Әріптестерім «әртіс», «тиктокер имам» деп те мысқылдады

Әріптестерім «әртіс», «тиктокер имам» деп те мысқылдады

Әріптестерім «әртіс», «тиктокер имам» деп те мысқылдады
ашық дереккөзі
51112
Жаңа технология қарыштап дамы­ған сайын интернет адам өмі­рі­нің ажы­ра­мас бір бөлшегіне айналып ба­рады. Қазір уа­қытымыздың көп бөлігі әлеуметтік желіде өте­тіні рас. Әсіресе, бұл жас­тар мен балаларға ке­рі әсерін тигізіп жат­қанын айтып, дабыл қа­ғатынымыз да бар. Десе де, арамызда жа­сөс­пірімдердің сүйікті желісі TikTok арқылы та­нылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отба­сы­лық құн­дылықтарды насихаттап жүрген жан­дар да кездеседі. Соның бірі – имам, дін­тану­шы, теолог, психолог Нұрлан Байжі­гіт­ұлы. Ді­ні­міз бен дәстүрімізді дәріптеу ар­қылы же­лі­дегі жұртшылықтың жүре­гіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бү­гін­де ел аузында.

Тәрбие – тал бесіктен

– «Он бес жасымнан бастап имам бол­дым» деген сөзіңізді естіп қалып едім. Жастайыңыздан дін жолына келуіңіз­ге не түрткі болды? Қайда білім ал­дыңыз? – Бисмиллахир Рахманир Рахим! Мұны төл бесікте берілген тәрбие деуге болады. Бұл жол­ға түсуіме себепкер бірінші – Алла, екінші – на­ға­шы атам. Одан кейін имани бесігін тер­бет­кен аппақ анам. Бала кезімнен атамнан бір елі қалмай мешітке баратынмын. Ол кездері ме­шіттің жамағаты – ауыл ақсақалдары. Ба­ла­ның тақиясы болмаған соң басыма үл­кен­дердің тақиясын киіп алып, үнемі жан­да­рын­да жүретінмін. Шіркін-ай, әңгімелері тол­қын, сөз­дері көл, ойлары теңіз, иманы мұхит еді. Бү­гінмен салыстырсам, ол жарықтықтар өз дәуі­рінің әулиелері екен. Тіпті, өзара сөз қа­ғыс­тырып, қалжыңдасатындары да есімде. Біреуі мені бөтенсімейтін, басымнан сипап, ал­дарына алып, «Бұл – имам болатын бала» дей­тін. Құдайы астардың тәттілерінен құр қал­дырмайтын. Мейірімді сол жандардан да ал­дым десем болады. Мектеп қабырғасында жүргенімде де ме­шіт­тен еш алыстамадым. Таңер­тең сабағыма барамын, одан шыға сала ме­шіт­ке қарай жүгіремін. Кешке дейін сол жер­­де боламын, бірақ сабақты беске оқыдым. Құ­дайдың берген бір қасиеті болар, оқы­ға­нымды жадыма тез сақтау қабілетіммен озық болдым. Содан шығар, мектептегі білімнен сүрінбедім. Кейін діни білім ордасы – медресе ашылып, іргетасы Меркіде қаланды. Ол Қа­зақ­стандағы алғашқы медресе болды. Атам мар­құм басы-қасында жүріп, балалардың оқуы­на, тамағына қарайласып, қамқорлық жа­сады. Бүгінде менімен үзеңгілес имам­дар­дың дені діни әліппені сол жерде оқыды де­сем болады. Алланың қалауы, атамның дұғасы, анам­ның тілегі болар, он бес жасымда Рәтбек қа­жы­дан алғаш рет бұйрық алдым. Одан кейін қа­зіргі Қостанай облысы Әулиекөл ауданында имам болдым. Сырт жаққа шығып, өзімді сы­нап көргім келді. Сақалдары аузына түскен үл­кен қария аталар мен ақ жаулықты қарт