443
Баға бағдарламаға бағына ма?
Баға бағдарламаға бағына ма?
Инфляция деңгейіне қатысты соңғы ресми мәліметтер қымбатшылықтың әлі де қарқыны қатты екенін айтады. Дүкендер мен сауда орындарындағы баға бұл сөзімізді сөзсіз растайды. Статистика бюросы орташа айлық жалақыға қатысты да мәліметтерін жаңартты: жалақы мөлшері өскен, бірақ шын мәнінде кеміген. Одан бөлек, өткен аптада табысының ең көп бөлігін тамаққа жұмсайтын әлемнің ең нашар 10 елінің қатарындамыз деп тағы бір дүрліктік.
Жағдайымыз соншалықты нашар ма?
Жалпы қымбатшылық былтыр әлемді түгел алаңдатты. БҰҰ-ның азық-түлік және шаруашылық ұйымының (FAO) мәліметтері бойынша, былтыр әлемде азық-түлік бағасы рекордтық деңгейі тіркелген. Азық-түлік бағалары индексінің орташа мәні бірден 18 пунктке көтерілген.
Дегенмен FAO қаңтар айында азық-түлік бағасының төмендегені жайлы мәлімдеді. Ұйым мұны дәнді дақылдар мен еттің салыстырмалы түрде өсімдік майы, сүт өнімдері және қант бағалары индекстерінің мәнінің төмендеуімен байланыстырады.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша еуроаймақтағы инфляция деңгейі де бәсеңдеп, 8,5 пайызға дейін түсті. Негізінен, 8,9 пайыз болады деген болжам айтылған еді. Бірақ азық-түлік пен энергия сияқты құбылмалы санаттарды есепке алмайтын негізгі базалық инфляция рекордтық 5,2 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Одан бөлек, өткен аптада ourworldindata интернет ресурсында жарияланған рейтингті қоғам болып қызу талқыладық. Аталған рейтингте 2021 жылы әр ел халқының азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны туралы дерек берілген. Жалпы, интернет ресурс сенімді дереккөздердің біріне саналады, көптеген басылым сілтеме жасайды. Finprom.kz осы деректер негізінде елдерді үш топқа жіктеп, ең нашар көрсеткіш көрсеткен елдер қатарында Қазақстан тұрғанын айтады. Одан бөлек, бізбен қатар Нигерия, Мьянма, Ангола, Луанда, Өзбекстан, Кенияны байқауға болады. Рейтингке сүйенсек, 2,5 мың АҚШ долларын азық-түлікке жұмсаймыз. Яғни әлгі рейтингте біз қымбатшылық жайлаған, ахуалы ең нашар 10 елдің қатарындамыз.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің сөзінше, жағдай расымен күрделі, дегенмен бұл деректегідей емес екенін алға тартады. Экономист рейтингтің қандай деректерге сүйеніп жасалғаны беймәлім екенін, тіпті деректер күмәнді екенін айтады.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ:
тәуелсіз қаржы сарапшысы:
Ахуал күрделі, бірақ...
– Бір жағынан, әлгі рейтингтің дерегіне сүйенсек, сұмдық жағдайдамыз. Адамдардың мұны көріп, әлемнің ең кедей елінің қатарына қосылдық деп байбалам салуының негізі бар. Бірақ... Бұл жерде бірнеше бірақ бар. Біріншіден, иә, біз азық-түлікке өте көп ақша жұмсаймыз. Мен былтырғы жылғы жағдайға сараптама жасағанмын. Жалақының жартысынан астамы азық-түлікке кетеді, бірақ тамақтану сапасы да, сәйкесінше жақсы. Өткен жылы ет тұтыну мөлшері біршама өскен, былтыр, өздеріңіз білесіздер, инфляция 20 пайыз болды. Мұндай инфляция кезінде тұтыну деңгейінің өсуі, әрине тамаққа жұмсалатын шығынның артуына әсер етеді. Екіншіден, бұл рейтингті жасағандарға да бірнеше сұрақ бар. Олар біз жылына 2,5 мың доллар жұмсаймыз деп ойлайды. Егер басқа елдерді алып қарасақ, тура мұндай ақшаны Германия мен Канада тұрғындары жұмсайды екен. Ирландия бізден аз, тіпті Ұлыбритания бізден аз жұмсайды. Сондықтан бұл рейтингті құрастырушыларға және бұл деректі бөліскен Finprom.kz-ке сұрағым бар: олар мұны қалай есептеген? Шындығында, барлығы басқаша шығар, бірақ өткен жыл оңай болмағаны рас. Инфляцияның жоғары деңгейі, азық тұтыну көрсеткішінің өсуі барлығы табысты көбейту керектігінің сигналы болып отыр. Бірақ табысты Үкіметтің көбейтуі емес, нарықтық экономикада Үкімет реттегіш функция атқарады, ал табысты ең бірінші кезекте азаматтар өздері көтереді.Орташа жалақы өсті ме, кеміді ме? Сонымен, жағдайымыз рейтингтегідей ушықпаған болар, дегенмен бағаның шарықтап тұрғаны рас. Биылғы қаңтардың қорытындысы бойынша елімізде жылдық тұтынушылық инфляция жеделдеуін жалғастырып, 20,7 болды. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 25,7 пайыз (желтоқсанда 25,3 пайыз), азық-түлік емес тауарлар инфляциясы 20,2 пайыз (желтоқсанда 19,4 пайыз), қызмет көрсету саласы бойынша инфляция 14,2 пайыз (желтоқсанда 14,1 пайыз) болды. Бұл деректерден экономикада қымбатшылық әлі баяуламағанын байқауға болады. Сонымен қатар азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы 20 пайыздан асты. Инфляцияның айлық көрсеткіші баяулағанымен, бұрынғы орташа мәндерден едәуір жоғары. Сөйтіп, инфляция төмендейтіні туралы Ұлттық банктің болжамдары қалай жүзеге асатыны түсініксіз. Осы сияқты Ұлттық статистика бюросы өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа жалақы 338 715 теңге болғанын хабарлады. Номиналды жылдық өсім 22,9 болған, ал нақты мәнде (яғни, инфляцияны есепке алғанда) өсім небәрі 2,8 пайыз болған. Ұлттық статистика бюросы орташа жалақы деңгейінің өсуін жыл соңында төленетін сыйлықақылар мен мерекелік төлемдермен байланыстырады. Ал жалақының медианалық мәні өткен жылдың соңғы тоқсанында нақты жылдық мәнде бірден 6,4 пайызға төмендеп, 204 168 теңге болған. Жалпы, бұған дейін экономистердің нақты жалақы осы медианалық мән арқылы есептеледі дегенін бірнеше рет жазған едік. Яғни, орташа айлық жалақыны арифметикалық орта арқылы есептеуге қарағанда, медианалық мәнмен есептеу – әділірек. Демек, былтырғы жылдың аяғында еліміздегі орташа айлық жалақы мөлшері инфляция негізінде азайған. Сонымен, инфляция және оның салдары халыққа, елдің жағдайына өте теріс әсер етіп отыр. Жағдайды реттеу үшін Үкімет пен жауапты мекемелер қолдан келгенін жасап жатқанына сендіреді. Мәселен, «Әлеуметтік өнімдерге» ең төменгі көтерме бағалар енгізілуі мүмкін, Үкіметтің тиісті қаулысы «Ашық НҚА» порталында талқылауға шықты. Қаулы жобасында, бұл шара ішкі нарықты қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылады. Одан бөлек, инфляция фискалдық чектер арқылы қадағаланатынын Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов мәлімдеді. Бұл әдісті Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа Еуропа елдері қолданады екен. Ал бізде бұл әдіс дерек жинаудың дәстүрлі әдістерімен салыстыру үшін эксперимент ретінде ғана енгізілмек. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау екенін айтты. Үкімет басшысы бұған қол жеткізу үшін барлық өңірдің азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет деген еді. Ал экономист Арман Байғанов қымбатшылықты тоқтатудың үш тәсілін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынысын жеткізді. Арман БАЙҒАНОВ, экономист: Фермерлерді қолдайтын тетік әзірлеуді ұсынамын
