Тендердегі теңдікке қашан жетеміз?

Тендердегі теңдікке қашан жетеміз?

Тендердегі теңдікке қашан жетеміз?
ашық дереккөзі
493
Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағи­да­ларына түзету енгізілетінін мәлімдеді. Бұған дейін Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі туралы заң жобасы әзірленіп, жария талқылауға шығарылған болатын. Жалпы, еліміздегі әрбір бесінші жемқорлық қылмыс мемлекеттік сатып алу саласы арқылы жа­са­ла­ды екен. Ал мұның салдарынан бюджетке мил­лиардтаған шығын келеді. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде қан­дай өзгерістер болмақ? Бұл шаралар жүйені реттей ала ма? Әрбір бесінші жемқорлық «мемсатыпалу» арқылы жасалады Мемлекеттік сатып алу жүйесі қа­зірге дейін ақша жымқыр­ғы­сы кел­ген­дер үшін үлкен алаң болып отыр. Ста­тис­тикаға сәйкес, жалпы бюджет шы­ғыс­тарындағы мемлекеттік са­тып алу үле­сі шамамен 30 пайыз, бұл – 4 трил­лион теңге немесе еліміздің ЖІӨ құры­лы­мының 5 пайызы. Әрбір бесін­ші сы­байлас жемқорлық қылмысы осы са­ла­да жасалады. Мемлекет басшысы да көптеген жыл­дар бойы сыбайлас жем­қор­лық пен ысырапшылдық бюджет про­цестерінің барлығында байқал­ғанын атап айтқан еді. Қаншама шара қа­былданса да, жағдай айтарлықтай өз­гермеді. Осыған байланысты квази­мем­лекеттік сектордағы мемлекеттік са­тып алу мен сатып алудың барлық жүйе­сін қайта қарау туралы тапсырма берілген еді. Жалпы, бұл саладағы қылмыс­тар­дың 80 пайызға жуығы бюд­жет қаражатын ұрлау және орын­далған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде пара алуға байланысты тіркеледі екен. Жөнсіз бағалар, жосықсыз қатысушылар Негізінен, мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық фактілері құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру жә­не мәдениет салаларында ең көп кез­деседі. Мысалы, Қызылорда облы­сын­да мәдениет басқармасының бас­шы­сы 2021 жылы Жалаңтөс Бахадүр ес­керткішіне байланысты бір миллион тең­ге көлемінде пара алды деп айып­талған еді. Сондай-ақ Атырау облысы әкі­мінің орынбасары Абай ескерткішін орнатуға 145 миллион теңгеге шарт жа­­­сасқаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деп айыпталып, бас бостанды­ғынан айырылды. Оған қоса, жақында Абай облысын­да, нақтырақ айтқанда Семей мәдениет са­райы 38 миллион теңгеге кеңсе крес­лосын сатып алмақ болған еді. Жал­пы, мұндай оқиғалар өте жиі кез­десіп жа­тады. Одан бөлек, 8 ақпанда 48 мил­лион тең­геге «АТТИК-СТРОЙ» деген құрылыс ком­паниясы Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрлігінен тен­дер алғаны ту­ралы ақпарат қызу тал­қыланды. Тен­дер алғаны шу көтер­меді, әрине мұн­дағы мәселе – компа­ния­ның құрылыс ком­паниясы болып шыққанында. Яғни, компания «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің, гу­манитарлық және техникалық оқу­лық­тардың, іскерлік әдебиеттің әлемдік үздік үлгілерін мемлекеттік тілге аудару және электрондық форматта тарату қыз­меттері» бойынша тендер жеңім­пазы атанған. Дегенмен артынша министрлік даулы мәселеге ресми жауап берді. – Жасасқан шарт бойынша өнім беруші 2022 жылдың 15 желтоқсанына дейін шартта көрсетілген он бес кітап­ты ағылшын тілінен қазақ тіліне ауда­рып, электрондық e-PUB форматында және аудио нұсқаларын дайындау, сон­дай-ақ кітаптардың құқық иеле­ну­шілерінен оларды қазақ тіліне аударуға жә­не таратуға рұқсат беретін авторлық құ­қық алу міндетін мойнына алды, – де­ді министрлік. Алайда өнім беруші өзіне жүктелген міндеттемелерді уақытытынан кеш, сапасыз әзірлеп, материалдарды толық өткізбеген. Министрлікке кітаптардан көп­теген грамматикалық және техни­калық қате анықтаған. Бұдан басқа, аударылған 15 кітаптың тек 8 кітабына ғана авторлық құқық алынған. – Осыған байланысты Қазақстан Рес­публикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес жасасқан шарт­тың талаптарына және техни­ка­лық ерекшелікке сәйкес келмейтін са­пасыз материалдарды қабылдамау тура­лы шешім қабылданды. Министрлік Өнім берушіні шарттың талаптарын тиіс­ті түрде орындау қажеттігі туралы ал­дын ала бірнеше рет хабардар ете оты­рып, Қазақстан Республикасының заң­намасына сәйкес шартты бұзу тура­лы шешім қабылдады, – деп түсіндірді министрлік. Қазір «Аттик-Строй» ЖШС-ін мем­ле­кеттік сатып алуға жосықсыз қа­тысу­шы деп тану бойынша сот процестері жү­ріп жатыр екен. Мемлекеттік сатып алу порта­лын­дағы заңсыздықтар, әсіре­се мерекелердің тұсында қарқын ала тү­седі. Мәселен, коронавирус кезінде Шымкент қаласында «ұйымдас­тырыл­ғын» наурыз, осы тұста Астанада өткен ақынның авторлық кеші, осылай кете береді. Биылғы жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысы Ақтоғай елді меке­ніндегі жаңажылдық шыршаны сатып алуға 7,8 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар шарт мемлекеттік сатып алу порталында 28 жел­тоқ­­санда сағат 10.31-де жасалған және екі сағаттан кейін жергілікті әкімдік орын­далған жұмыстар актісіне қол қой­ған. Шарт жасасуға, шыршаны орна­туға және безендіруге 2 сағат қана уа­қыт кеткен. Оған қоса, шыршаның ба­ғасы оның «жағдайына» сәйкес келе қой­майды. Жалпы, мұндай жағдайларда қоғамдық бақылау өте маңыз­ды болып келді. Ақылға сыймайтын ба­ға­лар мен заңбұзушылықтарды бай­қап, хабар берген азаматтар мен ма­ман­дар­дың өтініштері мен арыздарынан кейін қаншама бюджет қаражаты үнем­деліп жатады. «Бір көзден сату» азаймай тұр Жалпы, мемлекеттік сатып алу тә­сілінің ішінде бір көзден са­тып алу тә­сілі ең көп тараған және сы­байлас жем­қорлық қылмыстары жа­салу мүмкіндігі ең жоғарысы сана­ла­ды. Осыған қарамастан, мұндай са­тып алу­лардың үлесі әлі де жо­ғары болып отыр. Кей­бір аймақ­тар­да сатып алудың төрт­тен үш бөлігі осындай бәсекеге қабілет­сіз түрде жүзеге асырылады. Zertteu Research Institute зерт­теуінше, 2022 жылдың қоры­тын­­дысы бойынша мемлекеттік саты палу порталында 11,3 триллион теңгеге ке­лісім-шарт жасалған. Оның 78 пайыз­дан астамы ашық және бір көзден са­тып алу арқылы жа­са­лып­ты. 2015 жылғы 4 желтоқсанда қабыл­дан­ған «Мемлекеттік са­тып алу туралы» заң 2016 жылғы 1 қаң­тардан бастап қол­даныла бас­тады. Заң қабылданған соң жоспар­лау­дан бастап төлемге дейінгі барлық рә­сімдер электрондық форматқа ауыс­тырылды. Камералдық бақылау және электрондық шағым беру ен­гізілді. Мемлекеттік сатып алу жүйе­сін толық циф­рландыруға бай­ла­нысты сатып алу­дың то­лық ашық­­ты­ғы мен ай­­­қын­­дығы қам­­­­­­­та­масыз еті­­­­летіні ай­тылды. Еліміздің элект­рон­дық сатып алу жүйе­сі Global Data Barometer сәйкес, мем­­лекеттік сатып алулар де­рек­терінің қол­жетімділігі бойынша әлемдік рей­тингте 3-орын иеленді. Мұның барлығы сала­ның ашық­тығына, та­залығына жол ашуы ке­рек еді. Со­ған қарамас­тан, сатып алы­­­натын та­уар­­лардың, жұ­мыс­тар­дың, көрсетілетін қыз­меттердің сапасына байла­ныс­ты мәселелер шешілмеген күйін­де қалып отыр. Бір айта ке­терлігі, 2015 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға байла­ныс­ты заңға 30-дан астам өз­геріс ен­гізілген екен. Жымқырудың әдіс-тәсілі күрделеніп барады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыс, бюд­жет қаражатын ұрлау тәсілдері мен әдіс­тері жыл сайын күрделене түскенін мә­лімдеді. Сондықтан мұндай факті­лерді анықтау қиынға соғады екен. Жалғыз жол – олардың себептері мен жағдайларын жою. Үздік әлемдік тәжірибе мен ха­лық­аралық ұйымдардың ұсы­ныс­тары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес­те оның алдын алу маңызды еке­нін айтады. Аудан, ауыл деңгейінде ха­лықтың әлеуметтік жағдайына әсер ете­т­ін кедергілерді, оның ішінде бюрок­ратияны, сыбайлас жемқорлыққа әке­ле­тін себептерді анықтау және жою мін­деті тұр. Елімізде бұған байланысты ат­қа­рылып жатқан шаралар аз емес, дегенмен нәтиже жағы ақсап тұр. Жалпы, «тендер» десе, бірден жем­қорлық елестейтіндей жағдай қалыптасқаны жасырын емес. Ал мемлекеттік сатып алу жүйесі де, заң да жыл сайын жетілдіріліп жатыр, бірақ жағдай аса қатты өзгере қойған жоқ. Дегенмен алда атқарылатын шаралар нәтиже беретініне жауаптылар сенімді. Жаңа заң жобасы Парламентке күзде түседі Жалпы айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірізділік жоқ. Бір өнім, қызмет немесе жұмыстың бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі болуы мүмкін. Ал бұл бюджет қаржысын қарпып қалуға жол ашады. Осы мәселе былтыр жыл соңына қарай Сенат қабырғасында да көтерілді. Парламент Сенатының экс-де­пу­таты Мұрат Бақтиярұлы коро­на­­вирус пандемиясы кезінде өкпені жа­­санды желдету аппараттарын өз ба­ға­­сынан бірнеше есе қымбатқа саудала­ған­­дар көп болғанын, сол уақытта мем­­лекеттік сатып алулар жеңілдетілген тәр­тіппен жүргенін алға тартты. – Алайда қазір де құны қымбат тен­дерлер аз емес. Себебі заң бойынша бюд­жет әкімшісі өнім берушілер ұсын­ған бағаға келісуге мәжбүр. Ал байқауға қа­тысатын мердігерлер өзара келісіп, жо­ғары баға белгілеуді әдетке айнал­дыр­ған, – деген еді сенатор. 15 ақпанда Премьер-Министр Әли­хан Смайылов Сенат депутатының сауа­лына жолдаған жауабында мемле­кет­тік сатып алуды жүзеге асыру қағи­да­ларына түзету енгізілетінін мәлімдеді. – «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң­ға сәйкес әлеуетті өнім берушілерге жұ­мыс тәжірибесінің болуы жөнінде бі­ліктілік талабы қойылады. Жұмыс тә­жірибесінің болуы жөніндегі талап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағи­дасына сәйкес белгіленеді. Со­ны­мен қатар әлеуетті өнім берушілердің жұ­мыс тәжірибесі болуы үшін кон­курс­тық баға ұсыныстарына шартты жеңіл­діктер қолданылады, – деп айтылған жауапта. Мемлекеттік сатып алу туралы заң­­намада әлеуетті өнім беру­шінің жұмыс тәжірибесін есепке алу мә­селелері реттелмеген еді. – Осыған байланысты қазіргі уа­қыт­та қайта ұйымдастыру (бірігу, қ­о­сылу, бөлу, бөлу, қайта құру) нәтижесінде жұ­мыс тәжірибесін алған әлеуетті өнім беру­шілердің өтінімдерін қарауды рег­ла­менттеу мақсатында Үкімет «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жо­ғарыда аталған қағидаға өнім беру­шілердің жұмыс тәжірибесін есептеуді реттеу жөнінде түзету әзірленіп жатыр. Өз кезегінде осы мәселе бойынша тиісті ақ­параттық түсініктеме қағидаға өз­ге­ріс енгізілгеннен кейін мемлекеттік са­тып алу порталында жарияланады, – деді Әлихан Смайылов. Бұған дейін Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы электрон­ды Үкімет порталына жария талқылауға шығарылған болатын. Жаңа заңның жобасы Парламентке күзде түседі. – Мемлекеттік аудиттің элек­т­рон­дық сегментін кеңейту жұмыстары жал­ғасуда. Бұл ретте тәуекелдерді бас­қару жүйесі жетілдіріліп жатыр. Оған жаңа 68 тәуекел индикаторы енгізілді және квазимемлекеттік сектордың 8 мың субъектісі бойынша мәліметтер алынды, – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Министр бюджетті онлайн ре­жим­де мониторингілеу жобасы іске асырылып жатқанын, сол арқылы мем­лекеттің шығыстарын жоспар­лау­дағы тәуекелдерді басқару жүйесі авто­ма­т­тандырылатынын айтты. «Бұл бізге бюджетті жоспарлау деңгейінде каме­рал­дық бақылауды енгізуге мүмкіндік бере­ді, – деп түсіндірді Ерұлан Жамау­баев. Заң жобасында ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болатыны, мемлекеттік сатып алу­дың бірыңғай платформасын құру бас­тамасы көтерілген. Бұған дейін нақ­ты осы мәселеге шағым айтушылар көп бол­ды. Сатып алу жүйесі бойынша кім ең аз баға ұсынса, сол бірден жеңімпаз деп танылатын. Әуелде айтып өткен ауд­арма мәселесінде де осындай жағдай бол­ғанын министрлік өкілдері мәлім­деді. Одан бөлек, қатысушының білік­тілігін, сенімділігі мен беделін сипаттайтын индикаторлар тізбесі бойынша өнім берушілердің балдық рей­тингін енгізу де айтылыпты. Экологиялық, әлеуметтік және эко­­номикалық факторларды ес­кере отырып, жеткізушілерді ірік­теу­дің басым элементтерін енгізу ұсы­ны­лады – компанияда қоршаған ортаны қорғау, инновациялар, ШОБ, мүгедектігі бар адамдарды қолдау және басқа да мәселелер ескерілмек екен. Жалпы, құжаттың жаңалығы осы­лар болды. Ал Үкімет басшысы әлі де атқаратын жұмыстар барын айтты. Осыған қара­ған­да, жүйеге әлі де біршама өзгеріс ен­гізіліп, жетілдірілетін сияқты. Бұдан бұрын Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет оты­ры­сында «Самұрық-Қазына» қорының мем­лекеттік сатып алу шараларын рет­теуді тапсырған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау шара­ларын көрсету тәсілдері мен кей­бір даму институттарының қызметін тү­бегейлі қайта қарауды тапсырғанын еске салып, Ұлттық экономика ми­нистр­­лігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­мен бірлесіп, шағын және орта бизнеске мем­лекеттік қолдау шараларын көр­сету­дің ашық әрі түсінікті механизмін барынша қысқа мерзімде дайындауды жүктеген еді. – Мұнда бір көзден алу тәсілімен мем­лекеттік сатып алу үлесін қысқарту мә­селесін пысықтау керек. Қаржы ми­нистрлігі аталған тәсілмен мемлекеттік са­тып алудың негізділігі бойынша тиі­сінше бақылауды қамтамасыз етсін, – деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қо­рын Қаржы министрлігімен, Бә­­­секелестікті қорғау агенттігімен бір­лесіп, қор мен оның еншілес компа­ния­ларының сатып алуды жүзеге асыру про­цесін бір құжат деңгейінде қайта қарау­ға міндеттеді. Себебі бұған дейін аталған қордың мемлекеттік сатып алу бойынша басымдыққа ие болуы на­разылық тудырып келген болатын. Қорыта айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесі әлі де көптеген өзгерісті қажет етеді. Ең алдымен, қоғамдық бақылау басты орында болып тұр. Жаңалықтардың нәтижесі қолданысқа енгеннен кейін байқалады. Ал сатып алу жүйесін бақылайтын үш негізгі жауапты органның барлығын бірдей қадағалауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қоғамдық бақылаудың маңызы зор болып тұр.

Серіктес жаңалықтары