналымына енгізумен шектелмей, отарлаудың ең зұлымдық тәсілдерін жүзеге асырған. Тәуелсіздіктің ұлы күрескері Мұстафа Шоқай кезінде дәл атап айтқандай, патша үкіметі бағындырған жерлеріне мылтық кезенген солдатының соңынан міндетті түрде соқа сүйреткен мұжығын жіберіп, алған өңірінің бәрін орыс жеріне айналдырып жіберуді қош көрген. Сосын одан да зорға көшкен. Шұрайлы жер-суын иемдене отырып, құнарсыз далаға ығыстырылған қазақты шоқындыруға тырысқан. Ондай әрекеті күткендегідей нәтиже бермегендіктен, тіпті, діні бөлек күйі қалса да, ділін, өмір сүру салтын өзгерту арқылы кәдімгі мұжыққа айналдыруды көксеген болатын.  Мұндай жоспарын отаршыл үкімет империяның барлық аймағында іске асырып жатқан. Сол себепті барша бодан ел-жұрттың түрлі қарсылығына душар болған да, нәтижесінде, алып империяда азаттық аңсаған түрлі ұлттық қозғалыстар бой көрсеткен. 1905 жылғы бірінші орыс революциясының дүмпуімен империядағы мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық қозғалыстары өмірге келді. ІІ Николайдың бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарының қара жұмысына өзге тектілерді шақыру жайында шығарған 1916 жылдың 25 маусымындағы пәрмені ұлттық езгіден қалжыраған халықтардың ашу-ызасын тудырды. Патшаның осы жарлығы тұтатқан  қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі империя тағын шайқалтуға елеулі үлес қосты. 1917 жылғы Ақпан революциясы монархияны құлатқаннан кейінгі саяси мүмкіндіктер ауқымында жүргізілген ізденістер нәтижесінде әуелі ұлттық Алаш автономиясы құрылды. Сосын, бұрынғы империядағы мемлекеттік билікті басып алып, барша ұлттық құрылымдарды құлатқан большевиктердің ұйғарымымен, таптық негіздегі Қазақ кеңестік автономиясы өмірге келді. Сонда қазақ халқы елдігіміз жаңғыртылды деп қуанған. Бірақ бұл іс жүзінде қанды өзгерістермен астасқан алдамшы жаңғыру болып шықты. Кеңес өкіметі тұсында қазақ үш мәрте алапат ашаршылыққа ұшырап, үлкен ұлттық апатты бастан кешті. Биліктің солақай реформалары салдарынан халық ретінде мүлдем жойыла жаздады. Ұжымдастыру, тәркілеу шараларына  қарсы шыққан көтерілістер әскери күшпен басып-жаншылып, жұрт жаппай қуғын-сүргінге түсірілді. Сосын елдің тоз-тозын шығарған билік өзінің мемлекеттік қылмысын бүркемелейтін әдіс ретінде мәдени революция жасады. Қазақты үлкен жетістіктерге жеткізген «социализмнің артықшылықтары» дабырайтылды. Сөйтіп, халқы қырылып, дәстүрлі экономикасы тұралап, әбден титықтаған, бірақ мәдениеті көтерілген елді – Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ автономиясын 1936 жылғы сталиндік Конституция бойынша одақтас республика мәртебесіне көтерді. Бірақ коммунистік режим, басқа одақтас республикалар секілді, оны да біртұтас алып мемлекеттің ешқандай дербестігі жоқ құрамдас бөлігіне айналдырды. Жалпақ елді бекем шырмаған тоталитарлық жүйе бір кездері ақгвардияшылар аңсаған «біртұтас және бөлінбейтін Ресейді» жаңа түр мен мазмұнда жасап шықты. Идеология арқылы тұтастандырылған жаңа империяны бастапқы кезеңде уағыздалған  кеңес өкіметі емес, қатаң бір орталықтандырылған коммунистік партия биледі. Ұлттық мүдде шегінді, бар мәселенің тек таптық мүдде тұрғысынан бағаланатыны, сондай-ақ орыс халқының «аға» ретіндегі мәртебесі мойындалды. 1954–1960 жылдары Қазақ Республикасының жері тың көтеру желеуімен жаңаша отарланды. Қазақ халқы өз елінде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін (29%) деңгейге түсірілді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, «коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен орыстандыру саясаты жан-жақты жүргізілді. Совет Одағының сол кездегі басшысы Никита Хрущевтің «патшалықтың жүздеген жыл бойы жасай алмағанын аз ғана жылда жүзеге асырдық» деп мақтанғаны және «коммунизмге бір ғана орыс тілімен барамыз» деп ұрандатқаны мәлім. Орысша оқу салтқа, мақтанышқа айналдырылды. Орыс тілін білмей  қалада өмір сүру, жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Жалпақ елде «жаңа адам қалыптастыру» саясаты жүргізілді. Аралас некелер барынша мақұлданды. Орыстанған адамдар «интернационалист» ретінде мадақталып, басқа көтере дәріптелді. Қазақтарға өз елінің астанасы Алматыға келіп, қала тұрғыны ретінде тіркелуі де мұң болды. Мұндай келеңсіздіктер мен жалғандықтар «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелетін кезеңнің өзінде орын алғандықтан,  олардың енді, республиканы басқаруға орталық жіберген орыс қайраткері келгенде тіпті де түзелмейтіні анық еді.  Сондықтан, жаңа басшы «таққа отырған» күннің ертеңіне, Қазақ Республикасының астанасы Алматы қаласының көшелерімен қыздар мен жігіттер лек-легімен толассыз ағылып, Брежнев атындағы Орталық алаңға жиналды. Сонау қаһарлы күндер, арада отыз жылдан астам уақыт өткенмен, ұмытылмақ емес. Қайта, уақыт өткен сайын маңызы артып келеді. 17 желтоқсанның кешінде Алматыдағы орталық алаңда  өзім куә болған оғаш та тосын көрініс әлі күнге көз алдымда. Мен төменгі көшемен алаң етегіне көтеріле бергенімде, бірден өртке көзім түсті де, шет жақта лапылдаған жалыны көкке сіңіп жанып жатқан көліктің жанына келдім. Отқа оранған – «жылжымалы милиция бекеті» аталатын бір жағына құлатылған машина екен. (Бұл – шоқпарды оңды-солды сілтеген жазалаушылар демонстранттарды бір жайпап өтіп, жетпіс-сексен қыз-жігітті «жеңіл жәрдем» әкеткеннен кейінгі көрініс еді). Тап сондай өрт түн қараңғылығы қымтаған алаңның төрт шетінде де лаулап жатты. Алаң ортасында дөңгелене шоғырланып, ұрандатып тұрған жастар тобы көрінеді.  Мінбер маңында және Орталық Комитет үйіне апарар баспалдақ алдында құрсанған қалқандары тұтаса, ұзыннан-ұзақ тізілген әскери жасақ  қарауытады. Мен өртке қарап тұрған қыз бен жігітке тақалып, мән-жайды сұрастырдым. Сол шақта жасақ жақтан папахалы, әскери шенді адам бермен  шығып, ұрандатып тұрған топқа беттеді. Жастар арасына барды,  бірдеңені түсіндірмек, әлде келіссөз яки үгіт жүргізбек болған сыңайлы. Шамасы, нәтижесіз барыс болса керек, жастармен тіл табыса алмай, тез кері оралды. Ол кетісімен, дөңгеленіп тұрған қыз-жігіттер қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әйгілі патриоттық әнін шырқады (көтеріліс күндері жауынгерлік шыңдалудан өткен осынау атақты әннің кейін тәуелсіз мемлекетіміздің әнұранына айналғаны мәлім). Ән шырқаудың ара-арасында бәрі бірауыздан, бұрынғысынша хормен, жігерлі айқайға басып қояды. Жастардың сондағы буын-буынға бөліп, екпіндете айтқан ұрандары: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деген сөздерден тұратын-ды. Алаңды күңіренткен бұл ұрандарды мен ерекше толқыныспен, айтып жеткізгісіз сезімге бөлене тыңдадым. Жастар аузынан жалын ата шыққан осы қарапайым қос тіркесте қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі жатқан болатын. Біріншіден, қазақ елін басқаруға жіберілген орталықтың эмиссары біздің халқымыздың ұлттылық тұрғыдан өркендеуіне шек қойып келе жатқан отаршыл биліктің тап өзіндей көрінген. Сондықтан да жас ұрпақ оны қабылдағысы келмеген. Оның «көзін жоғалтуын» талап ету арқылы максималист қыз-жігіттер  республикамызды қуыршақ еткен отарлық қамытты қаусататын уақыттың жеткенін жастық түйсігімен сезініп, қысқа ұранмен мәлімдеген еді. Екіншіден, республиканың атын алып жүрген, бірақ құқықтары тым шектелген халқымыздың мәртебесін «Жасасын, қазақ!» деп ашық көтерудің астарында шынайы теңдікке жету, азаттық алу арманы, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары жатқан. Жастық шаққа тән шалқыма көңілден шыққан асқақ ұран-сөздердің мән-мағынасы соған саятын.  Әрине, саяси тәжірибесі жоқ жас азаматтар мұндай мағынадағы тұжырымға тап сол кезде саналы түрде келген деп айта алмаймыз. Олардың  сөз ішіне терең ой бүккен бұл ұрандары ауыздарына өз-өзінен сұранып, күн тәртібіне мүлдем табиғи түрде шығарылған-ды. Өйткені өскелең ұрпақтың осынау ереуілі халқымыздың өткен ғасырлардан бері әлсін-әлсін отарлық езгі мен озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, бұрқ-бұрқ көтерілулерінің заңды жалғасы болатын. Михаил Горбачев бастаған Саяси Бюро 1985 жылдың көктемінен жеделдету, жариялылық, қайта құру сынды ұрандар тастаған. Сол ұрандарымен  жалпақ елде демократиялық өзгерістерге жол ашатын жаңа саясат жүргізе бастаған. Сөйте тұра, біздің халқымыздың еркімен санаспай, 1986 жылғы желтоқсан айында ұлтымызға жайсыз кадрлық шешім жасады. Соған наразы қазақ жастары бейбіт шеруге шыққанда, өкімет оларды өздерімен тең сөйлесуге кем санаған. Жалпы, тоталитарлық мемлекеттік билік үшін бірінші кезекте мемлекет мәртебесі тұратын да, адам тағдырымен, әсіресе «ұлтшылдықпен» санасу есепке алына бермейтін. Сол себепті бейбіт бас көтеруге өкімет күш қолдануымен жауап берді, сондықтан да тыныш демонстрацияның ақыры көтеріліске ұласты. Яғни, партия саясаты, совет билігі көрсеткен екіжүзділік «ұлт мәселесі шешілген» деген жалған желеумен қасаң стандартты тыныс-тіршілік қалыбын орнатқан кезеңде, кеңес өкіметінің ұлт мүддесін қорғайтындығына зор күмән келтірушіліктің тууына себеп болды. Қазақ КСР-інің Конституциясы бойынша Қазақстан – өз аумағында өз бетінше дербес мемлекеттік билік жүргізетін егеменді кеңестік социалистік мемлекет (68-баб) еді  («Статья 68. Казахская Советская Социалистическая Республика – суверенное советское социалистическое государство. ...Казахская ССР самостоятельно осуществляет государственную власть на своей территории»). Алайда Қазақстан Кеңестер Одағын құрысқан, одақтан еркін шығып кету құқы сақталған тәуелсіз мемлекеттердің бірі ретінде КСРО Конституциясының 70- және 72-баптарында мойындалған болса да, Қазақ Республикасының егемендігі де, өзін-өзі билейтіндігі де, ұлттылығы да мәскеулік билік тарапынан аяққа тапталды. Сол себепті Қазақ КСР-і «...еңбекшілердің ерік-жігері мен мүддесін қорғайтын социалистік жалпыхалықтық мемлекет» деген КСРО Негізгі Заңның 1-ші бабының көзалдаушылық, жәй ғана формальділік екенін әйгілеген бұл жәйт қағаз жүзіндегі теңдік пен еркіндіктің жасандылық сипатын дәлелдей түсіп, қазақ халқының шыдамын кемерінен асырған соңғы тамшы іспетті эффект берген. Ал Совет Одағы деп аталатын алып мемлекеттің іс жүзінде «біртұтас және бөлінбейтін» патшалық Россияның  жалғасы болып шыққанын уақыт ап-айқын көрсетті. КСРО және ҚКСР Конституцияларының 6-шы баптарына сәйкес Совет Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның жетекші және бағыттаушы күші» болып табылатын. Сол «жетекші және бағыттаушы күштің» қатаң идеологиялық торымен одақтас республикалар да, олардағы халық депутаттарының кеңестері де бекем шырмалғандықтан, Кеңестер Одағы іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналған. Яғни КСРО іс жүзінде, өмір көрсеткендей, басында монарх тұрған Ресей империясының аты өзгертілген, төбесінде Саяси Бюро  тұрған жаңа түріне айналдырылды. Міне, осы кеңестік неоимперияда әділетсіздік және көпе-көрінеу жалған сөйлеу әдеттегі құбылысқа айналғаны анық. КСРО-ны 1983 жылы АҚШ президенті сыртқы қатынастарға байланысты «зұлымдық империясы» деп атаған еді, шындап келгенде, бұл анықтаманың туралығы ішкі жағдайда да көрінді. Кеңес өкіметі қайта құру саясаты  жария еткен демократиялық жаңғыруға сенген жастарға 1986 жылдың желтоқсанында «наркомандар, маскүнемдер» деген жалған айып тағып, оларды тоталитарлық шоқпардың астына алды. Жұмысшы және студент қыз-жігіттердің демократиялық қозғалысын әскери күшпен басу үшін құпия түрде арнайы операция жоспарын жасап, жүзеге асырды. Мұндай әрекет жастарды ашындыра түсті, соның салдарынан бейбіт шеру озбыр отаршылдыққа, неосталинизмге қарсы көтеріліске ұласты. Бұған бүгінде ешкім шәк келтірмейді. Совет Одағының Гимні «азат республикалардың бұзылмас одағын Ұлы Русь мәңгілікке біріктіргенін» мәлімдеген мынадай сөздермен басталатын: «Союз нерушимый республик свободных Сплотила навеки Великая Русь». Одан әрі бұл тұжырымдама халықтардың ерік-жігері жасаған біртұтас, қуатты Совет Одағы жасасын деген мына ұранға ұласатын: «Да здравствует созданный волей народов Единый, могучий Советский Союз!»   Алғашқы екі жолдағы «бұзылмас одақты» орыс мемлекетінің біріктіргені туралы  ақпараттың кейінгі екі жолдағы «біртұтас, қуатты Совет Одағын» «халықтардың ерік-жігері жасағаны» жайындағы мәліметпен үйлесіңкіремей тұрғанын қазіргі таңда оңай аңғаруға болады, бірақ тоталитарлық кезеңде оған ешкім шәк келтірген жоқ.  Соғыс жылдары өмірге еніп, тәуелсіздікке жеткенге дейін шырқалған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Гимні: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан», – деген, шынайы қазақы болмысты бейнелейтін  жолдармен басталатын. Әнұран мәтінінің бұлардан кейінгі мүлдем саясиландырылған сөздерін есепке алмағанда, қазақтың азаттық пен ар-намыс жолына басын тігуден қашанда тартынбағаны рас-тын. Осы жанқиярлық дәстүрге адалдығын жастар 1986 жылғы желтоқсан айында көрсетті. Республика астанасында олар алаңға бір жағынан, сол кезгі жариялылықты, қайта құруды, демократиялық жаңаруды көздеген билеуші партияның саясатына малданып шықты. Екінші жағынан, көкейге түйген күдікті бейбіт жолмен шешуге үміттеніп, идеялық жалғыз-дара көсеміміздің портреті мен оның және ол құрған большевиктік партияның ұлт мүддесін көздейтін тұжырымды сөздері жазылған транспаранттарды бастарына көтеріп шықты. Орталық алаңға келіп, басшылардың мәселені түсіндіруін күтті. Бірақ олардың алдына шыққан өкімет өкілдері тек «тәртіп бұзбай, жатақханаларына тарқауларын» талап етті. Өздерінің мұндай талап-тілектеріне биліктің құлақ аспай, немкетті қарауы демонстранттарды, әрине, қанағаттандырмады, олар алаңнан кеткен жоқ. Сонда өкімет тарапынан орталық алаңға жиналған студенттер мен жұмысшы жастардың бейбіт демонстрациясын дөрекі күш қолдану жолымен  басып-жаншу әрекеттері жасалды. Жуасыту және жазалау шаралары метрополия жоспарына сәйкес мұқият жүзеге асырылды. Отаршыл билік Алматыдағы орыс және орыстілді тұрғындардың қолдарына темір біліктен, кабельдерден қиылған суық қарулар үлестіріп, алаңдағы қазақ жастарын өлімші етіп ұрып-соғуға, тіпті өлтіруге ашықтан ашық шығарды.  Жұртты бір-біріне жасанды түрде ұлттық тұрғыда қарама-қарсы тұруға мәжбүр етті. Кеңес өкіметі басшылығының рұқсатымен жасалған осынау мемлекеттік қылмыс:  «Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген гимн сөзінің астарын айқара ашып берді. Жаңа тұрпатты отаршылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары астанада жұрттың ұлттық белгілері бойынша қудалануына жол ашты, ұлтаралық араздықты қолдан тұтатуға әрекеттенді. «Аға» мәртебесімен дәріптелетін халық өкілдерін және орыстанған өзге тектілерді, сондай-ақ барша ләббай-тақсыршылдарды  империялық орталық «бесінші колонна» ретінде пайдалануға ұмтылды. Белгілі дәрежеде біраз уақыт солай ете алды да. КСРО басшылығы Алматыға жіберген өкілдер КСРО Конституциясының «одақтас республикалардың егемендік құқықтарын КСР Одағы сақтайды» (Статья 81.  Суверенные  права  союзных  республик охраняются Союзом ССР) деген 81-ші бабына қасақана, қалаға өзге республикалардан арнайы мақсатпен әрекет ететін жасақтарды тасымалдап, метрополияның отардағы «құлдарын» тұқырту, «тәртіпке салу» жұмыстарын жүргізді. Бірақ ұлттық сезім мен намыс басты түрткі болған ұлт-азаттық көтеріліс оты тез арада республиканың шартарабына тарап үлгерді. Мұндай қарсылық туатынын күтпеген орталық көтеріліс жайында дұрыс ақпарат тарамауына, оны бұзақылардың тәртіпсіздіктері етіп түсіндіруге күллі идеологиялық қаруын жұмылдырды. Одақтас республикалар іштен тынғанмен, алыс шетелдер үнсіз қалған жоқ. Еуропа елдерінің белгілі азаматтары атуға бұйырылған көтерілісші Қайрат Рысқұлбековтің тағдырына араша түсіп, КСРО басшылығына хат жолдап жатты. Желтоқсан көтерілісінде орын алған ауыр ахуалдың бір ұшы менің жеке басыма да тиген еді. 1986 жылғы 25 желтоқсанда өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы аппаратының партия жиналысында 17–18 желтоқсан оқиғасына байланысты мәселе қаралды. «Тәртіпсіздіктердің» мән-жайы баяндамада, жарыссөздерде алаңға шыққан жастарды айыптау тұрғысынан қозғалып жатты. Сонда мен құқық қорғаушы орган күштері  бейбіт жастарға шоқпар, сапер күрекшелері мен әскери ізшіл иттерді жұмсағанын, сөйтіп озбыр жазалаушы деңгейіне дейін құлдырағанын ашық айттым, жұмысшы ұжымдарына барған жекелеген партия қызметкерлерінің Орталық  Комитет Пленумының кадр жөніндегі шешімін «сендерге басшының қазақ болғаны маңызды ма, әлде дүкендерде нан болғаны маңызды ма?» деп түсіндірмек болған қарадүрсін, залалды сөздерін сынадым. Мәселені байыппен, тереңнен ұғуға шақырдым. Демонстранттардың Лениннің суреттері мен ұлт мәселесі жөніндегі сөздерін көтеріп шыққанына ой жүгіртейік, интернационализм, шовинизм, патриотизм, ұлтшылдық пен ұлттылық ұғымдарын ажырата білейік дедім. Қазақ тілінің мүшкіл халін, білім беру органдарының кемшіліктерін тілге тиек етіп, нақты мысалдар келтірдім. Менің сөзім белсенді коммунистердің ашу-ызасын туғызып, маған  ұлтшыл деген айып тағылды. Сөзімнің мәтінін бірнеше дана етіп көбейтіп, тиісті органдарға табыстады. Оны белгілі партия басшыларының бірі «революциялық сөзге» балап, коммунистің мұндай антипартиялық қылығын аяқсыз қалдыруға болмайтынын айтты. Мәселені қайта қарау үшін 1987 жылғы 5 қаңтарда тағы жиналыс өтті, мен алғашқы сыни сөзім партиялық құжаттарда тұжырымдалған теориялық қисындардан туындағанын шегелеп айта келе, тәртіп сақшыларының бейбіт демонстранттарды ұрып-соққанын шынымен де өз көзіммен көрмегенімді мойындадым. Жалпы, мен өзімнің қалыптасқан пікірлерден өзгеше ойымды көшеде емес, партия жиналысында, «өткір бұрыштарды» айналып өтпеуге үйрететін партия ережесіне сай, коммунистер ортасында айтқан едім. Алайда аппарат коммунистерін мұндай қисын ойландырған жоқ. Ерекше көзге түсуге тырысқан белсендінің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері сөзімнің мәтінін өздерінше бұрмалап, айға жуық тексерген болды, таққан жасанды айыптарын тізген қорытынды жасады. Сосын менің мәселем партбюрода, одан тағы да жалпы жиналыста талқыланды. Жиналыс шешімін аудандық партия комитеті өзінің парткомиссиясында, бюросында қарады. Нәтижесінде мен партиялық және әкімшілік қатаң жаза алып тындым. Ақтығыңды дәлелдей алмайтын жағдай осылай менің өз басымнан да өткендіктен, сол күндері республикада «кіші 37-ші жыл» ахуалы орнағанын  сеніммен  айта аламын. Көтеріліске тікелей сан-мың қыз-жігіттің қатысқаны мәлім. Көшелер мен орталық алаңда олар ондап, жүздеп соққыға жығылды. Жазалаушылар оларды жүк машиналарына тиеп, қоқыс төккендей, қала сыртына апарып тастады. Ұсталып, түрмеге, тергеуге түскені, жұмыстан, оқудан, тұрған жатақханаларынан шығарылғаны, қаладан қуылғаны қаншама. Жүзден астам қыз-жігіт түрлі мерзімге  сотталды, екеуі өлім жазасына кесілді. Халық депутаты, ақын Мұхтар Шаханов басқарған парламенттік комиссияның деректеріне қарағанда, «37 жыл» рухында жүргізілген репрессиялар түрлі әкімшілік шараларымен қатар партиялық және комсомолдық тұрғыда жазалаумен астасқан.  Осы оқиғаға білдірген көзқарастары үшін 52 адам партиядан шығарылған, 67-сіне партиялық жаза берілген. Жұмысшы және студент жастардың 406-сы комсомолдан шығарылып, 404-іне комсомолдық  жаза қолданылған. Қасаң тоталитарлық жүйеге күллі КСРО бойынша бірінші болып қарсы шығып, жанкештілікпен азаттық үнін көтерген қазақ жастарының көтерілісі  басқаларды да оятты. Мәскеу озбырлығына қарсылықтар Кавказдағы, Балтық жағалауындағы одақтас республикаларда орын алды. Ұзамай, коммунистік режим тұтастырған тоталитарлық алып мемлекетте тегеурінді демократиялық өзгерістер жасалды. Кеңестік бір елге біріккен одақтас республикалар КСРО Конституциясының 72-ші бабында көзделген одақ құрамынан еркін шығып кете алатын (Статья 72.  За каждой союзной республикой сохраняется  право свободного выхода из СССР) құқықтарын пайдаланып, 1991 жылы өздерінің мемлекеттік тәуелсіздіктерін жариялады. Қазақ көтерілісінің Венгриядағы (1956) және Чехословакиядағы (1968) көтері­лістердің жалғасы және нәтижелісі бол­ғанын атап айту керек. Олай дейтініміз, 1986 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі серпін берген ерен құбылыстың нәтижесінде кеңестік империяны ұстап тұрған коммунистік режим құлады. Тарихи оқиғаның дамуы барысында КСРО-ның өзі ыдырап қана қоймай, тиісінше, оның әлемдегі ықпалы шектелді. КСРО-ның жетекшілігімен Еуропа мемлекеттерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін 1955 жылы Варшавада талқылаған мәжілісте құрылған сегіз еуропалық социалистік мемлекеттің  әскери одағы – Варшава келісімшарты 1991 жылы біржола күшін жойып, 36 жыл бойы дүниедегі әскери күштерді екіге жарып келген ұйым тарқады. Совет Одағының идеологиялық құрсауынан азат болған елдер өз мемлекеттік құрылымдарын қайта қарады (екі неміс мемлекеті бірікті, Чехословакия, Югославия федерациялары жеке мемлекеттерге бөлінді). Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ерік-жігері идеологиямен ауыздықталған қасаң елде осылайша демократиялық жаңаруға жол ашып, өзара дұшпан әскери лагерьлерге бөлінген биполярлы әлемде жасанды қарсы тұрушылықты жойған құбылыстардың  бастауына  айналды. Бүгінгі ұрпаққа тоталитарлық дәуір­дегі қазақ жастарының халықаралық, дүниежүзілік мәні бар жасампаздыққа жол салып берген ақтық қозғалысын, содан бергі тарихи үдерісті терең түсінген жөн. Бұл орайда оған қазіргі заман әдебиеті жақсы жәрдемші болуға тиіс. Баршамызға белгілі, әдебиеттің ұлы мұраты – адам тәрбиесі, ендеше, Желтоқсан көтерілісінің тарихи және саяси бағасын әділ қорытуға және бұқараға жеткізуге, одан сабақ алуға әрі оны мақтан етуге сөз шеберлерінің атсалысқаны абзал. Жақында Астанада өткен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда билік алдына бірқатар маңызды ұсыныстар  қою жөнінде шешім қабылданды.  Бұл істен еліміздің шығармашыл күштері де тыс қалмауы ләзім. Желтоқсан тақырыбын көркемдік құралдар арқылы игеру жолымен тәуелсіздік күрескерлерінің  болашақ буындары аса мұқтаж тың туындылар жасау қажеттігін ойдан шығармауға тиіспіз. Жас ұрпақтың отаншылдық, отансүйгіштік сезімін ұштауға ықпал ететін көркем өнерге зәрулік еліміздегі шығармашылық одақтарды қатты ойландыруға тиіс.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары