822
Іргелі ғылымның да іргесі сөгіліп тұр
Іргелі ғылымның да іргесі сөгіліп тұр
Мемлекет қауіпсіздігінің маңызды бір тұғыры – азаматтардың және олар өмір сүретін қоршаған ортаның саулығы. Қазіргі заманда биологиялық қауіп-қатерлердің алдын алу әлем елдері үшін стратегиялық мәнге ие болып отыр. Ал биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жаратылыстану ғылымдарын дамытуға тікелей байланысты. Оның ішінде табиғаттағы өсімдіктер әлемін зерттейтін ботаника ғылымының рөлі ерекше. Биылғы 19-20 қаңтар күндері Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары – идеялардан нақты істерге» атты форумда биология ғылымдарында қалыптасқан күрделі жағдайдың себептері мен салдары талқыланып, тығырықтан шығудың жолдары ұсынылды.
Мәселенің мәнісі – ғылымдағы жүйесіздік
Ботаника ғылымында қордаланған мәселелердің түйіні саладағы жүйесіздік пен инфрақұрылымның жоқтығына келіп тіреледі. Кеңес Одағы күйреген алғашқы жылдары елімізде қалыптасқан ғылыми инфрақұрылымға аяусыз соққы жасалды. Қазақстандағы жеті ботаникалық ғылыми-зерттеу институтынан тек екеуі қалды. Қолда барды сақтап, заманға сай жетілдірудің орнына ғылым мен білім талан-таражға түсті. Ғылым саласындағы басшылардың дарынсыздығы ғылыми ойдың дамуына тұсау салды. Сауда-саттық жүрген жерде ғылым болмайтыны белгілі.
Ботаника – іргелі ғылым, ол бүкіл биология ғылымдарының бастауы. Ауыл шаруашылығы, медицина, экология, география, биотехнология және басқа салалар өз зерттеулерінде ботаникалық білімдерге сүйенеді. Жоғары оқу орындарында жыл сайын биологтар мен биотехнологтар, агрономдар, мектеп мұғалімдері қолақпандай дипломға ие болғанмен, ботаника кафедралары жабылуы салдарынан базалық білімсіз маман қатарын толықтырып жатыр.
Ең сорақысы, орта мектеп бағдарламасындағы ботаника және зоология пәндері қысқартылып, «Жалпы биология» пәнімен қосып оқытылатын болды. Осылайша, «Мектеп – бакалавриат – магистратура – докторантура» тізбегі бұзылып, дәстүрлі оқу жүйесіне нұқсан келді. Шала білімді ғылым кандидаттары мен PhD-докторлар қалайша ғылыми зерттеулермен айналысатыны құзыретті орындарды ойландырмай отыр. Ғалымдар дабыл қаққанмен, тыңдар құлақ жоқ.
Қайтарылып жатқан жердің құны қанша?
Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда 187 миллион гектар табиғи жайылым бар. Оның ішінде 26 миллион гектар жайылымдық жер тозған. Қазір мемлекет латифундистердің қолындағы жерді қайтарумен айналысуда. Ол жердің қандай күйде екені, топырақ жабындысы мен өсімдіктер әлемінің жай-күйі ешкімді ойландырар емес. Тек жеке бас пайдасын ойлаған алпауыт жер иеленушілердің тұтынушылық пиғылының кесірінен миллиондаған гектар жер құнарсызданып, деградацияға ұшырап жатыр.
– 2016 жылғы жер митингілері кезінде ботаника ғылымының мешеу қалғаны анық көрінді. Мамандар жерді бағалауда қиындыққа тап болды. Жердің бағасын анықтау үшін ондағы флора мен фауна туралы ғылыми ақпарат өте маңызды. Оны тек ботаника ғылымы зерттейді. Кеңестік кезеңде профессорлар Н.Павлов, Б.Быков, академик И.Байтулин сынды көрнекті ғалымдар негізін қалаған қазақстандық ботаника ғылымындағы инфрақұрылым алғаш нарыққа көшкен жылдары бұзылды. Жұмысы жолға қойылған бірнеше ғылыми-зерттеу институтынан айырылып қалдық. Бұл ғылым ауыл шаруашылығының барлық салалары үшін қажет. Мал жайылымы, жем-шөп өндірісі, дәнді дақылдар саласы, барлығы ботаникалық білімге мұқтаж. Біз ботаника және зоология кафедраларын қайта ашу жөнінде қанша жылдан бері айтып келе жатқанымызбен, нәтиже жоқ, – деді форумда Қазақстан ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әлихан Мелдебеков.Жер мәселесіндегі түйткілдердің бір себебі – геоботаник кадрлардың жетіспеушілігі. Геоботаника – ботаника ғылымының өсімдіктерді, олардың құрамы мен құрылымын, динамикасын зерттейтін бағыты. Мамандардың пікірі мен зерттеулерін ескермеу Қазақстандағы жайылымдық жердің сапасы мен қолданысына қатысты стратегиялық көзқарастың жоқтығын білдіреді. Стратегиялық көзқарастың жоқтығынан білдей бір Ботаника және фитоинтродукция ғылыми-зерттеу институты ғылымға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» Экология министрлігінің құзырына берілді. Іргелі ғылымның құлдырауының бір көрінісі туған өлкеміздегі дәрілік өсімдіктерді талан-таражға салып, шетелге сату кезінде де байқалды. Мәселен, Алматы облысында қызылмия өсімдігін тамырымен қопарып жұлып, тонналап көрші елге асырды. Тамыры жұлынған өсімдік ешқашан қайта өспейтіні сауда-саттыққа рұқсат берген лауазымды тұлғаларды алаңдатқан емес. Этноботаника – ғылымды қазақтандыру «Табиғи ресурстар саласындағы егемен-дік – мемлекеттік егемендіктің құрамдас бөлігі» деп атап айтты жиында Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Жаратылыстану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, биология ғылымдарының докторы Нұғман Аралбай. «Биоалуантүрлілік туралы халықаралық конвенцияны» Қазақстан да ратификациялағаны белгілі. Конвенцияда әр мемлекеттің өзінің биоресурстарына егемендік құқығы бар екені және оларды сақтауға жауапты екені тайға таңба басқандай жазылған. «Ботаниктер форумының мақсаты да осы, генетикалық-ресурстық егемендігімізді қамтамасыз етуге үлес қосу. Бұл міндетті іске асыруда ботаника ғылымының рөлі зор» деді ғалым. 1990 жылдардан бері ботаниканың елеусіз қалуы осы ғылымның мемлекеттік тілде дамуын кенжелетті. Мәселен, «Қазақстан флорасы» атты қазақ тіліндегі іргелі энциклопедиялық-анықтамалық шығаруға көңіл бөлінбей келеді. Ботаниктер ұсынған бұл жоба Ғылым комитеті жариялаған конкурстарда сарапшылар тарапынан қолдау таппапты. Яғни, қазіргі ғылымды қаржыландыру жүйесіндегі «Мақсатты ғылыми бағдарлама» талаптары мемлекеттік тілде ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайсыз. Шетелдік журналдарда мақала шығару талабы да ғалымдардың қолын байлайды. «Қазақстан ғылымының шетелдік сарапшыларға еш қажеті жоқ. Керісінше, бұл босқа қаржы шығындау» деген уәж әзірге ғылым саласындағы басшыларға жетпей жатыр. Бұның бәрі этноботаниканың алға жылжуына кері ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Соңғы жылдары орта мектептегі оқулықтардың сапасы қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап жүргені белгілі. Олардың арасында «Биология» оқулығы да бар. «Егер осы уақытқа дейін қазақ тілінде өсімдіктер туралы бір де бір кешенді ғылыми-энциклопедиялық еңбек жарық көрмегенін ескерсек, сапалы оқулықты қалай талап етуге болады?» – дейді Түркістан форумын ұйымдастырушылардың бірі, академик Нұғман Аралбай. Яғни, бұл салада бүкіл құрылым бір-бірімен тығыз байланысты. Ғалымдар этноботаникалық зерттеулерге кеңінен жол ашу ең алдымен қазақ тіліндегі ғылыми ақпаратты қолжетімді ететінін жеткізді. «Этноботаника бағытын дамытпайынша, ұлттық табиғи ресурстарымызды зерттеу және сақтау, келер ұрпаққа қалдыру мәселесін шешу мүмкін емес», – дейді Қ.-А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Ботаникалық бақтың директоры, биология ғылымдарының кандидаты Әмірбек Сихымбаев. Айта кетерлігі, Яссауи университеті – Қазақстанда ботаникалық бағы бір жалғыз жоғары оқу орны. 88 гектар аумақты алып жатқан бақта бір ғана қылқан жапырақты ағаштың 16 түрі бар. Еліміздің жасыл мақтанышы саналатын қызғалдақтың ондаған түрі өсіріледі. Қазақша анықтамалықтың алғашқы қарлығашы Салалық ғылымда қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, қазақ тіліндегі ботаника ғылымы жекелеген энтузиаст ғалымдардың арқасында ілгерілеп жатыр. Соның дәлелі – Түркістан форумында таныстырылған екі кітап. «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» атты энциклопедиялық анықтамалық еңбектің идеясы осыдан 27 жыл бұрын туыпты. Басылымның редакторы, профессор Нұғман Аралбайдың айтуынша, еңбектің шығуына кедергілер көп болған. Енді Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығының қолдауымен ғылыми айналымға шығып отыр. Н.Аралбай, А.Қуатбаев, Б.Қасенова және басқа ғалымдар құрастырған еңбекте өсімдіктердің латын, орыс және қазақ тілдеріндегі атаулары, түр ретіндегі анықтамалары мен дихотомиялық кестелер берілген. Төрт томға жоспарланып отырған анықтағыш ботаника ғылымымен қатар, ауыл шаруашылығы, экология, селекция, медицина, тағам өнеркәсібі және басқа сала мамандары үшін үлкен сұранысқа ие. Екінші кітап – «Асыл ағаш, асыл шөп» атты серияның 1-томы Қазақстан флорасының негізгі өсімдіктеріне арналған. Мұнда әр тұқымдастың номенклатурасы, биологиясы мен морфологиясы, экологиясы мен географиясы, шаруашылық маңызы туралы құнды ақпарат жинақталған. Бұл басылым орманшы, агроном, табиғат зерттеуші мамандарға да таптырмас дүние. Тіпті, елді мекендерді абаттандыруда да бұл зерттеулердің қажет екені анық. Қазіргі уақытта «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышының» екінші және үшінші томдары баспадан шығуға дайын. Қазақ тіліндегі ботаникалық ғылыми оқулықтардың бастамасы – қазіргі қазақ ғылымындағы үлкен оқиға. Қазақ тіліндегі энциклопедиялардың алғашқы қарлығашы сынды екі кітап алдағы уақытта жүйелі жалғасын таппақ. Отандық ғылым дамысын десек... Жаңа Қазақстанның ботаника ғылымының бүгіні мен ертеңін талқылаған келелі отырыста ғалымдар қазіргі күрделі ахуалдан шығудың жолдарын да ұсынды. Екі күндік дөңгелек үстел жұмысын қорыта келе, жиынға қатысушылар арнайы қарар қабылдады. Қарарға енгізілген ботаниканың ғылыми негіздері, цифрландыру, палеоботаника және геоботаника саласы бойынша нақты ұсыныс-пікірлер Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданды. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Лаура Тохетова: «Қазақстанда өсімдіктердің генетикалық банкі әлі жасалмаған. Генетикалық банк өсімдік ресурстарын сақтаумен қатар, азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет», – дей келе, отандық биология ғылымын жаңа форматта дамыту жөніндегі ұсынысын жеткізді.
– ЖОО-лардың білім беру бағдарламалары негізінен биология пәні мұғалімін даярлауға арналған. Ал бізге ғалымдар қажет. Сондықтан бакалавриат – магистратура – докторантура тізбегінде жас ғалымдарды даярлауға мән берілуі тиіс. Жастарды ынталандыру үшін іргелі ғылымды қаржыландыруды ұлғайту және Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Бұл мемлекеттік мүддеден туған міндет, – деді Л.Тохетова.Түркістанда бас қосқан ботаник ғалымдар ғылымға кешенді көзқарас қажет екенін жеткізді. Салалық мекемелерде басшылардың жиі ауысуы да ғылымды дамытуға, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге кедергі. Кадр тұрақтауы үшін жалақы мәселесі оң шешілуі тиіс. Қарарға жоғары оқу орындарында жабылып қалған ботаника кафедралары мен мектептегі ботаника пәнін қалпына келтіру мәселесі де енгізілді. Ғылымдағы жүйелілік – нақты нәтижелердің кепілі. Дөңгелек үстелде сөз алған ғалымдар елімізде биология саласында қазақ тіліндегі сапалы ақпаратты қолжетімді және жеткілікті ету үшін термин мәскелесін шешу қажеттігін дәйектеді.
«Бұл үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвистері мен сала мамандары ынтымақтаса жұмыс істеуі қажет. Қазір әр ғалым терминдерді әртүрлі пайдаланып жүр. Бірізділік жоқ. Ғылымды қазақша дамытамыз десек, биология терминдерін бір қалыпқа келтіру қажет», – деді биология ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Асхат Қуатбаев.Жиын барысында Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы аталмыш форумның отандық ботаника ғылымының жетістігі мен даму перспективасы талқыланатын алаңға айналуына қолдау білдіретінін жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысқан түркиялық ғалымдар да бірлесе жұмыс істеуге ықылас білдірді.