ана­лар мені баласынбады. Маған атамдай кі­сі­лердің алдына шығып, намазға ұйыту оңай болмады. Десе де, жүрегімдегі ма­хаб­ба­тым­мен, бала даусыммен уағыз-насихат айт­қаным рас. Құрбан айт күні жергілікті те­леарна түсірген бейнетаспаның көшірмесі әлі сақтаулы. Үзінділері желідегі парақ­ша­лары­ма жүктелген. Бұл – имани тәрбиенің ал­ғаш­қы жемісі, ал нәтижесі бүгінде ел ал­дында. Қырғыз Республикасы Қара Балта қала­сын­дағы «Хазіреті Осман» атындағы Ислам инс­титутында «Имам-хатиб, Мударрис» бі­лік­тілігін игердім. Кейін еліміздегі «Нұр-Мү­барак» Египет ислам мәдениеті уни­верс­и­те­тін­де дінтану мамандығы бойынша сырттай оқы­дым. Діни білімді жыл сайын жетілдіріп отыр­дым. Кейінгі жылдары психология сала­сы­на көңіл бөліп жүрмін. Тереңіне үңілмесем де, өзіме қажеттіні игеруге уақыт бөліп келе­мін. – Қазіргі қызметіңіз жайлы да айта отыр­саңыз. – Жалпы, дін қызметінде жүргеніме отыз жыл­ға таяды. ҚМДБ бұйрығымен 2017 жыл­дан қазірге дейін Алматы облысы Талғар ау­да­­нына қарасты Панфилов ауылдық «Зәм-зәм» мешітінің имамдық қызметіндемін. Жер­гілікті халық бірден жақсы қабылдады. Аллаға шүкір, бірінші күннен емес, бірінші жұ­мадан бастап жамағат қатары көбейіп ке­леді. Оған дейін үш облыста өкіл имамдық қыз­мет атқардым. Мен үшін діни орданың үл­кен-кішісі жоқ. Алла разылығы үшін жер­дің шалғайы, елдің аздығына көңіл аудара қой­майды екенмін. Алдымда бес адам отырса да, Алланың ақ дінін жеткізу – мен үшін ұлы бақыт.

«Жастардың санасын жақсы жаққа бұру керек» деген мақсат жолымнан тайдырмады

– Әлеуметтік желіге, соның ішінде TikTok-қа тіркелуіңізге қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәр­бие­сі себеп болған екен. Бұл бәлкім, тәр­бие­ні тал бесіктен бастай алмай, бетімен жі­берудің кесірі шығар, қалай ойлай­сыз? Осы орайда ата-аналарға құлақ­қа­ғыс ретінде қандай кеңес айтар едіңіз? – Негізі, менің TikTok желідегі парақшам әлем­дік пандемиядан кейін ашылды. Оған дейін екі жылдай мешітке адам келмей қал­ды. Алған білімімнің зекетін беруім керек. Со­дан жайлап алдымен Instagram-ға шықтым. Он­да қаралым аз болды, бірақ ақырындап жүр­гізе бердім. Әрине, басында «Қалай болар екен?» деген қобалжу болды. Содан бір кеште ұлдарыммен әңгімелесіп отырғанымда үлкен ұлым «Әке, қазір TikTok деген жастардың же­лісі шықты. Менің сыныптастарым оты­ра­ды, тіпті онда үлкен апайлар да бар. Жаман нәр­селер көп екен, соған еліктеген қазақтар да бар. Мүмкін, сіз шығып, уағыз айтарсыз» де­ді. Содан желіні телефоныма жүктеп қара­сам, шынымен де ойын-сауық, ән-би, бір-бі­рін, тіпті ата-анасын тортпен ұрып «пранк» жа­сағандар. Сұмдығы сол, анайы контенттер де болды. Әрі қарай қарауға дәтім бармады, жауып қойдым. Дегенмен ұлымның айтқан сөзінен кейін өзіме «Шынымен бұл қалай бо­лар екен? Егер жастармен қатар отырмасам, олар­ды қалай тәрбиелеймін?» деген сауал қойып, екі ай бойы ойланып жүрдім. Осы ара­лықта ҚМДБ тарапынан «TikTok желісі ха­рам!» деген үкім шықты. Кейін Прези­ден­тіміз­дің «TikTok – жастардың отыратын жері. Жас­тармен бірге болайық!» деген сөзін бәрі­міз естіген шығармыз. Осыдан кейін ұлым­ның ұсынысын қабылдап, түсірілімге қажетті ке­рек-жарақтарды сатып алып, нартәуекел деп бастап кеттім. Шыққаныма өкінбеймін. Расымен, жастардың талпынысына зер сала білуіміз керек. Дұрыс бағыттағы жас­тарға неге қолдау көрсетпеске? Бұрыс жол­ға түскенге неге көмек бермеске, неге ақы­лымызды айтпасқа? Ал оны қалай бере­міз, мешітте отырып па? Қазір мешітке жас­тардан бұрын, олардың ата-аналары кел­мей­ді. «Анау харам, мынау харам» дегенімізге ба­қан­дай отыз жыл өтті. Одан не өзгерді, жал­пы нені өзгерттік? Нені өзгерткіміз ке­леді? Ойландық па осыны? Отызға келген адам да «Мен осы не бітірдім?» деп ойланатын шы­ғар. Сондықтан заман талабына орай, бүгін­гінің мінбері осы әлеуметтік желі болып тұр­ғандықтан, оны бос қоюға хақымыз жоқ. Осы­ған күш-жігерімді салып, кірісуіме рух бер­ген осы бүгінгі жастар болды. TikTok желісі мені бірден қабылдады деп айта алмаймын. Басында түсініс­пеу­шілік, яғни тікелей эфирде менің тара­пы­ма қарсы пікірлер болмады емес, болды. «Не­ғып отырсың?», «Шал, кет», «Ұялмайсың ба?», «Нұримам» деген сияқты, тіпті боқауыз сөз­дің неше түрі айтылды. Мұндай негатив­тер­ге ренжімедім, бірақ ескерту бере отырып, зерт­теу жүргіздім. Ерінбей скриншот үлгісі­мен сол адамдардың парақшаларын ақтарға­н­ым­да, бірі ересек, бірі жас, енді бірі мектеп оқу­шысы болды. Тіпті, өз әріптестерім де ту сыр­тымнан «Әртіс имам келе жатыр», «Тик­то­кер имам» деп мысқылдағандары да болды. Алай­да алған бағытымнан қайтпадым. Жас­тар­дың санасын жақсы жаққа бұру керек де­ген мақсатым мені жолымнан тайдырмады. Ересектер мен жастарға емес, желідегі мектеп оқушыларына қайран қалдым. «Олар желіде не істеп отыр?», «Сабақтары қай­да, ата-аналары қайда?», «Тәрбие қайда?» де­ген сұрақтар мені әлі күнге дейін маза­лай­ды. Бір жайтты айта кетейін. Қыз өсіріп отыр­ған ана шырылдап жекеме хат жазды. «Он үштегі қызым әлеуметтік желіден көгіл­дір­лердің тірлігін ашықтан-ашық көріп, соны өзіне қолданған. Енді не істеймін?» деп жаны күйіп тұр. Осы жерде кімді кінәлау керек, ба­ла­ны ма, ата-ананы ма? Бүгінгі ата-аналарға қатаң түрде «Ба­лаңыз­ды жіті бақылауға алыңыз. Түз­де­гісіне де, үйдегісіне де қарауыл болыңыз! Әр­бір қылығына, затына, ішіп-жеміне, киер киі­міне дейін назар аударыңыз. Қандай әлеу­меттік желіде отыр, не көріп жатыр? Не іздеп жа­тыр, не қызықтырады? Қандай арманы, мақ­саты бар? Ойын білу үшін күн сайын диа­лог құрыңыз. Жақсылықтың ерте-кеші бол­майды. Еркіне жіберіп алған болсаңыз, әлі де кеш емес. Сіздің бүгініңіз – ертеңгі