1796
Көгілдір экранның көзайымы еді
Көгілдір экранның көзайымы еді
Осыдан табаны күректей он жыл бұрын, алшаң басып, асқаралы алпысқа толғанында, бабы келген бүркіттей зар күйінде жүргенінде жарық көрген кітабының соңғы бетінде «Бәріміз бай-қуатты болайық!» деген әйгілі сөзі тұр екен. Елдің жадында қалған әлгі сөзді өзі жүргізген әр хабардың күрмеу түйінінде қолданушы еді ғой. Жалпақ жұртына айтатын ақырғы лебізі де осы боларын, Нұртілеу Иманғали деген есім-сойдың осы бір ауыз сөзбен мәңгі тұтасып кететінін ол мына жарық жалғанды жалпағынан басып жүрген кезінде білді ме екен? Бәлкім болжаған да болар? Қалай десек те, ет пен сүйектен жаралған ажалды пендеге түйсіктің терең қатпарында алдағы болатын жайттарды еміс-еміс болса да сездіріп тұратын бір құдіретті күштің бар екені анық. Бірақ оның жайын көзі тірісінде ешкім құнттамайды. Адамзат баласының табиғаты осындай болса керек? Ақындардың өлім жайында айтқан сөзі кейін өмірінің түйініне айналатыны да содан.
Қисын бойынша, әлгі сөз кіріспе ретінде, өмір өрнегін жасап берген фотошежіренің көшін бастап тұруы керек еді. Қалай болғанда да, әлгі беймағлұм тылсым түйсік ғұмырының мәні мен сәніне айналған бейнелі тіркесті халқына жолдаған «соңғы сөзге» айналдырыпты. Өйткені ол осыдан кейін, қара жерде алшаң басып жүрген күнінде өз шығармашылығы жайында кітап шығармайтынын білген жоқ. Неге екенін қайдам, маған сыйға тартқан фотоальбомның алғашқы бетіне ештеңе жазбапты. Әншейінде автор қолтаңба қалдыратын. Бас аман, бауыр бүтін кезде көп нәрсені елемейді екенбіз-ау. Асыл ағаның алпыс жасқа дейін жүріп өткен бұралаң өмір белесін тануға септесетін қайталанбас, шырын сәттері таңбаланған әлгі дүниені қолыма алдым да, ерекше сағынышпен бауырыма басқан кезде жүрек шіркін алай-түлей болып, атша тулап кетті. Жетпісінші белесіңді көрмейтініңді білгенде, екі күннің бірінде жаныңда болмас па едім? Қайтейін, мен аңырап қалғанда, екі күннің бірінде телефон соғып, көл болған көз жасымды ағалық көңіліңмен көп құрғатып едің. Енді, міне, өзің жайында естелік жазуға отырып, жанарымнан ырықсыз төгілген моншақтарды сүртетін өзіңдей аға таба алмай отырмын.
Ақмешітке қарай ауған аңсар
Мен онымен өмірінің ақырғы белесінде болмаса, былайғы уақытта қоян-қолтық араласа қоймаппын. Оған себептер көп. Бастысы, біз албырттық деп аталатын алаудың шылауында болдық, ал оның көгілдір экран саласындағы сан түрлі шаруалардан қолы босамады. Бірақ сол азғантай дидарласу барысында бір-бірімізді айнымай танып, жағдаятымызды айтпай білдік. «Қайтеміз енді, Құдай берген мінезді өзгерте алмаймыз ғой» деп күлуші еді жарықтық, кейде, бара жатқан бағытынан шорт бұрылып, алмастай кесіп түсетін екеуара ортақ жайттарды айтып, сыр бөліскен сәттерімізде. Содан соң «Мен сені не үшін ерекше жақсы көретінімді білесің бе, бауырым?» дейтін, ерекше ағалық мейірмен, ағынан ақтарылып. Мен әңгімені өзінің өрбіте түскенін қалап, «білмедім» дегендей сыңай танытамын.
– Менің әкем халық ақыны, әнші Иманғали бір заманда, Ақмешітте маңғаз Манарбек, ән еркесі Жүсіпбек, болат болмысты Ғарекеңдермен қатар жүріп, ән салған, сол жердің ауасын жұтып, дәмін татқан, – дейтін де, содан соң «Егесте ерте иленген елтірімін, / Жігіттің жүрегі ашық, кең түрімін. / Бухгалтер қарт ақынның кенжесімін, / Он төрт құрсақ көтерген кемпірінің» деп буырқанып, өлеңді бұрқыратып қоя беретін. Шынымен де, жігіттің жүрегі ашық, кең пішілген түрі еді. О, шырын дүние, ондай шақтағы, шабыт үстіндегі түрін тек көру керек. Әйтпесе, оны сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Сөйтіп, ол менің күрең топырағым мен өзінің түп негізінің арасынан бір ортақ байлам іздейтін. Сол тіннің бар екеніне риясыз сенетін. Кім білсін, бәлкім, біз де осы табиғаттан шығармыз? Болмысы бөлек ағатайым-ай, сенің кең-байтақ даладай, бейкүнә баладай көңіліңді кезінде түсіне алдық па, жоқ па, ол жағы өзіме де бәймәлім. Мәлімі, мен де сені жанымдай жақсы көрдім, өзім деп білдім, сыр айтатын сырласыма, мұңдасыма баладым, арқа тұттым, шешендік өнердің алауы шарпыған тұғырыңа бас идім. Бірақ соның бәрін көзің тіріде, шалқып жүрген шағыңда айтып үлгірмеген шығармын. Енді, міне, Қойлыбайдың қобызындай жарым көңіл ерте жөнелген көштің соңынан сарнап, күңіреніп отырғанын көрмейсің бе?
Бір ғажабы, көгілдір экран бетінен жарқ етіп шыға келгенде, ол пайдаланған заттарға жан бітіп, жасаған әрбір іс-әрекеті тіріліп, сөзі дөдегелене түсетін. Мұндай ерекше болмыс иелерін біздің қазақ «арқасы бар» дейді ғой. Ал арқа дегенің тылсым күштермен байланысты, түстеп, түсіндіруге келіңкіремейтін ерекше нәрсе. Оның сырын түсіне бермейтін былайғы жұрт мұны көбіне мінезбен шатастыруға бейім келеді. Әрине, кейде екеуінің бірігіп, кірігіп, жымдасып кететін де жері көп. Экранның арғы бетіндегі көрерменге көзілдіріктің үстінен қарағаны мен керек кезінде оны шешіп алып, елеусіз тастай салатыны немесе құлаққа ілер жерін ерініне апарып, сөз ләміне орай сұхбаттасының пікірін тосатын ойлы сәтін елестетіп көрдіңіз бе? Міне, Нұртілеу болмыс көгілдір экранды толық жаулап алып, осылайша мың құбылатын. Мәселе сонда, осының бәрі көрерменді баурау үшін әдейі жасалатын тәсіл ме әлде шынымен де, оның бар болмысы осындай ма еді? Өкінішке қарай, оның жағдаятын көзі кетпей тұрып, сұрап алып қалған ешкім жоқ. Әлгі сыры өзімен бірге кетті. Міне, біздің қадір білмес «қасиетіміз», кімді болсын, көзі тірісінде зерттеу нысанына айналдырып, шығармашылық зертханасын бажайлай бермейтін бейқам әдетіміз – осы. Қалай десек те, әрі асқанда, оны әйгілі тележүргізуші, американ-кеңес журналисі В. Познермен салыстырып, салғастырудан әрі аса алмадық. Ол ұқсастықтың да ортақ тоғысатын тұсы мен дара табиғатын ашуға тырыспадық.
Оның шаңырағының төрінде тұратын киелі мүлік – шағын, қалақ домбырасы болатын. Өзі асыл әкенің саусағы тиген осы бір затта қасиет барына шексіз сенетін. Анда-санда қолына алып, күйі түссе көсіп-көсіп, көкіректегі шер-шеменін тарқатып алатын. Онысы, үйіне барған сайын, үстіңгі қабатқа көтеріліп, жұмыс бөлмесіне бас сұққан бойда махаббатпен аялап, «Берікжан, тартшы, сен түсінесің ғой...» деп маған ұстататын әлгі домбыраға деген риясыз құрметінен аңғарылып тұратын. Жалпы, ол ұлттың арына, ұрпақтың бағына баламаған руханият үлгісі жоқ. Ең бастысы, өзі соның үдесінен табыла білді. Жалған сөйлеп жәдігөйленбейтіні, не көрсе де ел-жұртпен бірге болуды қалайтын көргенді болмысы оның әр қимылынан байқалып тұратын. Бізді де жанына сол табиғатымен тартып, жақындата түсті. Мұның ақыры қимас достыққа, іні мен ағаның ілеуде бір кездесетін ерекше ілтипатына, екеуара соны сыр-сұхбаттарға, арадағы барыс-келіске, кәдуілгі отбасылық сыйластыққа ұласты.
Сүбелі сұхбаттың сүлейі еді...
Қай нәрсе де тек салыстырмалы түрде сыналып, жетістік атаулы соның аясында тілдің ұшына тірек болады екен. Тележурналист пен газет жұмысына бейім мамандар арасында үлкен керте бар. Бірі – көпшіліктің көз алдында, екіншісі – өзімен-өзі, оңаша жайда байқалады. Алғашқысының сыңар сөйлем түгілі, бір сөзден қия басып, табан тайдыруға хақы жоқ. Екіншісінде он ойланып, мың толғанып, өшіріп, қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Әуелгісінің өмірі үнемі аттың үстінде жүретін жортуылшыны көзге елестетеді.
Бұл екі мамандық иесінің алғашқысына қойылатын талап та өзгеше. Үнемі өзгеріп, құбылып отыратын қоғамдық ой-пікір мен тұтас дүниетаным қалыптастыратын көркем публицистикалық қызметтің өзегін, шешендік өнерден бастау алатын сөйлеу мәдениетінің түп тегін, түрлі шығармашылық әдіс-тәсілдер мен шеберлік шиырларын білмей, тележурналист атану оңай шаруа емес. Кім көрінген тележұлдыз болып жүрген кейінгі кезеңді түсінбедік, ілгеріде, өзіміз шет-шепірін көрген Кеңес Одағы тұсында әрбір тәліптен әлгіндей талаптар талап етілетін. Осы аталғандардың үдесінен шықпадың екен, бұл саладан дәмеленбей-ақ қой. Нұртілеу аға әлгі айтылған жайттар бойынша коммуникацияның барлық түріне төселген сирек мамандардың бірегейі болатын.
ХХ ғасырдың 90-жылдары тележурналистика тарихында, бұл саланың менеджментінде күрт өзгерістер басталды. Жасыратын несі бар, қалыптасқан ескі дәстүрдің қай түрі болсын, заманнан қолдау таппады, жаңа жобалар заманауи адамның жанына жақпады, танымына жатпады. Иә, тележурналистің түрлі топтардың арасына дәнекерлік жасайтын алтын көпір екені рас. Десе де, қоғамдық үдерістің өзгеруі, жаңғыруы, қайта түлеуі, халықтың аңсарындағы түйткілді мәселелер де оның назарынан тыс қалмауы тиіс. Бірыңғай ұлттық нақышқа негізделген таптаурын дүниелермен жұртты жалт еткізетін жасын дүние жасау тәсілінің аясы тарылып бара жатқан заманда Нұртілеудің жұлдызы жарқ ете қалды. Әрине, мұны тележурналистика тарихындағы авторлық бағдарламалар алдыңғы қатарға шығып, қоғамдық ой-пікірді дәріптеуге негізделген жеке дәрежеге сүйену танымалдығымен байланыстырған жөн. Осы кезде Нұртілеу Иманғалидың да «миллиондарды бір мезгілге біріктірген» өзіндік шығармашылық мектебі мен бейнесі қалыптасып үлгерді. Әрине, оның негізінде алдымен отбасынан алған эпикалық білімнен бастау тартқан сауатты тележүргізушінің көп жылғы тәжірибесі мен білім сапасы тұрғаны хақ.
Иә, бұлардың қай-қайсысы да қазір айтуға оңай болып көрінеді. Бірақ сол «мылтықсыз майданда» жүрген Нұрағаң не көрмеді дейсің? Билік басындағылардан қысым, басшыдан қоқан-лоқы, қатар жүрген әріптестерден қызғаныш, сыналғандардың жұдырық түюіне шыдам беріп, қызмет сатысымен өрлеп, кәсіби жұмысынан қол үзбеу, ең бастысы ұстанымынан қайтпау, міне, есіл ердің жүріп өткен соқпағы осындай. Қазақ тілі, дәстүр, ұлт өнерін ашық насихаттауға тыйым салынған тұста ол осы күрестің бел ортасында жүрді. Тіпті, тыйым салған нәрселердің өзін тайсалмай айта бастады. Сол үшін оны жұрттың бәрі, әсіресе кеңестік идеологияның тұнығынан қанып ішкен қауақбастар жақсы көрді деп ойлайсыз ба? Жоқ, бұл үшін ешкім Нұрағаңды басынан сипамады. Бірі шалғайынан тартты, екіншісі белін талдыратын міндет артты, сөйтіп талай рет шатқаятауға дейін апарды.
Бірақ оның өзіне берген серті басқа еді. Кім, қандай қиянат жасаса да, ол содан тайған жоқ. Беріктігі мен берендігінің арқасында өмірге бірінің ізін екіншісі басып, «Алтыбақан», «Көкпар», «Ақиқат», «Ой көкпар», «Жас жігер», «Дидар», «Ашық әңгіме», «Ақиқат пен аңыз», «Жадыңда ма, жолдас» сияқты хабарлар легі келіп жатты. Қоғамдық ойдың өрісі кеңіп, халық сөз бостандығы деген ұғымдардың дәмін алып, сөлін татып, бір қадам болса да алға ұмтыла бастады. Осындай саяси-әлеуметтік, қоғамдық хабарлардың арқасында, ел есейіп, егемендікке қол артты, ақыры азаттық туын көкке шаншыды. Шынын айтқанда, тап сол тұста саяси-әлеуметтік салмағы жағынан, оның қоғамды толғандырған өткір мәселелерді күн тәртібіне қойып, шындықты шыжғырып айтқан «Бетпе-бет» бағдарламасына тең келетін жоба болған жоқ. Ондайлар қазірдің өзінде де көп емес. Әрине, мұның біразын біз елде, мектеп қабырғасында жүргенде, кейін Алматыда оқыған студенттік жылдары көріп, сонда көтерілген идея негізінде қалыптаса бастаған идеологияның аясында ой шынықтырып, парасат, пайымымызды өсірдік. Бұл тарапта ол біздің саяси-әлеуметтік, рухани көзқарасымыздың қалыптасуы жолында ұстаздық етті десек жарасады. Міне, біздің арамызды жіпсіз байлаған алтын арқаудың бірі – осы.
Бір күні Нұрағаң мені «Бай, қуатты болайық!» («Жетісу» телеарнасы, 2017) атты авторлық бағдарламасына шақырды. Осыдан кейін екеуміз бір түрлі, қимас көңілмен тарқадық. Содан кейін ол маған, мен оған, кәдімгідей бауыр басып кеттік. Сол хабар арамыздағы ортақ ойды бір арнаға тоғыстырып, бізді біріктіріп жіберді. Мен аға тапқаныма қуандым, ол інілі болды. Сол күннен бастап арамызды отбасылық дастарқан бөлді. Арада екі жылдай уақыт өткенде, қоғамнан қағажу көріп жүрген ағасына Ләззат Танысбай қарындасымыз үлкен сый жасады – ерен есімімен байланыстырып авторлық хабар ашып берді. Сол күнгі қуанышын көрсеңіз ғой. Шіркін, адамды бақытты ету үшін көп нәрсенің керегі жоқ екеніне сонда көзім жетті. Менің екінші қатысқаным осы – «NUR TILEY» («Қазақстан» Ұлттық арнасы, 2019) бағдарламасы. Екеуара сыр-сұхбатымызды көпшілік жақсы қабылдады. Несін айтасың, есіл ер, сұхбаттасын сүбелі сөзге тартудың сүлейі еді ғой.
Шынымды айтсам, осы саналы ғұмырымда көңілден шыққан, уақыт тауып, қайта айналып көргім келетін санаулы бағдарламалардың қатарында осы екеуін ерекше бөліп атаған болар едім. Әрине, бұл хабарлардың кілті табылуының сыры менде емес, Нұртілеу ағаның өзінде еді. Жасыратыны жоқ, тележүргізушінің құбатөлдігінен білгеніңді көрсете алмай қайтатын кездер болады. Ал Нұрағаң бөлек еді ғой, жарықтық. Сенің көкейіңде тұрған, әңгіме болып жатқан тақырып аясымен байланыстырып, тап сол жерге сыналап салып жіберуге болатын нәрсені ретін тауып, оп-оңай көмейіңнен шығарып ала қоятын. Содан соң, бір қарасаң, Нұрағаңның қалауымен, «Құмалақ шатасуды білген емес...» деп анекдот соғып отырғаныңды да аңдамай қаласың. Ой, шіркін-ай десеңші, Алланың берген шеберлігінде шек болмайды екен ғой. «Біз екеуміз әлі талай нәрсе жасаймыз. Сенің көкірегіңе қаттаған қазынаны ретін тауып, жүйелі түрде жазамыз» деуші еді, айналайын, ағатайым. Ойға алғанымыздың орындалмайтынын, әлгі айтылғандардың жазылмайтынын, екеуміздің арамызда дәнекер болып осы екі-ақ хабардың қалатынын, кейін мен өзіңді іздеп, естелік жазып отыратынымды ол кезде қайдан білейін?!
Асылдың тұяғының ақырғы сөзі
Айнала қым-қиғаш тіршілік, мың құбылған заман, арпалысқан адам. Сырты сау болған соң пенденің ішкі дүниесіне үңіліп жатқан кім бар дейсің? Мен оның көптен бері сырқаттанып жүргенін Таразда жүріп естідім. Естіген сәтте таңғалдым. Және онымды жасыра да алмадым. Екі күннің бірінде сөйлесіп тұрамыз, сонда маған айтпағаны несі? Міне, менің кәллама келіп үлгерген алғашқы ойдың ұшқыны – осы. Содан Алматыға жеткен бойда телефон соқтым. Жанға батқан науқасы жайында тіс жармады. Мен де түсіне қойдым. Бірақ бұрынғыдай емес, ішімді бір от жалап өтті де, жанымда алай-түлей бірдеңе басталып кетті. Әне-міне, айрылып, көз жазып қалатыныңды алдын ала білген қандай қиын? Сөйтіп жүргенде, дүние шарқы-пәлек болды. Ал Нұртілеу аға болса, өзі мынадай күйде жүріп, мені жұбата бастады. Ол күндерді тілдің ұшына салуға болмайды. Айтқанмен, адам-пенде сенбейді. Өлместі Алла жаратпапты. Арада біраз уақыт өткенде, ол менің отбасылық қуанышыма өзі келе алмайтынын айтып, Қарлығаш жеңгей арқылы хат жазып жіберіпті. Міне, қайран ердің сондағы сөзі: «Қазақтың қара сөзінің қасиетін танып, киесін білетін кісінің қасында көсемсу мен шешенсу қаншалықты қисынсыз екенін ұғыну да қиын-ақ. Бірақ дәл бүгін, осы тойда үндемей қалу одан да қиын. Бел ортасында бата беріп, ықыласқа ұйып, ақ ниет пен пәк көңілге шомылып өзім отырмасам да, бір ауыз сөзім жүрсін дедім. Айтарым аз емес екен, ағайын, бірін-бірі иығынан қағып, кеуделеп келеді.
Алдымен, ұзағынан сүйіндірсін, той – тойға ұлассын! Ал мың жылдық қимас құдалар, төрге озған қадамдарыңыз құтты болсын! Кіммен құда болғандарыңызды бағамдадыңыздар ма? Гүлфайруз құдағиларыңызбен жақын танысу аса қиын емес, тіпті болмаса, өзі аттас кітапты мұқият оқысаңыздар да жеткілікті, тектілікті көресіздер. Берік құдаларыңыз, меніңше, байырғы қазақ өнері мен мәдениетінің алтын жібін бүгінгі ғылымға сабақтаған, оның үлгісі мен өнегесін өмірге бейімдеген, қазақ шаңырағының құндылықтарын қайта тірілткен, саусақпен санарлық аздың бірі, бірегейі. Ол – жаңашыл әрі ескішіл тұлға. Ескішіл болатыны – оның еш уақытта ескірмейтіндігі, ал жаңашыл болатыны – ешқашан жалықтырмайтындығы.
Жә, мен бүгін жиі айтатын бір сөз бар. Ол – бәрі бір Алланың қолында! Өзі жылатады, өзі жұбатады. Ал алтын ұл – Нұрсаят ақылды болып шықты, осыны анық аңғарамын. Нұрсұлу келін екеуіне әрбір атар таңдарының шуақты, махаббаттарының тұрақты, айналасы түгел бай-қуатты болсын деймін! Берік, Гүлфайруз, ақылмен иірген асықтарыңыз қашан да алшысынан түссін, тек тойда жолығайық! Нұр тілеумен, Нұртілеу Иманғалиұлы. Бесағаш – Қарлығаш. 07. 01. 2021».
Иә, бәрі бір Алланың қолында. Ол ақырғы айлары мен күндерінің, сағаттары мен сәттерінің таянып қалғанын сезді ме екен, білмедім, әйтеуір бұрынғы басы аман, бауыры бүтін кезде араласып, бүтінді бөлген, жартыны жарған дос-жаранның, таныс-тамырдың бірінің де жанына жақындап, өзінің науқас жеңген кескін-келбетін көрсеткісі келмеді, ол жайында тіс жарып, ешкімге айтпады да. Тек үш жігіт – жанына жақын жүрген Амантай мен Ғабит үшеуміз барып, көңіл жұбатып, жеңгеймен сөйлесіп, қайтып жүрдік. Сондай күндердің бірінде ол «Дәрігер ішпе деген, ал мен ішемін», – деп, бір тостақ қымызды төңкере салды. Содан соң сөйлеп бір кетсін. Құдай-ау, ойдағы мен қырдағы, қайдағы мен жайдағы, айтылмаған нәрсе жоқ. Мысық бидің жұрағаты, бір шешіліп алған соң ымырт үйіріле тоқтады. Содан соң, баяғы сау кезіндегідей, бір жайнаң етіп, жалт қарады да, «Жігіттер, мен болдым!» деді. Менің көзімнен жас ыршып кетті. Ақырғы рет көруім осы екен. Арада аз күн өткенде суық хабар сумаң ете қалды.
Ол Жаратушыдан тағы бір мүшел жас сұраумен болды. Амал қанша, кең Алла ондай мұршат бермеді. Шөгеріп қойып, терісін сыдырып алсаң да қыңқ етпейтін, бүтін туған жампоздың сойынан емес пе? Оңайлықпен ол да берілмеді. Соңғы демі, ақырғы сағаты соққанша ажал сұммен арпалысумен жатыпты. Ал менің көз алдымда ол байырғының билерінше сайрап, мақамдап сөйлеп отырған, көгілдір экранның көзайымы күйінде қалды. Үні де, түрі де, тұлғасы да, сол баяғы. Міне, оның ақырғы сөзі: «Бәріміз бай, қуатты болайық!». Бай, қуатты болыңдар! Өйткені бұл оның еліне айтқан ақырғы, ақтық тілегі.
Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы