Жарамсыз мектептің оқушылары өзге білім ордасына ауыстырылды
Жарамсыз мектептің оқушылары өзге білім ордасына ауыстырылды
Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназияның төбесінен су әлі ағып тұр. Сол себептен, оқушылар өзге мектептерге ауыстырылып жатыр деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Айгүл Жаназарованың мәліметіне сүйенсек, білім мекемесінде 2075 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алады. «Төбеден су аққанына байланысты оқушылар онлайн форматта оқуға жіберілді. Енді қазақ және орыс тілдерінде білім алатын 1-4 сыныптардың оқушыларын №20 мектеп-лицейге ауыстыруға шешім қабылданды. Ал 5-11 орыс сыныптарының оқушылары №8 орта мектепте оқитын болды. 5-11 қазақ сыныптарының оқушыларын басқа білім ордасында оқуға ауыстыру мәселесі әлі қаралып жатыр», - деп мәлім етті Айгүл Жаназарова. 1200 оқушыға есептелген аталған мектеп-гимназияның ғимараты 2002 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасында 150 мұғалім мен 33 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Облыстық Білім басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, биыл бұл мектеп-гимназия ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайын. Нысанға мемлекеттік сараптама жүргізіледі. Бұл мақсатқа 1 млн 650 мың теңге қарастырылған. Сараптама қорытындысы дайын болған соң күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.