1338
Ескі ауылды жаңа тұжырымдама көркейте ала ма?
Ескі ауылды жаңа тұжырымдама көркейте ала ма?
Биылдан бастап ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыру басталады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген болатын. Жаңа жобада не қарастырылып отыр? Оның ауылға, ауыл халқына берері қандай? Бұған дейінгі ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бағытталған түрлі бағдарлама қаншалықты нәтижелі болды?
Жаңа жарлық
2022 жылғы 26 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Мақсаты – ауыл-аймақты дамыту тәсілдерін жетілдіру және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру. Жарлыққа сәйкес Үкімет биылғы 31 наурызға дейін ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауы керек. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Одан бөлек, Президент Астанада өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. – ...Ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөзімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан бөлек, екі жыл ішінде бүгінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылатыны айтылды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылмақ. Иә, қазір еліміздегі ауыл халқының саны – жалпы халық санының шамамен 40 пайызы, 1 желтоқсандағы нақты дерекке сүйенсек, 38,7 пайызы. Ауыл халқының саны тұрақты түрде азайып барады. Жұмыссыздық, табыстың аздығы, жағдайдың жасалмауы сияқты тағы да басқа түрлі фактор урбанизацияның қарқын алуына ықпал етіп отыр.«Бояма» статистика нақты жағдайды көрсетпейді»
Ең алдымен, ауыл тұрғындарының табысы аз. Былтырғы маусымдағы дерек бойынша, қаладағы халықтың табысы ауыл халқының табысына қарағанда 38 пайызға жоғары болған. Оған қоса, жұмыс орындары тапшы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, бұл мәселелерді реттеуге бағытталған жұмыстар басталып кеткен. Биылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде қазақстандықтардың тиімді шарттармен шағын несие алу мүмкіндігі болады. Яғни, ауылдар мен елді мекендер және шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады. – Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыз, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 миллион теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 миллион теңге. Несие қаражатын беру операторларын облыстардың жергілікті жерлердегі әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды, – деп айтылады мәлімдемеде. Ұйымдастырушылық жұмыстар мен басқа да формалды рәсімдерді ескере отырып, алғашқы микронесиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды. Ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталған болатын. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырды. Ал биыл жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Дегенмен бұл қаржының өз мақсатында жұмсалу-жұмсалмауы да уақыт еншісінде қалатын мәселе. Былтыр жыл басында сенатор Ақылбек Күрішбаев депутаттық сауалында Үкіметтің ауыл проблемаларын шешу жөніндегі жұмысын сынға алып, ауылдың өзекті проблемаларына тоқталған еді. Ол «Бояма» статистика нақты жағдайды көрсетпейтінін айтқан болатын. – Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде «жұмыссыздық» деген халықтың бағын ашпас сор болды. Біз еліміздің барлық ауданында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын басты мәселе деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңге құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады? – деген еді сенатор. Ақылбек Күрішбаев жұмыссыздық салдары тағы бір проблеманы туғызып отырғанын айтып, бүгінде ауыл халқының қалаға көшу динамикасының артып отырғанын айтты. – Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті. Бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? – деді сенатор. Депутат бұл мәселе еліміз үшін экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан Ақылбек Күрішбаев Үкіметтің ауылдарды дамытуға неге тиісті көңіл бөлмегеніне және сенаторлардың парламенттік тыңдауда берген ұсыныстарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына тоқталған еді.Жағдай жоқ, ахуал алаңдатарлық
2019 жылы сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ермек Алпысов еліміздегі 6 454 ауылдың 3 477 мыңға жуығының ғана даму әлеуеті бар екенін айтқан болатын. Оның 1 150-і тірек ауыл болса, қалған 2 327-сі серік (спутникті) ауылдар немесе шекаралас елді мекендер екен. Жасыратыны жоқ, бірлі-жарым ауыл, аудан орталықтары болмаса, еліміздің басым бөлігінде инфрақұрылым әбден тозған. Интернетпен қамтылу жағдайы пандемия кезінде анық белгілі болды. Басқаны былай қойғанда, шалғай өңірлерде тасжол тозған немесе мүлде жол жоқ, ауызсуы мен жарығы нашар ауылдар бар. Бұрынғы дүрілдеп тұрған аудан орталықтары мен гүлденген ауылдардағы инфрақұрылымдар, жарық желілері, жылу орталықтары да біршама тозған. Шалғайдағы кей ауыл тұрғындары қолындағы азын-аулақ малға қарап отыр. Басқасын былай қойғанда, ең маңызды деген денсаулық сақтау саласында жағдай жасалмаған. Былтыр қарашада Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдардағы медициналық инфрақұрылым шамамен 50 пайызға тозғанын айтқан болатын. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдағы объектілерге инвентаризация жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объектілер жоқ, 400-ге жуық медициналық объекті жалдамалы, апатты немесе бейімделген ғимараттарда орналасқан, – деді министр Үкімет отырысында. Естеріңізде болса, осыдан 15 жылдай бұрын ел Үкіметі ауылдарды арнайы сараптап, зерттеп, бірнеше топқа бөлген еді. Елді мекендер «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа ауыл» және «болашағы жоқ ауыл» деген топтарға жіктелді. Ауылдардың жағдайына ерекше көңіл бөлінуі керектігі туралы, дамитыны, инфрақұрылымы жаңаратыны туралы сол кездерден-ақ айтылып келе жатыр. Мәселен, 2025 жылға дейін ауылдардың жақсартылған инфрақұрылыммен толықтай қамтылатыны айтылды. Одан бөлек, 2025 жылға қарай еліміз бойынша сапалы ауызсуға қолжетімділікті 100 пайызға жеткіземіз деп уәде етіліп отыр. Бұл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ.Жобалар мен жоспарлар – желге ұшқан уәделер
Жалпы ауылға, ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын жүйелеуге бағытталған бағдарламалар бізде біршама болды. Қайбір жыл «Ауыл» жылы деп жарияланды. 2004-2010 жылдары «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасы жүзеге асты дедік. Бағдарлама бойынша осы жылдар ішінде 766 миллиард теңге жұмсалған. 2013 жылы іргелі ауылдарды дамыту бойынша жобаны жүзеге асыру басталады. Ол кезде халықтың 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын. Дегенмен аталған бағдарламалардан ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже байқалмады. Ал 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясына жұмыс басталды. Мемлекеттен қосымша қаржы бөлу арқылы ауылда өмір сүру сапасын жақсарту жоспарланды. Жоғарыда айтқан жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілерін қайта жаңарту және жаңа объектілерді салу, жұмыс орындарын құру осының барлығы бағдарламаның аясында реттелетіні айтылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің Жол картасы – 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарламалар да бар. «Солардың аясында 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады деген жоспар бар. Бұл ретте бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктеліп, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатыны жоспарланған. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасы жасалады» делінген еді. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріліп отыру да жоспарда қамтылған. Жоба алғашында 2021 жылға дейін бекітіліп, кейіннен 2025 жылға дейін жалғасатыны мәлім болды. Дегенмен аяқталмай жатып сынға ілікті. Тіпті, орындалмау қаупі бар екені айтылды. Мәжіліс депутаты Альберт Рау былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру кезіндегі проблемалық мәселелер туралы айтты. Мәжілістегі Үкімет сағаты кезінде Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жобаға 2019-2021 жылдары 206 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеген. Ал алдағы төрт жыл ішінде тағы 670 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. – 2022 жылдың 1 қаңтарында бағдарлама бойынша іс жүзінде 3,5 мың ауылдың 665-і ғана қамтылды, яғни үш жыл ішінде тек жоспардың 18 пайызы орындалған. Бұл ретте алдағы төрт жыл ішінде жоба 2 870 ауылды немесе 82 пайыз қамтылуы тиіс. Ұлттық жобаның параметрлерінің орындалмау қаупі бар, – деді Альберт Рау. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жаңғыртылған ауыл деген не екенін түсінбейді. – Алдағы екі жылда тірек ауылдарды жобалармен толық қамтуды қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе, қаражатты желге шашамыз, – деді депутат. Сондай-ақ ол бейінді министрліктерді іске асырылған жобалардың санын сапаға қарай негіздеуге шақырды. Сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қандай жобаларды іске асыру керегін, қайсысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылуы тиіс екенін нақтылау қажет екенін атап өтті. «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің былтырғы отырыстарының бірінде де «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен – ауылға!» жобаларының жүзеге асырылу барысы сыналған еді. Комитеттің мәліметінше, «Дипломмен – ауылға!» жобасы іске қосылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 миллиард теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған. Ал 40 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Әйтсе де, жергілікті жерлерде денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар мен әкім аппараты қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалады. Экологтер, аспаздар, дәнекерлеушілер, механизаторлар, бір сөзбен айтқанда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар қажет. Алайда олар жобаның тізіміне кірмейді. 2020 жылы ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері тізімге кірді. Алайда аудан әкімдігінің мамандары туралы ұмыт қалған.Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған тағы бір қадам
Орындалмаған жобалардың ішінде ауыл шаруашылығына байланысты бағдарламалар да жетерлік. Бұл туралы талай мәрте жазылды да. Осы салада еліміздің еңбекке қабілетті тұрғындарының 14 пайызы жұмыс істейді. Оларға көрсетіліп жатқан қолдау да баршылық, дегенмен орындалуы мен іске асуы жағынан қиындық көп. Дегенмен биылдан бастап мал дәрігерінің айлығы 50 пайызға өсетінін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. – 2023 жылғы 1 наурызға дейін Үкіметке Ауылдық аумақтарды дамыту концепциясын енгіземіз. Ол 10 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша нақты критерийлер бар. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді, – деді Р. Скляр. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығын дамыту қадамдарына тоқталды. – Ауыл шаруашылығы дамымаса, ауылдың тұрмысы түзелмейді. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Президент тапсырмасы аясында ветеринария саласында реформа жүріп жатыр. 21 нормативтік-құқықтық актіге, соның ішінде 1 кодекс пен 5 заңға түзетулер әзірленді. Олардың мақсаты – орталық пен өңірлер арасында міндеттерді бөлу, мал дәрігерінің мәртебесін белгілеу, еңбекақы мен әлеуметтік қолдауды күшейту. Жыл соңына Парламентке тиісті заң жобаларын енгіземіз, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Оған қоса, мал дәрігерлеріне денсаулығын сауықтыруға екі айлық көлемінде жәрдемақы төленетін болды. Ветеринария саласы цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Жалпы, 2023 жылы ауылда бизнесті дамытуға, ондағы халықтың табысын арттыруға 52,4 миллиард теңге бөлінеді деген жоспар бар. Қорыта айтқанда, ауылдарды дамытуға бағытталған жаңа тұжырымдама бұған дейін қабылданған, қолданыстағы барлық жоба мен жоспарды біріктіріп, жүйелеу мақсатында қабылданбақ. Не десек те, ауылдардағы ахуал алаңдатарлық. Ауылда адам қалмаса, ауыл шаруашылығы саласын да, басқаны да дамыту туралы әңгіме құр дақпырт күйде қалады.