Жаңа Парламент қандай болмақ?
Жаңа Парламент қандай болмақ?
Парламентте 191 заң қабылданды
– Негізі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаттары қысқа мерзімде сапалы және мазмұнды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Мысалы, VІІ шақырылым енді басталғанда Мәжілістің жұмысында 50 заң жобасы болды. Оның 10-ы депутаттардың бастамасымен әзірленген Заң жобалары еді. Ал VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысында барлығы 264 заң жобасы болды. 191 заң жобасы қаралып, мақұлданып, Парламент Сенатына жолданды. Осы кезеңде Парламентте 191 заң қабылданды. Мемлекет басшысы 188 заңға қол қойды. Мен білім, ғылым, әлеуметтік саланың көкейкесті сұрақтарына арналған 54 депутаттық сауал жолдадым. 21 заң жобасының жұмыс тобында, 3 заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі ретінде еңбек еттім. Қайтадан депутаттыққа келу-келмеуімізді партия шешетін болады.Келесі құрам қалай жасақталмақ? 30 жыл ішінде елімізде Мәжілісті жасақтау әдісі бірнеше рет өзгерді. Ең алдымен, мажоритарлы жүйе қолданылды, одан кейін аралас жүйеге ауыстық. Содан соң тек пропорционалды әдіске көштік. Енді былтырғы референдумның қортындысы бойынша, депутаттарды сайлау жүйесіне тағы да өзгеріс енгізіледі: аралас жүйеге қайта оралатын болдық. Түсініктірек болуы үшін әрқайсының ерекшелігіне жеке-жеке тоқталып өтейік. Мажоритарлы жүйе бойынша сайлау өтеді, сайлаушылар жеке адамға, кандидатқа дауыс береді, көп дауыс жинаған үміткер сайланады. Кандидат өзін-өзі ұсынады. Бұл жүйенің өзі іштей абсолюттік және салыстырмалы болып екіге бөлінеді. Абсолюттік мажоритарлы жүйе бойынша кандидат билік органына сайлану үшін 50 пайыздан астам дауысқа ие болуы шарт, ал екіншісінде үміткер өз қарсыластарына қарағанда көбірек дауыс жинаса болғаны. Ал пропорционалды жүйеде үміткерлер жеке тұлға ретінде емес, партияның атынан, партиялық тізім арқылы сайланады. Сәйкесінше, оларды партия ұсынады. Яғни, бұл – партияның жинаған дауысы мен жеңіп алған мандаты арасында пропорционалдылық принципіне негізделетін сайлау жүйесі. Пропорционалды жүйенің «ашық» және «жабық» деген екі түрі бар. «Ашық тізімде» сайлаудың әдісіне байланысты бір немесе бірнеше үміткерге дауыс беріледі немесе партиялық тізімдегі үміткерлердің реттік орны анықталады. «Жабық тізім» сайлаушылар тек партиялық тізім бойынша дауыс береді. Өздеріңізге белгілі бізде Мәжіліс депутаттары партиялық тізім негізінде сайланып келді, яғни пропорционалды жүйенің ішінде «жабық тізімі» қолданылады. Енді осы екі жүйені біріктіретін, үшінші, аралас сайлау жүйесі бар. Бұл тәсіл бойынша барлық мандаттың белгілі бір бөлігі мажоритарлық әдіспен, қалған бөлігі пропорционалды әдіс арқылы бөлінеді, үлестіріледі. Яғни, үміткерлердің бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны өзін-өзі ұсынып, сайлауға түсу арқылы депутат болады. Парламент сайлауы кезінде сайлаушылар жекелеген тұлғаға және партияға екі бөлек дауыс береді. Бізде 1999 жылы Мәжіліс депутаттары осы аралас тәсіл арқылы жасақталған еді. Сайлаудың бұл жүйесі екінші рет 2004 жылы қолданылды. Одан соң 2007 жылы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесі пропорционалды әдіске ауыстырылған болатын. Содан бері осы тәсіл арқылы 4,5,6,7-шақырылым депутаттары жасақталды. Енді міне, араға 19 жыл салып, 8-шақырылым депутаттарын қайтадан аралас жүйе арқылы таңдайтын боламыз. Осылайша, Парламент Мәжілісінің белгілі бір бөлігі халықтың өзі таңдаған, әр өңір жұрты үмітін артып, сенімін аманаттаған азаматтардан құрылады деген үміт бар. Сонымен, одан әрі нақтырақ тоқталар болсақ, наурыздан бастап жұмысын бастайтын Парламент Мәжілісінің 30 пайызы мажоритарлы, 70 пайызы пропорционалды әдіс бойынша сайланады. Яғни, басым бөлігі партия тізімі арқылы мандат алса, қалған бөлігі жеке-жеке сайланады. Одан бөлек, сайлауға түсетін партиялар тізімінде, оларға қойылатын талаптарға қатысты жаңалық бар. Партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі 4 есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы өзгерістен кейін елімізде жаңадан екі саяси партия Әділет министрлігінен арнайы рұқсат алып, тіркеуден өтті. Сонымен, сол жаңадан қатарға қосылған «Байтақ» және «Республика» партияларын есепке алғанда, қазір елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия бар. Дегенмен Орталық сайлау комиссиясы олардың барлығы бірдей мандатқа таласа алмауы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі жаңадан тіркелген партиялардың үлгермеуі мүмкін. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталған болатын, 8 ақпанда аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі 18 ақпанда Астана уақытымен кешкі сағат 18.00-де бітеді. Үгіт-насихат кезеңі 18 ақпан кешкі сағат 18:01-де басталып, 18 наурызда түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Ал сайлау республиканың барлық аумағында, бір мезгілде өтеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, оған 12 миллионға жуық сайлаушы қатысады. Ең көп сайлаушы Түркістан облысында – 1 млн 177 мың. Ал электорат саны ең аз аймақ – Ұлытау облысы. Мұнда 138 мыңнан аса адам сайлауға қатыса алады. Егер де азаматтарға өзінің тұрғылықты жерінен басқа жерде дауыс беруге тура келетін болса, онда 17 ақпанға дейін әкімдіктерге өтініш беруі керек. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, сайлау кезінде 10 мың 215 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дегенмен олардың саны науқан жақындаған тұста өзгеруі де мүмкін. Ал қаражат мәселесіне келсек, Қаржы министрлігінің алдын ала таратқан мәліметі бойынша, 2023 жылы Мәжіліс әрі барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарын сайлауға 33,4 миллиард теңге қарастырылып отыр. 2025 жылға арналған бюджеттің жобасында бұл мақұлданған. Алдағы сайлаудың нендей артықшылығы болады, депутаттардың жаңа құрамы қандай болуы керек? Не күтеміз? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде саясаттанушы Талғат Жанысбайдың пікірін білдік. Талғат ЖАНЫСБАЙ, саясаттанушы:
Сайлаудан күтер үміт көп
Мәжіліс жаңаша жасақталады десек те, аралас жүйе бізге таңсық емес. Не десек те, халық үшін, ел үшін Мәжіліс, оның жұмысының жүйелі әрі нәтижелі болуы аса маңызды. Жауаптылар азаматтардың бір бөлігін халық арасынан жеке-жеке сайлау бәсекелестікке, әділдікке жол ашатынына сенімді. Осылайша, партиялар қаншалықты трансформацияланады, жаңа партиялардан кімдер ұсынылады, кімдер сайлауға түседі, нәтижесінде Мәжіліс қаншалықты жаңарады – бұл сұрақтардың жауабы осы көктемде белгілі болмақ.– Осы күнге дейін Мәжіліске халықтың көңілі толмай келді. Жалпы Мәжіліске емес, біздің билік басындағыларға, Үкіметке, парламенттің қос палатасы бар, Сенаты бар, Мәжілісі бар, жергілікті Мәслихаттар бар, осының барлығына халықтың көңілі тола қойған жоқ. 2004 жылдары Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы сияқты ат төбеліндей депутаттар елдің, ұлттың мәселелерін көтере білді. Бірақ сол жылы сайланған Мәжіліс көп өтпей тарқады да, қайтадан сайлау болды. Дәл сол кезде аралас, яғни қазір енгізілген пропорционалды-мажоритарлы жүйе қолданыста еді. Одан кейін 2007 жылдан бастап, заң өзгеріп, депутаттар қайтадан партиялық тізім арқылы жасақталатын болды. Әрине, алғашқы жылдары жерге бөліну, руға бөліну сияқты мәселелер өршіп тұрды. Бірақ дәл қазіргі жағдайда бүкіл қоғам, азаматтық қоғамда жалпыұлттық деңгейдегі сана-сезім қалыптасты деп ойлаймын. Қазіргі Парламент Мәжілісі көп жылдар бойы партиялық тізіммен жасақталып келді, бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін Жаңа Қазақстан деп қайтадан аралас жүйеге қайтадан келіп отырмыз. Енді партиялық тізімде халықтың көп үміт артқан азаматтар болған жоқ. Тек қана бір партияның аясында, яғни Aq jol мен Halyq партиясының депутаттары Nur Otan депутаттарының көлеңкесінде болды. Қарсы дауыс беру, қарсымын деп тетікті басу болған жоқ. Сондықтан, 3 партия болғанымен, барлығы бірігіп бір партияның ғана қызметін атқарып келді. Енді міне, халық дауыс берген, референдум арқылы өзгерткен заңының аясында жаңа азаматтар парламентке барады деген үміт бар. Өйткені 30 пайыздың өзі – үлкен мүмкіндік. Егер әр өңірден белсенді, ұлтжанды, елге жаны ашитын азаматтар түссе, халық сондай азаматтарды сайлайды деп ойлаймын. Қазір Мәжіліс сайлауына 6 партия түседі деп күтілуде. «AMANAT» болсын, Aq jol, жаңадан қосылған Respublica, Baitaq жасылдар партиясы болсын үлкен трансформация жасап, құрамына ұлтқа жаны ашитын азаматтарды қоспаса, партияларының бағдарламаларын жетілдірмесе, дәл сол бұрынғы азаматтармен Парламентке баратын болса, халық тағы да наразылық білдіруі мүмкін. Оны билік те біледі. Жалпы қазір жер-жерде азаматтардың сайлауға түсуге құлшынысы артып отыр. Және сайлауға түсемін деп мәлімдеп жатқандар да біршама екенін байқауға болады. Сондықтан да, билік бұрынғы жүйенің жүйесіздігінен сабақ алатын болса, алдағы көктемдегі сайлауға жаңа тұлғаларды, шын лайық азаматтарды өткізуге мүдделі болады. Өздеріңізге де белгілі, өңірлерде әкімдердің 99 пайызы сол бұрынғы орнында отыр. Жаңарған жоқ. Сенатта да көп өзгеріс болған жоқ. Енді бір-ақ үміт қалды. Мәжілістің 30 пайызы елге белгілі, белсенділер баруы керек. Алдағы Мәжіліс осындай болуы керек деп ойлаймын. Жаңа құрамның белгілі бір бөлігі, 15-20 пайызы жастар болуы керек. Қазір қоғамда өз орны бар, жаңа, тың идеялары бар, елге жаңа ой айта алатын, билікке шындығын айта алатын жастар көп. Халық шын мәнінде жаңару күтіп отыр.