бола­ша­ғыңыз!» дер едім. – Ал тыңдамай, шектен шығып кет­кен баланы жөнге салу үшін аздап ша­па­лақпен тартып қалуға бола ма? – Анасы тартсын. Ал әкенікі есінде қатты сақ­талып қалады. Әкенің қолы қатты, қабағы қат­ты, сөзі қатты. Сосын ұрғаннан кейін тоқ­тай алмай қалатын әкелер бар. «Бала таяқ же­ген жерін ұмытса да, тамақ жеген жерін ұмыт­пайды» дейді қазақта. Сондықтан ана­мыз­дың омырауына басымызды қоямыз. Ал әке­ге неге өйтпейміз? Өйткені әке – асқар тау. Сон­дықтан оның артында тұрамыз. Бір қыз менімен бірге әкесін жетектеп, Мек­кеге алып барды. Сонда «Мына әкем мені та­лай ұрған» деп жылап айтып жатыр. Көрді­ңіз бе, қанша уақыт өтсе де ұмытпаған. Төрт ба­ласы жан-жаққа кеткен. Ал «Сен адам бол­майсың» деп түртпектеген перзентіне Алла бақ беріп, Меккеге алып келді. Алда қандай өмір күтіп тұрғанын ешқайсысымыз білмей­міз. Сондықтан әкелер баласын ұрмасын деп айтар едім. – Бала тәрбиесі – ата-ана үшін жауап­ты мін­дет. Өзіңіз балаларыңызды қалай тәр­­бие­лей­сіз? – «Баланы өз заманымен тәрбиеле» деген ерте заман ғұламасының ұлы қағидасы бар, оны ұмытуға болмайды. Ата-бабаларымыз тәр­бие беруде қалыс қалған ба? Әлбетте жоқ. Қа­зақтың психологиясы да өз алдына бір кере­мет дүние, тәрбиеге міндетті түрде қол­данамыз. Өйткені біз – қазақпыз. Бала осыны тү­сінуі керек, яғни өзінің туған елін, жерін, туын, тегін, дінін, ділін, тілін біліп өсуі керек. Аллаға шүкір, балаларымның үлкені үшін­ші курс студенті, кішісі үшінші сыныпта оқи­ды. Бесеуі бес түрлі болса да, бір тәрбие алып жатыр. Анасы екеуміз балаларымызды пат­шадай күтіп, құлша жұмсап, сырлас досы болып келеміз. Тәрбие негізінен ата-ананың өзі­нен басталады. Ал бала сол ата-ананың кө­шірмесі болады. Себебі бала көзін ашқан­нан ата-ананың істегенін қайталайды, яғни, балаға бағыт беруші өзіміз. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі туған­нан мейірім көріп, еркелеп өсті. Мен өз әкем мен анама қандай құрмет жасаймын, қа­лай жақсы көремін, олар да дәл солай біз­дерге құрмет көрсетеді. Менсіз дастарқанға отырмайды, менен бұрын тамаққа қолын созбайды. Күніге таңда сабаққа барарда бәрі қа­тар бетімнен сүйіп, келгенде қолымды сүйе­ді. Аналары осыған тәрбиелеп қойған. Кү­нара сабақ үлгеріміне көңіл бөлемін, көңіл күйіне дейін сұраймын. Олар көрген-біл­ген­дерімен бөліседі. Тәрбиелері жайлы кешкі дас­тарқан басында жеке өзіміз ақылдасып, бірге дұға етеміз, жоспар құрамыз. Ең бас­ты­сы, олардың ойларымен санасып, арман­да­рын анықтап, мақсаттарын тыңдап, қажет кезде таңдау жасауға, қажет еместе шешім қа­былдауға үйретіп отырамыз. Міндетті түр­де аптасына бір рет ескертусіз ұялы те­лефон­дарын жинап, толығымен тексерістен өткі­зе­міз. Әлеуметтік желілер жайлы ақпарат олар­ға жан-жақты ескертілген. Бұл – біздің тәр­биеміздегі үйреншікті әдебіміз.

Әр қазақ – менің бауырым

– Жолдасыңыз туралы да білгіміз ке­­­леді. Ол кісі де дін жолында ма? – Балаларымның анасын марқұм енем ар­қылы танып-білдім. Ол кісі мешіт жамаға­ты болатын. Анасына еріп, мешіттегі Құран са­ба­ғына қатысатын. Екі рет сөйлестік. Қа­зақы дәстүрмен құда түсіп, үйлендім. Марқұм атам да, енем де жақсы адам­дар еді. Күйеу баласы болсам да, кет­­­кенше маған «Сіз» деп өтті. Мені өз бала­ла­рынан кем тұтпады, тіпті олардан бетер жақ­сы көрді десем, артық емес. Шамам кел­ген­ше, уақытым жеткенше қызметтерінде бол­дым. Үнемі дұғаларына қосып жүретін. Өмір­ден озарында атам мен енем батасын бе­ріп, ризалығын білдірді. Жұбайым – на­маздағы адам, мектепке дейінгі балалар пе­да­гогикасы мамандығын тәмамдаған. Қазір үйде балаларымның тәрбиесімен айналы­сады. – Тойшыл халықпыз. Бірақ тойдың бәрі ішімдіксіз өтпейді. Мұндай жиынға шақырған жағдайда не істейсіз? Жалпы, тойға жиі барасыз ба? – Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қазақтың тойлары қалай өтетін еді, есіңізде ме? Менің әлі күнге есімде, бірде-бір той ай­қай-шусыз, төбелессіз өтпейтін. Бір үйде той болады десе, ауыл жастары сол үйді алыстан торуылдап, айналшықтап жүріп, той иесіне ішімдік алдыртып, өздерінше сыртта бір той жасайтын. Ащы суға сылқия тойып алғаннан кейін біреудің тойы біреуге керек пе? Бас салып тойдың ортасына кіріп барып, жинал­ған жұрттың шырқын бұзып, ақырында іші мен сырты қырылысып тынатын. Ал екінші он жылында той қалай өтті? Арақ­тан теперіш көре бастаған халқымыз оны азайтты. Бірақ оның орнын ессіз ша­шылу басты. Үшінші он жылында бірін-бірі қуалап, жарысқан бәсекелестердің тойы өтті. Осылайша, біз отыз жыл бойы өзімізді өзіміз «тойшыл халықпыз» деп көтеріп келдік. Той­шыл­дығымызды, тіпті пандемия да тоқтата ал­мады. Одан басқа, асабалардың арсыз ойын­дары мен биі, ашық-шашық көріністер ше? Ес жиғандардың адал тойын арам етіп, шәй­некпен «шәй ішетін» қазақтар әлі бар. Әке­мізден қалған ас емес, бірақ неге соған осын­ша құмар ел болдық екен? Өз басым бес жылда бір тойға баратын шығармын. Оның өзін­де таза, сенімді, күндізгі қазақы тойларға ғана. Арақ-шарабы бар тойларға мені шақыр­май­ды да, шақырса да бармайтынымды біледі.

Халықтың иманға келмеуін «Алланың қалауы» деп қоя саламыз ба?

– Шет мемлекеттен сұрақ қойған оқыр­мандарыңыздың әрқайсысына өз тілінде жауап беріп жатасыз әрі қасиетті са­парда жергілікті халықпен еркін тіл­десіп жүргеніңізді байқаймыз. Неше тіл білесіз? – Халқымыздың «Қанша елдің тілін біл­сең, сонша түрлі ілім ілесің» деген дана сө­зі­мен, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құр­мет­те» деген ұлағатымен, «Мұсылман адам жеті тіл­ді білу керек» деген өсиетпен өскен өз за­манымыздың өреніміз. Ана тілім басқа тіл­дерден жоғары тұрады. Бұл – менің ұлт­шыл­дығым емес, ұлтжандылығым. Әр қазақ – жалғызым, бауырым. Мейлі ол жаман болса да. Мен білетін қыр­ғыз, өзбек, әзербайжан, түрік тілдеріне таң­дану­дың қажеті жоқ. Бұл тілдерді білу әр қа­заққа жарасады, өйткені біз түркі тілдес ха­лық­пыз. Араб тілі – Құран тілі, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың тілі. Орыс тілі – көр­шімнің тілі. Тіл – қарым-қатынас құралы. Әр халыққа осы арқылы жол таба білу өзіндік амал-тәсілім деген дұрыс шығар. – Дін жолынан бөлек, психолог ма­ман­сыз. Бұл салада арнайы білім алуыңыз­ға қоғамда болып жатқан жайт­тар әсер етті ме? – Осыдан бес-алты жыл бұрын психолог ха­нымдар туралы сөз желіде желдей есті. Ал олар­ға лап қойған қазақ әйелдерінің әрекеті бірін­ші себеп дер едім, яғни бір сөзбен айт­қан­да, іштегі іріңнің иісін сезе бастадым. Өз ба­сым мұны отыз жыл орнымызда отырып айт­қан Алланың асыл діні еліміздің ең нәзік жан­дарына жетпегені деп түсіндім. Мұндай қа­дамға ешкім еріккеннен бармайды ғой. Олар­дан рухани аштықты байқадым. Жаны­на түскен жарасын жазатын жылы сөзге мұқ­таж екендерін аңғардым. Өміріне өзгеріс сәу­лесі қажет екенін ұғындым. Екіншіден, Тәуелсіздігімізге отыз жыл болғанда әрбір қазақ саналы түрде өт­кеніне есеп береді деп ойлаймын. Сол сияқ­ты мен де өткеніме ой жүгірттім. Мешіт мін­берінде дінді уағыздап жүргеніме ширек ға­сыр өтіпті. Ал елімізде дінді игергендердің ста­тистикасы – халық санының он пайызы. Бұл – отыз жылдағы дін насихатының көр­сет­кіші. Сонда халықтың иманға келмеуін «Алла­ның қалауы» деп қоя саламыз ба? «Қай ісім дұрыс емес, қай сөзім өтпей жатыр?» де­ген сұрақтар мазалады. Үшіншіден, көкейімде «Психологтарға жүгінген қазақ әйелдерінің күйеуі қандай?» деген сұрақ тұрды. Ең негізгі себепті дәл осы жерден табатынымды сездім. Менің айтып отырғаным – отыз жылдың салдары. Қалай айтсақ та, әр нәрсенің себебі болады. Сондықтан осы мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге үлес қосу үшін Ресейдегі Мәскеу гуманитарлық университетінің пси­хология факультетін төрт жыл сырттай оқып бітірдім. Жалпы, адамзатқа түскен кез келген сынақ өміріне сабақ болуы керек. Осы­дан екі жыл бұрынғы әлемдік пандемия­ның өзі бізге көп нәрсені үйретті, дүниеге де­ген көзқарасты өзгертті. Сол тұста бәріміз аң­тарылып қалдық, есімізді жидық, қарышта­ған қадамдарымызға бір сәт тоқтам жасадық. Қайтадан рухымызды қайрайтын жаңа бір жол іздедік. Алайда өмірдің өз айласы барын ұмыт­пайық. Қазір сол күндерді де ұмытып, жай­барақат күй кешіп жатырмыз. Бұл іздені­сім бүгінде өз жемісін бере бастады деп айта аламын. Өйткені қазақ әйелдері психологияға бір «сүңгіп» шықты. Оның не екенін көрді, уа­қыт­ша екенін түсінді. Ат айналып қазығын тап­қандай, дінге деген махаббаты ояна бас­тады. Адам қателесіп, сүрініп-жығылуы да ке­рек. Сонда ғана алға ұмтылады, дамиды. – Екі саланы қатар алып жүрудің өзін­дік артықшылығы да бар шығар. Олай дейтінім, жаңа өзіңіз айтқан әйел­дердің мәселесінен бөлек, тіпті жыныс ауыстырғысы келетін жастармен жұмыс істеп, бетін бері қаратуға ықпал еткен екен­сіз... – Батыста ғана емес, бізде де осындай жағ­­дай көбейіп бара жатқаны қатты алаң­дата­ды. Сондай 3-4 жігітпен жұмыс істедім. Соның екеуі теріс жолдан толық бас тартып, ата-бабасының дәстүріне, отбасына оралды. «Мешітке барсам, «Харам, харам, кәпір» деп қуып жібереді. Харам екенін біліп тұрмын, бір­ақ қалай емделуге болады? Жол көрсетіңіз­ші» деп келді. Алты ай бойы жұмыс істедік. Бала кезінен бастап зерттегенде, ол адамның ба­сында проблема көп екенін түсіндім. Адам­ның өзі ақ қағаз сияқты. Ал оған қоршаған ор­тасы, қоғам, дос, араласып жүрген адам­да­ры жан-жақтан жиналып қара дақ түсіре бер­се, не болады? Бұған отбасындағы қысым­ды қосыңыз. Әкесі анасын ұрып жатқанын көр­ген. Өкінішке қарай, осындай жағдай жиі кездеседі. Мұндайда алдымен адамның құн­дылығын көтеру керек. Құндылығы қалай көтеріледі? Әрине, рухани сеніммен. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары