Универсиада дирекциясы: "Жалған құжат жасау заң бұзушылық болып саналады"
Универсиада дирекциясы: "Жалған құжат жасау заң бұзушылық болып саналады"
Алматы қалалық Наурызбай ауданы ІІБ-ның полиция қызметкерлері Универсиада кезінде «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне өтуге рұқсат беретін жалған құжатпен Алматы облысы, Ақсу ауданының тумасы 1982 жығы Ғалиев Ғалым Ғаниұлын «Шымбұлақ» гондол станциясында қолға түсірді.
«Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені жұмысшыларының айтуынша, мұндай құжаттар қолдан жасалған. Қазір ұсталған азамат ары қарай тексеру үшін 86-полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Сондықтан, Универсиада дирекциясы жалған құжаттарды, билеттерді, акредиттеу карталарын қолдан жасау заң бұзушылық болып саналатындығы туралы хабарлайды.
Универсиада нысандарына заңсыз жолмен өту үшін жалған билеттер мен басқа да құжаттарды сатып алу оқиғаларын алдын алу мақсатында Алматы қаласының қауіпсіздік қызметі және Универсиада дирекциясы жалған құжаттарды немесе билеттерді жасауға жол берілмейтіндігін және де осы талаптарды бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын Қазақстан азаматтарына ескертеді.
Қазірдің өзінде кейбір іс-шараларға, мәселен, Универсиаданың ашылу салтанатына арналған билеттер ресми кассаларда жоқ, сондықтан жарамды билеттерді сатып алу үшін оларды тек ресми орталықтардан ғана сатып алу қажет. Естеріңізге салып кетсек, Универсиада жарыстарына арналған билеттер Алматы (Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы, Республика сарайы, Мемлекеттік цирк, Меломан) және Астана (Хан Шатырдағы, «Керуен» сауда орталығындағы, «Мечта» сауда үйіндегі Меломан кассаларында, MyTown кеңсесінде) қалаларының кассаларында сатылуда. Сондай-ақ, билеттерді Kassir.kz, Ticketon.kz, Bilet.meloman.kz, Biletiastana.kz және Koncertyastany.kz билет операторларының виртуалдық платформаларында онлайн арқылы сатып алуға болады.