50310
Мұндағы әрбір топ адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жатыр – Иаыз Деролур
Мұндағы әрбір топ адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жатыр – Иаыз Деролур
Түркияның оңтүстік-шығысында, Сириямен шекара маңында болған жойқын жер сілкінісінің зардабы әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, айтпай жеткен апаттан қаза тапқандар саны отыз мыңнан асқан. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Үйінді астынан бірнеше күннен кейін аман құтқарылып жатқан адамдар да бар. Осы орайда, жергілікті тұрғын, апат болған аймақта іздеу-құтқару жұмыстарына қатысып жатқан ерікті, табиғи апаттар туралы хабар беру жөнінен нұсқаушы Иаыз Деролурмен аз-кем тілдескен едік.
– Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне тоғыз күнге таяу уақыт өтті. Сіз апат болған жерде қашаннан бері жүрсіз?
– Әдеттегідей жұмыста болғанмын. Жер сілкінісі туралы естіген бойда дереу Ыстамбұлдан апат болған аймаққа бардым. Қазіргі уақытта Искендерун, Хатай қалаларындағы үйінділерді аршып жатырмыз.
– Техника, жұмыс күші жеткілікті ме? Құтқарушыларға қараңғыда жұмыс істеу қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Техника жеткілікті. Уақытты ұтымды пайдаланып, барымызды салып, үйінділер арасында үздіксіз жұмыс істеудеміз. Түнгі уақытта шам және сырттағы жарықтандырғыштардың көмегі болады. Құтқару операциясы бірқалыпты өтіп жатыр. Адамдарды іздеу, үйіндіні аршуда аса қатты қиындық туындап жатқан жоқ.
[caption id="attachment_213569" align="alignnone" width="2048"] Фото: crimea.ria.ru[/caption]
– Құтқару жұмыстарына иттер де кіріскенін көрдік. Олардың жұмысты жеңілдетуге септігі тиді ме?
– Сөзсіз. Апат болған аймақта сенімді достарымыз жәрдемдесіп, адамдардың тез табылуына өз үлестерін қосуда. Осындай сәтте олардың бар болғаны қандай жақсы.
– Апат болған аймақта әлемнің әр елінен келген құтқарушылар бар. Олардың жұмысына қандай баға бересіз? Жалпы бұл жұмыс қай кезге дейін жалғасады?
– Мұнда келгендегі бәріміздің мақсатымыз – адам өмірін құтқару. Бұл жер барлық адамды түр-түсіне, нәсіліне, көзқарасына қарамай, бір мақсат жолында тоғыстырды. Әрбір топ адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, белсене жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ешқайсысын бөле-жармай, бәріне алғыс айтқым келеді.
Ғажайыпқа сенеміз. Сондықтан үйінді астынан әлі де аман шығатындар болады деп ойлаймын. Сол себепті жұмысты жалғастыра береміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан -
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