– Біріншіден, қазір мемлекеттік қаржы органдарынан жеңілдікпен қаражат алғысы келетін фермерлердің негізгі проблемасы кепілмен қамтамасыз ету төңірегінде туындап отыр, себебі ауылдарды қамтамасыз етудің тиімділігі аз саналады және төмен бағаланады. Осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен салаларын қаржыландыруға жеңілдікпен бөлінетін қаражат ұлғайса да, бюджет қаражатының толық игерілмей қалуы мүмкін. Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржы компанияларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияны қосымша кепілмен қамтамасыз ету ретінде пайдаланатындай тетік әзірлеуді ұсынамын. Мысалы, мал шаруашылығында мемлекеттік субсидия мөлшері сатып алынатын мал құнының 50 пайызына дейін, ауыл шаруашылығы техникасына бөлінетін субсидия оның баланстық құнының 30 пайызына дейін жетеді. Демек, егер субсидияның түсімдері бастапқы жарна ретінде немесе қамтамасыз ету ретінде ескерілер болса, онда фермерлерді қаржыландыру мөлшері айтарлықтай өседі (шамамен 20-50 пайыз). Мұның бәрі бізге фермерлердің қаржыландыруын арттыруға, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және сәйкесінше оның құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, елімізде «интенсивті алма бақтары» атты қаржыландыру бойынша өте табысты мамандандырылған бағдарлама бар, соның арқасында соңғы жылдары алма бағасы аса қымбаттамады деуге болады, ал қалған ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша бағаның айтарлықтай өскені байқалады. Алма шаруашылығы саласын қаржыландырудың табысты тәжірибесінің негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүзім, таңқурай және басқа да жеміс-жидек өсіруді қаржыландырудың ұқсас өнімін әзірлеуді ұсынамын, бұл елдің барлық табиғи-климаттық ерекшелігін тиімді пайдалануға ықпал ететін болады. Алдымен жыл сайын, әсіресе қыста, жылыжай өнімдерінің (қияр, қызанақ және т.б.) бағасы бірнеше есе қымбаттайды. Бағаның өсуі нақты мына факторларға байланысты: Шетелде құрастырылған, өндірілген өнеркәсіптік жылыжайлардың бағасы қымбат; Одан бөлек, энергия тасымалдау бағаcының тұрақты түрде қымбаттауы, ал бұл жылыжай өнімі құнының негізгі үлесін құрайды. Үшіншіден, өнім өндіру елдің оңтүстігінде қарқынды жүреді, сәйкесінше айтарлықтай логистикалық шығын шығады, оған қоса өнімді жеткізу уақыты кешеуілдейді, бұл өнімнің сапасына теріс әсер етеді. Бағаны төмендету үшін траншеялық (жерасты) типтегі жылыжайлардың жаңа түрлерін (елдің солтүстігінде) қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын. Жылыжайдың бұл түрінің артықшылығы – энергия бойынша аса тиімді: жердегі стандартты жылыжайларға қарағанда энергия шығындары бес есе төмен болады. Сонымен қатар бұл жылыжайларды ұзағырақ пайдалануға болады, ал құрылымның негізгі бөлігін өз күшімізбен құрастыра аламыз (импортты алмастыру), бұл жобаның өзіндік құнын және сәйкесінше өсірілген жылыжай өнімдерінің құнын төмендетеді.Үкіметтің кезекті тапсырмасы 7 ақпанда Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру талқыланды. Вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің мәлімдемесіне сүйенсек, азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте (2,2 пайыз), Қызылорда және Солтүстік Қазақстан (1,8 пайыз), Ақтөбе (1,7 пайыз) және Ұлытау (1,5 пайыз) облыстарында байқалған. Сонымен қатар ол тіпті апта сайын динамика әртүрлі деңгейде екенін айтты. Тауарларға келер болсақ, пияз 22,5 – пайызға, күріш – 5,2 пайызға, қырыққабат – 4,1 пайызға, сүт пен сәбіз 3,1 – пайызға, картоп – 3,0 пайызға, кеспе 2,6 пайызға қымбаттаған. Қазір бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралып жатыр екен. Мәселен, «айналым схемасы» шеңберінде қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталмақ – қазір тікелей өндірушілерге беріледі, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді – өнімді сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни нарықта бағалар бәсекелестік болғанда жүреді, ал олар маусымаралық кезеңде сатылады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік беретін келісімшарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілмек. Серік Жұманғарин республиканың барлық ірі сауда желісі бағаны тұрақтандыру жұмыстарына атсалысатынын айтты. Үкімет басшысы сатып алу-сату кезіндегі тауарлар көлемі мен бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр барлық ауданды қамти отырып, тұрақты негізде арнайы жәрмеңкелер өткізу және бағаны, көлемді, қарсы міндеттемелерді және айыппұл санкцияларын белгілеу жөніндегі міндетті шарттарды көрсете отырып, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Дегенмен фермер Алмасбек Садырбаев тұрақтандыру қорларынан нәтиже барына күмәнмен қарайтынын айтады. Одан бөлек, сарапшы жалпы Үкіметтің әзірлеген бағдарламалары нақты ахуалды, жағдайды толық білместен қабылданып жатыр деген пікірде. Алмасбек САДЫРБАЕВ, фермер: Миллиондаған доллар, миллиардтаған теңге ысырап болып жатыр
– Ішкі нарықтағы азық-түлік өндірісін қолдау керек. Соны жетілдіріп, соған жағдай жасау керек. Ол үшін азық-түлік өнімдерін өндіруші шаруалардың мәртебесін көтеріп, оларды қолдаудың жан-жақты бағдарламасын жасау керек. Ол қолдау бағдарламаларын жасау үшін бірінші сол шаруадан «саған не керек?», «қандай жағдайда сен өнім өндіріп бересің?», «не нәрсе қолжетімді, не нәрсеге қолың жетпей жатыр?», «сенің кәсібіңді қалай қорғаймыз?», «қалай дамытамыз?» деген сұрақтар қойып, сол сұрақтардың аясында бағдарламаны әзірлеу керек. Қазір бізде түрлі бағдарлама бар. Бірақ сол бағдарламалардың әзірленіп, қабылдануына нақты кәсіби мамандар атсалысып жатқан жоқ. Жұмсақ креслода, жылы бөлмеде отырғандар әзірлеген бағдарламалар. Сондықтан олардан ешқандай мардымды нәтиже болмайды. Соның бірден-бір мысалы ретінде ірі қара бағытындағы ет шаруашылығын дамытуды алайық. Егжей-тегжейлі қарастырылмаған, шала жоба болды. Миллиондаған доллар, миллиардтаған теңге бостан-бос ысырап болып кетті. Бұл – бір мысал ғана. Қалған бастамалардың да жағдайы осындай. Тұрақтандыру қорларына келетін болсақ, әлемде бағаға әсер етпейді-ау. Тұрақтылық қорлары тиісті деңгейде атқара алмай жатыр. Дегенмен ол қорлар бағаны тұрақтандырады деуге болады деу қателік деп есептеймін. Қазіргі жағдай тек ауыл шаруашылығы саласының тұралап қалуына байланысты деп айтуға келмейді. Біз айқын, ашық БАЖ салығын белгілеуіміз керек. Өйткені қарапайым мысал, қазір біздің жылыжай шаруалары өнімдерін өсіріп жатыр. Сәуір айларында өнімдері пісіп, дайын болады. Енді соны біздің диқандар сатайын десе, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдерден келген арзан өнімдер нарыққа кіреді. Арзан дегенде, ол халыққа түк те арзан емес. Рәсімдеуге келгенде арзан сияқты көрсетіледі, бірақ шындығында біздің сатып алушыларға қымбат. Солар келеді де, біздің нарығымызды құлатады. Түрікменстаннан келген қызанақты қырыққабат деп арзан бағамен тіркей салады, оның салығы, бәрі төмен болады. Ал біздің шаруаның өнімі сөреге шығуы үшін төлемдер, салықтар, тағы да басқалар... Жақында Кореяда болдым. Олар да Қытаймен мұхит арқылы шектеседі ғой, жеткізу өте арзан, нарықты жаулап алу ықтималдығы өте жоғары. Дегенмен оларда осыған байланысты ұстанатын нақты саясат бар екен. Егер Қытайдан келген тауардың ол жақта баламасы болса, ол өнім елге кіргізілмейді. Бұл – отандық өнімді, фермерді қолдау.Қорыта айтқанда, сарапшылар ішкі нарықты мейлінше отандық өніммен қамтуға, шаруаларды қолдауға, кедергісіз жұмыс істеуіне шын мүмкіндік беруге бар күшті жұмсаған жөн екенін айтады. Естеріңізде болса, 2021 жылы Үкімет 2024 жылға қарай нарық 100 пайыз отандық өніммен қамтылатынын айтқан болатын...