1065
Тоқтағұл мен Тілеміс
Тоқтағұл мен Тілеміс
Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында қазақ-қырғыз әдеби байланыстарына қатысты талай дерек сақтаулы жатыр. Солардың бірі – белгілі диалектолог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Оқас Нақысбектовтің әйгілі түркітанушы К.Юдахинге 1957 жылғы 4 наурыз күні жолдаған бірауыз хаты мен оған тіркеп жіберген «Тоқтағұл және қазақ ақыны Тілеміс» атты шағын жазбасы. Жиырманың тоғызына аяқ басқан аспирант өзінен қырық жастай үлкендігі бар атақты ғалымға: «Құрметті Константин Кузьмич! Кешіктіргенім үшін кешірім сұраймын, кезінде бұл материалды беремін деп уәде еткен соң жасы ересек адамның алдында бұлай істемегенім жөн еді. Осы материалды жолдай отырып, бәлки қажет болып қалар деген оймен орысша аудармасын және Тілеміс туралы кейбір мәліметтерді ұсынуға талап қылдым», – деп ізет көрсетеді.
К.Юдахин хаттың сол жақ жоғары бұрышына «ТӘИ қорына тапсыру қажет деп санаймын» деген сөздерді жазып, қол қойған. Сөйтіп, құжат салынған бума 1894-инвентарлық нөмірмен тіркелген.
Ұсынылған мәтінді 1944 жылғы 21 мамыр күні Жамбыл облысы Қордай ауданы «Ленин ұшқыны» («Искра Ленина») ұжымшарының мүшесі Өмірқұл Құлшынов белгісіз информатордың аузынан жазып алып, оның айтуы бойынша 1955 жылдың 20 қыркүйегінде Оқас Нақысбеков хатқа түсірген. Содан К.Юдахинге жолдағанша бір жылдан астам уақыт өтіп кеткені байқалады.
О.Нақысбеков Тілемістің көңілқос өлеңін жолма-жол орысшаға аударған. Автордың өзге тілге жүйріктігін және әдеби талғамын аңғартып тұрғандықтан, тәржіманы қатарластыра бергенді жөн санадық:
«Қырғыздың халық ақыны Тоқтағұл өзінің сатиралық әшкерелегіш жырларымен қазақтың бұқарашыл ақындарына жақын болды. Олар оны жақсы көріп, құрмет тұтты. Тоқтағұл қазақ ағайындарымен ішкі асыл сырларын бөлісті.
Тоқтағұлдың қырғыз халқының езгіге түсуі мен еріксіздігіне қарсы жырлары идеялық тұрғыдан және сыншылдық бағыты жөнінен қазақ ақындарының туындыларымен үндес еді.
Тоқтағұл мен қазақ ақыны Тілемістің арасын үлкен достық байланыстырды. Тілеміс – Жамбылдың замандасы. Мұны Жамбылдың «Тілеміске» деген өлеңі айғақтайды («Ей, Тілеміс, Тілеміс! //Тілің мірдің оғындай.// Тиіп кетсе күйдірген// Сексеуілдің шоғындай.// Қарсы келген жан болса,// Құтылмайды соғылмай.// Құл сүлдесі қалғанша,// Қара терге шомылды-ай.// Кебекбай мен Ноғайбай,//Тіліңнен-ақ именіп,// Жүр ғой сені соға алмай (Жамбыл Жабаев.
Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т.,
31-бет).
Тоқтағұлдың баласының қазасына байланысты Тілеміс айтқан жыр – Тоқтағұл мен Тілеміс арасындағы достықтың айқын бір көрінісі. Айтушының сөзіне қарағанда, Тоқтағұлдың ұлы қырғыз ақыны ашу-ызаға толы жырлары үшін айдауда жүрген уақытта қайтыс болған. Тілеміс жақын досы ретінде Тоқтағұлға күйзелісін білдіріп, шерін төгеді. Сондай-ақ Тоқтағұлдың жан дүниесіне ортақтасады, оны қайғыға батып кетпеуге, рухын сындырмауға шақырады, себебі айналасын қаумалаған достары бар екенін айтады.
Бұл жыр достары жалғыз ұлынан айырылған Тоқтағұлдың көңілін демеу үшін бас қосқан жер – шайханада шығарылған (айтушыдан жазып алынған мәліметке қарағанда, бұл оқиға Пішпекте не Тоқмақта болған). Сол уақытта шайханаға бас сұққан Тілеміс қара жамылған досын көріп, осы өлеңді айтқан.
Жырдың мәтіні мынадай:
Келеріңде, дүние, қол жетпес биік таудайсың,
(О мир,приходя, ты становишься высокой горой недосягаемой для руки (человека),
Кетеріңде, дүние, тесілген түбі наудайсың.
(О мир, уходя, ты становишься поилом с продырявшим дном),
Келеріңде, дүние, қайберен жатқан төрдейсің,
(О мир, приходя, ты становишься пьедесталом Кайып ерена)
Кетеріңде, дүние, су жетпеген шөлдейсің.
(О мир, уходя ты становишься высохшей пустыней (от недостатка воды).
Келеріңде, дүние, ақ тамға салған әйнексің,
(О мир, приходя, ты становишься окном в белом доме),
Кетеріңде, дүние, тұтқасы сынған шәйнексің.
(О мир, уходя, ты становишься чайником без ручки),
Келеріңде, дүние, жарауда жүрген дүлдүлсің,
(О мир, приходя, ты становишься сказочным конем на откорме),
Кетеріңде, дүние, ұясын бұзған бұлбұлсың.
(О мир, уходя, ты становишься соловьем, разорившим свое гнездо).
Келеріңде, дүние, ортқып аққан бұлақсың,
(О мир, приходя, ты становишься бурливой горной рекой),
Кетеріңде, дүние, желсіз өшкен шырақсың.
(О мир, уходя, ты становишься свечой, потухшей без ветра).
Келеріңде, дүние, таудан да зор биіксің,
(О мир, приходя, ты стоишь выше, чем выочайшая гора),
Кетеріңде, дүние, мергеннен қашқан киіксің,
О мир, уходя, ты становишься дикой козой, убегающей от охотника).
Келеріңде, дүние, емен талдай көктейсің,
(О мир, приходя, ты расцветаешь как дуб и тальник),
Кетеріңде, дүние, есіктен төрге жетпейсің.
(О мир, уходя, ты становишься коротким, даже не достанешь от дверей до передни).
Келеріңде, дүние, жиырма бестегі жастайсың,
(О мир, приходя, ты становишься двадцатилетней юношей),
Кетеріңде, дүние, жидіген қара шаштайсың.
(О мир, уходя, ты становишься как выпавший черный волос).
Келеріңде, дүние, жаз бүрлеген терексің,
(О мир, приходя ты становишься тополем с набухшими почками).
Кетеріңде, дүние, түбі түскен шелексің.
(О мир, уходя, ты становишься ведром без дна).
Келеріңде, дүние, арғымақ аттай ойнайсың,
(О мир, приходя, ты резвишься как аргамак).
Кетеріңде, дүние, айналып ұшқан торғайсың.
(О мир, уходя, ты становишься птицей, кружащейся вокруг себя).
Келеріңде, дүние, қараңғы үйдегі шырақсың,
(О мир, приходя, ты становишься светочем в темном доме),
Кетеріңде, дүние, қасқыр жеген лақсың.
(О мир, уходя, ты становишься козленком, съеданным волком).
Келеріңде, дүние, кесеге құйған балдайсың,
(О мир, приходя, ты становишься медом, налитым в пиалу).
Кетеріңде, дүние, көксау болған шалдайсың,
(О мир, уходя, ты становишься чехоточным стариком).
Келеріңде, дүние, бұлтсыз тиген күндейсің,
(О мир, приходя, ты становишься ярким безоблачным светящим солнцем).
Кетеріңде, дүние, қайғылы қара түндейсің.
(О мир, уходя, ты становишься темной мрачной ночью).
Келеріңде, дүние, шешек атқан гүлдейсің,
(О мир, приходя, ты становишься распустившимся цветком).
Кетеріңде, дүние, жақыныңды сүймейсің.
(О мир, уходя, ты не любишь и родных).
Келеріңде, дүние, шытырман орман тоғайсың,
(О мир, приходя, ты становишься бесконечным густым лесом),
Кетеріңде, дүние, жыртылған тері шоқайсың.
(О мир, уходя ты становишься разорванным чувяком).
Келеріңде, дүние, құрлы таудың ұларысың,
(О мир, приходя, ты становишься индейкой куропаточной горы).
Кетеріңде, дүние, құйрығын жанышқан жылансың.
(О мир, уходя, ты становишься змеей с раздавленным хвостом).
Келеріңде, дүние, он бестегі қыздайсың,
(О мир, приходя, ты становишься пятнадцатилетней девушкой).
Кетеріңде, дүние, күнге тиген тұздайсың.
(О мир, уходя, ты становишься солью, пролежавшей под солнцем).
Келеріңде, дүние, жау қашырған ердейсің,
(О мир, приходя, ты становишься богатырем, прогнавшим врагов (родины).
Кетеріңде, дүние, қол жетпес асқар белдейсің,
(О мир, уходя, ты становишься высоким перевалом, недосягаемым для руки (человека),
Келеріңде, дүние, жылжыма торы жорғасың.
(О мир, приходя, ты становишься быстроногим гнедым иноходцем).
Кетеріңде, дүние, жыртылып қалған дорбасың.
(О мир, уходя, ты становишься порванным мешочком).
Дүние шіркін осындай,
(Мир чудесный таков),
Ер Тоқа, ұшқан құсыңдай,
(Ер Тока, как перелетная птичка (изменчив),
Ер Тоқам, енді жасыма.
(Мой Ер Тока, теперь не печалься!),
Ойланып қара қысылмай.
(Обдумай /все сказанное мной/, не теряясь)».
Жазбасының соңында О.Нақысбеков мынадай анықтама береді: «Тілеміс қасқарау руынан шыққан, ал қасқарау дулат тайпасының бір тармағын құрайтын жаныс руына жатады. Қасқарау руы қазіргі Қордай және Лениногор аудандары аумағын мекен еткен. Тілеміс Өтеген батырмен рулас, оны Жамбыл жырға қосқан. Е.Ысмайыловтың сілтемесіне сүйенсек, тарихшы А.Делебаевтың материалдары Тілемісті Өтеген батыр туралы эпикалық поэма шығарған ақын деуге толық негіз береді».
Шынында да, Тілеміс Есболұлы (1846-1933) – Жамбыл Жабаевтың түйдей құрдасы, үзеңгі жолдасы. Ел ішінде сақталған аңыз бойынша, Асан Қайғы секілді жерұйық іздеген бабасы – мүйізді Өтеген: «Менің кейінгі тұқымдарымнан бір бала туады; өзі сұрлау, сөзі қулау, көзі көк, сөзі көп болады», – депті-мыс. Рухани ұстазы Кенен Әзірбаевтың аузынан жазып алған бұл әңгімені белгілі әдебиеттанушы М.Жолдасбеков «Асыл арналар» кітабында баяндай отырып: «Айтқандай-ақ, Тілеміс туады. Ол ақын да, сал да, шешен де, алғыр да болып өседі. Шаруаға қыры болмайды, той-жиынның арасында жүреді», – дейді (Алматы: Жазушы, 1986. – 220-бет). Фоль-
клортанушы Нысанбек Төреқұловтың мағлұматына иек артсақ: «Кезінде Алдар көсе, Жиренше шешеннің қуақы, күлдіргі сөздерін көп айтып, ауыл-аймақты күлкі-сықаққа балап жүрген. Жетісу өлкесінде «Тілеміс айтыпты» деген көңілді әңгімелер көп тараған» (Жүз жасаған бәйтерек. – Алматы: Жалын, 1989. – 24-25 беттер). Ал халық ақындары шығармашылығының білгірі Сапарғали Бегалин «Жамбыл. Өмірбаяндық хикаят» атты монографиясында Тілемістің Үсербай бақсыға, Сейпылда биге, Бөкей қажыға, Сәт болысқа т.б. тапқырлықпен айтқан өткір сөздерін келтіріп, «Жамбыл айтса айтқандай, Тілемістің тілі удай ащы еді», – деп жазады (Алматы: Жалын, 1996. – 141-146 беттер). Кейінгі уақытта Тілемістің әдеби мұрасына байланысты филология ғылымдарының кандидаты Мүбарак Үмбетаев тың зерттеулер жасады. Өкінішке қарай, оның көптеген жыры ел жадынан өшіп қалған. Сондықтан дәстүрлі қырғыз поэзиясының классигі, өз елінде «тау бұлбұлы» атанған Тоқтағұл Сатылғановқа жалғыз баласы Топшыбектің қазасына орай айтқан жұбату өлеңі – О.Нақысбековтің ыждағаты арқасында бізге жеткен бағалы дерек.
Осы ретте бір қызықты жағдайға назар аудармаса болмайды. Тоқтағұлдың барлық таңдамалы кітаптарына енгізіліп келе жатқан «Дүние» («Дүнүйө») атты философиялық толғауы бар. Ол:
Бул дүнүйө бекерсиң –
Бир күнү өтүп кетерсиң.
Опосу жок дүйнөнүн
Түбүнө ким жетерсиң? –
деп басталады да, әрі қарай бастан-аяқ Тілемістің өлеңіндегідей «Келеринде дүнүйө...», «Кетеринде дүнүйө...» деп кезектесіп келетін бірыңғай стилистикалық айшықтау – антитезаға құрылады («Келеринде дүнүйө, Асмандагы күндөйсүң. Кетеринде дүнүйө, Кайгылуу көңүл кирдейсин... Келеринде дүнүйө, Чытырман калың токойсуң. Кетеринде дүнүйө, Жыртылган тери чокойсуң», т.с.с).
