2125
Асқар Алтай әңгімелеріндегі «жаңа қазақ» бейнесі
Асқар Алтай әңгімелеріндегі «жаңа қазақ» бейнесі
Жазушы Асқар Алтайдың соңғы жазған әңгімелерін мейірім қанып, тұшынып отырып оқыдым. Себебі ол әңгімелерден шындықтың мәңгі өшпейтін сәулесін көргендеймін. Адам өмірін және қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсету – жазушының басты мұраты, қасиетті парызы. Көлемді шығармалардай емес, шағын әңгіме жанрында адам тағдырын көрсету – өте күрделі жұмыс. Өйткені қолына қалам ұстаған адамның ең негізгі ұстанымы – адалдықтан аттамау.
Асқар әңгімелерінде гибридтік мән алатын тосын оқиғалар жиі ұшырасады. Кез келген әңгімесі өз алдына бір дербес әлем тәрізді, ондағы өмір, тамыры тереңде жатқан және кісі түсініп болмайтын лас тәсілдермен іске асатын қоғамдық тартыс бізге әрі таныс, әрі жат. Жазушы шағын әңгімелері арқылы мына өмірге параллель бір әлемнің есігін ашып, сені соған кіргізіп жібергендей, сол екі өмірдің ортасында қалғандайсың. Шынайы өмір қайсы, жалғаны қайсы, ажырата алмай дал боласың. Шынайы өмір жазушының қаламынан туған әңгімелерде қалғандай, біздің шындық деп жүргеніміз шындықтың көлеңкесі секілді. Міне, бұл Асқар әңгімелерін оқығанда алатын әсеріңіз. Екінші әлем шынымен бар болғанына сенесіз, біз шынайы өмірде жасап жатырмыз ба, әлде сол параллель әлемнің көлеңкесінде, яғни өз қиялымыздағы әлемде жүрміз бе? Санаңда сансыз сұрақтар туындайды, бірақ бұл сұрақтардың жауабын жазушы айтпаған, өзің іздеп табуың керек. Жазушының оқырманына берген еркіндігі – осы.
«Селебе» деген шағын әңгімеде оқиғаның басталуы қызық, алғашында ХІХ ғасырға тап болғандай күй кешесіз. Баяғы барымта-сырымта заманының бір оқиғасын баяндап отыр ма деп те қаласыз; өзіміз көрмеген, үлкендерден көп естіген, ескі өмірдің көріністері көз алдымызға келеді... Бірақ мүлде олай емес, кәдімгі бүгінгі күн. Қызықтап оқи бересің, сөйтіп отырып, қай уақытта осы заманға, тіпті өзің туралы әңгімеге ауысып кеткенін байқамай қаласың.
Бодандықтан енді құтылған елге арқалы азаматтар арқа сүйеу болғаны белгілі. Олар ел ішіндегі көп істерді реттеді, сыртқа да айбат еді... Алайда кейін кейбіреулер сол азаматтардан қорықса керек, ебін тауып көздерін құртып отырған. Әңгімедегі Балтабек – сондай тұлғалардың образы. Жазушы Балтабекті көп суреттемейді. Онда да үлкен мән жатыр, өйткені қандай абзал азамат, атақты адам болса да көзі жоғалған соң ұмытып кетеміз. Сондықтан Балтабек образын жазушы көмескі күйінде қалдырған. Оның жалғыз ұлы Алашты полиция бастығы, өгей әкесі тәрбиелеп өсіреді. Мұның астарында не жатқанын айтып жатудың басы артық.
Адал адамдардың теріс жолға түсуіне биліктің өзі себеп болғанын бұдан артық қалай көрсетуге болады. Әңгімедегі ұрының аты – Алаш болуы тәуелсіздік жылдарында, өз елінде отырып өгейдің күйін кешкен Алаш жұртының тағдырын көз алдыңа әкелмей ме?! Әлбетте, әкеледі.
Соңғы отыз жылда қазақ қоғамы өте тез өзгерістерді бастан кешіруде; бұл өзгерістерің шапшаңдығы сонша жай халық емес, қоғамның көшбасшысы саналатын зиялы қауымның өзі заманның қадамына ілесе алмай қалды. Қоғамдағы өзгерістер және әлемдік мәдениет пен саясаттың тегеуірінді толқыны адамдардың жан дүниесіне ерекше әсер етіп, дүниетанымын өзгертіп жіберді. Біз құндылықтар өзгерген заманда өмір сүрудеміз.
Кейде жазушылар «Осы заманның кейіпкерлері әлі анықталған жоқ, сондықтан қазіргі заман туралы көркем шығарма жазу қиын» деген сөзді айтып қалып жатады. Меніңше, бұл – жаңсақ ұғым. Кейіпкер басқалардан бөлектеніп көзге көрініп тұрса, жазушы сол кейіпкердің өмірін баяндап беретін болса, жазушылықтың да, жазушы болудың да қажеті қалмас еді. Жазушы өмірдегі басқалар көре алмайтын шындықты көріп, басқалар сезіне алмайтын тағдырларды сезіне білуі шарт. Қай заманда да кейіпкер өздігінен дайын бола қалмаған, заманның геройын жазушылар сомдаған. Дайын кейіпкерді жазу жазушылық емес, жазушылық – қоғамдағы мыңдаған, миллиондаған адамдардың арасынан өз кейіпкерін танып, оны образды түрде көрсете білу, адамдар бастан кешкен оқиғаны емес, адам тағдырын жазбай тану және оны көркем суреттеу.
Асқар Алтай – өз дәуірінің кейіпкерлерін тани білген, өз заманының болмысын, өз замандастарының тағдырын көрсетуде рухын жырлай білген, дара жолы бар жазушы. Әрине, бұл – менің мақтауым емес, жазушының өз болмысы. Жазушы Дулат Исабеков: «Асқар нені айтуды емес, қалай айту тәсілін түбегейлі меңгерген, қазақ қара сөзінің бояуын қанына сіңіре білген жазушы» дегені – Асқар Алтайдың шеберлігіне берілеген әділ баға. «Көзжендет», «Казино», «Альпинист» сияқты әңгімелерін оқыған кез келген кісі бұл пікірмен келіседі деп ойлаймын. Ол әңгімелерге заманымыздың ашы шындықтары арқау болып, халқымыз бастан кешкен аянышты әрі күрделі тағдыр жазылған.
Қазір жаһандану дәуірі. Жаһандану үрдісі – әлемдегі барлық халықтардың алдында тұрған үлкен мәселе. Оның артықшылығы мен кемшілігін айтып жату бұл жерде бас артық әңгіме. Жаһанданудың мәні не, талаптары мен қағидалары қандай? Біз оны қалай қабылдадық? Біздің қоғамға, біздің адамдарға қалай әсер етуде? Асқар әңгімелерін оқып отырып, біз жаһандануды басқалардың қолтығына кіру деп қабылдап, оны санасыз еліктеу арқылы іске асырмақ болып далбасалап жүрген жоқпыз ба деп қаласың, ішің удай ашиды. Болашақ заман, келер ұрпақ үшін не істеп бердік, не құндылық қалдырамыз деген сұрақ басыңнан шықпай қояды. Сезіндіру дегеніміз – міне, осы. Қоғам мүшелерінің ойы мен сезімін тәрбиелеудегі әдебиеттің құдіреті де осында жатса керек. Ең мықты ғалымның ең жақсы зерттеуі адамның сезіміне бұлай әсер ете алмас еді.
Ұлттық құндылықтар түбегейлі жойылғанда халықтың тілі де, діні де, шалажансар күйде қалмақ. Ондай қоғамда жанашырлық жойылып, адамдар пайда үшін бірін-бірі, тіпті өзін-өзі сатып жіберуге дейін бара алатын санасыздыққа душар болмақ. Мұны «Көзімнің қарасы» әңгімесінен жақсы байқауға болады. Реті келгенде айта кеткен жөн, осы әңгімедегі Самалдың шешесінің қызын қытайға беруге қарсы болмауы да, «Селебедегі» Алаштың өгей әкесінің асыранды ұлын қылмысқа тәрбиелеуі де қоғамға, мемлекетке, болашаққа деген жанашырлықтың жоқтығы. Біздің қоғамда мемлекетке, ұлтқа жанашырлық жойылып бара жатқандай.
Тәуелсіздік алғаннан кейін біз ашық қоғаммен бетпе-бет келдік, бірақ халық мұндай өзгеріске дайын болмай шықты. Бұл өзгерістің үлкен жаңалық екені рас, өйткені бұрынғыдай үкіметтің шектеуі жоқ, еркін өмірге қолымыз жетті, дейтұрғанмен кейбір адамдар өте ауыр қабылдады; себебі біреудің қамқорлығы жоқ, әркім өз күшіне сүйеніп күн көретін қоғамның қатаң тәртібіне көну оңай емес. Осыдан барып құндылықтарды шатастырып алдық, әлеуметітк қарым-қатынас, отбасылық қағидалар бұзылды. Әрине, мұнда ұзақ жылдар бойы жалғасқан коммунистік тәрбиенің де әсері бары анық. Демократия мен бейбастақтықты ажырата алмайтын күйге түстік. Оның себебі, біріншіден, совет одағы кезінде шынайы өмірді көрмей, пробирканың ішінде өмір сүрген халық ашық қоғамға шыққанда айналасын көре алмай қалды. Екінші, сүйектен өтіп кеткен құлдық, жалған интернационалдық сезім бізді жақсы мен жаманды, қас пен досты, жат пен жақынды айыра алмайтын күйге түсірген.
Рамазан 10 миллон қазақтан дос таппай, қапказдықпен дос болады. Самал қазақтан жігіт таппағандай Қытайға тиеді, анасы оған тілекші болады. Қыздардың шетелдіктерге кетуі – біздің заманның ащы шындығы, дәстүршіл адамдар үшін өте ауыр қасірет. Қоғамды тығырыққа бастайтын трагедия. Бұл әңгімеден еңбектенбей жеңіл олжа табуға құныққан аш көздіктің жеткізер жерін көргендей боласың. Рамазанның өзі де дұрыс жолда жүрген кісі емес, адал еңбекпен мал табуды ойламайды, одан гөрі жат елде жалдамалы бапкер болып, кісі өлтірушілер тәрбеиелеуді абзал көреді.
Отбасына әке билігі жүрмейді, бұл да қоғамның індеті. Айтқан ақылы, жасаған шектеуі ешбір пайда бермеген соң Рамазан ақыры қызын өлтіруге барған. Оның кісі өлтіруге әбден машықтанып, қылмысқа еті өліп кеткені сонша жаңылып, жаза басқан қызын дұрыс жолға салудан гөрі атып тастауды жөн санайды. Именбей-ақ тойға жиналған шаршы топтың алдында атып тастаған. Себебі қызына ақыл айтар жөні де жоқ, өзі де қылмыскер ғой. Дейтұрғанмен Рамазан жаман адам емес, оны аздырған қоғамның өзі, адал еңбектің қадірі болмағандықтан, еңбегіне лайық ақы алып, құрмет көрмегендіктен, сондай жолға түскенін ойлап жаның ашиды. Ол сонда да намысын бергісі жоқ, оған күш-қуаты жетті, қызын атып тастады. Осы жерде жазушы Рамазанды да, Самалды да, оның анасын да жазғырмай-ақ, бәрінің шынайы болмысын көрсете білген. Жазғырсаң, өзің жазғыр, жақтас болсаң да өз еркің.
«Тағанка» әңгімесінде жазушы біздің қоғамдағы ең бір өзекті мәселені қозғап отыр. Адамдарды қолдан қылмыскер жасау, оған ең жақын, ең сенімді амалдарын куәгер қылу – адамдардың әдетіне айналып кеткен сұмдық. Әңгімеде күнделікті өмірде кездесетін детальдарды өте жақсы пайдаланған. Мысалы, егеуқұйрықтар туралы эпизодтарға назара аударайықшы. Біріншіден, егеуқұйрықтар қой қора маңында пайда болмай, шошқа қораның маңында ғана өсіп өнеді екен. Дядя Вася оларды темір бөшкеге салып, бірін-біріне жегізіп, ең соңында бәрін жеңіп шықан қаныпезерін еркіндікке қоя бере салады. Сол қанішер өзінің тұқымдастарын – ергежейлі егеуқұйрықтарды аяусыз қырады, сол арқылы мұқым аумақтағы егеуқұйрықтарды қырып отырады. Кейін ұсақ егеуқұйрықтар оны да жеп қояды. Ашы да болса қоғамда бар шындық.
Бұл шайқас – егеуқұйрықтар емес, адамдар арасындағы шайқас. Саясаттағы жемқор қылмыскерлерді дайындаудың технологиясын бұдан жақсы айту мүмкін емес шығар. Мұндай қатыгездік бізге қайдан келді? Әңгіменің бас кейіпкері егеуқұйрықтарды соғыстыруды, қатыгездікті бала кезінде дядя Васядан көрген. Адал адамның қоғамда өмір сүруі қиын, біздің кейіпкеріміз абақтыда жынданып кетеді... Дегенмен қоғамды түзейтін, ескі, жарамсыз қағиданы бұзатын да сол сұмдықтан жиреніп, жынданып кете алатындар ғой.
Жазушы өз заманы туралы, өз замандастары туралы жазады, бірақ оқырманға өз ойын тықпаламайды. Заманның шындығын айтып ұқтыру үшін сөзуарлыққа салынып тыраштанбай, өз заманының картинасын жасауға тырысқан. Сол суреттен заманыңды танисың, өзіңді көресің, уақыттың рухын сезесің. Асқар Алтай әңгімелерінің құндылығы – осында.
Көркем әдебиет математика тәрізді, нақты ойлаудан гөрі абстракт ойлауды көбірек қажет етеді. Басқалар көре алмайтын құбылыстарды көріп, басқалар айта алмайтын шындықты айту үшін жазушының ішкі интуициясы мен абстракт ойлау қабілеті барынша жетілген болуы шарт. Жазушы өзі суреттеп отырған оқиғаның бағалаушысы емес, сол оқиғаға қатысушы болып кейіпкерлерімен бірге өмір сүре білгенде ғана шынайы көркем шығарма жаза алады. Өкінішке қарай, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс. Өмірдің көзге көрінбейтін қалтарыс тұстары, құпия сырлары көп. Асқар Алтай әңгімелерінде қазіргі заманның ауырлығын ғана суреттемей, сол қиындықтардың тарихи-әлеуметтік себептерін, заманның күрделі шындығын тани білген және образды түрде көрсете білген. Әңгімедегі әрбір деталь, әрбір эпизод қоғамның клеткасы тәрізді.
Адамдардың көзқарасы үнемі өзгеріп отырады, адам ойы да үнемі өзгерісте болатын күрделі құбылыс. Жаныңда жүрген адамның мінезіндегі өзгерісті аңғаруға болар, алайда ол өзгерістердің себебін білу қиын. Бұл шешімі жоқ жұмбақ. Кейде кісі өзін-өзі түсіне алмай қалатын кездер де бар, бірақ соны мойындайтындар аз. Тұтас қоғам мүшелерінің дүниетанымындағы өзгерістерді – жаңарулар мен жаңғыруларды зерттеу, көркем образ жасау үлкен шеберліктің жемісі.
Асқар Алтайдың соңғы әңгімелеріндегі кейіпкерлер – түгелімен тәуелсіздік жылдарының адамдары. Жаны, рухы өзгерген, дәстүрлі қазақ қалпынан айныған, бірақ жаңа болмысын таппаған қазақтар.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ, жазушы