262
Сары фосфорға сенім артпақ
Сары фосфорға сенім артпақ
Қазақстанның өндіріс саласында көштен қалмауына сеп болып отырған Жамбыл облысында өткен жылдың соңында бірқатар өндіріс орындары іске қосылып, өз жұмысын бастаған болатын. Ал жыл басында облысқа арнайы жұмыс сапарымен барған Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірдегі тұрғын үй құрылыс жабдықтарын жасау кәсіпорнының жұмысымен танысты.
«Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы тұрғын үй құрылыс жабдықтарын шығаратын комбинаттың іргетасы 2010 жылы қаланған. 2012 жылдан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғын үй құрылыстарына қажетті түрлі материалдар шығарып келеді. Комбинат биыл 30 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр. Бұл ретте аудан орталықтарына да көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызбақ. Халық қалаулылары мұндағы жұмыс барысымен танысты. Депутаттар су шаруашылығына қажетті науалар, іргетас блоктарын, үй құрылысына қажетті жабдықтарды көріп, отандық өнімдерге көңілдері толды.
Өндіріс орындарының іске қосылып, қарыштап дамуы тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосары сөзсіз. Өткен жылдың соңында Индустрияландыру картасы шеңберінде «Жамбылгипс» ЖШС-ның екі бірдей цехы іске қосылды. Оның бірі – Қазақстандағы микрокальцид шығаратын ең алғашқы зауыт. Аталған өндіріс ошағында жылына 50 мың тонна өнім өндірілмек. Бұл – елдегі ең ірі жобаның бірі.
Екінші өндіріс орны – «Жамбылгипстің» базасында орналасқан гипс өндіретін зауыт. Оның жылдық өнім өндіру қуаттылығы 170 мың тоннаға есептелген. Жоба құны 2 млрд 600 млн теңгені құрайды. Зауыттың барлық құрылғылары автоматтандырылған. Мұнда шығарылатын тауарлар жоғары экологиялық сұраныстарға толық жауап береді.
Айта кетейік, «Жамбылгипстің» 60 жылдан астам тарихы бар. Бұрындары мұнда 700-ден аса адам жұмыс жасаса, бүгінде жұмысшылар саны азайған. Алайда өнім көлемі бұрынғыдан 3 есеге дейін көп. Ол жаңа технологиялар мен жоғары білікті мамандардың арқасында жүзеге асып отыр. Аталған серіктестік тауарларының 25 пайызы осыған дейін Ресей, Қырғыз, Түркия елдеріне экспортталып келсе, алдағы уақытта экспорт көлемін 50 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр екен.
Сонымен қатар, «Қазфосфат» компаниясы өңір химия өнеркәсібінің байырғы даңқын қайта оралтуға байланысты жұмыстарын зор қарқынмен, жаңашылдықпен жандандыру үстінде. Аталған кәсіпорынға қарасты «Минералды тыңайтқыштар» ЖШС Тараз филиалында «ЭФК-1 экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің технологиялық жүйесін жаңғырту» жобасының 1-кезеңі жүзеге асырылғанына да көп уақыт өткен жоқ. Фосфор зауытында тағы да екі бірдей «А-8-1 № 3 ауаны жүктейтін қондырғыны қайта жаңғырту» және «Коттрельді сүтті фосфорлы-калийді тыңайтқыш ретінде залалсыздандыру» жобалары іске қосылды. Аталмыш цехтар өндіріс көлемі мен тауарлар түрін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Екі жобаны іске қосуға 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Айта кету керек, фосфорлы-калийлі тыңайтқыш өндіру цехы бүгінде 1 млн тоннаға жуық көлемде қордаланып қалған сары фосфор өндірісінің қалдықтарын өңдеу мәселесі оң шешілуіне де көмектеспек. Бұған дейін фосфорлы-калийлі тыңайтқыш бірқатар масақты, майлы, көкөніс, бақша дақылдарын, көпжылдық шөп егіп өсіруде қолданылып, тәжірибелік сынақтан өткізілген. Нәтижесінде жоңышқадан басқа егіс дақылдарында өнімділік 20-25 пайызға жоғарылайтыны дәлелденген. Ауа жүктеу цехын жаңғырту жұмыстары да жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Бұл жүйе толықтай автоматтандырылған. Қуатты компрессорлар көмегімен жиналған ауа арнайы сүзгілер мен қондырғылар елегінен өткізіліп, нәтижесінде сұйық азот пен кислород алынады. Мұның бірі тыңайтқыштар өндіруге, ал екіншісі техникалық қажеттіліктерге пайдаланылады.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Жамбыл облысында «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық станциясы ашылды. Құны 40 млрд теңгеден асатын нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Жобаны «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторы жүзеге асырған. Қазақстан Республикасы газ тасымалдау жүйесінің тарихында алғаш рет газдың тасымалдау ағынын әртараптандыру үшін түрлі жобалау қысымдарымен бір газ құбырынан екіншісіне жылына 6 млрд текше метр көлеміндегі газды айдау мүмкіндігі бар.
Станцияның ашылу салтанатында облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев: «Бұл компрессорлық станция өз қуаттылығын жыл сайын арттыратын болады. Сонымен қатар 60-қа тарта жаңа жұмыс орындары ашылды. Облысқа түсетін салық көлемі артады. Әлеуметтік-экономикалық дамуға да оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда аймақтағы елді мекендерді газдандыру мәселесі де өз шешімін тауып келеді», – деді.
Станцияның іске қосылуымен отандық табиғи газ көлемін батыс кен орындарынан Қазақстаннан тыс жерлерге тасымалдаудың экономикалық жағынан тиімді мүмкіндігі пайда болды. Экспортталатын газдың ресурстық базасы Теңіз, Қарашығанақ, Жаңажол және Қашаған кен орындары болмақ. Жаңа станцияның жұмысы газ құбырының учаскесі өтетін Қырғыз Республикасын айналып, республиканың оңтүстігін үзіліссіз газбен жабдықтау үшін резервтік маршрутты қамтамасыз етеді. СКС қуаты жылына орта есеппен 4,7 млрд текше метр газды айдауға есептелген. Цехтың қосалқы жабдықтары, құбыр байламдары мен инженерлік желілер қосымша газ айдау агрегатымен қосымша жабдықтау мүмкіндігін ескеріп жобаланған, бұл газ айдау көлемін жылына 6 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысындағы тағы бір жаңалық – «Әулие-Ата Феникс» ЖШС құс фабрикасы. Байзақ ауданында ашылған құс фабрикасы жылына 4000 тоннаға дейінгі бройлер етін өндіреді. Жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс 1978 жылы салынған, бірақ 90-шы жылдардың басынан бастап жұмыс істеу мүмкіндігі болмаған ескі құс фабрикасының базасында құрылды. Жобаны іске асыру барысында 16 құс қорасына, қоймаларға, зертханаларға, әкімшілік ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды, сою және құрама жем цехтары қалпына келтірілді, инкубатория салынды. Кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша жоғары сапалы ет шығаратын болады. Құс фабрикасы жергілікті нарыққа және Қазақстанның басқа қалаларына ет жеткізуді жоспарлайды. Көршілес Ресей, Қытай, сондай-ақ, Вьетнам елдеріне өнімді экспорттау туралы ұсыныстар түсуде.
Құс фабрикасының ашылуына Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. «Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде біз «Әулие-Ата Феникс» ЖШС жобасын ашамыз. Бұл бізге жақын өңірлерді сапалы экологиялық азық-түлік өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, аймақтың бюджетіне салық түсімін арттырады.Осының бәрі жалпы ауданның әл-ауқатын жақсарту үшін оң тиімділігін көрсетеді, Жамбыл облысымен қатар жалпы еліміздің экономикалық дамуына ықпалын тигізеді. Мен бұны облыстың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды оқиға ретінде бағалаймын және сіздерге алдағы жұмыста табыс тілеймін», – деді өңір басшысы.
Өткен жылдың соңында іске қосылған кәсіпорындар жаңа жылда табысты жұмыс істейтіндігіне сенім мол. Жаңа өндіріс орындары облыстың ғана емес, бүкіл республиканың өндіріс саласын дамытуға үлес қосатыны сөзсіз.