297
Ходжалы трагедиясы жайлы кітап қазақ оқырманына жол тартты
Ходжалы трагедиясы жайлы кітап қазақ оқырманына жол тартты
Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің 230-аудиториясында Шамиль Садиг пен Мушфиг Хан бірлесіп жазған кітаптың тұсауы кесілді. «Үміттің ізімен» («Следами надежд») атты кітап Таулы Қарабақ маңындағы Ходжалы қаласында орын алған геноцидтік әрекеттерге күә болған бойжеткеннің күнделігі іспеттес жазылған.
Тұсаукесер рәсіміне кітаптың орыс тілінде басылып шығуына септігін тигізген тұлғалар – «Global Career Institute» университетінің директоры - Орхан Хасаноғлы, философия ғылымының докторы, профессор – Мехмет Арслан, автор – Шамиль Садиг, Түркі тілдес журналистер қорының президенті, журналист – Нәзия Жоямерген және әзірбайжан ұлтының өкілдері, белсенді жас студенттер мен журналистика факультетінің студенттері және факультет деканы – Сағатбек Медеубек қатысты.
Кітап таныстырылымында түркі тілдес халықтың ынтымақтастық, бауырластық қатынастары жайында сөз қозғалып, 1992 жылдың 25-26 ақпаны еске алынды. Келген қонақтардың бәріне сөз беріліп, әр қайсысы Ходжалы қанды оқиғасына байланысты ішкі сырын, ойын аудиторияға жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Айтылған сөздерден бір түннің ішіде алып қаланың ойранын шығарып, бейбіт тұрғындарды зорлықпен өлтіріп, өліктерін қорғалаған армян геноцид әрекеттерін бүгінге дейін әзірбайжан халқының ұрпағы жазылмас жарадай жүректерінде сақтап келетіні байқалды.
Сондай-ақ, Шамиль Садиг кітаптың не туралы жазылғандығын баяндап берді. Оқиға желісі Ходжалы трагедиясын еске алу сәтіне құрылған. Қала тұрғындарының, соның ішінде басты кейіпкер Айтекин есімді қыздың басынан кешкен оқиғалары мен трагедия жайындағы әңгімесіне негізделген кітап, сонау 25 жыл бұрын өткен қырғынның бейнесін көз алдымызға келтіреді. Автор сөз арасында Мағжан Жұмабаевтың барша түркі халқына таныс «Түркістан» поэмасынан үзіндіні оқып берді. Ал, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек авторға шапан жауып, өз құрметін білдірді. Жиынның соңына таман болашақта кітаптың қазақ тілдегі аудармасын басу туралы ұсыныстар айтылды,ал автор кітаптарға қол қойып,тілек жазып жиылған қауымды риза етті.
Айжан Шәкенова