Ақынның 1940 жылғы жинағына кірген бұл шығарма одан бір жыл бұрын қазақ тіліне тәржімаланып, «Теміржолшы» газетінің 1939 жылғы 27 қыркүйектегі 30-санында жарияланған (өкінішке қарай, кім аударғаны көрсетілмеген). Әу баста 23 шумақтан (92 жолдан) тұратын толғау уақыт озған сайын толықтырылып, Тоқтағұлдың Бішкекте «Залкар акындар» сериясымен 2015 жылы жарық көрген академиялық жинағында 175 жолды құраған. Ал сол өлшеммен есептегенде, Тілемістің өлеңі – 84 жол. Әрі екі ақын туындысының көп бөлігі – жекелеген сөздердің айырмашылығын немесе шумақтар мен жолдар ретінің ауысып кеткен тұстарын ескермегенде – сөзбе-сөз сәйкес келіп отырады.
Тек Тоқтағұлдың ұзақ толғауы:
Дүнүйө чиркин ушундай,
Колундан качкан кушуңдай, –
деп түйінделсе, Тілеміс көңілқос өлеңінің соңында:
Дүние шіркін осындай,
Ер Тоқа, ұшқан құсыңдай.
Ер Тоқам, енді жасыма,
Ойланып қара қысылмай, –
деген сөздермен досына басу айтады.
Белгілі қырғыз зерттеушісі Жаки Таштемировтің жазуынша, «дүние» – қырғыз поэзиясында Тоқтағұл ғана емес, Жеңіжоқ (Өтө Көкөев), Барпы Алықұлов және Бектұр Шералиев сияқты ақындардың шығармашылығында ұшырасатын дәстүрлі мотивтердің бірі; бірақ баяндау тәсілі мен мазмұндық құрылымы басқа. Ел аузындағы мұрасы 1933 жылы өзі бақилық болған соң ғана кең көлемде хатқа түсіріле бастаған Тоқтағұлдың «Дүние» жырын оның шәкірттері Қалық Ақыұлы мен Қорғол Досуұлы жатқа айтып берген (Классикалык изилдөөлөр жана тексттер: Акындар чыгармачылыгы, 4-китеп: Токтогул Сатылганов / Түзг.: А.Акматалиев, М.Көлбаева. – Бішкек: «Полиграфбумресурсы», 2018. – 61-бет). Тоқтағұл шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерделеген М.Сырдыбаев пен С.Тургунбаев болса, ақынның «Дүние» жырының шумақтарымен үндес келетін, ел ішінен жиналған поэтикалық мәтіндерді салыстыра отырып, оларға көркемдік жағынан талдау жасайды (Токтогул Сатылгановдун чыгармаларын текстологиялык изилдөө маселелери. – Фрунзе: Илим, 1995. – 11-17 беттер).
Қазақтың қара өлеңіндегі «Дүние, келеріңде бұлақтайсың, Кетеріңде сырғыған сынаптайсың, Жанына жақсылардың аялдамай, Па, шіркін, қайда барып тұрақтайсың?» деген жолдардан немесе атақты ақын Таңжарық Жолдыұлының «Келерінде дүние, Гүл бақшадай бұралған, Кетерінде дүние, Құр арнадай суалған...» деп келетін туындысынан Тоқтағұлдың әйгілі жырына ұқсас шығармалар біздің ұлттық поэзиямызға да бөтен емесін аңғарамыз. Мұның ғылыми дәйектемесі – өз алдына қарастыратын бөлек тақырып.
Қалай десек те, елінің әділетсіз би-бағландарына бас имей, теперіш көрген; Әндіжан көтерілісіне қатысып, Сібір айдалған; сүйген жарынан тірідей, жалғыз перзентінен өлідей айырылған; кәрі шешесінің мүгедек, мүсәпір халін көріп жан ұшырған; апалаң-топалаң заманда жоқшылықтың құрығынан құтылмаған; бірақ өшпес өнерімен халқының жарық жұлдызына айналған Тоқтағұл Сатылғановтың «Дүние» толғауына оның қиямет-қайымға толы тағдырының өзек өртер сарыны сыйып тұрғаны сөзсіз.
Әлбетте, Тілеміс досының ақынды өз сөздерімен жұбатуы – таңғаларлық құбы-лыс.
Материалды әзірлеген және ғылыми түсініктемелерін жазған Амантай ШӘРІП, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі